Шәкәрімнің проза, аударма саласындағы еңбегі.

  1. Сабақтың жоспары:
  1. Шәкәрімнің көркем прозаның щағын үлгісінде жазылған шығармалары.
  2. «Әділ — Мария» романының тақырыбы, мақсаты.
  3. Шәкәрімнің аудармашылық тәжірибесі.
  4. Шәкәрімді тарихшы, философ ретінде танытқан еңбектері.
  1. Теориялық мәліметтер

Ш. Құдайбердиев өлең өлкесінде ғана еңбек етіп қоймай, қазақ прозасына да едәуір үлес қосты. Қазақ әдебиетінде бұрын поэзия, дастан, поэма, өлең басым болса, 20 ғасырдың басында шын мәнінде көркем проза пайда болып, жедел дамығаны аян. Міне, осы процеске Шәкәрімнің прозалық туындылары – тарихи, ғылыми, философиялық шығармалары шежіренама «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» трактаты, «Бәйшешек бақшасы» әңгімелер топтамасы, «Қайғылы роман» деп атаған шығармасы, «Мәңгі сөздер» атты афоризмдер топтамасы, «Шын бақтың айнасы», «Мен жетпіс екі жасқа келгенше» тағы басқа толғамдары қосылады. Бұлардың әр қайсысында өзіндік идеялық-көркемдік салмақ бар. Бірде адам болмысын, тағдырын жан-жақты суреттеуге тырысуы, бірде күнделікті өмір құбылыстарының кейбір көріністері, сыр-сипаттары арқылы толғамды ой жүйеленуі кездеседі.

Шәкәрімнің әңгімелері шығыстық мазмұнда, халық ауыз әдебиетінің үлгісімен ғибраттық-дидактикалық сарында жазылған. Бұлар – идеясы мен мазмұны үндес, бір қолдан шыққан дүниелер. Шәкәрімнің қай әңгімесін алсақ та, өзіндік бір ерекшелік – шағын ғана оқиға, аз сөзден ғибраттық үлгі алатын қорытынды жасап отыруы. Бұл – аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге тән қасиет. Асылы, авторлық аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, ғибраттық әңгілемелер ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің табиғи байланысын көрсетеді.

Шәкәрімнің әңгімелерінен біз осындай қасиеттерді таба аламыз. Бұл – жазушыға әлдеқалай келген құбылыс емес, туған халқының даналығы мен дарындылығынан жұғысты болған қасиет.

Қара сөзді шығармаларының ішінде көлемі жағынан да, көтерген мәселесі жағынан да ауқымдысы «Әділ мен Мария» романы. Автор шығармасын «Қайғылы роман» деп те атаған. Ақын бұл қайғылы романды 1925 жылы май айында, Шыңғыс тауының сыртындағы Шақпақта алпыс жеті жасында жазған. Романда ескі қазақ ауылының 1910 жылдардағы өмір тұрмысы, сол кездегі әлеуметтік теңсіздік суреттері, сүйгеніне қосылса да, зорлық пен әділетсіздіктің құрбаны болған әйел тағдыры шыншылдықпен суреттеледі. Шығарманың бас кейіпкерлері — Әділ мен Мария арасындағы оқиға өмірде болған. Шәкәрімнің көрсетуі бойынша оқиға 1910-11 жылдары Шыңғыстауда өткен.

Роман алғаш рет «Жұлдыз» журналының 1988 жылғы №11 санында ғалым Тұрсын Жұртбаевтың алғы сөзімен жарияланды. Жарияланым қолжазбадан тікелей көшірілген.

Романның идеялық нысанасы мен әлеуметтік астарына келетін болсақ, Шәкәрім «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары секілді мұнда да қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігін, махаббат еркіндігі жолындағы күресті арқау еткен.

