Журналист психологиясы және дипломатиядағы ым тiлi (жест)

Ым (жест), бет құбылысы, интонация – дипломатиялық басқосуда ерекше рөл атқарады. Вербальды құралдан (сөз) гөрi вербальды емес (ым) мұндай қарым-қатынас көп жағдайда дипломатиялық келiссөз үстiнде айрықша жәрдем берiп отырады. Кейде мынадай жағдай болады: сөйлеушi қаншалықты өз ойын жеткiзуге тырысқанымен, бет жүзi өзгермей, ешқандай әсер тастай алмайды. Мұндайда әлдененi бүлдiрiп алмау үшiн ыммен сөйлескен анағұрлым тиiмдi. Австралиялық ғалым А.Пиздiң пайымдауынша, сөз арқылы ақпардың тек 7 пайызын ғана жеткiзуге болады екен. Қалған 38 пайызы интонация арқылы, 55 пайызы ым арқылы жетедi /21/.

Ол мынадай бiр оқиғаны мысалға алады. Әлдебiр келiссөз үстiнде бiр фотограф басқосу барысын жиi-жиi суретке түсiре берiптi. Екi жақтың ортақ келiсiмге келуi мүмкiн емес деп жорамалдаған ел ойда-жоқта шешiмнiң тез табыла қойғанына таң қалыпты. Кейiн мұның сыры суреттер шыққан соң белгiлi болыпты. Онда келiссөз иелерiнiң бет пiшiндерiнiң айрықша рөл атқарғаны көрiнiп тұрған екен. Демек, сөз арқылы ғана емес, бет қимылдары арқылы да мәселе түйiнiн табуға мүмкiндiк бар көрiнедi.

Қазiр әлемнiң iрi университеттерiнде вербальды емес құралдарды оқытатын арнайы пәндер бар.

Ым мен бет қимылын ережелейтiн әлдебiр қатып қалған қағида жоқ. Ол келiссөз барысына қарай әрқалай құбыла бередi. Сондықтан ол жөнiнде нақты бiр тұжырымға келу күнi бүгiнге дейiн қиындықтар келтiруде.

Соған қарамастан, бiз журналистерге қажет-ау деген ең негiзгi элементтерiне тоқталып көрейiк. Әсiресе, бұл сұхбат алу барысында аса қажет элементтер болып табылады.

Вербальды емес компонент таныстықтың алғашқы сәтiнде-ақ рөл ойнайды. Бiр сөз айтқызбай-ақ қарсыласының қасиетiн танып алатын адамдар бар. ±алымдар алғашқы минөттердi дұрыс пайдаланған жөн деген пiкiрде. Келiсiм тағдырын сол санаулы минөттер шешiп кетуi әбден мүмкiн екен. Американ зерттеушiлерi Л. және Н.Зуниндер кездесудiң алғашқы 4 минөтi маңызды дегендi айтады /22/. 2 минөт те жетедi дейтiн зерттеушiлер бар.

Бұл сәтте не маңызды екен, соған келейiк:

  1. Ең алдымен, кездесуге ықыласты екенiңдi бет қабағыңнан танытуың керек. Мұндағы әрбiр тұрысың, көзқарасың, бет пiшiнiң маңызды рөл атқарады. Мысалы, қара көзiлдiрiк тағып алып, мiз бақпай отырған адамды елестетiп көрiңiз. Мына жайлардан қашқан жөн: қабақ түю, алға итiнiп отыру, стол үстiнде жұдырықтарды түйiп отыру, саусақтарды қайшылап отыру, күнқағар қара көзiлдiрiк тағу, т.б.
  2. Өзiңдi әрiптесiңнен жоғары қоймау. Мысалы, ол орындық ұшында, ал өзiң мамық креслода отырсаң, қалай болады? “Егер әңгiме үстiнде сұхбаттасың иегiне сүйенiп отырса, сен де солай ет, – дейдi зерттеушi У.Юри. – Бұл “мен де сен сияқтымын” дегенiңдi бiлдiредi” /23/.

Ресми қабылдауға қатысушыларды отырғызғанда да психологиялық аспектiлердi ескерген жөн. Әдетте жұмыс кабинеттерiнде стол “Т” сипатта қойылады. Неғұрлым басшының қызметi жоғарылаған сайын, соғұрлым “Т”-ның құйрығы да ұзара бередi. Жылы шырайлы басқосу үстiнде басшының әрiптесiне өз орнын ұсынуы да әңгiме ауанын көп өзгертедi.

“Дөңгелек үстел” өзара әңгiменi жеңiлдете түссе, журнал үстелiнiң басындағы сұхбат тiптi жақындастырып жiбередi. Бiздiң қазақы психологиямыз үшiн дастархан басындағы әңгiменiң маңызы зор.

Мұнымен қатар, ымның ақпараттық қызметi де бар. . Мәселен, сәл еңкейiп, үстелге сүйену – тұруға ыңғайлануды бiлдiредi. Ал шекеге саусақты таяп отыру – ықыласпен тыңдаудың белгiсi.

