Ежелгі мәдениеттер мен өркениеттер

Миф — бұл ұғымға үш түрлі мағына беріледі: 1) көне аңыз, әңгіме; 2) мифошығармашылық (миф тудыру), мифологиялық космогенез; 3) тарихи-мәдени шартталған айрықша сана күйі. Адамзаттың негізгі мифтерінің бірі — уақытты цикл ретінде қабылдайтын мифологиялық санамен байланысты мәңгілік айналымдар туралы миф. Мифошығарма космогенез ретіндегі мифтің екінші мағынасы — әлемнің хаостан жаралуы. Бұл космогониялық мифтерге бастау береді. Олардың басты тақырыбы: «қасиетті (киелі) тарих», дүниенің, адамның және т.б. жаралуы. Әдетте, мифте жаратылыс уақыты киелі сипатқа ие болады, ол үлгі ретінде құрметтелді. Үшінші мағынасына байланысты миф дүниетанудың алғашқы рационалдық бітімі, оның бейнелі-рәміздік түсіндірмесі, қайта жаңғыру ретінде анықталады. Миф пайда болған дәуірдің дүние түсінуін бейнелейді, ол — адамзаттың рухани мәдениетінің алғашқы бітімі. Мифтің құрылымын Леви-Брюль партиципация деп атаған. Мифте әрбір объект, әрбір іс-қимыл басқа объектілермен, іс-қимылдармен ұштасып жатады. Адамды бейнелеу — бұл тек қана бейне емес, ол сол адамның бір көрінісі, оның бір бітімі. Сондықтан бөлшек — бұл тұтастық, тұтастықтың айқындалуының бір тұсы. Дүниеге діни көзқарас және соған сәйкес келетін дүние түсіну типі алғашында мифологиялық сана шеңберінде қалыптасады. Алайда миф пен дін арасында айырмашылық бар. Дін тылсым дүниені, трансцендентіні Құдай деп таниды, ал миф табиғи күштерде құдайлық қасиет бар. Миф үшін (діннен айырмашылығы) табиғат құбылыстары (мыс, Күн) мен мінез-құлық көріністері (мыс, Ашу, Ыза) — Құдай. (Күн мен Ашу) Мифологиялық бейнелер субстанционалды сипатта, олар нақты, шындықта бар нәрселер ретінде қабылданады.

Мифология — а) адамның өзін таныту құралы, адамның шығармашылық қабілеттерін айқындаудың ежелгі, мәңгілік бітімі. Ол адамзат мәдениетінің барлық типтері мен бітімдерінің негізінде жатыр; ә) миф теориясы немесе оның түсініктемесі. Мифтің жалпыға ортақ теориясы жоқ. Бірақ мифті түсіндіру мен зерттеу үзіліссіз жалғасып келеді. Алғаш рет миф философиясын Дж.Вика ұсынды. Ол миф қиял ойыны ретінде қалыптасады деп санады. Одан кейін, 20 ғ. Ортасынан бастап миф этнографиялық материал ретінде зерттеле бастады. Э.Тайлор «Алғашқы қауымдық мәдениет» кітабында мифтер мен діни нанымдар негізіңде анимизм жатады деп жазады. Бұл — қоршаған дүние туралы алғашқы қауымдық «балалық» таным, ой. Түс көру, өлген адамның жаны туралы түсініктер ежелгі адамды «балалық» ойларға жетеледі.

Миф -бұл белсенді әлеуметтік күш. Леви-Строс жеке мифті емес, олардың жиынтығын таңбалық модельдендіруші жүйе ретінде қарастырады. Мифологиялық ойлау тәсілі ой түйіндеуге, логикалық талдау жасауға қабілетті. Ол үшін таңбалық модельдендіруші жүйе ретінде миф құрылымы — қарым-қатынас құралы ретіндегі табиғи тілдің аналогы. Миф семантикасында жұптық (бинарлық) қарама-қарсылықтың: жоғары — төменгі, өмір — өлім және т.б. маңызы зор. Бұл оппазициялар сананың түбегейлі қайшылықтарын бейнелейтінді, ал мифологиялық сана оларды біріктіруге тырысады. 20 ғ. Мәдениетінде миф аса маңызды рөл атқарды: бұл дәуірдің барлық мәдениеті іс жүзінде мифологиялық болып келеді; бұл мәдениеттануда «жаңа мифологиялық сана» (неомифология) анықтамасына ие болды.

