Ерте дүниедегі халық астарономиясы

Ертедегі адамдардың астрономия туралы білімі әр түрлі ертегі, аңыздармен астасып жатады. Оларға аспан әлемі толып жатқан аңдар мен құстардың, адамдар мен құдайлардың мекені болып елестейтін. Тарихи дәстүр бойынша астрономияда қолданылып жүрген көптеген атаулар ертедегі грек мифолологиясынан алынған .

Аспан денелері туралы қазақ аңыздарының сарыны гректердің мифологиясына ұқсас. Бұл тегін емес. Тарихтың атасы Геродоттың айтуынша, «киіз туырлықты, шошақ бөрікті, бие сүтін аншытып ішетін» біздердің арғы скиф-сақ бабаларымыз б.з.б. VII-VI гасырларда Эллада елімен де етене араласып тұрған. Бұл Алтай мен Алып (Альпі) тауларының арасындағы скиф-сақ мәдениетінің дәуірлеген кезеңіне сәйкес келеді. Оған бірінші дәлел ретінде археологиялық зерттеулерден табылған аса құнды материалдық-мәдени айғақтарды келтіруге болады. Мысалы, Алматы маңындағы қорғаннан табылған «Алтын адам» да, жоғарыда айтылған «астрономиялық қорғандар» да осы кезеңге тұспа-тұс келеді.

Екінші дәлел — Геродоттың және басқа да грек ғұламаларының скиф-сақ жұртынан шыққан біздің арғы бабаларымыз туралы қалдырған деректері. Солардың ішінде екі адамды бөле-жара сипаттайды. Олардың бірі — Тоқсары (Токсарис шамамен б.з.б. VІІ-VІ ғғ.), екіншісі — Анақарыс (Анахарис шамамен б.з.б. 620-555 жж.). Бұларды гректер сол кездегі данышпан Солон бастаған әйгілі жеті ғұламалардың қатарына қосқан екен. Сонымен қатар скифтерден шыққан мұндай ғұламалар екі-үш адаммен ғана шектелмесе керек. Оны атақты Страбонның: «… Анақарыс пен Абарис және солар сияқты тағы да басқа скифтер элладалықтардың арасында керемет даңққа бөленді. Себебі, олар өз халқына тән кішіпейілділік, қарапайымдылық., әділдік сияқты асыл қасиеттерін бойына жинаған еді…. Эфордың айтуы бойынша… Анақарысты асқан ұстамдылығы мен ақылдылығы үшін әйгілі жеті ғұламаның бірі ретінде таныған екен» деген пікірлері растайды.

«Анақарыс аңызға айналған скиф, өзінің Грецияға жасаған саяхаты кезінде даналығымен данққа бөленді және Солонның ықпалымен өмірін философия ғылымына арнады» деп, Платонның өзі де мойындаған (Шығармалар, 3-т, 622-бет). Анақарыстың білімдарлығы мен шешендігі философиямен ғана шектеліп қалмаған. Ол кемені жетілдіруші, оның зәкірін (якорь) ойлап табушы ретінде де белгілі болған. Кемелевді жасайтын материалдық берік болуына мән беріп: «өмір мен өлімнің арасы төрт-ақ елі» деген сөз Анақарыстан қалған. «Ең қауіпсіз кеме қандай?» деген сұраққа, оның: «қайраңда тұрған кеме» деген жауабы да тарихта сақталып қалды.

Диоген болса: «Кеменің зәкірі мен дөңгелегін ойлап тапқан Анақарыс» деп анықтай түседі. Платон оны әскер маманы ретінде де жоғары бағаласа, ал философия мен физиканың атасы» Аристотельдің өзі Анақарысқа үш-төрт сілтеме жасайды. «Адам ізгі істерге кірісердің алдында, әдетте, көңіл сергітеді» дейді Аристотель. Анақарыстың пайымдауы бойынша: «бұл дұрыс әдет, өйткені сергек көңіл жүйкені демалдырады, тынымсыз жұмыс жасау үшін де тыныс керек» деп ой түйеді.

Тоқсарыға келер болсақ, оның даналығы, тіпті «өлген адамды тірілте алатын» балгерлігі хақында аңыз-хикаялар көп-ақ. Ол туралы атақты Лукианның «Скиф және қонақ» деген шығармасынан бір ауыз сөз келтірейік. «Тоқсары Скифияға қайтып оралмаған, ол Афинда қайтыс болды, кейіннен ұлттық қаһарман ретінде танылды. Элладалықтар оған жат жерден келген Балгер-Әулие ретінде жыл сайын құрбаңдық шалады.

