Кіріспе. тіл білімі және оның зерттеу нысанасы. тілдің табиғаты мен қоғамдық қызметі, тіл мен ойлау

Жоспар:

1.Тіл білімінің басқа ғылыммен байланысы

2.Тіл білімінің басқа ғылымдар арасында алатын орны.

3.Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы.

4.Тіл білімінің теориялық және практикалық мәні.Тілдің табиғаты.

5.Қоғамдық қызметі.

6.Тіл мен ойлау.

Мақсаты:

1.тілдің шығуы мен оның ішкі құрылымы мәселелері бойынша базалық білім беру 2.тілдің қоғамдық мәні мен оның негізгі қызметтерімен таныстыру.

“Тіл білімінің негіздері”- университеттер мен пединституттардың филология факультеттерінде өтілетін теориялық пән .Пәннің мақсаты мен міндетіне орай, бұл оқулықта тіл білімінің негізгі ұғымдары мен терминдері қарастырылып, оның басты –басты теорияларық мәселері бандалады.

Басқа да ғылым салаларындағы сияқты, тіл білімінде әлі де толық шешімін таппаған кейбір мәселелер және олар жайында әр түрлі пікірлер мен байымдаулар бар. Болашақ филолог — мамандардың ондай мәселелерден де хабардар болғаны жөн. Осыны ескере келгенде, әр түрлі пікір таласын тудырған, әлі де болса үңіле түсуді қажет ететін кейбір мәселерді атай отырып, оларды зерттей түсудің маңыздылығына назар аударуды мақұл көрдік.

Тіл- әрбір адамның өмір бойы қолданатын ең маңызды құралы.

Ғылым атаулы, әдетте, екі топқа бөлінеді: оның бірі-жаратылыс тану ғылымдары, екіншісі-қоғамдық ғылымдар. Ғылым атаулының бұлайша екі үлкен топқа бөлінуі, сайып келгенде, олардың нені зерттейтіндігімен байланысты. Шындық болмыстағы құбылыстардың бір тобы материалдық құбылыстар, жаратылыс құбылыстары болса, екінші тобы – қоғамдық құбылыстар. Материалдық құбылыстарды, жаратылыс құбылыстарын жаратылыс тану ғылымдары (физика,химия,биология,математика және осылардан бөлініп шыққан басқа ғылымдар) зерттесе, адам баласы қоғамындағы құбылыстарды (яғни қоғамдық құбылыстарды) қоғамдық ғылымдар (тарих, философия, саяси экономия, заң ғылымдары және т.б.) зертейді.

Тіл білімі ғылымдардың осы аталған екі тобының қайсысына жатады? Бұл мәселе ғылым тарихында түрліше қаралып, осыған орай, түрліше шешіліп келеді. Мысалы, XIX ғасырда кейбір ғалымдар тілді жаратылыс құбылыстарының қатарына жатқызды да, осыған орай, тілді зерттейтін тіл білімін де жаратылыс тану ғылымындарының қатарына қосты. Неміс лингвисі Август Шлейхер (1821-1868) дәл осындай пікірде болып, тілді тірі организм сияқты құбылыс деп есептеді.Оның пікірінше, тіл де тірі организмше туады, өседі, қартайып тозады, өледі. Август Шлейхер тілді биологиялық құбылыстардың қатарына жатқыза келіп, оны (тілді) зерттейтін тіл білімін де жаратылыс тану ғылымдарының қатарына қосты. Алайда, Август Шлейхердің бұл тұжырымы мүлдем қате. Бұлай дейтініміз: тіл мен тірі организмнің арасында түбірлі айырмашылықтар бар. Тірі организмнің өлуі биологиялық тұрғыдан болмай қойылмайтын шарасыздық. Ал тіл қандай бір тірі организмнен болсын анағұрлым ұзақ өмір сүреді. Тіл өз дамуының ішкі заңдары бойынша дамып отырады, бірақ оның тірі организм сияқты өлуі шарт емес.Тірі организм биологиялық құбылыстардың қатарына жатса, тіл қоғамдық құбылыстардың қатарына жатады. Демек, Август Шлейхердің тілді тірі организм деп, табиғат құбылыстарының қатарына жатқызуы қаншалықты қате болса, тіл білімін қоғамдық ғылымдардың емес, жаратылыс тану ғылымдарының қатарына қосуы соншалықты қате. Тіл – қоғамдық құбылыс, сондықтан оны зерттейтін ғылым – тіл білімі де қоғамдық ғылымдардың қатарынан орын алады.

