Мәдениет адамзат әлемінің айнасы. Мәдениет тілі

Дүниедегі ең бағалы асыл байлық – адам. Ол барлық әлеуметтік

қозғалыстар мен қимыл әрекеттердің негізі, өлшемі және мақсаты, жер шарындағы небір ғаламат табыстардың қайнар көзі, ақыл-ой туындыларының құдіретті иесі.

Бұл арада адамның қоғамда алатын орны мен атқаратын ролінің сипаттамасын айтып отырмыз.

Философиялық антропологияның материалистік концепциясын ұсынған Фейербахтың айтуынша, жеке-дара, жалғыз өзі ғана өмір сүре алатын адамның болуы мүмкін емес. Қоғамдық болмыс тәжірибесін бойына сіңіріп үлгермеген жас баланың тәуелсіз жеке өмір сүруге ешбір қабілеті болмайды.

Ата-ананың, басқа адамдардың қамқорлық, көмегінсіз ол адам өсіп, жетіле алмайды.

Адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шығуының негізі-өмір сүру ортасын өз еңбегімен өзгерту, қайта жасау әдісін, ол үшін еңбек құралын оның ең жабайы түрінен бастап, бірте-бірте жетілдіру жолын меңгеру қабілеті болған. Тек еңбек процесінде ғана адамдар бір-бірімен қатынас, байланыс жасаудың керекті ойларын бір-біріне өткізуді үйренді. Бара-бара адам еңбегі бүкіл материалдық және рухани мәдениет дүниесінің жасаушысы болып шықты. Қоғамдық қатынастар адамның өмір сүруіне қажетті материалдық заттар (тамақ, киім, баспана) өндіру әдісінен туады.

Олай болса адам дегеніміз – еңбек әрекетімен шұғылдана алатын, әлеуметтік қатынастар жасайтын, өзара байланыс жасауға толық қабілетті тіршілік иесі деп анықтама беруге болады.

Қоғамдық болмыстың әсерінен адамның әрекеттену ой алмасу жолында қалыптасатын кісілік қасиеттерінің ішіндегі аса маңыздысы – дүниеге көзқарас.

Дүниеге көзқарасымен бірге адам ішкі сипаты қалыптасады.

Кісілік сипат ешқашан жетілу шегіне жетіп тоқырап қалмайды.

Психологтар адамдарды жігерлілер, жігерсіздер деп екі топқа бөледі. Жігерлі адам әрқашанда өзінің тұрақты қалпын сақтайды, өз алдына емін-еркін қызмет жасайды, ұстаған жолынан, қабылдаған шешімінен қашпауға тырысады. Ал жігерсіз адамның әділетті тұрақтылығы, батылдығы жетіспейді. Тіпті өте білімді, қабілеті мол, бірақ жігері аз адам өзінің бай рухани мүмкіндіктерін қолайлы жағдайлар болып тұрған күннің өзінде де іске асыра алмай қалатын фактілер жиі кездеседі.

Адамды адам ететін қоғам, еңбек. Адамның туып өскен, тәрбиеленген қоғамы қандай болса, оның өзі де сондай деп айтуға әбден болады. Әрине, мұны әрбір дара адамға жатқызып, тікелей түсіну дұрыс болмайды. Дүниеде қанша адам болса, сонша мінез, сипат бар. Әркімнің жеке басына тән қайталанбас ерекшеліктерінің болатыны талассыз ақиқат.

Алғашқы қауымдық қоғамда адамның жеке басының мүддесі түгелінен рудың ортақ мүддесіне бағынышты болды. Өйткені, рудың сыртында жалғыз адамның өзін-өзі асырап күн көруі мүмкін емес еді. Ол қоғамның өмір сүру тәсіліне байланысты қалыптасқан жабайы әдет-ғұрыптарымен ғана әрекет жасауға тиіс еді. Бұл жағдай оның әлеуметтік табиғи болып әлі бөліне қоймаған адамдық мәнін анықтады. Тарихтағы ең алғашқы өсіп-жетілмеген адам тұрпаты осындай болды.

Мемлекеттің тууына байланысты адам құқықтары ресми түрде белгіленетін болды. Бостандықтағы адамдар өз құқықтары мен міндеттерінің иесі ретінде рухани қабілеттерін кезіндегі тарихи шеңбер шегінде іске асырудың мүмкіндіктеріне ие болса, қаналушы құлдардың ешқандай бостандығы да, құқықтары да болған жоқ, табиғи дарындарын сыртқа шығаруға жол таба алмай езгіге түсті, осылайша таптарға бөлінген алғашқы қоғамның өзінде әртүрлі әлеуметтік тұрпат пайда болды.

