Қазақтардың космологиялық түсініктері

Әлем мен адамға бағыт беретін жол көрсетуші, мәңгілік пен шексіздіктің кепілі –Нұр. Оған адамның жай ақылы жетпейді, оны аңғару, түсіну, жан дүниеңмен қабылдау қажет.

Әлем мен Нұр ұғымдары қазақтың төл мәдениетінде Дүниені дұрыс түсіну арқылы нақтыланады. Дүние дегеніміз заттар мен құбылыстардың біріктірілген жинағы емес. Бұл –дүние біртұтас, яғни ол адаммен іштей қосылған.

Табиғат аясындағы адамның белсенділігі де ерекше. Онда асығу деген болмаған. Далада кездескен жолаушылар бір-бірімен тез амандасып жөнімен кету дегенді теріс қылық түрінде бағалаған. Олар үшін ең басты мәселе бір –бірінің көңіл – күйін сұрау арқылы ерекше бір жылы адамдық түсінісу еді. Қ.Нұраланова атап өткендей, қазақтың ұлттық идеясы – адамның көңілін табу. Оған қарым-қатынастың жоғары формасы іштесу арқылы жетуге болады.

Біртұтас дүние адамды жатсынбай өзіне қосып алғаннан соң, нұрға жетудің дәнекеріне айналғаннан кейін, Жарық дүние бейнесі дүниетанымдық принцип қызметін атқарады.

Жарық дүние адам үшін тұрақты және қуатты арқа сүйеу болып табылады. Арқа сүйеу бола алатын Жарық дүниені халық қастерлеп Жарық дүние деп көтерді. Қазақтың дәстүрлі космогониясында Әлем-Дүниенің мынадай сипаттамалары бар: жарық дүние, шірік дүние, шексіз дүние, болжаусыз дүние, аруана дүние… яғни, әлем адамдық қасиеттердің бәріне тән, олар (адам мен әлем) егіз болып табылады.

Әрине, халықтық дүниетаным әлемнің, дүниенің толымсыздығын, кемдігін, төмендігін де аңғарды. Оның негізінде бұл дүниеде адамның өмірінің шектілігін түсіну жатыр. Қазақ өлеңінде: «Қарасам, бұл дүние-шолақ екен, адам деген бір-біріне қонақ екен», -дейді. Осы тұрғыда дүниеге теріс қасиеттер де қосылады: қоңыз дүние, жалған дүние, сұм дүние, өткінші дүние.

Түрік халықтарының мәдениетінде Аспанмен қатар оның шырақтары да Құдай деңгейіндегі құдіретті, қасиетті құбылыс деп танылған. Бұл мағынада әсіресе, Күннің атқаратын ролі ерекше. Ертедегі миф-аңыздардың, ертегілердің кейіпкерлерін Күнсұлу, Күн астындағы Күнекей және т.б. деп бекер атамаған. Бұл мәдениетті солярийлік (күндік) деп атауға негіз жеткілікті.

Арыс өзенінің бойындағы Алтынтөбеде көптеген «алтынбастылардың» кескіндері бейнеленген. Кейінірек бұл бейне аспан құдайы – Көк Тәңірінің негізі болды. Ерте заманнан бұл құдайлар магиялық мақсаттарда қолданылған. Күнбасты адамдарды бейнелегенде олардың рәміздік мазмұны алдыңғы қатарға шығады: 1) күн тіршіліктің бастауы, 2) көшпелілердің киіз үйіне жоғарыдан төмен қарағанда ол сәулесін шашқан күнге ұқсас (шаңырақ-күн, уықтары – сәулелер), 3) арбаның дөңгелегі мен күннің арасындағы құрылымдық изоморфизм, 4) көз және күн адам үшін маңызды, екеуін де шырақ деп атайды («шырағым» деген сөз өте ыстық жақындықты білдіреді), 5) адамға басты және терең сезім – «ыстық махаббат» деп аталады. Бұл сипаттаманы ары қарай жалғастыра беруге болады. Қазақстанның елдік таңбасы — «Алтын адамның» бас киімінде нұрын шашып тұрған күн бейнеленеді.