Шәкәрімнің «Әділ мен Мариясында» сюжет басталмас бұрын оқиға өтетін ортаның көркем табиғаты суреттеледі. Шәкәрім шығармасындағы бір ерекшелік – табиғаттың көркем суретін тамсана баяндауы емес, бірден Кәрі Шыңғыстауға қайырылып, лирикалық кейіпкердің монологы арқылы Шыңғыстауға жанды бейне ретінде психологиялық мінездеме жасауы. «Кәрі Шыңғыстау, Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Көне көзі кәрі Шыңғыстауда талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болды, жүрегі жанып суалғаны да болады, талай-талай жас жүрек мұратына да жетті, неше түрлі ел дәурен сүріп, аң аулап мал да бақты, талай-талай сабаздың қаны судай да ақты». Осынша оқиғаға куәгер Шыңғыстауда бір кез автор жазғырғандай да болады.

Романдағы негізгі кейіпкердің бірі Әділ – жалғыз шешесі ғана бар кедей жігіт, қолында бар азын-аулақ малымен күн көріп отырған қарапайым жанұя. Мария болса әкесі мен шешесі қайтыс болып, аға-жеңгесіне қарап қалған он бес, он алтылардағы жас қыз. Әлі ештеңеден хабарсыз, бейкүнә жан. Құда түсіп, қалың мал беріп, атастырып қойған Марияны Әділдің қолына ұстатып тұрып, тілектес жеңге Зылиха: «Әжем марқұм өлерінде маған тапсырып кетіп еді. Еркем мен екеуіңнің қызығыңды көрсем арманым жоқ деуші еді. Міне, аман-есен қалыңдығыңды қолыңа бердім», — дейді.

Лирикалық кейіпкер қаншама жылы шыраймен бүйрегі бұрып, өз кейіпкеріне жанашырлық жасап отырса да, Әділ мен Марияның адал махаббаттарына қарсы шығар қара ниеттестер табылады. Олар: Шешенбаймен жасасқан серттің үдесінен шығу жолында талай зорлық-зомбылыққа барған болыс баласы Еркімбек пен оған көмектесуші, малы мен атағына қызығып, Марияны, астыртын сатушы кіші аға жеңгесі Үсен мен Жәмилә.

Шәкәрім шығармасына басты арқау болып – қоғам өмірі, әлеуметтік тұрмыс ахуалы тартылатынын көреміз. Романдағы басты тартыс адам мен адам арасындағы қатынастан емес, адам мен қоғам арасындағы қайшылықты қатынастан туындайды.

Қорыта келгенде, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Әділ мен Мария» атты прозалық шығармасы – ұлттық әдебиетімізді байытқан, өз заманының шындығын дәл, шынайы жеткізе білген, біздің әдебиет тарихымыздан өзіне лайық орын алуға тиіс, көркем шығармалардың бірі.

  1. Бақылау сұрақтары:

  1. Шәкәрімнің қысқа әңгіме, толғаныс түрінде жазылған туындылары.
  2. «Бәйшешек бақшасы» атты шығармасының маңызы.
  3. «Әділ – Мария» романының жазылу тарихы.
  4. Романда көтерілген әлеуметтік мәселе.
  5. Романның композициялық құрылымы.
  6. Ақынның аударма саласындағы еңбектері
  7. Шәкәрімнің тарихи еңбектері.

  1. Студенттің үй тапсырмасы

  1. Қысқа әңгіме, толғаныс түрінде жазылған шығармаларын талдау.
  2. Күрделі шығармасы «Әділ — Мария» романына сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан жоспар жасау.
  3. «Ләйлі – Мәжнүн» хикаясын ақынның жырлау үлгісі.
  4. Пушкиннің шығармаларын аударудағы ақын қолтаңбасы.
  5. Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық» еңбектері туралы қысқаша мәлімет.

  1. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы

  1. Шәкәрімнің проза, аударма саласындағы шығармаларына идеялық – тақырыптық, сюжеттік, композициялық, көркемдік тұрғыдан талдау жүргізу, проза жанрында Абай дәстүрін таныту.

— салыстыру.

  1. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

— баяндама;

— реферат;

— тестілік сауалнама.

  1. Әдебиеттер тізімі
  2. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
  3. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
  4. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
  5. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
  6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992
  7. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998
  8. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. –А., «Санат»,1977
  9. Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. –А., 2000
  10. Бейсенғали З. XX ғасыр басындағы қазақ романы. – А., 1994