Осы жағдай феодалдық, капиталистік қоғамдарда да орын алды. Әр қоғамдық-экономикалық формация жағдайында әр таптың құрамына кіретін адамдардың қоғамдағы орны мен өмір сүру жағдайы, мақсат мүдделері, мәдениет жемістерін пайдалану мүмкіндіктері әртүрлі болғандықтан, олардың жеке басының қасиеттері де, қоғамдық қатынастарға көзқарасы, мінез-құлықтары мен әдептері, талғамдары мен адамгершілік түсініктері тағы басқа әлеуметтік психологиялық қырлары басқаша болды. Адам тұрпаттары айырмашылықтарының өлшемін сөз еткенде, аталған жеке қасиеттердің әрбір тап адамдарына тән осы ерекшеліктерін негізге алу қажет.

Адам – феномен. Оның табиғатын түрлі ғылымдар, айталық антропология, тарих, филология, саясаттану, этнография, саяси экономика, психология дәрігерлік т.б. ғылымдар, сондай-ақ философия зерттейді.

Адам мәдениет субъектісі. Адамның басты қасиеті оның әлеуметтік сипаты. Адам мен қоғам бірлікте. Тек қоғамда ғана адам өзін-өзі әлеуметтік құбылыс ретінде көрсете алады. Адамды адам еткен еңбек дейтін болсақ, сол еңбек нәтижесінде адамның санасы, тілі пайда болды. Олай болса, еңбек, сана, тіл – бәрі де қоғамдық құбылыс, олар қалыптасқан, даму тарихы бар.

Адам проблемасы философия ғылымымен құрдас десе де болады. Бұған философияның өзі сонау көне замандардағы ойшылдардың адам жөніндегі, оның дүниеде атқаратын қызметі мен алатын орны жөніндегі ой-толғауларынан туғанын дәлел бола алады. Бір нәрсенің сырын ашып, білу үшін алдымен адам бұл туралы ештеңе білмейтінін түсініп, оны түсінуге ұмтыла бастады. Мысалы, ағаш отқа жанады, тас жанбайды, тек қызады. Мұның себебін білмейтіндігін адам түсініп, онда таңдану сезімі пайда болды, ойланды, білуге ынта туды. Атақты грек философтары Платон мен Аристотель философиялық ойлардың психологиялық негізі адамның өзі түсінбейтін, түсіне алмайтын құбылыстарға ең алдымен таңдану, таңырқау сезімдерінде жатыр деп есептеді.

Ертедегі атақты Шығыс ойшылдарының көбі, өздерінің философиялық жүйелерінің негізгі өзегі етіп тікелей адам проблемаларын алған. Көне замандағы мысырлықтар философияның объектісі құдайлар мен әділеттілік деп білді. Бұдан 25 ғасыр бұрын өмір сүрген қытай философы Конфуций өз ілімінің түп қазығы етіп “адам сүйгіштік” (жэнь) проблемасын алды. Оның түсінуінше тек “адам сүйгіштік” қасиет қана адамды басқаларды сыйлайтын, ешкімнің алдынан кесіп өтпейтін, шындықтан басқаға мойын бұрмайтын, батыл да байсалды, ілтипатты да достыққа берік, сөзге ұстамды (біреуді өкпелетіп алмау үшін), көмекке (кімнің болса да адамгершілік жағын жетілдіре түсуге) дайын етіп қалыптастыра алады. Бұл қасиеттердің бәрін біріктіріп, әрқайсысын қамти алатын моральдық-философиялық ой түйінін Конфуций: “Өзіңе жасалғанын қаламайтын қылықтарды сен де басқаларға жасама” – деп қорытты.

Адам мәдениеттің субъектісі ретінде оның жан дүниесін қалыптасыру бүкіл қоғамның дұрыс іс-әрекетінің нәтижесінен келіп шығады. Мәдениет мәселесінің маңызды буындарының ішінде жеке адам мен мәдениет ара-қатынасы ерекше рөл атқарады. Жеке адам мәдениеттің субъектісі де, объектісі де болып табылады. Қоғамдық қатынастардың жемісі ретінде оның рухани қазынадан нәр алмауы, оны көркейтіп, мазмұнын байытуға қатыспауы мүмкін емес.