Оңтүстік Американың халқы мен елдері

Оңтүстік Америка құрлығында қазіргі кезде 320 млн-нан астам халық тұрады. Олар қалыптасуы мен нәсілдік, ұлттық құрамы жағынан алуан түрлі халықтардың жиынтығынан құралған. Құрлыққа адамдар алғаш рет бұдан 15-17 мың жыл бұрын Панама мойнағы арқылы Солтүстік Америкадан қоныс аударған. Сондай- ақ адамдар Африка мен Мұхит аралдарынан да келді деген болжам бар.

Оңтүстік Американың байырғы халқы болып есептелетін үндістер құрлықтың қазіргі халқының 10 пайызын ғана құрайды. Христофор Колумб Америка дүние бөлігін ашқанға дейін үндістер рулық- тайпалық қоғамдық құрылыста өмір кешіп аңшылықпен, балық аулаумен айналысқан. Ал Анд тауларын мекендеген үндістер дамудың жоғары сатысына көтеріліп, Инктер империясын құрған. Олар биік таулы өңірдегі егіншілікті жоғары дәрежеде дамытқан. Ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалған ежелгі инктердің ұрпақтары қазіргі кезде Амазонияның ну ормандары мен Анд тауларының биік бөліктерінде тұрады.

Еуропалықтардың жергілікті үндістермен некелерінен тараған ұрпақтар- метистер қазіргі кезде Оңтүстік Американың Анд елдерінің негізгі халқын құрайды. XVl ғасырдан бастап Африкадан 300 жыл бойы құрлықтағы кеніштер мен плантацияларда жұмыс істету үшін миллиондаған құл- негрлер әкелінеді. Олардың еуропалықтармен некелесуі нәтижесінде мулаттар, ал үндістермен некелесуінен самбо қалыптасты. Оңтүстік Америка халқының көпшілігі латын тілдеріне жататын испан және португал тілдерінде сөйлейді. Сондықтан құрлықты Орталық Америкамен бірге Латын Америкасы деп атайды.

Оңтүстік Америка – дүние жүзіндегі халық аз қоныстаннекелесуі нәтижесінде мулаттар, ал үндістермен некелесуінен самбо қалыптасты. Оңтүстік Америка халқының көпшілігі латын тілдеріне жататын испан және португал тілдерінде сөйлейді. Сондықтан құрлықты Орталық Америкамен бірге Латын Америкасы деп атайды.

Оңтүстік Америка – дүние жүзіндегі халық аз қоныстанған құрлықтың бірі. Құрлықтың табиғат жағдайларына байланысты халықтың тығыздығы әркелкі болады. Табиғаты қолайлы , маңызды теңіз жолдары өтетін жағалаулардағы қалаларда халық жиі қоныстанған. Оңтүстік Америкада тұрғындар саны 1 млн- нан асатын 20- дан аса миллионер қалалар бар.

Оңтүстік Американың қазіргі саяси картасы ұзаққа созылған тәуелсіздік үшін күрес нәтижесінде қалыптасты. ХlX ғасырдың басында құл иеленушілік жойылғаннан кейін, Еуропа елдері өз иелігіндегі жерлерге азаттық беруге мәжбүр болды. Қазіргі мемлекеттердің шекараларының қалыптасуы ХХ ғасырда ғана аяқталды. Табиғат жағдайларына байланысты құрлық Анд елдерімен Шығыстағы жазық елдеріне айқын ажыратылады.

Анд елдері қатарына Колумбия , Эквадор, Перу, Боливия, Чили жатады. Бұл елдердің өзіндік ерекшеліктері бар.

Шығыстағы жазық елдеріне Венесуэла, Гайана, Суринам, Бразилия, Парагвай, Уругвай, Аргентина және Франция иелігіндегі Француз Гвианасы жатады. Осы аймақтағы ең ірі, халқы ең көп Бразилия жерінде Оңтүстік Америкаға тән ерекшеліктердің барлығы дерлік көрініс тапқан деуге болады. Сондықтан осы елмен толығырақ танысасыңдар.

Бразилия жерінің ауданы мен халық саны жөнінен дүние жүзіндегі ең ірі бес елдің қатарына кіреді. Мемлекеттік құрылымы – 22 штаттан тұратын федерациялық республика.

Бразилия жері Амазония ойпаты мен Бразилия таулы үстіртін алып жатыр. Елде темір , түсті металл, мұнай мен табиғи газдың, алмас, уранның мол қоры бар. Экватор мен тропик арасындағы орнына сәйкес климаты алуан түрлі. Бразилия жері арқылы дүние жүзіндегі ең мол сулы өзен- Амазонка ағып өтеді. Бразилия таулы үстіртінен басталатын өзендердің көпшілігі шоңғалды- сарқырамалы, гидроэнергетикалық қорға бай болып келеді. Амазония бойындағы ылғалды тропиктік ормандардан бастап, Бразилия таулы үстіртінің солтүстік- шығысындағы тікенекті бұталы саваннаға ауысады.Бразилия ормандарында өте бағалы бразилия араукариясы, балауыз пальмасы, кебрачо, гевея, парагвай шайы өседі.

Табиғат қорларының алуан түрлі, әрі мол болуы Бразилия шаруашылығын өркендетуге қолайлы жағдай жасайды. Шаруашылықтың даму деңгейін көтеруде Амазония ормандары арқылы өтетін Трансамазонка тас жолының маңызы зор. Бразилия құрлықтағы ең жоғары дамыған ел болып табылады, шаруашылығының даму дәрежесі жөнінен дамушы елдер арасында бірінші орын алады. Елде тау – кен өндірісі, қара және түсті металлургия, машина жасау жақсы дамыған. Жылына қант қамысынан алынатын этил спиртімен жұмыс жасайтын 1 млн- нан астам автомобиль шығарылады. Халықтың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Құрғақ саванналар мен пампада ірі қара көп өсіріледі. Плантацияларда кофе, какао, қант қамысы, күріш, соя, банан, апельсин өсіріледі, олардың кейбіреуін өндіру жөнінде дүние жүзінде алдыңғы орындарды алады.

Бразилия халқының нәсілдік және ұлттық құрамы күрделі. Үндістер мен метистердің көпшілігі елдің солтүстігі мен батысында тұрады. Саны жағынан еуропалықтар басым. Сонымен қатар мулаттар мен негрлер де көп тұрады. Ел халқы жыл сайын 3 млн. адамға көбейіп отырады. Халықтың басым бөлігі жағалаудағы ірі портты қалаларда шоғырланған. Мұндағы Рио- де- Жанейро, Сан- Паулу қалалары әлемдегі алып, көрікті қалалар қатарына жатады.