Күннің жылдық қозғалысы

Күнді бақылай келе, ғалымдар ерте кезден-ақ оның жұлдыздар арасында қозғала отырып, бір жылда аспан сферасының үлкен дөңгелегі бойымен бір айналым жасайтынын байқаған. Бұл үлкен дөңгелекті ежелгі гректер эклиптика деп атаған. Ол әлі күнге дейін астрономияда осы атауын сақтап келеді. Эклиптика зодиак шоқжұлдыздары (грекше зодиакос куклос — жан-жануарлар дөңгелегі) деп аталатын 12 шоқжұлдыз арқылы өтеді.

Олардың саны бір жыл ішіндегі айлар санына сәйкес келеді, ал осы шоқжұлдыздардың жиыны зодиак белдеуі деп аталады. Зодиак шоқжұлдыздарының әркайсысында Күн бір ай шамасында болады.

Күннің аспан сферасы бойынша жылдық жолы эклиптика деп аталады дедік. Эклиптика бойымен жылжи отырып, Күн аспан экваторын 21 наурыз және 23 қыркүйек қарсаңында болатын, күн мен түн теңелу деп аталатын нүктелерде екі рет қиып өтеді. Күн мен түннің көктемдегі теңелу нүктесі Балықтар шоқжұлдызында, ал күзгі теңелу нүктесі Таразы шоқжұлдызында болады. Бұл күндерде Күн аспан экваторын басып өтеді, ал аспан экваторын аспан көкжиегі қақ бөледі. Ендеше көкжиек үстіндегі және астындағы Күн жолдары тең, яғни күн мен түннің ұзақтығы бірдей.

22 шілдеде Күн экватордан солтүстікке қарай мейлінше қашық орналасады. Бұл ең ұзақ күн — жазғы Күн тоқырау күні. 22 желтоқсанда Күн экватордан оңтүстікке қарай ең алыс қашықтықта болады. Бұл ең қысқа күн — қысқы Күн тоқырау күні. Мұндай құбылыстардың Жердегі климаттық белдеулермен және жыл мезгілдерінің ауысуымен байланысты болады.

Ерте кезде Күннің жұлдыздар арасындағы көзге түсерлік қозғалысы Күн бекітілген аспан сферасының жұлдыздар бекітілген сфераға қатысты қозғалысынан болады-мыс деп түсіндірілді. Алайда мұндай түсіндіру сол кездегі кейбір философтарды қанағаттандырмады. Мәселен, атақты Пифагордың (б.з.б. VІ-Vғғ.) оқушылары Күннің жұлдыздар арасындағы көзге түсерлік қозғалысы Жердің қозғалуы салдарынан болады деген болжам айтты. Бірақ бұл болжамды (Жердің өз осімен айналатыны сияқты) ғалымдар құптамады, ал шіркеу оған мүлдем қарсы болды. Сөйтіп, мың жылдан астам уақыт бойы, М. Коперникке дейін, ешкім Жердің қозғалатыны жайында сөз етпеді.

Қазіргі кезде Жер өз осін айнала тәуліктік қозғалыс жасап қана қоймай, сонымен қатар Күнді айнала, орбита бойымен бір жыл ішінде толық бір айналым жасап қозғалатыны туралы толықтай сенімді дәлелдемелер бар. Сонымен, шын мәнінде, Күннің эклиптика бойымен жылдық козғалысы жалған көрініс болып табылады. Ол біз Күнді бақылаған кезде санақ денесі ретінде тіпті де тыныштықта болмайтын, яғни өзі де Күнді айнала қозғалатын, Жерді таңдап алғанымыздың салдарынан болады.

Күннің бетінде көптеген қоңыр дақтар болатыны белгілі. Мінеки, осы дақтардың өзара орналасуын бақылай отырып, ғалымдар олардың Күннің шығыс шетінен батыс шетіне қарай ығысатынын анықтаған. Бұдан шығатын қорытынды: Күн өзінің маңайындағы планеталардың қозғалыс бағытымен өз осін айнала қозғалады.

Күн жүйесінің құрылысы туралы ежелгі ғалымдардың көзқарастары. Адамдар өзін қоршаған әлемінің құрылысын, ондағы болып жатқан құбылыстарды зерттеугеежелден – ақ құмар болды.

Көне замандағы әлем құрылысы туралы алғашқы түсініктер өте қарапайым және олар діни нанымдармен астасып жатты. Аспан мен Жер бөлек қарастырылып, Жер дүниенің қозғалмайтын центрі ретінде қабылданды.

