Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеев (1847-1920).

Жоспары:

  1. Өмірі туралы мәлімет.
  2. Лирикалық өлеңдерінің идеялы-тақырыптық мазмұны.
  3. ”Сардар сегіз” тарихи дастаны.

Шәңгерей Сейіткерейұлы ақтаңдақтар қатарына ілініп, көп жылдар бойы халқымыз көз жазып қалуға айналған көрнекті ақынымыздың бірі – XIX ғасыр қазақ әдебиетінің ірі өкілі, өз дәуіріндегі ақындық өнерде өзіндік үлесі, өшпес орны айқын қайталанбас қаламгер. Сонымен бірге ол – қазақтың жазба әдебиетін өркендету, оның озбырлығы мен көркемдігін жетілте түсу жолында елеулі еңбек еткен шын мәніндегі профессионал жазушы да. Бірақ, жетпіс жылдан астам тарихы бар кеңестік мәдениетіміздің назарына жете ілінбей, шығармасы көмескі қалпында қалып, орынсыз кінәлар тағылып, тарихи бағасына ие бола алмаған асыл сөздердің авторының бірі – осы Шәңгерей.

Ол адам жанының құпия сырларын аша-ақтара жыр шерткен ең сезімтал лирик, қазақтың адамгершіл, сыршыл, мәнді де мәнерлі поэзиясының аты әйгілі ақыны.

Шәңгерей Сейіткерейұлы – заманымыздың тұлғалы жазушысы. Ол қазіргі Орал облысы, Орда ауданында, Жасқұс деген жерде 1847 жылы дүниеге келген, тарихқа аты мәлім Жәңгір ханның немересі.

Шәңгерейдің өзі де, әкесі де хандық құрған адамдар емес. Сейіткерейдің өмірі ұзақ болмаған. 1852 жылы дүние салған. Бірақ, Шәңгерей ағайын-туыстарының қамқорлығы арқасында жетімдік көрмей өскен. Оның ата дәулеті де аз болмаса керек. Сондықтан, хан сарайындағы тәлім-тәрбиені жас кезінен-ақ алуға мүмкіндігі мол болған. Тумысынан талапты жас айналасындағы өмірді өз көзімен көріп, көңіліне тоқи да білсе керек. Бала шағынан басталған тәлім – сарай маңындағы мектептер мен мешіт-медреселерге қатысып, оқуға жалғасады. Ордадағы «Ай белгілі ақ мешіт» — жас Шәңгерейдің тәлім алған, алғашқы сауат ашқан жері.

1917 жылы Шәңгерей өзінің бар байлығы мен қоныс-мекенін тастап, Тайпақ ауданы, Төбе төбесіндегі туыстарына келеді. Қаратөбеге қарасты Ақбақай деген жерде, сүзек ауруынан 1920 жылы қайтыс болады.

Ол өз кезіндегі білім-ғылым жолына жеткізетін дүниеәуи мектептен оқып жетілген. Әуелі, Астрахань реальное училищесінде, одан кейін Орынбор кадет корпусында оқыған. Өз тізгіні өзіне тигеннен кейін білімді, зиялы орталарда болыңқырап, өзінің дүниетанымын кеңейте түскен. Сартау, Самар, Орал, Қазан, Уфа шаһарларында жергілікті ұлықтар қатарында қызмет те атқарған. Бізге жеткен мәлімет бойынша, ол Самарда Мировой судья (бітім, келісім-кеңесші билігін жүргізуші) жұмысын атқарған.

Патша тарапынан өзіне дворяндық атақ алып, мекен-жайға лайық жер бөлдіріп, өзінің меншігін белгілеп, сол жерінде білгенін, ойына келгенін жасап, адамгершіл істер атқарған. Тәуелсіз өмір кешіп, еңбекке, өнерге негізделген жаңаша тұрмыс құрып, шаруа кәсібінің жүйесін жасамақ болған. Сол кездегі орыс помещиктерінің имениесі, хуторлары оған үлгі болса керек. Әсіресе, Л. Н. Толстойдың Ясная Полинадағы меншікті шаруашылығының үлгісін қатты ескерген. Үй салдырып, село тәртібінде мекен-жай, қора-қопсы жасап, мал, егін шаруашылығымен айналысқан. Қарамағындағы ел-жұрттың керектерін әкелтіп, дүкен ашып, айырбас базарларын жақындатқан. Бала-шағалары үшін мектеп ашып, әуелі өзі бастап оқытқан. Кейін білімді оқытушылар жалдаған.

