Нәзiр Төреқұлов – публицист әрi дипломат

Нәзiр Төреқұлов – Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов секiлдi қазақ халқының бағына Темiрқазықтай жарқырап туып, құйрықты жұлдыздай ағып түскен, қысқа ғұмырында артына байтақ мұра, өшпес өнеге қалдырған, сөнбейтiн шырақ жағып кеткен, маңдайымызға сыймаған айрықша туған даналардың, алыптардың бiрi.

Түркiстанның iргесiнде туылған Төреқұловтың жан-жақты таланты мен дарындылығына, көсемдiгi мен шешендiгiне, бiлiмдiлiгi мен бiлiктiлiгiне, ұйымдастырушылығы мен iскерлiгiне таңданбасқа болмайды. Ол — қайраткер әрi саясаткер, дипломат әрi ғалым, журналист әрi баспагер, ұйымдастырушы әрi реформатор.

Н.Төреқұловтың Түркiстан мемлекетiн орнатудағы, түрiк тектес халықтарды жаңа алфавитке көшiрудегi, ғылым, бiлiм, мектеп саласын дамытудағы еңбектерi өте зор. Мұның қай саласын да иiн қандырып терең зерттеудi, сөйтiп баянды етудi қажет етедi.

Н.Төреқұлов Хижаз, Нәжд және оған қосылған аймақтардағы (1932 жылға дейiн Сауд Арабиясы осылай аталған) Кеңес өкiметiнiң Дипломатиялық агентi және Бас Консулы ретiнде 1927 жылғы қазанның 3-i күнi Сенiм грамотасын табыс етедi. Дипломат Н.Төреқұловтың алдында: Кеңес-Хижаз келiсiмшартын әзiрлеу, Король Ибн-Саудты басқа Шығыс елдермен жақындастырып, ағылшындардың ықпалына қарсы топтастыру, Түркия мен Хижаздың арасында келiсiмшарт жасауға ықпал ету тәрiздi Мәскеу мүддесiн қорғау мiндеттерi тұрған едi. Бұл кез талантты дипломат Г.В.×ичерин басқарған Сыртқы iстер Халық комиссариатының әрекетiмен жас Кеңес дипломатиясының елеулi табыстарға жете бастаған шағы едi. Ауғанстан, Иран, Түркиямен келiсiмге қол қойылғаны да осы жиырмасыншы жылдар. Кеңес Одағының сыртқы саясатының ең басты бағыты да осы Шығыс саясаты болатын. Сондықтан да Н.Төреқұловтың Шығыс бағытына қызметке жiберiлуi тегiн емес едi.

Хижаз бен Англия арасының шиеленiсуi Кеңес-Хижаз келiсiмiне көп зиянын тигiзедi. Соншалықты қиындыққа қарамастан, Н.Төреқұловтың дипломатиялық шеберлiгiнiң арқасында, көптен күтiлген келсiм шартқа да қол қойылып, мұның өзi Арабия бағытындағы Кеңес дипломатиясына кең жол ашады.

Н.Төреқұловтың Хижазда қызмет iстеп жүрген өзге елдердiң саясаткерлерiмен, дипломаттарымен әңгiмесiнiң өзi ол кiсiнiң талантты дипломат болғандығын дәлелдейдi.