Өз еліне қайтып оралған Анақарыс «қызғаныштың қызыл итінің» құрбаны болып, оққа ұшыпты. Оның өліміне бүкіл Грек ғұламалары күңіренгенге ұқсайды. Ол туралы Диогеннің бір ауыз жоқтау өлеңі латын антологиясында сақталып, бізге де жетіп отыр.

Аңақарыстың қайғылы қазасының себептерін одан кейінірек өмірге келген Геродот (б.з.б. 490, 480-425 жж.) терең зерделеген сияқты. Оның пайымдауына сүйенсек, Анақарыс өзінің нағашы жұрты — туған шешесінің төркіні гректердің көп құдайларының бірі — «Ана Құдайды» пір тұтып, скиф-сақтардың санасындағы көк тәңірі «жалғыз құдай» деген сенім-нанымына қайшы келген болу керек. Анақарыс өз бетінен қайтпаған және оған еліктеушілер де табылған. Сөйтіп ол «Ана Құдайға» жасырын жалбарыну үстінде тоғай ішінде садақ оғынан мерт болған.

Шындығында да, гректер аспан денелеріне өздерінің көптеген «құдайларының» атын берсе, скифтердің және олардың кейінгі буындарының бір бұтағы болатын қазақтардың аңыздарында аспан денелеріне жалғыз құдай аты жапсырылмаған. «Құдайдың жалғыздығы» — «табиғаттың бір тұтастығы» деген озық сенім сол кездеақ скиф-сақтарда берік қалыптаса бастаған еді.

Қазақтардың аңыздарында аспан денелерінің қозғалыстары табиғи нанымдылығымен ерекшеленеді. Мысалы, дүниенің ғаламдық айналу осі өтетін, «қозғалмайтын» жұлдызға, қазақтар «Темірқазық» деп ат қойған .

Аспанда орнын ауыстырмайтын «Темірқазыққа» қарап, қазақтар сапар шеккенде жол бағдарын анықтайды. «Темірқазықты бетке ал» немесе «Темір-қазық сол иығыңда болсын» деп жолаушыға жол сілтеген. Қазақ аңыздарында көп айтылатын планеталар мен жұлдыздар мыналар: «Темірқазық» — Полярлық жұлдыз; «Жетіқарақшы» — Үлкен Аю; «Шолпан» — Венера; «Үркер» -Плеяды, «Ақ боз ат, Көк боз ат» — Кіші аюдағы ең үлкен ақшыл және көгілдір екі жұлдыз; «Таразы» — Ориондағы қатар тізіліп тұрған үш жұлдыз, кейде оны «Үш арқар» деп те атайды.

Аңыз бойынша «Ақ боз ат пен Көк боз ат» күзетшісі бар және «Темірқазыққа» байланған арқандаулы жылқылар. «Жетіқарақшы» оларды түні бойы аңдып, соңдарынан қалмай жүрген ұрылар. Бірақ Күн — «күзетші» шыға келеді де, оларды қуып тастайды. Алайда ұрылар түн жамыла қайта «іске» кіріседі.

Қазақ аңыздарында «Жетікарақшы» аттарды қолға түсіре алмай жүрген жай ұрылар емес, тісқаққан қандыбалақ қарақшылар. Тағы бір аңызда олар «Үркердің» бір қызып алып қашып, қарақшылардың біреуіне еріксіз қосады. Шындығында. Үлкен Аю (Жетіқарақшы) ожауының сабындағы ортаңғы жұлдыз, көмескі кісідей көрінетін қос жұлдыздан тұрады. Сондықтан ертеде үлкен өркениетке ие болған американдық үндістер соған қарап көздерінің көргіштігін (өткірлігін) сынаған. Үндістер қос жұлдыздың әлсізін — бала, үлкенін — кемпір деп сипаттаған. Қазақтардың аңызында көмескі қосжұлдыздың бірі — ұрланған қыз, ал екіншісізорлықшыл қарақшы.

Күнге ең жақын планета — Меркурийді қазақтар «Кіші Шолпан», ал Күн жүйесіндегі алып плннета — Юпитерді «Есекқырған» деп атайды. Сол сиякты: Марс — «Қызыл жұлдыз», Торпақ шоғыры — «Сүмбіле», Сириуе (Солтүстік жарты шарындағы ең жарқын жұлдыз) — «Жарық жұлдыз», деп атаған. Қазақтарда жұлдыздар мен планеталардың қозғалыстарына қарап жасалған күнтізбелер, ай тізбелер, жұлдыз тізбелер болған. Мысалы, ай тізбесін «тоғыс» деп атаған. Сондай-ақ қазақтар арасында «тоғыз тоғыс», «жеті тоғыс», «бес тоғыс» деп аталатын ұғымдардың ғылыми терең мағынасы бар. Бұл ұғымдар қазіргі ғылым тіліндегі «сидерлік», «синодтық» деп аталатын ай тізбелерімен үндестік табады.