Елдегі аттары әйгілі ақын, жыраулар мен әнші, күйші музыканттар Бөкей ордасына, Шәңгерей мекеніне соқпай өтпейтін болады. Олардың кейбірін айлап ұстап, өнер үйренер жас қауымға үлгі етеді.

Шәңгерейдің орыс, батыс мәдениетімен де, әдебиетімен де жете таныс адам болғанын бізге дейінгі зерттеушілердің бәрі де айтып келді. Әсіресе, оның орыстың XIX ғасырдағы классик жазушыларын, олардың ішінде лирик ақындарын сүйсіне оқып, оған еліктеп, кейбір үлгілерін қазақ тіліне аударып кеткені тағы шындық. Пушкин, Лермонтов, Фет, Тютчев, т.б.

Шәңгерейдің ақындық талғамы, қоғам өміріне қояр талабы, дүниетанымы өзі тұстас қазақ ақындарынан өзгеше еді десек, бұл өзгешеліктердің түп төркінін біз аталмыш орыс, Европа мәдениетінен, әдеби көріністерінен, өнер өрнектерінен табамыз.

Шәңгерейдің шығармаларына арқау боларлық ортақ бейне – оның ақындық «мені». Ол барлық шығармаларында өзінің жайын, өмір жолын дүниеге келгеннен кейінгі бастан кешкендерін айтар ойын ұштастыра отырып, образдар арқылы терең толғайды. Кейде өз атынан сөйлей отырып, оны басқа бір жанама хайуанат өміріне немесе соның тағдырына, әдет-мінезіне, іс-әрекетіне ауыстыра бейнелейді. Ақынның бұлайша суреттеулері аллегориядан гөрі, кейіптеуге, салыстырмалы бейнелеулерге ұқсас. Ол айтар ойларын қаз қалпында туралап баяндаудан гөрі бейнелі сурет жасауға әуес. Жазушының мақсаты нағыз көркемдікке ұмтылу, шын мәніндегі көркем сөз өнері туындысын жасап, соны қазақ әдебиетіне енгізу болатын. Ақынның бұл қадамдары нәтижесіз болған да жоқ. Шәңгерей әдебиетімізге шын мәнінде бейнелі, пернелі, сұлу суретті поэзиясымен жаңалық қосқандардың бірі болды.

XX ғасыр басындағы орыс поэзиясында реалистік әдебиет өкілдеріне қоса, романтизм ағымы өрге басады. Оған жалғас көркемөнер, әдебиет туралы жаңа көзқарастар пайда боп, мүлде өзгеше ағымдар туындайды. Айталық, акмоизм, футуризм, натурализм, импроссионизм, иможенизм, т.б. ағымдар эстет жазушыларды туғызады.

Аталмыш ағымдардың пайда болуының тарихи әлеуметтік себептері болды. Әдебиет – көркемөнердің негізгі бір түрі деп есептеген акмоизм ағымының өкілдері, эстеттер – «әдебиет — әдебиет үшін», «көркемөнер – көркемөнер үшін», — деген қағида ұсынып, әдебиеттің тек жалаң сұлулықты, табиғатты, махаббатты жырлауын мақсат етті. Дворяндардан шыққандар деп аталатындар ішінен Ф. И. Фет, А. А. Тютчев деген күшті ақындар шықты, бұларға қазақтың Шәңгерей, Бернияз, Мағжан сияқты ақындары еліктеді. Асылы, аталмыш қазақ ақындарының рухани талғамдарына жоғарыда сөз болған орыс ақындарының туындылары сай келіп, олар поэзияның көркемдігін, сұлулықты жырлау міндетін бірінші орынға қойды.