Н.Төреқұлов Шығыс, оның iшiнде араб проблемасын, арабтардың өмiрiн терең зерттейдi. Мiндеттi дипломатиялық кездесулерден тыс қала басшыларымен, бедеуи шейхтарымен, молдалармен, саудагерлермен, ғалымдармен, журналистермен тығыз қатынаста болады. Көшпелi бедеуилерге бүйрегiн бұрып жүредi. Соның арқасында дипломат орталыққа ауадай қажет аса құнды деректер мен хабарларды үздiксiз жiберiп тұрады. Кәнiгi дипломат ретiнде кең танылған Н.Төреқұлов сөйтiп 1930 жылдың 3-сәуiрiнде Сауд Арабиясының эмирi Фейсалға Кеңес Одағының Өкiлеттi министрi және Төтенше Елшiсi ретiнде Сенiм грамотасын тапсырады. Елшi болып тағайындалған Н.Төреқұлов бұл өңiрде өктемдiк жасап қалған Англияның ықпалын әлсiретуге кiрiседi. Түрiк Республикасы күнiнде күтпеген жерден бүкiл дипломатиялық корпустың атынан араб тiлiнде құттықтау сөз сөйледi. Мұның өзi Н.Төреқұловтың елшiлер арасында және Хижаз әмiршiлерiнiң алдында беделiн көтерiп, дуайен атануына бiрден-бiр себеп болады.

Елшi болып жүрген уақытта Н.Төреқұлов кеңес-хижаз арақатынасын тереңдетiп қана қоймай, Хижаз бен Түркияның және Иранның арасында ынтымақ орнауына да ықпал жасайды әрi исламды, философияны, құранды терең зерттеп үйренедi. Жаңа араб әдебиетiнiң классигi Әмин Рейханимен, белгiлi шығыстанушы И.Ю.Крачковскиймен достық қатынаста болады. Мұның өзi Н.Төреқұловтың iрi педагог, лингвист, шығыстанушы ғалым, мемлекет қайраткерi ретiнде қалыптасуына игi әсерiн тигiздi.

Н.Төреқұловтың Ресейдiң шеткi аймақтарында, Түркiстанда, оның iшiнде Қазақстанда бiлiмнiң дамуына қосқан үлесi де өте зор.

Ол мұғалiмдердiң Бүкiлодақтық I сúезiнде “µлт мәселесi және мектеп” деген тақырыпта баяндама жасап, оқытудың жай-жапсарын егжей-тегжейлi талдап, Кеңес елiнде ұлттық мектептердiң дамуына үлкен ықпал етедi.

Н.Төреқұлов мұғалiмдерге де үлкен қамқоршылық жасайды. Ташкентте қазақ ағарту институтының ашылуына мұрындық болады.

Н.Төреқұловтың мемлекеттiк тiл жайындағы ойлары бүгiн де мыңыздылығы мен құндылығын жойған жоқ. Түркiстан Республикасы Ағарту Комитетiнiң Кеңестердiң Х сúезiнде жасаған есептi баяндамасында да, соған байланысты қорытынды сөзiнде де ұлт тiлiнiң мерейiн көтерiп, мәртебесiн биiктетiп, мемлекеттiк тiл ету жөнiнде батыл талаптар қойып, ағынан жарыла сөйлейдi.

Н.Төреқұлов – Т.Рысқұлов сияқты қазақтан шыққан тұңғыш дипломаттардың бiрi. Iле-шала Сабыр Шәрiповтың Иранда iстегенiн, берiректе Мәлiк Фазыловтың Мали мен Мароккода Кеңес Одағының елшiсi болғанын жақсы бiлемiз.

Нәзiр 1928 жылы Арабияға дипломатиялық жұмысқа кетерде толтырған анкетасында “мамандығым – журналист” деп көрсеткен.

1918 жылғы наурыз айында 26 жасар Нәзiр өзiнiң журналистiк қызметiн Торғайда “Қазақ мұңы” газетiне редакторлық етуден бастаған.

1918 жылы коммунистiк партияға өтедi де, ревком хатшысы болады. Осы тұста Қоқан қалалық партия ұйымының үнi “Халық газетiн” (“Халқ сузи”) ұйымдастырады.

Ферғана облысында да ұлт мәселесiне байланысты бiрнеше мақалалар жазады.

1920 жылы мамыр-шiлде айларында “Ағарту және коммунистiк мәдениет” хабаршысына редакторлық етедi.