2.Тіл білімінің ғылымдар жүйесінде алатын орнын және оның басқа ғылымдармен байланысын жете түсіну үшін, қазіргі замандағы ғылымның сипаты туралы мәселеден хабардар болу өте-мөте қажет.Қазіргі заманда бір жағынан, ғылымның бұрын болмаған жаңа салалары жасалып, ғылымда диференциация процесі жүріп жатса, екінші жағынан, екі немесе бірнеше ғылымның өз ара түйіскен жерінен сол ғылымдардың бәріне ортақ, бәріне бірдей қатысты проблемаларды бірлесе зертейтін дербес ғылыми дисциплиналар жасалып, ғылымда интеграция процесі жүріп жатыр.

Ғылым атаулының осылайша даму барысында тіл білімі де басқа көптеген ғылымдармен байланысқа түсіп, солармен қанатаса дамып келеді. Ол, ең алдымен, қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты. Бұлай болатыны мынадан: тіл білімі тілді қоғамның тууымен бірге туып, қоғамның дамуымен бірге дамитын қоғамдық құбылыс ретінде, қоғам мүшелерінің пікір алысу, қатынас жасау құралы ретінде қарастырады.Тіл білімі тілдің шығу тегін, жасалуын және дамуын зерттегенде, тарих ғылымының деректерінде пайдаланатыны сияқты, тарих ғылымы халық тарихын, қоғам тарихын зерттеу барысында тіл білімінің деректері мен жетістіктерін де пайдаланады. Сондай-ақ , тіл білімі археологиямен де, этнографиямен де байланыста болады. Бұл байланыс мынадан: тіл талай заманның жемісі, қазіргі тілдің элементтері өте ерте заманда жасалған. Ал археология болса, ол халықтардың ежелгі көне мәдениетін зертейді,этнография халықтардың ерте кездегі тұрмысы мен әдет ғұрпын зертейді.Осыған орай, археология мен этнографияның деректері тіл тарихына қатысты мәселелерді зертеуде, айқындауда өте құнды материал ретінде қызмет ете алады.Тіл білімінің бір саласы — этнолингвистика тілді сол тілдің иесі- халықтың мәдениетімен байланысында зерттейді.Тіл білімінің археология мен этнографиямен байланысы бір жақты байланыс емес, екі жақты байланыс. Бұлай дейтініміз: археологиялық және этнографиялық деректер лингвистика үшін қаншалықты пайдалы болса, лингвистикалық деректер археология этнография үшін соншалықты пайдалы болмақ.

3.Тіл білімі қоғамдық ғылымдармен қатар жаратылыс тану ғылымдарымен де тығыз байланысты. Тілдің дыбыстық жағын тіл білімінің фонетика саласы , физиканың акустика саласы қарастырады. Сөйлеу процесі дыбыстарды айту және тіл дыбыстарын қабылдаумен тікелей байланысты.Ал бұл процесті дыбыстардың артикуляциясы ( сөйлеу мүшелері арқылы тіл дыбыстарының жасалуы) жағынан және сөйлеуді есту мүшесі арқылы қабылдау жағынан физиология зертейді.Тілдің күрмелу себебін медицина мамандары атап айтқанда, психиаторлар, дефектологтар, логопедтер зертейді. Мұның үстіне, элоктронды машинамен аударма жасаудың, инфармация теориясының және кибернетиканың бірсыпыра мәселелерінің тікелей тіл біліміне қатысты болуы лингвистика мен математика ғылымдарының байланысын тудырып отыр.