Азиялық өркениетте Күнмен қатар қастерленген аспан шырағы ай болған. Ай көне түрік мәдениетінде Күннің орынбасары, сұлулықтың таңбасы, көп мұраларда әйел құдай ретінде танылған. Көшпенділер үшін де Айдың маңызы зор болған. Даладағы малшылар қараңғы түнде Айдың тууы мен батуын бақылаған, одан өздерінше қорытынды жасап, жыл мезгілдерін айыру есебін шығарған. Олар жаңа туған айдың күн сайын көлемінің кемитінін, ақырында «таусылып», — «өліара» келетінін білген. Бұл кезде ауа райы өзгеріп, ғылыми тілмен айтқанда циклон басым болады. Халықтық дүниетаным айдың климатқа тигізетін әсерін жақсы білген.

Сонымен, кеңістік аясындағы мәдениет ғарыш пен дүниені жатсынбай, өзіндік ерекшеліктерін адамдық әлемге қоса білді.

Макрокосмос пен микрокосмостың үйлесімділігі идеясы тек антикалық мәдени өңірмен шектелмеді. Көшпенділердің ғарышты игеру тәжірибесі адамзаттық рухани қозғалыстың терең бір арнасы болып табылады. Бұл мәдениеттің типтік негіздерін қарастырғанда, оның ғарыштық сипатын ескеру қажет.

Қалыптасқан бірыңғай ұлттық тілдің, жазба дәстүрдің болуы халықтың мәдениетінің, өркениетінің дамуындағы алғы шарттардың бірі. Тіл әрбір халықтың ерте кездерден бергі өніп-өсуінің, дамуының, бүкіл болмысының құдіретті көрінісі. Тілдегі әрбір сөздің аржағында сол халықтың тіршілік-тынысы, салт-санасы, әдеп-ғұрпы, наным-сенімі басынан өткен қилы-қилы заманның белгісі, тарихы тұрады. Демек, оны халық болмысының айнасы деуге әбден болады. Тілсіз мәдениет жоқ. Тіл кез-келген халықтың бүгінгі болмысын, арманын, алдағысын, кешегісін, келешегін бейнелейді. Сондықтан оның қалыптасуы ұзақ уақыты, бірнеше ғасырларды, тіпті мыңжылдықтарды алып жатады. Қазақ тілі де солай дамыды. Ол Еуразия құрлығының керіліп жатқан кең даласын мекендеген қыпшақ, қаңлы, үйсін, арғын, алшын, керей, дулат, қоңырат, найман сияқты тегі бір, түбі туыс ру тайпалардың тілдері арқылы қалыптасып, уақыт сынына төптеп береді. Оның електен өтіп, алтынша сұрыпталып сындарлы сапаға ие болуында қыпшақ тілінің айрықша рөлі зор. Осы тілде жазылған ежелгі қазақ жерін жайлаған халыққа, тайпаларға түсінікті жазба мәдениетінің бір нұсқасы XIV ғасырда жарық көрген. “Кодекс Куманикус” атты еңбек болды. Бұл кітапқа қыпшақ тілінің әлемдік латын, парсы тілдерімен баламалы сөздігінің берілуі қыпшақ тілінің дүниежүзілік сипатқа ие болып әлемге танылуының бір белгісі еді. Бұл тіл де қазақтың жазба мәдениетінің қарымды дамығанын дәлелдейтін мысалдар көп. Солардың бірі көне қыпшақ тілінде жазылған “Жамих ат – Тауарих”-деп аталатын шығарма. Ол қазақ халқының негізін құрған Қазақстан мен Орта Азияда өмір сүрген қара хандар әулеті мен оғыз қыпшақ тайпаларының ХІ-ХVI ғасырлардағы тарихын баяндайтын кесек туынды. Онда қаңлы, жалайыр, қыпшақ, найман, керей, қоңырат, алшын тағы басқа тайпалардың шежірелері жүйелі түрде айтылады.

Сонымен бірге бұл еңбекте қазақ жеріндегі оқиғалар, осы жерді қоныс еткен елдердің шаруашылығы, мәдениеті, қазақ хандарының шежіресі, хан төңірегіндегілер мен қарашалар, батырлар мен басқа да тұлғалар туралы көп мағлұматтар берілген. Оны жазған Сыр бойындағы Жалайыр руынан шыққан Қадырғали Қосынұлы (1530-1605 жж) қазақ хандығының Орда-сарайында жүріп, ханның ақылшысы және тәрбиешісі болған кісі.

