Мәдениет – адамның шығармашылық мүмкіншіліктерін іске асыру әдісі

Мәдениет – халықтың мыңдаған жылдар бойындағы шығармашылығы,

онда қауым мен жеке адамның рухани ізденісі, халықтың даналығы мен адамгершілік нышандары жинқталады. Адамзаттың рухы мен келбеті, оның ерік бостандығы мен тарихы зейін-есі, философиялық жүйелері мен рәміз-таңбалық өсиеттері, орны толмайтын шығындары мен өмірлік сабақтары, ділі мен тілі, ділі мен мұраты – осының бәрі мәдениетпен біте қайнасқан.

Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні, мәдениет пен табиғатты, культура мен натураны қарсы қоюшылық, мәдениет ұғымына берілген анықтамалардың келесі тобын қарым-қатынастық бағыт деп атайық. Адамдық арақатынастың бәрі белгілі бір мәдени деңгейден басталады, ал осы сыртқы ортаны өзгертуге бағытталған мақсатқа сәйкес предметтік әрекеттің нәтижелері адамдық мәндік күштердің заттандырылған көріністері болып табылатын мәдениет туындыларында (материалдық немесе рухани) жүзеге асады, басқаша сөзбен айтқанда, мәдениет дегеніміз адамның өзін, қоғамды, әлеуметтік қатынастарды жасау процесі (В.М. Межуев, Л.Н. Коган, Н.С. Злобин және т.б.).

Мәдениетке арналған көптеген шығармаларда, ресми құжаттарда ол құндылықтар дүниесімен байланыстырылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының мәдени-әлеуметтік даму бағдарламасында мәдениет арқылы адам құндылықтарды айырып, олардың ішінен таңдау жүргізеді деп атап көрсетілген. Құндылықтар дүниесі адам әлемі (микрокосм) мен қоршаған ортаның (макрокосм) байланысын білдіреді. Адамдық әрекет шеңберінен қамтылған бейтарап заттар белгілі бір қоғамдық функцияларға: пайдалыға, қажеттіге, әдеміге, ыңғайлыға, т.б. айналып, біздің тіршілігіміздің тіректері болады.

Адам – дүниені жай ғана пайдаланушы жан емес, оны қажеттіктеріне байланысты өзгертуші тұлға. Құндылықтарды зерттейтін ілімді аксиология деп атайды, бұл жөнінен мәдениеттануды аксиологиялық пән деп бағалаймыз. Мәдениет құндылықтарының иерархиялық жүйесін анықтау – кез-келген гуманистік ғылым үшін жауапты міндет. Мысалы, гуманизмді бастапқы принцип ретінде алған ілімдер үшін әлемдегі негізгі құндылық – мемлекет те, партия да, жалпы қоғам да емес, нақты адамның өзі. Өмірді ең жоғарғы игілік деп есептеу, күштемеу этикасы – міне, бұлар қазір қалыптаса бастаған болашақ мәдениеттің неізгі белгілері.

Қазіргі адамзат баласы мыңдаған халықтардың екі жүзден астам мемлекеттерге біріккен миллиардтаған саны бар жұртшылық. Олардың бәріне ортақ нәрсе – мәдениет, адам баласының саналы іс-әрекетінің жемісі ретіндегі мәдениет, жасампаздық рухының көрінісі ретіндегі мәдениет.

“Мәдениет” ұғымының тәрбие мен біліммен байланыстылығының тамыры сонау көне заманда жатыр. Білімсіз және тәрбиесіз адам еш уақытта мәдениетті бола алмайды. Ендеше білім мен тәрбие барлық халықтар мәдениетінің қайнар бұлағы болып табылады. Гректер сонау көне заманның өзінде-ақ өмірге икемді, қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған сирек кездесетін білім беру жүйесін пайдаланып адамның қалыптасуы мен кемелденуіне өте жоғары мән берген. Грекияда негізінен мәдениеттің аристократиялық (ақсүйектік) түрі кеңінен таралған. Олар ақсүйектік қасиеттермен қатар, “адамзаттық” қасиеттерге де ерекше көңіл бөлінді. Басты мақсатқа апарар жол – білім жолды. Г.Е. Жураковский: “Көп жылдық Афин мектептеріндегі білім берудің түпкі мақсаты – оқушыларға афин қоғамының толық құқылы мүшесі екендігін толық сезіндіру болып табылады” – деп жазды. (Очерки по истории античной педагогики. М., 1940, с. 42). Балаларды мектепте жазып-сызуға үйретіп, грек әдебиетімен таныстырды. Грамматика мен музыка сабақтары байланыстырылды, өйткені көптеген өлеңдер музыкамен сүйемелдеу арқылы жатталды. 12 жастан бастап ұл балалар палестраға барды, гимнастикамен айналысты. Жастар тыңдаушылар ретінде мемлекеттік істер қаралатын жиналытарға да қатыса алатын болды. Мұндай білім беру жүйесі белгілі бір талаптар мен ережелерді игерумен ғана шектелмей, жастарды қоғамдық өмірге де дайындады. Грек қоғамының белсенді мүшесі болу, қоғамдық өмірдің сан-саласына араласу белгіленген ережелер талаптарды толық игергенде ғана жүзеге асып отырды, ал бұларды гректер “даналық-табыстар” – нома (заңдар) деп атады. Демек мәдениеттің мақсаты адам бойында ойлау, пікір айтып пайымдау қабілеті мен эстетикалық сезімді дамыту болды. Көне заман адамы өзінің табиғатпен байланысын ешуақытта жоғалтқан емес, ол үшін табиғат ерекше ыстық та, жақын да болды. Ол өзіне сену қасиетін мәңгілік кеңістік дүниесінен, оның ішінде ең бірінші кезекте табиғаттан алды.