Бұл айтылғандар тіл білімінің дербес ғылым бола отырып, әр түрлі қоғамдық ғылымдармен де, жаратылыс тану ғылымдарымен де қарым-қатынаста, өз ара байланыста болатынын және жалпы білімдік үлкен мәні бар екендігін көрсетеді

Тіл білімі немесе лингвистика – тіл және оның даму заңдары туралы ғылым. Тіл-қоғамдғы адамдардың өз ара пікір алысу , бір-бірімен қарым-қатынас жасау. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикакалық құрылысы болады.Тілдің осы аталған әр түрлі жақтары тіл білімінің тиісті салаларында, мысалы, тілдің дыбыс жүйесі тіл білімінің фонетика саласында қарастырылса, сөздік құрамы лексикология саласында, грамматикалық құрылысы грамматика саласында қарастырылады.Тіл білімінің осы аталған салаларының әрқайсысы өз ішінде бірнеше салаға немесе бөлімге, мысалы, фонетика саласы сипаттама фонетика, салыстырмалы –тарихи фонетика, экстриментальды фонетика және т.б. болып бөлінеді.Мұндай ішкі салалар немесе тармақтар жайында мағлұмат осы кітаптың әр тарауының тұс-тұсында беріледі.

Бүтіндей тіл және оның әр түрлі салалары даму, біртіндеп жетілу күйінде болады. Тілдің әртүрлі салаларының даму сипаты мен қарқыны түрліше болуы мүмкін. Бүтіндей тіл және оның әр түрлі салалары тілдің ішкі даму заңдары бойынша дамиды. Тіл білімі (немесе лингвистика) тілдің әр түрлі жақтары мен салаларын, олардың дамуын, өз ара байланысын, тіл дамуының ішкі заңдарын зерттейді. Тілдің әр түрлі жақтары (дыбыс жүйесі мен сөздік құрамы және грамматикалыққұрылысы) бір-бірімен өз ара тығыз байланысты болатыны сияқты, тіл білімінің оларды (тілдің әр түрлі жақтары) зертейтін салаларыда (фонетика мен лексикология және грамматика) бір-бірімен өз ара тығыз байланыста болады.

Тілді белгілі бір дәуірде өмір сүріп тұрған қалпы тұрғысынан қарастырып, сипаттама беретін тіл білімі бар да, тілді шығуы мен тарих бойында дамуы тұрғысынан зерттейтін тіл білімі бар. Алдыңғысы сипаттама тіл білімі немесе синхрониялық лингвистика, соңғысы тарихи тіл білімі немесе диахрониялық лингвистика деп аталады.

Белгілі бір тілді, оның жүйесі мен құрылымын ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіру және оның даму заңдарын ашып айқындау үшін , ол тілді және ондағы фонетикалық, лекси калық, грамматикалық құбылыстарды біріншіден, шығуы мен дамуы тұрғысынан, екіншіден, ол құбылыстарды туыстас тілдердегі біртектес құбылыстармен салыстыру тұрғысынан зерттну қажет. Ф. Энгельс тілді тарихи тұрғыдан зертеудің және оны туыстас тілдермен салыстыру тұрғысынан қарастырудың маңызы туралы былай деп жазды: “…Ана тілінің материясы мен формасы” түсінікті болғанда , оның пайда болуы мен бірте-бірте дамуы зерттеліп отырғанда ғана түсінікті болады, ал егер, біріншіден, ана тілінің өзінің өшкен формаларын және, екіншіден, түбірлес тірі және өлі тілдерді назарсыз қалдыратын болсақ , әлгілердің түсінікті болуы мүмкін емес . Демек, тілді, ондағы әр түрлі құбылыстарды шығу мен дамуы тұрғысынан және ол құбылыстарды туыстас тілдардегі ұқсас немесе біртектес құбылыстармен салыстыру тұұрғысынан қарастыру тілдің шынайы табиғатын , оның даму заңдарын ашып айқындаудың басты шарты болып саналады.

Толық мағынасындағы ғылым ретінде тіл білімінің өзі тілдерді тарихи және салыстыру тұрғысынан зерттеудің негізінде, дәлірек айтқанда, тілдерді зерттеуде салыстырмалы-тарихи методты қолданудың нәтижесінде , салыстырмалы-тарихи грамматиканың негізінде XIX ғасырдың басында жасалды. Бұған дейін де, әрине, тіл білімі болған. Бірақ XIX ғасырға дейінгі тіл білімінде тілдің және ондағы сан алуан құбылыстардың шығуы , дамуы және олардың себептері айқындалмай, тек сипаттама берумен шектеліп келді. Бір сөзбен айтқанда, XIX ғасырға дейінгі тіл білімі тілдегі құбылыстарды ғылыми талдау тұрғысынан түсіндіру дәрежесіне көтеріле алмай , оларға сипаттама берумен ғана шектелді.