ХҮІ ғасырдың 40-жылдарында жазылған «Тарихи-Рашиди» деп аталатын туынды да қазақ хандығының тарихын баяндауға арналған. Екі дәптерден немесе бөлімнен тұратын бұл еңбектің алғашқы бөлімінде Шағатай әулетінің тарихы баяндалса, екінші бөлімінде ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Орта Азия, Индия, Ауғанстандағы шығыс Түркістандағы тарихи оқиғалар сөз болады. Онда Оңтүстік және Шығыс Қазақстан жеріндегі қоғамдық әлеуметтік жағдай, шаруашылықтың жайы, егіншілік кәсібі, қала мәдениеті, Жетісуда қазақ хандығының қалай құрылғаны, қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының қарым-қатынасының қалай дамығаны туралы мол деректер берілген. Бұл еңбектің авторы араб, парсы тілдерін өз тіліндей жетік білген, жан – жақты білімді, ғұлама- ғалым, тарихшы және жазушы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551 жж). Ол қазақтың дулат тайпасынан шыққан, сол елдің әміршісі болған әмір Болатшының жетінші ұрпағы.

Өтеміс қажы деген кісі жазып қазақ жерінде дүниеге келген “Шығыснама” атты еңбек те қазақтың жазба мәдениетінің жарқын үлгісі болып табылады. Қыпшақ даласына ұзақ уақыт билік жүргізген Жошы әулетінің тарихы арқылы Оңтүстік және Батыс Қазақстан жеріндегі тайпалардың тұрмыс-тіршілігіне байланысты қолжазбада мол тарихи деректер берілген. Бұл қолжазбалар өмірге келген тұста қазақ жылнамаларының, қазақ шежірелерінің жазба нұсқалары да жарық көрген. Қазақ хандары дәстүр бойынша ата бабаларының шежірелерін жаздырып ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келген. Мұндай шежіре түзу көптеген ру тайпалардың зерделі адамдарына да тән болған.

Қазақтың жазба мәдениеті туралы сөз еткенде қазақтардың ірі ру тайпаларының ертеден келе жатқан өзіндік тілдері және жазба мәдениеті болғанын айту керек. Мәселен, «Едіге», «Ерсайын», жырларын қағазға түсірген алшындар болса, «Ер Көкше», «Қабанбай батыр», «Базар батыр», «Көркебай батыр» дастандарын керей, «Махаббат-наме», «Алпамысты» қоңырат, «Талас ескерткіштері» дулат, тағы бір деректер бойынша үйсін диалектісінде жазылып жетті. Бірақ осы тілдердің сөздеріне ұқсастық, ортақтық өзара түсініктілік басым болған. Осыдан келіп қазақтың бірыңғай ұлттық жалпыхалықтық, бүгінгі мемлекеттік мәртебе алып отырған тілі қалыптасты.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан емшілік тәрбиесі бар. Оташы, емшілер қазақ жерінде көп болған. Табиғат екі мың адамға бір оташы, 500-800 кісіге бір ем-дем жасайтын дарынды тұлғаны өмірге келтіреді екен дейді қазақтар. Қазақ емшілері дәрі дайындау үшін сан алуан өсімдіктерді малдың, аң құстың етін, терісін, сүйегін тиімді пайдаланды. Мәселен, олар аюдың өті, бұғының мүйізі, ұлардың миы, малдың терісі, мүсәтір, ашутас, күкірт, тотыйын, апиын, алмас, сынап тағы басқаларынан сондай-ақ, малдың сүтінен, жеміс-жидектен дәрі жасап, онымен әртүрлі ауруды емдеп жазды. Тәжірибелі емшілер аурудың көзіне, тіліне қарап, тамырын ұстап немен науқастанып жүргенін анықтап, шипа болатын ем –дем жасады. Қазақ ауруды жұқтырудан сақтандырып, «сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деген. Ауруды терлетіп, тынықтырудың қажеттігіне көңіл бөлген. «Ұйқы тынықтырады, еңбек шынықтырады», «Тер шықпаған адамнан дерт шықпайды» дегенде ұйқының, терлеудің науқас үшін қанша маңызды екенін ескерген.

