Қасым хан (1511-1518 ж.ж.)

XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығының нығаюы Қасым ханның есімімен тығыз байланысты. Деректердің хабарлауынша, “Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хан сияқты ешкім сондай құдіретті болған жоқ және Мұрындық туралы ешкім ойламады да”. Мұрындық хан тұсында-ақ Қазақ хандығында барлық билік тұтасымен Қасымның қолында болды. 1519 жылы Мұхаммед Шайбанидің қазақ даласына шабуылы кезінде Қасым ханның қоластында 200 мың жауынгер болды. “Тарих-и рашидиде” өте қызғылықты мағлұмат бар: “Қасым ханның әмірлерінің бірі Бойын Мір Хасан Шайбанидің басып кіргенін естіп, өз адамдарын жинап, бұл тобырлы жиынға қарсы тұрды және де Қасым хан келе жатыр деген қауесет таратып, өзі осы қауесетті растау үшін алыстан бой көрсетті. Өздерінің алдарында Қасым ханның өзі екендігіне шүбәсіз сенген Шахибек ханның (Шайбани) әскері өздері тартып алған және өздерімен ала келгендерінің бәрін тастап, байбалам мен абыржуда Шахибек ханға оралып, Қасым ханның жақындағаны туралы хабар жеткізді. Бір сәт Шахибек хан шегіну дабылын қақтырып ешкімді күтпей қозғалды, үлгергені кетті, қалғаны қалды. Қыс соңында олар Самарқанға жетті”.

XVI ғасырдың екінші онжылдығының басында Қасымның жеңісімен аяқталған Мұрындық пен Қасымның арасында билік үшін күрес жүрді. 1511 жылы беделден айырылған Мұрындық қуылды да, Қасым хан билігіне толық ие болды. Осы мезгілден бастап жоғарғы билік ұзақ уақытқа Жәнібек ханның ұрпағына өтті.

XVI ғасырдың алғашқы он жылдығы Мауреннахр билеушісі Мұхаммед Шайбанимен шиеленіскен күрес кезеңі болды. Мауреннахр билеушісінің 1503-1504, 1505-1506, 1509-1510 жылдары қазақ жеріне жасаған жорықтары ол қалағандай нәтиже бермей, әр кез оңтүстікке шегінуіне тура келді. 1510 жылдың соңында Мұхаммед Шайбани хан Иран шахымен болған шайқаста қаза тапты. Қасым хан осы сәтті пайдалануға ұмтылды. 1513 жылы қазақ қолы Сайрамға таянды. Қала билеушісі Қатта бек Қасым хан жағына шығып, қаланы соғыссыз берді. Қасым хан Ташкентті де иеленуге тырысты, алайда өзбектермен болған шайқаста жараланып, кері шегінуге мәжбүр болды. Осылайша сырдария өңіріндегі қалалар қазақтарға түпкілікті бекітілді.

Қасым ханның моғол билеушілерімен қарым-қатынасы сәтті орайласты. Моғолстанның негізі аудандары болған Жетісу мен Тянь-Шань маңы Қазақ хандығының құрамына кіргендіктенде, моғол билеушілері бұл жерлерден айырылған еді. Моғол хандары негізінен Оңтүстік-батыс Моғолстанда ғана билігін жүргізіп, қазақ хандарымен одақтасуға мүдделі болды. Бұл кезде Қазақ хандығының батыстағы аумағы да кеңейе түсті. Батыстағы маңғыт жұртында билік үшін өзара күрес жүріп, ауыр дағдарысты бастан кешіруде еді. Маңғыт жұртының біраз бөлігі өз ішіндегі берекесіздіктен қашып қазақ хандығына келіп паналады.

Сонымен XVI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан қазақ даласының басым бөлігіне билігін орнатты. Хандықтың шекарасы оңтүстікте Сырдарияның оң жағалауына жетіп, Түркістан аймағындағы қалалардың біразын, оңтүстік-шығыста Жетісудың тау етектері мен алқабын қамтыды, солтүстік-шығыста Ұлытау мен Балқаш көлі арқылы өтіп, солтүстік-батыста Жайық өзенінің аңғарына дейін созылды. Қасым ханның қоластында миллион адам болғанын тұстастары жеткізеді. Қазақ хандығы біртіндеп сол уақыттағы халықаралық қатынасқа тартылды. Онымен алғашқылардың бірі болып дипломатиялық қатынас жасаған Мәскеу мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар жеке этнос ретінде Батыс Европаға да белгілі болды. Әрине XVI ғасырдың бірінші ширегіндегі хандықтың нығаюын Қасым ханның жеке қасиеттерімен түсіндіруге болмайды, ол бәрінен бұрын ішкі әлеуметтік-экономикалық пен этникалық процесстің нәтижесінде болды, оған аймақтағы саяси жағдай мүмкіндік туғызды.