Ал ХІХ ғасырда ғылым атаулыда , әсіресе қоғамдық ғылымдар садасында , соның ішінде тіл білімінде әр түрлі құбылыстардың өзгеруі, тарихи дамуы тұрғысынан қарастыратын көзқарас пайда болып, ғылыми зерттеулерде историзм принципі қолданыла бастады. Осы дәуірдегі ғылым туралы Гегельдің ғылымға сіңірген еңбегі жайында Ф.Энгельс “Анти-Дюринг” деген кітабында былай деп жазды: “…Ол тұңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани дүниені процесс түріндегі нәрсе , яғни үнемі қозғалуда, өзгеруде, қайта құрылуда және дамуда деп таныды, сөйтіп осы қозғалу мен дамудың ішкі байланысын ашуға тырысты”. Тілдердің өзгеру және даму заңдары ашылып айқындалды. Осының нәтижесінде тіл білімі ғылым ретінде жасалып қалыптасты.

Жеке бір тілдің жүйесі мен құрылысын және оның даму заңдарын зерттеп айқындайтын жеке тіл білімі бар да (мысалы: қазақ тіл білімі, ағылшын тіл білімі және т.б ), ғылым ретіндегі тіл білімінің теориясы болып саналатын жалпы тіл білімі бар. Жалпы тіл білімі – нақты бір тіл туралы немесе оның дамуының заңдары туралы емес, қатынас құралы ретінде қаралатын адам баласы тілінің дамуының жалпы заңдары туралы ғылым. Демек, жалпы тіл білімі мен жалқы тіл білімі бір емес. Алайда, бұл екеуінің арасында өз арасында қарым-қатынас әрқашан сақталады. Тіл білімінің жалпы теориялық саласы болып саналатын жалпы тіл білімі, әдетте бір ғана тілдің емес, көптеген тілдердің деректерін есепке алады, олардың ғылыми тұрғыдан зерттеудің нәтижелерін сүйеніш етеді және осылардың бәрін жинақтай келіп, жалпы териялық топшылаулар мен қорытындылар жасайды. Зерттелген тілдер мен олар жайындағы деректер неғұрлым көп болса, жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулар мен қорытындылар жасауға мүмкіндіктер де соғұрлым мол болады. Жалпы тіл білімі дамуының қазіргі кезеңінде мұндай мүмкіндіктер, бұрынғы дәуірлердің қай-қайсынан болсын анағұрлым мол. Қазіргі замандағы ғылымның барлық салалары сияқты тіл білімі дежан-жақты дамып отыр.

4.Өмірде алуан құбылыстар бар. Олар табиғат құбылыстары және қоғамдық құбылыстар болып екі топқа бөлінеді.Тіл қоғамдық құбылыстардың қатарынан орын алады.Ол –қыр-сыры мол, күрделі құбылыс.Тілдің табиғатын (мәнін) танып білу үшін оның ең басты қасиетін айқындап алудың маңызы айрықша . Тілдің табиғатын айқындайтын ең басты қасиеті делініп, оның қатынас құралы болу қызметі аталады. В.И.Ленин “Тіл – адам қатынасының аса маңызды құралы” – дейді. Тілдің қызметін түсінуде бұл анықтаманың маңызы үлкен. Тіл – адам баласы қоғамында қатынас құралы, сөйлесіп, пікір алысудың құралы ретінде пайда болды. Тарихта мұндай коллектив алғашында ру, тайпа түрінде, кейінде халық тілі , ұлт болып өмір сүрді, осыған орай ру тілі, тайпа тілі, халық тілі болды. Адамдар коллективіне – мейлі ол ру немесе тайпа болсын, халық немесе ұлт болсын – осылардың бәріне де тіл қатынас құралы ретінде қызмет атқаруы оның табиғатын (мәнін) айқындайтын басты қасиеті деуіміз де осыдан. Тіл мен қоғамның өз ара тығыз байланысы – екі жақты байланыс . Біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды . Тіл жоқ жерде адамдардың қоғамда бірлесіп еңбек етуі, қоғамдық өндірісті ұйымдастыруы, оны дамытуы мүмкін емес. Демек, қоғамның өмір сүруі, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін қатынас құралы, пікір алысудың құралы – тіл қажет . Тіл – адам баласы қоғамының өмір сүруінің және дамуының қажетті шарты. Екіншіден , тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғам – тілдің өмір сүруінің шарты, қоғамнан тыс, адамдардың коллективінен тыс тіл жоқ. Қоғамның өмір сүруі үшін, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін тіл қаншалықты қажет болса, тілдің өмір сүруі үшін қоғам да соншалықты қажет.

