Тіл дыбыстарының өзара қарым-қатынасы. фонема ұғымы.

1.Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері.

2.Ассимляция және диссимляция

3.Дыбыс үндестігі

4.Дыбыс және фонема.

5.Фонемалар жүйесі жайлы ұғым.

6.Орфоэпия жайлы ұғым.

: 1. тіл дыбыстарының өзара қарым-қатынасы, фонетикалық процестер (сөйлеу ағынындағы дыбыстардың өзгеруі), комбинаторлық өзгерістер туралы мәлімет беру.

2.фонема туралы ұғым және оның дифференциалды, интегралды белгілері туралы мәлімет беру.

1.Тіл дыбыстары , әдетте жеке-дара күйінде айтылмай , сөз ішінде немесе сөздердің аралығында бір-бірімен тіркесіп , өз ара тізбектелген түрде қолданылады. Сөздердің құрамындағы немесе сөздердің аралығындағы дыбыстар біріне-бірі ықпал етіп , бірімен-бірі өз ара үндесіп айтылады. Сөз құрамында дауысты дыбыстардың бір-бірімен өз ара үндесіп айтылатыны сияқты , дауыссыз дыбыстар да бір-біріне әсер етіп өз ара үндесіп айтылады. Дыбыстардың өзгеріп үндесуі олардың айтылуда бір-біріне артикуляциялық жақтан әсер етуінің нәтижесінде іске асады.

Түркі тілдерінде дауыстылардың үндесуі сөз ішінде жуан дауысты дыбысы бар буыннан кейін , соған сәйкес жуан дауыстының келуі (тау-лар, тоғай-лар), жіңішке дауысты дыбысы бар буыннан кейін соған орай жіңішке дауыстының келуі (көл-дер, өзен-дер)түрінде болады. Ал түбір сөздің соңындағы қатаң дауыссыздан кейін қосымшаның да қатаң дауыссыз басталуы немесе ұяң дауыссыздан кейін қосымшаның да ұяң дауыссыздан басталуы(қаз-ға, қаз-дар) дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп , өз ара үндесуі болып саналады.

2.Дауыстылардың бір-бірімен өз ара үндесуі сингармонизм деп аталады да , дауыссыздардың бір-біріне ықпал етіп өз ара үндесуі ассимляция деп аталады. Лингвистикалық кейбір әдебинттнрде сингармонизм де ассимляцияның бір түрі ретінде қарастырылады. Дауыстылардың бір-біріне әсер етіп , өз ара үндесіп айтылуы да олардың артикуляциясына байланысты екені ескергенде, сингармонизмді ассимляцияның бір түрі ретінде қараудың ешбір оғаштығы жоқ екені рас. Бірақ басқа тілдердегідей емес , түркі тілдерінде сингармонизм құбылысы айрықша орын алады. Бұл құбылыс түркі тілдерінде өте-мөте кең тараған . Осымен байланысты , дыбыстардың өзгеруі , олардың бір-бірімен үндесу мәселерін түркі тілдеріне қатысты сөз еткенде , сингармонизм құбылысына дауыссыздардың үндесу заңдылығымен барабар арнайы тоқталған мақұл.

Сөз құрамында немесе сөздердің аралығында көршілес келген дыбыстардың бірі екіншісіне ықпал етіп , өз ара үндесуі ассимляция деп аталады.

Ассимляцияның нәтижесінде бір дыбыс екінші дыбысты толық бағындыруы да, жартылай бағындыруы да мүмкін . Осыдан келіп , ассимляция толық ассимляция және жартылай ассимляция деп аталатын екі түрге бөлінеді.

Егер тетелес келген екі дыбыстың бірі екіншісін дәл өзіндей етіп , бағындырса , ассимляцияның мұндай түрі толық ассимляция деп аталады. Мысалы, сүзсе деген сөз сөйлеу процесінде сүссе түрінде , басшы деген сөз башшы түрінде айтылады. Бұл сөздердің құрамындағы көршілес дыбыстардың соңғысы (с,ш) өзінің алдыңғы дыбысты (з,с) толық игеріп тұр . Толық ассимляцияның нәтижесінде бір дыбыс екінші дыбысты барлық жағынан – артикуляциялық орны , артикуляциялық жолы, дауыс қатысы жағынан да – түгелдей икемдеп , онымен дәл өзіндей үндеседі.

3.Егер тетелес келген екі дыбыстың бірі екіншісін дәл өзіндей етіп өзгертпей , бір жақты , жартылай ғана икемдесе , онда ассимляцияның мұндай түрі жартылай ассимляция деп аталады. Мысалы , күз-дік , жас-тық деген сөздердегі қосымшалардың бірінде ұяңнан, екіншісінде қатаңнан басталып жалғануы сол түбір сөздердің біреуінің соңғы дыбысы ұяң , екіншісінің соңғы дыбысы қатаң болуына қарай икемделіп үндесуінен . Бұл мысалдардағы көршілес келген дауыссыздардың бірі екіншісін өзіне бір жақты ғана –тек дауыс қатысы жағынан ғана — икемдеп тұр. Ассимляцияның мұндай түрінің жартылай деп аталауы да осыдан.

Диссимляция бір тектес дыбыстардың арасында болады. Біркелкі дыбыстардың немесе өз ара ұқсас дыбыстардың әр басқа дыбыстар немесе сәл ғана ұқсас дыбыстар болып өзгеруі диссимляция деп аталады.

