Абайдың ақын шәкірттері М. Әуезовтің «Абай» трагедиясы пьесасында суреттелуі

  1. Сабақтың жоспары
  1. Пьесада суреттелген шытырман тартыстың оқиғалық желісі.
  2. «Абай» трагедиясының идеялық-көркемдік мәні.
  3. Пьесаның негізгі кейіпкерлері –Абайдың ақын — шәкірттері.
  4. Айдар – Абайдың бірегей ақын-шәкірті
  1. Теориялық мәліметтер

М. Әуезовтің Л. Соболевпен бірігіп жазған «Абай» трагедиясы – ұлы ақын жайлы алғашқы көркем шығармалардың бірі.

Драматургия — Әуезов творчествосының орасан бай саласы, қазақ әдебиетінің аса құнды асыл қазынасы десек, драмашының «Еңлік — Кебек», «Қаракөз», «Айман — Шолпан», «Түнгі сарын», «Қара Қыпшақ Қобыланды» секілді пьесаларымен бір қатарда «Абай» трагедиясы да бұрынғы бүкілодақтық драматургияның дүниежүзілік дәрежедегі классикалық үлгілерінің қатарынан орын алатын шығарма екендігін барша оқырман қауым мойындап отыр. 1939 жылы жазылған бұл шығарманың жазушының кесек туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясын жазар алдындағы үлкен бір көркемдік ізденіс сатысының қызметін атқарғаны белгілі.

М. Әуезовтің «Абай» трагедиясын, ұлы ақын жайлы романдар жазуына оның Абай туған топырақтан нәр алып, жастайынан ақын өлеңдерін жаттап өсуі, есейген шағында үнемі қайталап соғып, Абай өмірбаянының бірнеше нұсқасын жазуы, сондай-ақ жалпы абайтанудан ұлан-ғайыр зерттеушілік жұмыстарын жүргізуінің көп пайдасы тигені даусыз.

Дүние жүзіндегі әдебиеттер тарихына қарап отырсақ, ең таңдаулы шығармалардың бәрі әрқашан терең тартысқа құрылады. «Абай» трагедиясында да едауір шындығының сан иірім сырлары ең әуелі қым-қуыт тартыс арқылы көрсетілген. Драмадағы тартыс, шындық пен образ тек қана кейіпкердің монологы мен диалогына негізделеді, әр сөз , әр сөйлем шындықты ғана емес, сол сөзді айтқан кейіпкердің мінезін де аңғартады. Әр адамның сөзі өзін танытуы шарт. Трагедиядағы Абайдың Айдарға қатысты айтқан қысқа, тұжырымды сөздері оның ұстаз ақын екенін айқын көрсетумен қатар, Айдардың кім екенін танытады.

Трагедияда Айдар Абайдың бірегей ақын шәкірті болып суреттелуімен қатар, ол Абай айналасындағы адамдардың ішінде озбырлардан қуғын көріп , басы шырғалаңға түскен, Абайдың жанкештілікпен күресуінің арқасында тірі қалса да, бәрібір кейін іштен шалған зұлымдықтың құрбаны болып мертіккен жан ретінде суреттеледі. Айдардың алыстағы жаудан емес, жақындағы бауыр Керімнің зұлымдығынан қаза болуы Абай үшін қаншалықты қасірет болғаны түсінікті. Айдар көзі тірісінде ұстазы Абай үшін қаншалықты қасірет болғаны түсінікті. Айдар көзі тірісінде ұстазы Абайға мінезімен, ісімен, асқан ақындық дарынымен қуаныш, жұбаныш әкелген, көп үміт күттірген, сүйеніш, медеу болған шәкірт.

Абай Айдарды шәкіртім ғана демейді, оны жас та болса өзімен тең қойып, ең сүйікті досым деп есептейді. Айдардың да ұстаз ағаға деген ілтипаты ерекше, сезімі кіршіксіз.