Тілдің қатынас құралы болу қызметі мен ойлаудың құралы болу қызметіне қоса тағы бір қызметі бар: ол – экспрессивті қызмет. Тілдің экспрессивті қызметі делініп, әдетте, оның адамның субъективті қатынасын, сезімі мен эмоциясын білдіру қызметі аталады. Тілдің экспрессивті қызметінің, ондағы эмоцианальды –экспрессивті құралдар мен тәсілдердің ойды көркемдеп, әсерлеп жеткізуде , әсіресе көркем әдебиетте маңызы күшті.

Тілді қоғамдық құбылыстардың қатарына жатқызуға негіз болатын басты белгі оның қоғамға қызмет ету белгісі екендігі жоғарыда айтылды. Бірақ, тілдің қоғамға қызмет етуі басқа қоғамдық құбылыстардың, мысалы, базис пен қондырманың, қоғамға қызмет етуінен өзгеше болады. Базис қоғамға экономикалық жағынан қызмет етсе, қондырма қоғамға саяси, заңдық, эстетикалық және басқа идеялар арқылы қызмет етеді, қоғам үшін тиісті көзқарастардың нормаларын жасап береді. Демек, тілден басқа қоғамдық құбылыстар, мысалы, базис пен қондырма, қоғамға белгілі бір салада қызмет етеді. Ал тілдің басқа қоғамдық құбылыстардан айырмасын көрсететін айрықша ерекшелігі мынада : тіл қоғамға қызмет еткенде , адамдардың қатынас құралы, пікір алысу құралы, бірін-бірі түсінісу құралы ретінде адамдардың ісі мен әрекетінің барлық саласында : өндіріс пен экономикалық қатынастар саласында да , саясат пен мәдениет саласында да , қоғамдық өмір мен күнделікті тұрмыста да бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құрал ретінде қызмет етеді.Демек, тіл адамның ісі мен әрекетінің барлық саласын қамтиды, осыған орай, оның қимыл өрісі өте кең және әр жақты болады. Тілдің ерекшелігі оның ең басты қызметі – қатынас құралы болуынан келіп туады.

5.Тіл мәдениетпен байланысты, бірақ онымен тепе-тең емес. Тілді қондырмамен теңестіру, бірдей деп есептеу қаншалықты қате болса , тілді мәдениетпен теңестіру, бірдей деп есептеу соншалықты қате болмақ. Мәдениет идеологиялық, яғни қондырмалық құбылыстың қатарына енеді, осыған орай, ол буржуазиялық та, социалистік те болуы мүмкін.Ал тіл қатынас құралы ретінде әрқашан жалпыхалықтық сипатта болып, буржуазиялық мәдениетке де, социалистік мәдениетке де бірдей қызмет етеді алады.

Тілдің өндіріс құралдарымен қызмет ету жағынан ұқсастығы бар. Тіл мен өндіріс құралдарының ұқсастығы мынада : тіл де, өндіріс құралдары да әр басқа қоғамдық құбылыстарға – ескі құрылысқа да, жаңа құрылысқа да , мысалы, капиталистік құрылысқа да, социалистік құрылысқа да бірдей қызмет етеді, қондырмаға, қоғамдағы таптарға талғаусыз қарайды. Дегенмен , тіл мен өндіріс құралдарын теңестіру, оларды бірдей деп есептеу қате болар еді. Бұлардың арасында түбірлі айрмашылық бар: өндіріс құралдары материалдық игілік өндіреді, ал тіл ештеңе де өндірмейді, адамдардың қатынас құралы, сөйлесу, түсінісу құралы ретінде қызмет етеді.