Ол сонымен қатар “Инхилаб”, “Коммунист” журналдарының алқа мүшесi болады. 1920 жылдан шыға бастаған “Жаңа өрiс”, аяғында “Ақ жол”, 1921 жылы “Жас алаш” газеттерiн шығаруды ұйымдастырады. 1922 жылы 6 айдай “Жас алаш” газетiнiң редакторы болады. Замандасы Ж.Арыстановтың айтуынша, мұнда “неше алуан саяси, ғылыми мақалалармен қатар, очерктер, памфлеттер, әдеби сын мен фельетондар, әртүрлi маңызды хабарлар оның дарынды қаламынан тынымсыз туып жатады”.

1922 жылы қыркүйек айында КСРО халықтары басылымдары Орталық басқармасының төрағасы болып тағайындалады. Ал желтоқсан айында жаңа түрiк алфавитi жөнiндегi комиссияның төрағасы болып сайланады.

1923 жылы “Темiрқазық” журналының редакторы болды. “Еңбекшi қазақ”, “Ақ жол”, “Тiлшi” газеттерiне үзбей жазып тұрды.

СIЛТЕМЕЛЕР

  1. Минасян Н.М. Правовые основы ленинской дипломатии. – Ростов: Изд-во Ростов. Унив-та, 1970. – 231 с.
  2. Ганюшкин Б.В. Дипломатическое право международных организации. – М., 1972.
  3. Блиùенко И.П. Дипломатическое право. – М., 1972.
  4. Вуд Дж., Серре Ж. Дипломатический церемониал и протокол. – М.: Прогресс, 1974. – 445 с.
  5. Ковалев Ан. Азбука дипломатии. – М.: Интерпракс, 1993. – 240 с.
  6. Молочков Ф.Ф. Дипломатический протокол и дипломатическая практика. – М., 1979.
  7. Бережков В.М. Страницы дипломатической истории. – М.: Меж. Отнош., 1982. – 504 с.
  8. История дипломатии. – М., 1959.
  9. Современная дипломатия буржуазных государств. – М., 1981.
  10. Есеналиев М. Записки дипломата. – Алматы: Атамұра, 1998. – 212 с.
  11. Тұрсынов С. Елдестiрмек елшiден. – Алматы: Атамұра, 1996. – 224 бет.
  12. Төреқұлов Н. Шығармалар. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 336 бет.
  13. Қазақ совет энциклопедиясы. 3-т. – Алматы, 1973. – 585-б.
  14. Артықбаев Ж. Елшiлiктер шежiресiнен // Қазақ тарихы. – 1997. – N1,6; 1998. – N
  15. Уәлиханов Е. Абылай және жоңғар шапқыншылығы // Қазақ тарихы. – 1994. – N – 31-б.
  16. Мясников В.С. Империя Цин и Русское государство в ХVII веке. – М., 1980. – С.15.
  17. Архив внешней политики России, фонд Зюнгорские дела. Оп.113/1. 1758 Д.4. Л.33 об.
  18. Алдабекова Н. Цин империясының қазақтар жөнiндегi сыртқы саясаты // Қазақ тарихы. – 1997. – N – 15-б.
  19. Гаузүң патшаның орда естелiгi. 548-т., 9-10-бб.; Жинақ 4-т., 1621-б.
  20. Төлеев М. Қазақстан — Қытай: қарым-қатынастарының жаңа кезеңi // Ақиқат. – 1995. – N – 25-б.
  21. Пиз А. Язык телодвижений. Как читать мысли других по их жестам. – Нижний Новгород, 1992. – С.13.
  22. Zunin L., Zunin N. Contract: The First Four Minutes. – N.Y., 1972.
  23. Ury W. Getting Past No: Negotiating with Difficult People. – L., 1991. – p.46.
  24. Lewis D. The Secret Language of Success: How to Read and Use Body-Talk. – L., 1990.
  25. Есенәлиев М. Республика дипломатиясындағы iрi тұлға // Егемен Қазақстан. – 1998. – 21 қаңтар.