Шәкәрімнің реалистік лириканы дамытудағы Абай дәстүрімен үндестігі.

  1. Сабақтың жоспары:
  1. Шәкәрімнің лирика жанрында өнімді еңбек еткені.
  2. Ақынның сыншыл сарындағы өлеңдері.
  3. Шәкәрім өлеңдеріндегі ағартушылық идеяның қуаттылығы.
  4. Өлеңдерінің терең ойлылығы.
  5. Теориялық мәліметтер

Шәкәрім өзінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында мол әдеби мұра қалдырды. Оның өлеңдері мен поэмалары, прозалық шығармалары мен публицистикалық мақалалары, жұмбақтары мен мысалдары, философиялық ой пайымдаулары, түрлі тілдерден тәржімалаған туындылары қазақ әдебиетінің тарихына қосылған баға жетпес асыл қазына болып табылады. Жеті жасынан бастап өлең жазған Шәкәрімнің жеті-сегіз кітабы ғана баспа бетін көрген.

Шәкәрім шығармаларының басым көпшілігі Қазан төңкерісіне дейін оның бірнеше кітаптары жарық көреді.

Жастықты мас көңілдің астамшылығымен Шәкәрімнің осы бір тұста даналық қазынасы – қариялықты түкке алғысыз етіп тастаған тұсы да бар:

Жастықтан қызық іс болмас,

Кәрі де ақыл, күш болмас…

Қызусыз тәннің,

Сезімсіз жанның –

Болады кәрілік белгісі.

«Сап – сап көңілім», сабырдың иесі Абай бұған

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқты – барды, ертегі термек үшін,

Көкірегі сезімді тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, —

деп басталатын өлеңінде ескерту жасап, жастық буымен ойы аспан-көкті шарлап жүрген албырт ақынның асқақ сезімін сабырға шақырып, арлы өлең жазуға ақыл береді:

Сөз айттым, «Әзірет, Әлі айдаһар»сыз,

Мұнда жоқ «алтын иек, сара-ала қыз».

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз…

Өлеңі бар, өнерлі інім сізге

Жалынамын мұндай сөз айтпа бізге.

Міне, бұл – Абай мектебі! Данышпан ұстаз ақын інінің өнер жолын бағдарлап, асылып танып, жасығын осылайша сынап отырған.

Ол ұстаз ұстаған ұлы мақсатты ақын аңғартып, ағаның жандүниесін өзіндей тани білді. Сондықтан да ойлар үндес шығып, сырлар бір бірлік бойынан табылып жатады. Абайдың көзі тірісінде жазылған “Жастарға” атты өлеңінде ол:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық…

…Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға жүр баралық, —

деп, ұстаз ұлылығын танып, жастарды Абай төңірегіне топтастырып, данадан тәлім алуға үндесе, кейінгі өлеңдерінде ұстаз болмысымен тіпті үндесіп, оның рухын терең ұғынғандығын дәлелдей түседі.

Кім жалғыз, дүниеде есті жалғыз,

Болмаған соң мұңдасар бір сыңары.

Жалтақтап жалғыз Абай өткен жоқ па?!

Табылды ма қазақтан соның пары?

Бұл “бұл қазақтан мұңдасар жан таппаған” Абай рухымен астасу емей, не? Ұстаз жанын таныса, Шәкәрімдей танысын!

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап күрт алға басқан ағартушылық ой – сананың өрістеуі Абай арқылы қазақ поэмасына азаматтық ой – толғанысты әкелген болатын. Шәкәрім де ұлы ұстаз ұстаған осы бағытты дамытты. Азаматтық поэзияға тән биік асқақтық, өмір құбылысына терең үңілген таным – толғам Шәкәрім өлеңдерінің басты идеялық тұғырына айналды.

Шәкәрімнің сыршыл поэзия арқылы адамдық болмысты тануға ұмтылған азаматтық ірі мақсатының бірі – ұлтының бойына бәле болып жабысқан осы бір жағымсыз қасиеттерден арылту. “Үйретуден жалықпау” қағидасын ұстаған Абайды дана ұстаз таныған Шәкәрім ұлы ақын ұсынған адамды адамдыққа тәрбиелеу атты жанды идеяны одан әрі дамытты. Данышпан Абай:

Болмашы кекшіл,

Болсайшы көкшіл.

Жан аямай кәсіп қыл! –

деп нақыл айтса, Шәкәрім де ұлтқа қызмет етуде адам баласының ең басты міндеті, қасиетті парызы санайды.

Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

Мұнда ол өзінің өмірлік тәжірибесін алға тартады.

Ұлы ақынның адам болып қалу үшін ұсынған бес қағидасын Шәкәрім “Талап пен ақыл” өлеңінде сегізге жеткізеді:

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғаған.

Шәкәрім Абайдағы өнер – ғылымға үндеудің арнасын отаршылдықтың езгісіндегі ұлтының бостандығы жолындағы күреске барұға ұмтылып, ол жолдағы ел мен ер бірлігінің атқарар міндетін айқындауды шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырады. Жаңа ізденістерге бет бұрады. Осы бетбұрыстан кейінгі өз шығармаларына азаттық ойды арқау еткен Ахмет, Міржақыптарға ой салған алғашқы идеялардың көрінісі бой көрсетеді. Әрине, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім шығармалары тікелей азатшылдық күресті меңзегенмен, осы ойдың өміршең болуына, өзіне кейінгілердің шығармашылығынан мол орын алуына септігі аз болған жоқ. Азаттық ойдың, ұлт – азаттық идеяның орнығуына үлкен әсер етті.