Зерттеушi Дэвид Левис ымның 4 түрiн айрықша бөлiп көрсетедi /24/:

  1. Ым-символ. “ОК” немесе саусақпен “О”-ны көрсету Америкада “Бәрi жақсы” дегендi бiлдiредi. Ал Жапонияда бұл ақшаның белгiсi. Басбармақты тiстелеу – ақшаның тауысылғандығын айғақтайды. Екi саусақты шекеге тiреу – өзiн-өзi өлтiрудiң әрекетi. Бiр ым-символдың әр елде әртүрлi мағыналары бар. Жоғары көтерiлген басбармақ – бiзде “бәрi тамаша”, Грецияда “үнiңдi өшiр”, Америкада көлiк тоқтату белгiсi. Жалпы АҚШ-та ым-символдардың 100-ге тарта, Израильда – 250-ге жуық түрi бар екен. Сонымен қатар Араб әлемiнде де ым тiлi жақсы дамыған.
  2. Ым-бейне (айтылған жайға түсiнiктеме беру). Бұл адамның көңiл-күйiне байланысты қол сiлтеп сөйлеу, әңгiме үстiнде ебедейсiз қимылдап кету сияқты әрекеттермен көрiнiс табады.
  3. Ым-реттеу. Бұл көбiне әңгiменiң басы мен аяғында рөл ойнайды. Бiз кездескенде де, қоштасқанда да қол қысамыз. Немiс философы И.Кант қолды “мидың көзге көрiнiп тұрған бөлшегiне” теңейдi. Қол қысу – сәлемдесудiң немесе қоштасудың ғана белгiсi емес, сенiм бiлдiрудiң, құрмет көрсетудiң айғағы. Құрғақ алақан – енжарлықтың, ылғал алақан – мазасыздықтың белгiсi. Қолды сiлкiлеп, ұзақ қысып тұру да асқан құрметтi байқатады. Мұнымен қатар, төмен иiлген қол – биiктiктi, екi қолмен қаусыра қысу (“қолғапты амандасу”) – иiлгендiктi айғақтайды. Алғашқы кездесуде амндасудың мұндай түрлерiнен қашқан жөн. Сонымен қатар, қол алып тұрып, бас шұлғи беру – асығыстықты, басты жай изеу – тыңдауға құлықтылықты, саусақ шошайту – әңгiменi үзгiсi, басқа тақырыпқа ауысқысы келгендiгiн, бiлдiредi.
  4. Ым-сезiм. Адамның көңiл-күйiне байланысты туатын ерiксiз қылықтар. Сырт қараған адамға ол оғаш көрiнiп те жатады.

Әр елде ымдасудың әрқалай арақашықтығы қалыптасқан. А.Пиз оның 4 түрiн бөлiп қарастырады: интимдi, екеуара, әлеуметтiк, ресми /21, 73-б./. Осында интимдi және екеуара арақашықтар, әлеуметтiк пен ресми арақашықтар практика барысында бiр-бiрiне жақын келедi.

Американдықтар ымдасудағы ең жақын арақашықтық деп 15 см мен 1 м 20см аралығын, ең алыс арақашықтық деп 1 м 20 см мен 3 м аралығын атайды. Бұл әрiптесiңнiң жынысына, қызметiне, шыққан тегiне байланысты да құбылып тұрады.

Орыстар мен жапондар американдықтарға қарағанда жақын тұрып ымдасқанды тәуiр көредi. А.Пиз американ мен жапонның келiссөз үзiлiсi кезiнде екеуара сөйлесе тұрып, залды бiр айналып шыққанын айтады. Оның пайымдауынша, әр ұлттың ымдасу арақашықтығы төмендегiдей екен:

жақын – араб, жапон, француз, грек, испан, негр, итальян, Оңтүстiк Америка тұрғындары;

орташа – ағылшын, швед, швейцария тұрғындары, немiс, австриялық;

алыс – Солтүстiк Американың ақ нәсiлдiлерi, Австралия тұрғындары, жаңазеландиялық.

Кездесе тұрып жымиюдың да өзiндiк салмағы бар. Бiреу достық рәуiште, ендi бiреу келеке етiп жымияды. Шын пейiлмен жымиюда үстiңгi тiс көрiнедi деп есептейдi зерттеушiлер. Астыңғы-үстiңгi тiстердiң тұтастай көрiнуi – нағыз достықтың белгiсi.

Адамның көзқарасы да көп нәрсенi аңғартады. Мейiрiмдi, өткiр, ашулы, қуанышты көзқарастар бар. Әрiптесiңнен бұрын көз алып кету – жасқаншақтықты, бiр нүктеге қадалып қалу – тыңдауға құлықсыздықты, көз ала беру – жақтырмағандықты, асығыстықты бiлдiредi. Алғаш кездескенде немесе қоштасар сәтте көз айырмай қарап қалу – құрметтi сездiредi.