Көк көріне жайлауға шығып, шөп сарғая қыстауға көшіп сағымды сахарада жер қайысқан мал өсіріп, малды қастерлеген қазақ малды да түрлі аурулардан емдей білді. Бұл салада тәжірибе жинақтаған ауырған малдың ауруын, шипасын білетін адамдар әрбір ауылда кездеседі.

Қазір астраномия, геология, медицина, ветеринария деген сөздермен әлемге белгілі болып отырған ғылымдардың сондай-ақ басқа да қолданбалы және гуманитарлық ғылым саласындағы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан даналығы өзінің мәні мен мазмұнын бүгін де жойған жоқ.

Қазақ халқының ұлттық әдеп жүйесін, моральды, адамгершілікті зерттейтін философиялық пән. Этика термині ежелгі грек тілінде «бірлесе өмір сүруші адамдар тобының мекен –жайы» дегенді білдірді, кейін әдеп туралы ілім мағынасына ие болды. Әдеп термині түрік халықтарының тілінде ортағасырлардағы араб-мұсылман мәдениетінің ықпалымен енген. Көптеген мамандар этиканы әдептану деп аударып жүр. Этика ұлттық сипаты айқындалған ілімдер қатарына жатады. Өйткені әр халықтың орналасу аймағына, тіршілік салтына өмір сүру дағдыларына байланысты ортақ мінез-құлық ережелері, жүріс –тұрысы, тыныс –тіршілігі қалыптасады. Қазақ этикасы өзінің көл-көсір молдығыменде, адамгершілік қуат-тегеурінімен де, тарихи айқындылығымен де халықтың рухани өмірінде ерекше орын алды. Қазақ этикасының ежелгі бастау қайнар көздері үш мың жылдай Еуразияның Ұлы Даласында өркендеген скиф-сақ ойшылы, «ұлы жеті ғұламаның бірі» Анахарсис (Анарыс) өзінің әдеп және адамгершілік туралы терең пікірлерін айтқан. Мысалы, маскүнемдік туралы ол былай деген: «Бірінші тостақты, әдетте, денсаулық үшін, екіншісін –рахатқа бату үшін, үшіншісін – ардан таза болу үшін, төртіншісін – ақылдан алжасу үшін ішеді». Кіндік Азиядан табылған түріктердің атақты Күлтегін, Тоныкөк жазуларында татулық, бақыт, дәулет секілді әдет ұғымдары жиі кездеседі. Қазақ этикасының қалыптасуына Қорқыт ата үлкен үлес қосты. Оның үлгі-өнеге, өсиет –нақыл сөздері қазақтармен қатар барша түрік халықтарында кең таралған. Қазақ топырағында әдептануды арнаулы ілім ретінде қарастырған ғұлама-философ, әмбебап ғалым-Әбу Насыр әл –Фараби. Ол этиканы жақсылық пен жамандықты айыруға мүмкіндік беретін ғылым деп қарастырады. Оның түсінігінше, адам жаратылыстағы ең қасиетті жан. Сондықтанда оған үлкен құрметпен қарау керек. Жақсылық дегеніміз білім, мейірбандық, сұлулық бірлігінде жатыр. «Бақытқа жол сілтеу» трактатында ойшыл баянды тіршіліктегі адами бақыт туралы сөз қозғайды. Түрік халықтарының этикасын дамытуға үлкен үлес қосқан ғұламалар қатарына Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгнеки, Сүлеймен Бақырғани және т.б. жатады. Қазақ хандығы қалыптасқан кезден бастап қазақ этикасы негізінен ақын – жыраулардың даналық насихат жырларында дамыды. Олардың ауызекі мәдени мұралары ұлттық қадір – қасиет пен өнегелі әдепті ғасырлар бойы жоғалтпай, сақтап қалуға үлкен қызмет етті. Атақты қазақ ақын – жыраулары Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, т.б. ұлттық әдеп жүйесін заман талаптарына сәйкес жоғары тұғырға көтере білді. Олардың әлеуметтік –этикалық ойлары қазақ халқының әдептік сана –сезімінің қалыптасуына, кейінгі ұрпақты адамгершілік және ұлтжандылық рухта тәрбиелеуге үлкен әсерін тигізді.