Шәкәрімнің азаматтық лирикаларындағы бір арна — өскен орта – қазақ қоғамы. Шәкәрім өзі өмір сүрген дәуірдің кертарпа кесір – кесапатын көре білді.

Шәкәрім шығармашылығының дені — өлеңмен жазылған дүниелер. Өйткені Шәкәрім – ең алдымен ақын. Ақын болғанда, алдыңғыны дамытқан, кейінгіге үлгі болған ақын. Әдебиеттегі жаңашылдық пен дәстүр ұғымдарының нақты белгісін осы Шәкәрім шығармашылығынан көреміз.

Бұл тұрғыдан келгенде Шәкәрімнің Абайдың інісі ғана емес, дарынды шәкірт екендігін, ұлы ақын дәстурін өзіне тән өрнегімен әрлеп алға апарушы екендігін алғаш айтып, ғылыми тұжырым берген Мұхтар Әуезов болды. Шынында Абай мен Шәкәрім арасындағы шығармашылық байланыс аса терең. Ол – құрғақ еліктеушілік емес, бірін – бірі толықтырған өнерге тамырластық.

Шәкәрім ұстанған сыншылдықтың басты міндеті — өмір шындығын нақты көрсете отырып, салмақты әлеуметтік ой айту, өмір құбылыстарын, заман мен қоғам шындығын шынайы бейнелеу арқылы оқырман мен тыңдарман ойын ояту болса керек.

Шәкәрім шығармашылығында таза ағартушылық тақырыптың да орны ерекше. Шәкәрім жәй оқуға шақырушы емес, Шәкәрім үшін оқу – білім, ғылым жолы. Оның бұл ойлары “Сен ғылымға”, “Сынатарсын өзіңді”, “Ғылымсыз адам хайуан” т.б. өлеңдерінде анықта, нақты көрініс тапқан. Ол — әйтеуір оқудың жоқшысы емес, сол оқу апарар танымның жол басшысы.

Ғылымсыз адам – айуан,

Не қылсаңда ғылым біл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса ғылым тұл.

Ал еңбек тақырыбы – Шәкәрімнің бүкіл ағартушылық болмысы мен даналық ойының – дәні де нәрі. Абай “еңбек түбі зейнет” деген ұлы қағиданы ұстап, “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген қанатты сөз қалдырса, Шәкәрімдегі еңбек ізденіспен тығыз байланысты. Шәкәрімдегі ой “Инемен құдық қазғанды” меңзейді. Және ол үнемі алға ұмтылысты жақтайды, соған үндейді. Оған үлгі ретінде Абай жолын ұсынады.

Шәкәрім – нағыз лирик ақын. Оның лирикасы сыршыл сезімге толы. Өлеңдері көркемдік бояу қанық, жүректің қылын шертетін нәзіктікке бай болып келеді. Абай өлеңдерінен табылатын суреткерлікке тән белгілер Шәкәрімнің лирикасынанда бой көрсетіп отырады. Өйткені Шәкәрім – Абай дәстурін, оның сөз өнеріндегі үлгі — өрнегін жаңашылдықпен байытып, дәстур мен жаңашылдық бірлігінен жаңа жол, соны соқпақ тапқан ақын.

“Шәкәрімнің лирикасындағы адамгершілік идеяларды иығымен көтеретін негізгі тұлға – ақын. Шәкәрім ұғымынша ақын қашанда өз дәуіріннің ең ауыр жүгін көтеруге тиіс”, — дейді Шәкәрімтанушы ғалым Б. Әбдіғазиев.

Шәкәрім поэзияны сөз өнерінің ең озық үлгісі деп біледі. Ұлы Абай “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы” десе, Шәкәрім өлеңді “қоспасыз, таза күміске” теңейді. Шәкәрім – поэзия өлкесінде өз биігінен еш төмендемеген, қазақ өлеңін биікке көтерген ХХ ғасырдың ең айтулы ақыны. Ол қазақ поэзия әлеміне өшпес өрнегін салып кетті. Өзінің поэзияға, өлеңге қойған талабының өресінен шыға білді.

  1. Бақылау сұрақтары:

  1. Шәкәрімнің қазақтың реалистік лирикасын дамытуға қосқан үлесі.
  2. Шығармашылық жолының бастапқы кезеңінде жазған өлеңдері.
  3. Адам бойындағы міндер мен қоғам қайшылықтарын сынаған өлеңдері.
  4. Ағартушылық идеяны ту еткен өлеңдері.
  5. Өлеңдеріндегі философиялық астарлық.

  1. Студенттің үй тапсырмасы

  1. Шәкәрімнің сыншыл сарындағы өлеңдерінің Абай дәстүрімен үндестігі.
  2. Ақынның ағартушылық тақырыбында жазған өлеңдерінің Абай өлеңдерімен ұқсастығы.
  3. Ақын өлеңдеріндегі сұлу сурет.
  4. Шәкәрім өлеңдері терең ойлардың сипаты.
  5. Шәкәрімнің өнер мен ғылымды байлықтың ең асылы деп ұғуы.

  1. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы

  1. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларын идеялық – тақырыптық тұрғыдан талдау жүргізу

— салыстыру.

  1. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

— баяндама;

— реферат;

— тестілік сауалнама.

  1. Әдебиеттер тізімі

  1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
  2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
  3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
  4. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
  5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992
  6. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998
  7. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

8.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

  1. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. -А., 1990