Географиялық картаны жергілікті жердің планымен салыстыру. Картаның маңызы

План мен географиялық картаның ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Алдымен жергілікті жердің планы мен географиялық картаның ұқсастықтарын байқастырайық. План да, карта да жер бетінің қағазға (жазықтыққа) кішірейтіліп түсірілген сызба бейнесі екендігі белгілі. Екеуінде де жер бетіндегі заттар масштаб бойынша кішірейтіліп бейнеленеді. Олардың нақты пішінінің орнына шартты белгілер колданылады. Осындай жалпы ұқсастықтарымен қатар план мен география­лық карталардың бір-бірінен елеулі айырмашылықтары да бар. Олардың бастылары төменде айтылады.

1) Масштаб айырмашылығы. План өте ірі масштабта сызылады:
1 см — 5 м, 1 см — 10 м, т.с.с. Масштабының ірілігіне байланысты планда
жер бетіндегі заттар барынша егжей-тегжейлі көрсетіледі. Одан елді
мекендегі жеке шаршыларды, үйлерді, мектепті, мешітті, мәдениет сарайын және т.е.с. ажыратып ала аласыңдар. Мектеп ауласының, тіпті
өз бөлмелеріңнің де планын сыза аласыңдар.

Географиялық карта үлкен алқапты, яғни облыс, мемлекет, мате­рик, тіпті бүкіл Жер шарын қамтитындықтан, ұсақ масштабта сызыла­ды. Онда жер беті әлденеше миллиондаған есе кішірейтіліп түсіріледі. Жер бетін егжей-тегжейлі бейнелеуі және дәлдігі женінен топографиялық карталар ғана планға біраз жақын тұрады.

Қамтитын аумағының үлкен-кішілігіне қарамастан, картада меридиандар мен параллельдер міндетті түрде сызылады (олардың әр түрлі карталар да қандай сызықтар түрінде болатындығын естеріңе түсіріңдер). Меридиандар солтүстік-оңтүстік, параллельдер батыс-шығыс бағыттарды көрсетеді. Планда ондай сызықтар болмайды. Планның дәл жоғарғы жағы -солтүстік, төменгі жағы — оңтүстік, со л жағы — батыс, оң жағы шығыс бағыттарына тура келеді.

Шағын ғана алқапты қамтитындыктан, планда Жер шарының дөңестігі ескерілмей, жер беті жазық деп есептелінеді. Оның кез келген жерінде түрлі өлшем жұмыстарын жүргізе беруге болады. Үлкен алқап немесе бүкіл Жер шары түсірілгендіктен, картада Жердің шар тәріздес пішіні есепке алынады. Бейнеленетін жердің көлеміне қарай картадағы бұрмалау мөлшері арта түседі (дүние жүзі картасы мен жарты шарлар картасындағы бұрмалану жағдайларын естеріңе түсіріңдер).

Шартты белгілердің айырмашылығы. Пландағы шартты белгілер бойынша көптеген заттардыя нақты мөлшерін анықтауға болады (жолдың, өзеннің ұзындығы, көлдің немесе бақшаның ауданы және т.с.с). Картада ондай мүмкіндік жоқ. Мәселен, планнан елді мекеннің қандай пішінде екендігін, көшелерінің қай бағытта созылып жатқандығын оңай анықтауға болады. Ал картада оның алып жатқан орны ғана белгіленеді.

Географиялық картаның адам өміріндегі маңызы. Күнделікті өмірде географиялық картаның маңызы зор. Карта кез келген аумақтың жалпы ерекшеліктерін бірден көз алдыңа елестетеді. Одан жер бетіндегі заттар мен құбылыстардың бір-біріне орай орналасуы, қасиеті айқын көрінеді.

Географиялық карта белгілі бір аумақты зерттеу және игеруге көмектеседі. Пайдалы қазбаларды іздеу, егіншілікке жарамды жерді есепке алу, су электр станциясын, зауыт, фабрикаларды, жол құрылысын жобалау бәрінен бұрын картаға негізделеді. Теңізде жүзу мен әуе қатынасында міндетті түрде карта пайдаланылады.

Карта Отан корғау ісінде өте қажет. Әскер басқару, шабуылға шығу, қорғаныс шебін құру картаның көмегімен жүзеге асырылады.

Әркім-ақ күнде теледидар мен радиодан алдағы уақытқа ауа райы қандай болатынын тыңдайды. Ауа райының алдағы өзгерісі, жай-күйін білу үшін алдын ала болжам карталары жасалады.

Географиялық картаның көмегімен түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Жер бедерін, топырақты, өсімдікті, халықтың коныстануын, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өндірісін және т.б. зерттеу картадан басталып, картамен аяқталады. Қарастырылатын аудан туралы

белгілі мағлұматтар алдын ала картадан алынады. Өз кезегінде зерттеу нәтижелері де картаға түсіріледі.

Осы айтылғандармен қатар карта мектепте география пәнін оқып үйренуде де баға жетпес құрал болып табылады. Ол — сендердің екінші оқулықтарың. Картаның түрлерін меңгерген жагдайда ғана географиядан тиянақты білім ала аласыңдар.