Ортағасырларда адамның заттық – аспандық дүниеден, оның тіршілік отанында басқа да дүниелердің, атап айтқанда, ерекше ләззат алар рухани дүниенің бар екендігі айқындалды. Адам өзін қоршаған ортада, кеңістікте адамзаттық ақыл-ойынан тәуелсіз заңдылықтардың, ережелердің бар екенін аңғара отырып, онда жоғары “ақыл-ой” мен ең жоғарғы әділеттіліктік әрекет ететіндігін сезіне білді. Мәдениет адамның өз мүмкіндіктерін “жетілдіру”, оның ішінде ақыл-ойды, ақыл-ой болғанда “табиғи” бұзылмаған және сеніммен толықтырылған ақыл-ойды “жетілдіру” тұрғысынан адамзат баласының алдында тұрған келелі мәселе дәрежесіне көтеріп, құпия дүниелер есігі айқара ашылды, қоршаған ортаға басқа рациональдық қана емес екендігі айқындалып, ендігі жерде адам бойындағы жаңа өлшемдер – махаббат, үміт, сенім т.б. жаңа сатыға көтерілді.

Ағартушылық кезеңінің ойшылдары жаңа мәдени үлгілері (адам, қоғам, мемлекет, құқық, философия және т.б.) жасауға тырысты және өткен заман мен жаңа заманның мәдени тәрбиесін жаңаша сын елегінен өткізе отырып қарастырды.

Мәдениет негізі – еңбек. Еңбек неғұрлым күрделі болған сайын, мәдениет те жаңа сипат алып отырады. Алғашқы еңбек бөлінісінен қазіргі кезеңге дейін еңбек материалдық өндіріс мәдениетін жетілдірудің негізі болып келеді. Егер садақ пен жебе бір кезде адамның табиғатпен байланысындағы төңкерістің куәсі болса, бүгін ғылыми-техникалық революция жетістіктері де, өндірістегі жаңа техника мен технология да материалдық мәдениеттегі төңкерісті білдіреді.

Мәдениет адамсыз жасалмайды. Мәдениеттегі адам қызметі өзінің объективті мазмұнымен анықталады. Қандай мәдениет көрінісін алсақ та, біз белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты жарық көрген адам қызметінің нәтижесін мақтан етеміз. Мәдениет көрінісін өткінші, бүгін бар да, ертең жоқ деп қарауға болмайды. Тарихи сабақтастықты ақиқат деп қараушы әрбір адам мәдениеттегі шындықты әлеуметтік қажеттерден туған шындық деп бағаламай тұра алмайды.

Мәдениеттің ерекшелігі сол – ол тек объективті шындық қана емес, шығу тегі жағынан алғанда, оның мазмұны субъективті. Мәдениеттің материалдығының өзі, оның шығу көзі адамға байланыстылығында. Адамның өмір сүру әдісі мен объективті қызмет негізінде ғана мәдениет материалдық сипат алды. Қорыта айтқанда мәдениет туындысы дегеніміз адам тұрмысының затқа айналған мәні. Бұдан мәдениет дайын зат ретінде, заттың түр ретінде өмір сүреді деген қорытынды жасауға болады. Шынында да, материалдық мәдениет өндіріс құрал-жабдықтары, сәулет өнерінің мұралары арқылы білінсе, рухани мәдениет кітаптар, қолжазбалар, қылқалам шығармалары арқылы, сондай-ақ өлең, жыр, ертегі, терме, жұмбақ, жаңылтпаш, әңгімелерден мәлім болады. Заттың мәдени бағаға ие болуы үшін ең алдымен адамдық сипат алуы керек.