Жердің бүкіл әлемнің центрінде орналасқаны жөнінде қалыптасқан бұл көзқарасты Ежелгі Греция ғалымдары дүниенің геоцентрлік жүйесінің негізіне алды. Мәселен, біздің заманымыздан бұрынғы IV ғасырда өмір сүрген ежелгі грек ойшылы, ғалым-энциклопедист Аристотель осы пікірді ұстанып, Жерді қозғалмайды деп есептеді. Сол кездің өзінде-ақ Айдың тұтытыуы бойынша жүргізілген бақылаулар арқылы, Жер пішінінің шар тәрізді екені белгілі болды. Ол Жердің козғалуын аспандағы жұлдыздардың орнын ауыстыруынан байқауға болар еді деген болжам айтты.

Аристотель Жер — Әлемнің табиғи центрі болғандықтан, ол ешқайда құлап кетпейді және барлық ауыр денелер осы центрге қарай ұмтылады деген пікірде болды.

Аристотельдің мұндай түсіндірулері, қазіргі көзқараспен қарағанда, өте қарапайым болғанымен, сол кезең үшін әжептәуір жетістік еді.

Біздің заманымыздың II ғасырында өмір сүрген ежелгі грек ғалымы александриялық Клавдий Птолемей (90-160 жж.) өзінен бұрын өмір сүріп, кейінгілерге жол салып кеткен Аристотель, Гиппарх, т.б. еңбектеріне сүйене отырып, дүниенің жетілдірілген, геоцентрлік (грекше гео — жер) жүйесін жасады. Ол дүниенің центріне қозғалмайтын Жерді қойды да, оны өзге шырактар айна-лып жүреді деді (40-сурет).

Дүниеге геоцентрлік көзқарас астрономияда XIV ғасырға жуық уақыт бойы үстемдік етті.

Дегенмен планеталардың орналасуы жөніндегі бақылау мәліметтері молайған сайын, К. Птолемей тұжырымдары түзетулер енгізуді қажет етті. Оны XVI ғасырда ұлы поляк ғалымы Николай Коперник жүзеге асырды.

973 жылы Хорезмде дүниеге келген ортаазиялық ғалым-астроном, математик, физик, географ, философ, этнограф, дәрігер Әбу Райхан Бируни өзінің 150 еңбегінің 50-ін астрономияға арнаған. Ол Птолемей құрған әлем жүйесінің дұрыстығына күмәнданып, гелиоцентризмді жақтады. Алғаш рет, Коперниктен 500 жыл бұрын, Жердің Күнді айнала қозғалатыны туралы болжам жасаған Бируни болғаны бізге тарихтан мәлім. Ол Жердің қозғалысы мен пішіні, Жер шарының радиусын анықтау тәсілі туралы жазды. Жер глобусын жасады, 20 жыл бойы Күннің қозғалысын бақылады. Бируни Күнді отты шар деп есептеген. Күн тәжінің түтінге ұқсас табиғаты жайлы пікір айтты. Оның еңбектері мұқият орындалған бақылаулар мен зерттеулерге негізделді.

Бируни көп саяхат жасады. Сол кезде ол аспан шырақтарына қарап бағдарлаудың түрлі тәсілдерін ойлап тапты. Бируни жинақтаған материалдары мен бақылауларын қорыта отырып, 1031 жылы астрономияның әр түрлі мәселелерін баяндауды қамтитын үлкен еңбек жазды. Ол кітап 1887 жылы Лондонда алғаш рет араб тілінде басылып шықты.

Бируниге дейін мұндай ғылыми жүйеленген еңбек жазылмаған, әрі орта ғасырлық әдебиеттерде бұған теңдес еңбек болған жоқ. Оның айтқан ойлары ғылымның одан әрі дамуы барысында қуатталып отырды.

Ал қазіргі кезде Күн жүйесі Күннен және серіктерімен қоса алғандағы планеталардан құралатыны белгілі болды. Сонымен бірге жұлдыздардың планеталарға қарағанда бізден өлшеусіз қашықтықта орналасқандығы да өздеріңе мәлім. Күн жүйесінің тоғыз үлкен планеталарымен қатар, Марс пен Юпитердің арасында астероидтар деп аталатын көптеген кіші планеталардың орналасқаны белгілі болды. Алайда астрономдар бізге әлі де болса таныс емес планеталарды іздестіруін тоқтатқан жоқ..

Орбиталары Жер орбитасының ішкі жағында орналасқан планеталар төменгі планеталар деп аталады. Оларға Меркурий және Шолпан жатады. Ал орбиталары Жер орбитасының сыртында орналасқан планеталар жоғарғы планеталар деп аталады. Олар: Марс, Юпитер, Сатурн, Уран, Нептун, Плутон.

Сондай-ақ Меркурий, Шолпан, Жер және Марс — Күн маңындағы планеталарға жатады. Ал Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун алып планеталар болып саналады. Күннің және Күн жүйесіне енетін планеталардың шамалары салыстырмалы түрде бейнеленген.