Пьесада бастан-аяқ көрінетін Абай шәкірті атанып жүрген тағы бір кейіпкер –Керім. Ол пьесаның алғашқы суреттерінде Айдар мен Ажарға арашашы топ Әйгерім, Көкбай, Мағауиялардың қатарында көрінеді. Айдарға шын жанашыр дос тәрізді.Абай алдында Керім өзінің Айдар туралы пікірін жасырын ұстағанымен, былайғы жерде оның ол жөніндегі шын пиғылы аңғарылып қалып отырады. Керім өзінің ойын жымын білдірмей, жан адамға сездірмей жүзеге асыруға шебер. Бұл жағына келгенде өзімен жең ұшынан жалғасып жүрген Оразбай тобындағылардан да оқ бойы озып кетеді. Драмалық шығармадағы тартысты күшейту, оқиғаларды шиеленістіру мақсатында қаламгер бұл кейіпкерді ойдан қосқан. Трагедиядағы ойдан алынған негізгі кейіпкер Айдар өмірде Абай айналасында ғұмыр кешкен ақын шәкірттерінің жинақты бейнесі.

Ғылыми тұрғыдан Абайды әр қырынан танытушылар едәуір болғанымен, оның ұлы ақын, азамат, қайраткер ретіндегі жанды бейнесін көркемөнердің құдіреті арқылы туған халқына, шет жұрттықтарға таныту тек М. Әуезовтей сөз зергерінің еншісіне ғана тиген еді.

Өзінің терең білімдарлығымен, асқан ақындығымен дүниежүзілік мәдениеттегі Фирдоуси, Пушкин, Толстой, Гете, Байрон тәрізді ұлы классиктермен терезесі тең суреткер, кемеңгер ойшыл Абай тұлғасын көркем әдебиетте кемеліне келтіре суреттеп сомдау М. Әуезов үшін творчестволық жүгі ауыр, жауапты міндет болатын. Ол өзінің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазбас бұрын қыруар ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар үлкен көркемдік ізденіс сатыларынан да өтті.

  1. Бақылау сұрақтары:

  1. Трагедиядағы Абайдың ұстаз ақын ретіндегі бейнесі.
  2. Трагедиядағы өнерлі жастардың шәкірт ақын ретіндегі бейнесі.
  3. Зейнеп ақынның әйелдер атынан айтқан базына назы.
  4. Айдардың сом тұлғасының жасалу жолы.
  5. Драмадағы тартыс, шындық пен образ.
  6. Драмадағы кейіпкер монологы мен диалогтары.
  7. Керім — зұлым ойлы, іші қырық қыртыс күрделі тип.

  1. Студенттің үй тапсырмасы

  1. Ғалым Р.Нұрғалиевтің М.Әуезовтің драмалық шығармалары жайлы пікірі.
  2. Абай шығармаларындағы ақынның өз бейнесі мен драмадағы Абай бейнесі.
  3. Драмадағы Абайдың әдеби ортасы.
  4. Абай айналасындағы өнерлі жастар.
  5. Пьесадан Абайдың өзекті өртер ащы монологтарына анализ жасау.

  1. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы

  1. М.Әезовтің ұлы ақын жайлы жазылған драмалық туындысына анализ жасау. Ондағы Абайдың ақын-шәкірттерін көрсету. Абайдың ақын-шәкірттері туралы жазылған зерттеу еңбектерімен және Абайдың өз шығармаларындағы ақын бейнесімен

— салыстыру.

  1. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

— баяндама;

— реферат;

— тестілік сауалнама.

7.Әдебиеттер тізімі

  1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
  2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
  3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
  4. Ахметов З. Абайдың ақындық әлемі – А., 1995
  5. Абай Құнанбайұлы. Шығ. Екі томдық толық жинағы. -А., «Жазушы» , 1995
  6. Абай. Энциклопедия. -А., «Ата мұра» , 1995
  7. Айтматов Ш. Ұстаз туралы сөз. -А., «Ғылым», 1997
  8. Әуезов М. Абай метиебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
  9. Қабдол З. Әуезов -А., «Санат», 1997
  10. Тоқтаров Р. Абайдың жұмбағы. -А., 1999
  11. Бердібай Р. Мұхтар шыңы. -А., «Ғылым» 1997
  12. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992
  13. Әкімов Т. Даналық мәйегі. -А., «Ана тілі», 1995
  14. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

15.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

16.Бердібай Р. Қазақ тарихи романы. -А., «Ғылым» ,1997

  1. Жұртбай Т. Бесігіңді түзе. Ғұмырнама – толғау. А., «Жазушы» 1997
  2. Әуезов М. «Абай жолы» роман-эпопея. 4-томдық. А., «Жазушы», 2000. 2003. 2007. 2006.
  3. Әуезов М. Шығармаларының толық жинағы. 6-том. –А., 2000