Тіл мен ойлаудың өз ара байланысы туралы мәселе жалпы тіл білімінің ғана емес, сонымен бірге философия мен логиканың және психологияның ең күрделі мәселелерінің бірі болып саналады.Мәселенің күрделілігі ойлаудың табиғаты мен тілдің табиғатының өте-мөте күрделі болуымен байланысты.Дыбыстық тіл де, абстракті ойлау да – адамға тән құбылыстар . Бұл екі құбылыстың екеуі де адамның екі жақты табиғатына сәйкес әрі әлеуметтік, әрі биологиялық жақтарымен сипатталады, осы екеуін бірдей қамтиды. Біріншіден, тілде, ойлау да – адам миының туындысы, соның жемісі, екіншіден, тіл де, ойлау да — әлеуметтік құбылыс, өйткені адамның өзі қоғамдық құбылыс болып саналады. Тілде де, ойлауда да әлеуметтік және индивидуалды-биологиялық жақтар ұштасып , бір-бірімен бірлікте болады.Осы бірліктен тіл мен ойлаудың жалпы ерекшеліі көрінеді.

6.Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайды. Ой арқылы , адам миының сәулелендіруші әрекеті арқылы тілдік единицалар объективті дүниенің заттары мен және құбылыстарымен байланысқа түседі, мұнсыз адамдардың бір-бірімен тіл арқылы қатынас мүмкін болмаған болар еді. Белгілі бір тілдің дыбыстық комплекстері ойлауда сәулеленетін объективті дүниенің элементерінің сигналдары ретінде қызмет етеді де, бұл дыбыстық комплекстерде адам танымының нәтижелері орнығып бекітіледі, ал осы нәтижелердің өзі ары қарай танып білуге негіз болады. Сондықтан да тіл ойлаудың қаруы , инструменті ретінде,ал тіл мен ойлаудың байланысы бірлік ретінде сипатталады.

Қоғам мүшелерінің өз ара пікір алысуы тіл арқылы іске асады. Адам өз ойын басқаларға тіл арқылы айтып , не жазып жеткізеді.Тыңдаушы да сөйлеушінің ойын тіл арқылы түсінеді.Ойдың жарыққа шығып , іске асуы, өмір сүруші үшін тілдік материалға негізделуі , сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер түрінде айтылуы шарт. “Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шындығы”(К.Маркс).Ой шындығы тіл арқылы , тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы көрінеді. Демек, тіл – пікір алысу құралы, ойлаудың қаруы, ойды білдіру құралы.

Диалектикалық матерализмнің ойлау мен тілдің өзара тығыз байланыстылығы туралы қағидасы – кеңес ғылымында әбден орныққан және басшылыққа алатын бірден бір дұрыс қағида . Ал бұл проблеманың (ойлау мен тілдің байланысы туралы проблеманың ) нақтылы мәселелеріне келетін болсақ, олардың ішінде әлі де болса толық шешімін таппаған мәселелердің немесе талас мәселелердің бар екенін мойындамасқа болмайды. Бұлардың қатарына, мысалы , тіл мен ойлаудың байланысының нақтылы формасы туралы мәселе, тілдің әртүрлі жақтары – материалдық, дыбыстық жақтарының және осылармен байланысты мағыналық жақтарының ойлауға қатысы туралы мәселе, логикалық және грамматикалық категориялардың қарым-қатысы, сөздің мағынасымен ұғымының арақатысы және байымдау мен сөйлемнің арақатысы туралы мәселе т.б мәселелер енді. Аталған мәселелердің барлығыда күн тәртібіне қойылып та, баспасөз бетінде талқыланып та жүр. Тілге (оның материалдық қабығына ),бірінші жағынан, қабылдау мен елестің сезіну, көрнектілік образының қатысы туралы мәселе де талқылауды және айрықша назар аударуды қажет етеді.

Бақылау сұрақтары

1.Тіл білімінің басқа ғылыммен байланысы.

2.Тіл білімінің басқа ғылымдар арасында алатын орны.

3.Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы.

4.Тіл білімінің теориялық және практикалық мәні.

5.Тілдің табиғаты.

6.Қоғамдық қызметі.

7.Тіл мен ойлау.