Нәтижесіне қарағанда , диссимляция – ассимляцияға қарама-қарсы құбылыс . Ассимляция құбылысы бойынша әр басқа дыбыстар біркелкі немесе өз ара ұқсас дыбыстар болып үндессе, диссимляция ққұбылысы бойынша біркелкі немесе өз ара өте жақын , ұқсас дыбыстар әр басқа немесе өзара ұқсастығы аз дыбыстар болып өзгереді. Мысалы, феврарь (латынша februarius) сөзінің февраль болып өзгеріп қалыптасуы – осы аталған диссимляция құбылысының нәтижесі. Орыс тіліндегі верблюд сөзі – велблюд сөзінің өзгерген түрі

4.Тілдегі сөздер бір-бінен мағыналары мен дыбысталуы жағынан ажыратылады. Мысалы, қазақ тіліндегі тас пен тес, тоз бен тез деген сөздердің әр басқа сөздер екендігін олардың мағынасы мен дыбысталуының әр басқа болуына қарап ажыратылады. Мағына мен дыбысталудың әр басқа болуы сөздердің формаларын да, морфемаларды да ажыратады. Мысалы, біл деген сөздің біле, біліп, білсе және тағы басқа формаларының әр басқа формалар екендігі олардың мағыналары мен дыбысталуындағы айырмашылықтар арқылы белгілі бола алады. Бұл мысалдардан тіл дыбыстарының сөз құрамында келіп, бір-бірінен сөздерді ғана емес сонымен бірге , сөздің формаларын және иорфемаларды ажрататындығын көреміз.

Тіл білімінде дыбыстардың осы қызметіне орай фонема деген ұғым пайда болды. Фонема – сөздер мен олардың дыбыстық формаларын ажырататын , ары қарай бөлшектеуге келмейтін дыбыстық единица.

Тіл білімінде фонема туралы ұғымның сыр-сипатын ашып айқындау фонетиканың тарихында жаңа үлкен белес болды және оның мазмұнына тіл дыбыстарын лингвистикалық аспектіде қарастыратын ілім – фонологияны енгізіп, фонетиканың шеңберін кеңейте түсті. Енді, сол фонемалардың табиғатын ашып айқындау мәселеріне келейік.

5.Фонема дегеніміз де – тіл дыбыстары , бірақ ол тіл дыбысы болғанда , сөздердің жігін ажырататын дыбыс . Фонема тіл дыбыстарынан бөлек тұрмайды , қайта , олармен тығыз байланыста болады. Фонема да – тілдің материалдық единицасы. Фонемаларды зерттейтін фонология мен тіл дыбыстарын зерттейтін фонетика екеуі екі түрлі пен емес , тіл туралы ғылымның бір түтін саласының екі түрлі жағы . Сонымен , фонема деген ұғым сөз мағынасын , сөздің жігін және морфемаларды ажырататын дыбыстар деген ұғымен байланыстырылады.

Фонема дегеннің ұғымы мен тіл дыбыстары дегеннің ұғымы әр уақытта бірі-бірімен сәйкес келе бермейді. Фонема бір дыбыстан ғана емес, сонымен бірге екі дыбыстан да құралуы мүмкін. Керісінше , кейде екі фонема бір дыбыс түрінде айтылады.Мысалы, орыс тіліндегі детский деген сөзде т мен с фонемасы бір ғана ц дыбысы түрінде айтылады.

Фонемалардың саралап ажыратушы қызметі тілдің өзінің табиғатынан, оның бүтіндей жүйесйнен келіп туады.Тілдегі дыбыстардың бір-бірінен ажыратылуы қаншалықты қажет болса, морфемалардың да жігі ашылып ажыратылуы, сондай-ақ сөзтіркестерінің де шегі айқындалып өз ара ажыратылуы, — тілдің табиғатына тән және қажетті нәрсе. Фонемаларды саралап ажыратушы қызметі бүтіндей тілдің жүйесінен, оның атқаратын қызметінен келіп туады дейтініміз де осыдан.

6.Әрбір халықтың әдеби тілінде айтылудың жалпыға бірдей ортақ және қалыптасқан біріңғай нормалары болады. Солар жайындағы ережелердің жиынтығы орфоэпия деп аталады. Әрбір әдеби тілдің орфоэпиясы дыбыстар мен дыбыс тіркестерінің дұрыс айтылу ережелерін ғана емес , сонымен бірге сөздер мен фразалардың да дұрыс айтылу ережелерін қамтиды.

Сөз құрамындағы дыбыстар немесе сөздердің аралығындағы дыбыстар бір-бірімен өз ара үндесіп, үйлесе айтылады. Сөйлеуде олардың үндестігін сақтап, нақышына келтіре айту үшін тілдің дыбыстық жүйесінің табиғатын, дыбыстардың бір-біріне әсер ету заңдылықтарын жете білу қажет.

Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы бойынша сөздердің аралығында қатар келген екі дауысты дыбыстың алдыңғысы сөйлеуде түсіріліп айтылады. Мысалы, торы ала ат, бара алмады, келе алмады, бала ісі, бері отыр деген тізбектер торалат, балмады, келалмады, балісі, беротыр түрінде айтылады.

Әдеби тілдің орфоэпиялық нормаларын қалыптастыруда мектеп , радио, телевидение, театр және киноның атқаратын ролі айрықша күшті.

Әрбір сауатты адам үшін жазудың ережелерін меңгеріп, дұрыс жаза білу қаншалық қажетті және міндетті болса, айтылудың ережелерін меңгере білу сөйлеуде үндестікті сақтап айту, жалпыға ортақ қалыптасқан қағидалардан ауытқымау да соншалықты қажет және міндетті болып саналады.

  1. Дыбыстардың комбинаторлық өзгерістері.

2.Ассимляция және диссимляция

3.Дыбыс үндестігі

4.Дыбыс және фонема.

5.Фонемалар жүйесі жайлы ұғым.

6.Орфоэпия жайлы ұғым.