Физика және техника

XX ғасыр ғылыми-техникалық революция ғасыры деп аталады. Өткен дәуірлерге қарағанда біздің заманымыздың өзіне тән екі ерекшелігі бар. Біріншіден, ғылым мен техника үлкен қарқынмен дамып келеді. Екіншіден, ашылған ғылыми жаңалықтар адамзат игілігіне айналып, жедел түрде өнеркәсіп пен тұрмысқа енгізіліп отыр.

Техниканың қарышты дамуына физиканың қосқан үлесі орасан зор. Сондықтан да техниканың негізі-физика деген пікір берік қалыптасқан. Физикалық білімнің техникада қолданылуын көрсететін көптеген мысалдарды келтіруге болады. Олардың қатарында күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрген сан алуан электрлік, электрондық құралдар және басқа да күрделі техникалар бар.

XX ғасырдың ғылым мен техника саласындағы көптеген айтулы жетістіктері физикаға тікелей байланысты. Тарихтан белгілі «Әлемнін жеті кереметіне» пар апар, XX ғасырдың физика мен техникаға байланысты төрт ғажайып жетістігін атауға болады.

Физиктер атом ядросындағы энергияны алу жолын тапты. Жер қойнауындағы жағылатын отындар (көмір, мұнай, газ, шымтезек, ағаш), әрі кеткенде, бір ғана ғасырға жетеді. Міне, сондықтан атом энергиясының көзін табу — ғаламдық оқиға болды.

XX ғасырда адамзат физика мен техника жетістіктерінің арқасында ғарышқа көтерілді. Тұңғыш жасанды Жер серігі біздің еліміздегі Байқоңыр ғарыш айлағынан 1957 жылы ұшырылды. Адамзаттың тұңғыш ғарышкері, орыс азаматы Ю. А. Гагарин 1961 жылы Байқоңырдан ұшты. Ғарышқа сапар шеккен біздің отандастарымыз — Т. Әубөкіров пен Т. Мұсабаевтар да аса күрделі ғарыштық техниканы басқаруда ерліктің, біліктілік пен шеберліктің тамаша үлгісін көрсетті.

Ғарыштың адамзатқа берері мол. Сондықтан Жер бетін де, ғарыш кеңістігін де ұқыпты пайдаланып, үнемі қорғап отыру біздің әрқайсымызға жүктелген үлкен міндет, жауапты борыш.

XX ғасыр ғажайыптарының бірі – лазерлердің өмірге келуі. 60 – жылдардың басында осындай айтулы жаңалықты ашып бергені үшін Ресейдің физик-ғалымдары Н. Г. Басов пен А. М. Прохоровқа және АҚШ-тың физигі Ч. Таунске Нобель сыйлықтары берілді.

Қазір лазерлік техника мен технология ғылымда да, өмірде де кең қолданыс табуда.

Адамзат ақыл-ойының XX ғасырдағы қол жеткен ең ірі табыстарының бірі – кибернетика және оған байланысты электрондық есептеуіш техникасы. Кибернетика ғылымының табыстарын өмірге жаппай енгізу жағынан біздің еліміздің алдында зор міндеттер тұр. Әлемдік деңгейдегі кибернетика мен ақпараттық (информациялық) технология салаларындағы жетістіктер таңдай қақтырады.

Мысалы, «жасанды зерде» (интеллект) болып табылатын қазіргі кездегі супер-компьютерлердің өз бетінше «ойлау» дәрежесі үш жасар баланың ойлау деңгейіне жетіп отыр.

Міне, XX ғасырдың ең басты төрт ғылыми-техникалық ғажайыптары осындай. Бұлардың барлығының да ғылыми негізі физикалық білім болып табылады. Олармен сендер келешекте танысатын боласыңдар.

XX ғасырдың үлесіне тиетін басқа да тамаша физикалық-техникалық жаңалықтар толып жатыр. Олардың қатарында алып мұхит кемелері мен сүңгуір қайықтарын, ұшақтарды, өндірістік және ауыл шаруашылық техникаларын атауға болады. Физика мен техниканың дамуына басқа ғылымдар да игі әсерін тигізуде. Соның ішінде астрономия, математика, химия, биология сияқты пәндердің орны мен қызметі айрықша зор.