Кейінгі палеолиттің мәдениеті жөніндегі алғашқы ғылыми мәліметтер Францияның оңтүстігі мен Испанияның солтүстүгінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындыларына байланысты негізделген. Ауа райы мен ландшафттың өзгергеніне қарамастан, Еуропаның бұл бұрышы адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы болған. Сондықтан да болар, бұл өңірді мыңдаған жылдар бойы көптеген халықтар мекендеген. Бұл құпия жерлерді ғылыми тұрғыдан зерттеуде өткен ғасырдан бастап француз және испан археологтары үлкен белсенділік көрсетті. 1879 ж. Испан археологы М.Саутуола Аль-тамир үңгірінен кейінгі палеолит дөуірінің алғашқы кескіндеме ескерткіштерін тапты. 1895 ж. Францияда Анри Брейль (1877— 1961 ж.) Везера жазығындағы Ле — Комбатель үңгірінен мамонтың, бизонның (тағы өгіздің), аюдың, жылқының жүзге тарта бейнелерін тауып, мол олжаға кенелді. Бір ғажабы, бұл бейнелердің арасынан адам бейнелері де кездескен. Дәл осы жылы Ле-Комбательден жақын арадан археолог Пестрони Фон де Гом үңгірін тұтастай (сурет галереясын) ашып, мол олжаға кенелді. Оның ішінде жабайы жылқының — 40, мамонттың — 40, бұғының — 17 суреті бейнеленген. Суреттер охрамен және тағы да басқа бояулармен салынған, өкінішке орай бұл бояулардың қалай дайындалғандығы осы уақытқа дейін құпия қалпында қалып отыр.

Кейінгі палеолит дәуірінің үңгір суретшілерінің аң бейнелерін нанымды етіп салынғаны соншалық, олар көрген адамға атылуға дайын тұрған тірі аңдардай әсер қалдырған. Ласко үңгірінің қабырғалары сарғыш балшықпен, күйемен, ақ балшықпен сыланып, қарамен жиектелген жүздеген сары, қызыл, қоңыр кескіндермен безендірілген. Ең ғажабы — осы бір бизондардың, жылқылардың, бұқалардың, мүйізтұмсықтардың, жылқылар мен текелердің кескіндері адам таңқаларлықтай етіп бейнеленген. Өнер тарихында бірінші бұқа, екінші бұқа, үшінші бұқа, төртінші бұқа деп бейнеленген, күші тасыған тіпті атылуға дайын тұрған бұқа күшін, оның тесіле қараған көз жанарын, дәлелдеген танауы мен түзу мүйіздері сараң да, құпия штрихтер арқылы сенімді, әрі өктем етіп бейнеленген.

Альтамир үңгіріндегі жаралы бизонның өркеші монумент сияқты, сұлап түскен тау тәрізді жоталанып көрінеді. Фон-де-Гом (Франция) үңгіріндегі бұғының садақша иілген мүйізі бүкіл композицияға поэтикалық рух берсе, ал Франциядағы Нико үңгірінен табылған бизонның сымбатты кескінінен мүлтіксіз шеберлікпен бейнеленген аң тағылығын, оның айбынды күшін көреміз.

Осы орайда алғашқы қауымдық құрылыстың «тұрмыстық» түрін бейнелейтін, күрделі сюжетті жартастағы бейнелерге толы Ласко үңгіріне тағы да қайтып оралғанды жөн көрдік. Мұнда найзамен жараланып, ішек-қарны ақтарылып бизон жатыр да, оның алдында шалқасынан құлаған адам бейнеленген. Шеткеріректе мүйізтұмсық тұр, адамды жеңген сол болуы да мүмкін деп жорамалдауға болады. Баланың салған суретіндей, адам долбарланып олақ бейнеленсе де, бірде-бір бала (егер бұл суреттерді балалар салды деп есептесек) қансыраған бизонның трагедиясын жеңіп шығып, ұзап бара жатқан мүйізтұмсықтың мығым да, саспас қадамын дәл осындай етіп шынайы бере алмаған болар еді. Сондықтан да, жан тебірентерлік бұл көріністер үңгір суретшісінің жәй ғана қиялы емес, үңгір адамдарының нақты өмір тіршілігі, тарихи шындық. Осының бәрі — адам қуатын емес, аң қуатын мадақтау, ал оны жеңу табиғаттың дү­лей күштері алдында әлі де дәрменсіз адамның алдындағы асқаралы міндеті болып саналады.