Шәңгерейдің қоғамдық мәселеге қалам тартпауының себебі, жоғарыда аталған орыс ақындарының тікелей ықпалы екені сөзсіз.

Біз жоғарыда ақындық «Мен» Шәңгерей шығармаларының жібек арқауы, өлең өрімдерінің өзегі сияқты тартылғанын ескерткенбіз. Ақын «Мен» деген сөзге философиялық мән беріп, оны дүниенің өзгерісіменғ дәулеттің тұрақсыздығымен, өмірдің өткіншілігімен байланыстырады.

«Кімсің» — деп біреу сұраса,

Өзім болып «Мен!» деген.

«Мен» — деген кетсе дүниеден,

Өзім болып «Менмін» деп,

Жауап берер қай адам?!

Шәңгерейдің шығармалары – терең ойлы, ұшқыр қиялға толы туындылар. Адамның ақылы, ойы шексіз, қиялы қанатты болатынын шебер бейнелейді. «Таудағы тас ұядан» атты өлеңінен мысал келтірелік.

Таудағы тас ұядан,

Лашындай сарыққан қиядан.

Шалқып сөзім шығады,

Ойласам, пікір-қиялдан,

Аспалап қиял кетеді.

Шәңгерейдің лирикалары – махаббат сезімі дүниесін кең қамтитын шығармалар. Өз өмірінің деректеріне негіздей немесе өзіне меншіктей отырып, құмарлық мәселесін құштарлана жырлады. Жеке басының құмарлығынан бастап, махаббаттың жастарға тән өзегін өртер жан азаптарын толғады. Осылайша махаббатқа деген өз талғамын қалыптастырды. Бұл мәселеде ол өз тұстары – Біржан сал, Ақан серілермен үндесті.

Әрбір ақын сияқты Шәңгерей де өзінің туған жеріне, өскен өңіріне деген махаббатын танытқан. «Қайран жерім», «Көлторғай», «Көлборсы», «Нарын туралы» толғаулары айтылмыш мақсаттарға арналған.

Шәңгерей сауық-сайран қуып, тек қана серілік өмірді уағыздаған ақын десек, ол да біржақты болар еді. Ақын жігерлі жастар айналысар өнер жолдарын нұсқайды. Техникасы ілгері, өнерлі елдердің жетістіктерін үлгі етіп, оқуға, ғылымға баулиды. «Ғылым», «Эдиссон» атты өлеңдер де жазады.

Шәңгерей шығармалары өзінің суреткерлігі, образдылығымен ерекшеленеді. Ақын лирикалары адам бейнесін, кескін-келбетін, сыр-сымбатын оның көңіл-күйіне, ішкі дүниесіне ұштастыра бейнелеуге шебер. Сүйген сұлу, асыл жар сияқты арулардың сыр-сымбаты, табиғаттың тамаша құбылысы, тамылжыған көктем, жадыраған жаз, шалқар көл, жасыл жапырақ суреттері – нағыз шебер қыл қаламынан туғандай бояуы қанық, үлкен ойға жетелейді.

Ақын өлеңдері өзінің құрылысы жағынан қазақтың үйреншікті қара өлеңі мен толғау термелері үлгісінде келгенмен, өзіндік сөз қолданысы, ұйқас, ырғақ, шумақ формалары бар шығармалар. Жазба әдебиетке тән анафора, эпифора сияқты сәнді жолдар да аз емес. Поэтикалық тілінде де өзіндік өрнектер, дәстүрлі образдардың қолданыс өзгешеліктері көп кездеседі.

Әдебиеттер

1.°óåçîâ Ì.Î. °äåáèåò òàðèõû (1927) æî¹àð¹û îºó –îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí. — À. 1991.

2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi. — À. 1907.

3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû. — À. 1994.

4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À. 1992.

5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.

6.Досмұхамедов Х. Аламан. –А., 1991

  1. Ысмайлов Е. Ақындар. –А., 1956