Мұрат Мөңкеұлы(1843-1906).

Жоспары:

  1. Ақын шығармаларындағы ойшылдық, философиялық-азаматтық тереңдіктер.
  2. Мұраттың жыршы-ақындығы.
  3. Айтыстары.

 

Мұрат — жезтаңдай шешен-жырау, төгілген ақпа ақын. Мұсылманша сауатты, дәуірінің алдыңғы қатарлы азаматы. Кең тынысты керемет шабыттың иесі. Халқының басына түскен замана ауыртпалықтарын көре де, көрсете де білген шынайы поэзия өкілі; елі, жері, халқы үшін қасірет шеккен саналы суреткер. Ел тарихын емірене жырлап, аруағы асқан ержүрек батырларының образдар галлереясын қалдырған шын мәніндегі эпик. Табан асты тамаша сөз тапқыш ақпа-төкпе, нағыз профессионал импровизатор. Заманасы артқан ауыр жүгін елімен бірге арқалаған ғажап қайрат иесі.

Ақын 1843 жыл Қазақстанның батыс өлкесіне қарасты Қызылқоға жерінде, Қарабау жайлаған беріш елінде дүниеге келді.Әкесі Мөңке — өз еліне аты мәлім дәулетті адам. Тайсойған, Қарабау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының белді биі. Мұраттың әкесі ерте өліп, ол ағаларының қамқорлығында өмір кешіп, ер жетті. Кейінірек Мұрат елі жұтқа ұшырап, өзі адай ағайындарына барып, жан сақтаған.

Мұрат — өзі өмір сүрген дәуірінің перзенті. Өскен орта, жасаған заман, қай ақынға да болсын алтын бесік, ұшар ұя талант талғамын, өнер өрісін, шығар биігін белгілейтін негізгі факторлар.

Мұраттың ақындық ортасын сөз еткенде, оны өсірген қоғамдық құрылыс, әлеуметтік тұрмыс, туған ел жұртының салт-санасы, өмір құбылыстарын қарастыра зерттеу керек.

Ата-баба дәстүрі мен ата мекенде өмір сүру, кең жайлау мүмкіндігі құрып бітіпті. Ақынның заман өзгерістері туралы түйіні осындай. Бұл қорытындыны Мұрат терең толғаныспен жырлай білді. Айтар ойын ашық та анық, әсерлі де әсем өлең жолдарымен кестеледі. Ақын шығармалары мәңгілік көркем туындылар қатарында кең тарап, қанша қысым көрсе де, ұмытылмай ел аузында сақталды. Ақын шығармалары кіші-гірім жинақ ретінде 1924 жылы Ташкент қаласында “Мұрат ақын сөздері” деген атпен Халел Досмұхамедұлының бастыруымен жарық көрді.

Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Жақсы жерлерді тартып алып, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады.

Ақын қалдырған мұраларға көз салсақ, оның творчествосы кең арналы, сан-салалы білімді ақын тұрғысын танытарлық келеді. Оның шығармаларындағы негізгі сарын-таза халықтық әуен. Мазмұн жағынан бастан-аяқ ел мұңын, халық тірлігін көтерсе, түр, стиль жағынан фольклорлық сарынды сақтайды. Ақынның бала жастан алған тәлімі, көрген білгені, өмірден жіпке тізіп түйгендері-бәрі өзі өскен қазақтың қақ ортасынан тарамдалады. Бала жастан ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, халық ақындары қатарлы өсіп жетіледі. Халық творчествосы, ақындар поэзиясы болашақ ақынның талант көзін ашады.

Мұрат айтысқа тым ерте, 15-16 жастар шамасында түседі. Алғашқы айтыстары, басқа да көптеген дүниелері бізге түгел жеткен жоқ. Баспа бетін көріп жүргені тек бес-ақ айтыс: Жаскелең, Балаораз, Жантөле, Тыныштық, Ізім ақындармен айтыс, тіл қағыс, дидарласу сөздері. Осылардың ішіндегі ең мәндісі-Мұраттың Жантөлі қызбен айтысы. Бұл-екі ақынның әлеуметтік мәселені қозғаған жақсы диалогтары, өзінің тіл ұстарту үлгісімен де елеуге тұрарлық, ақындардың сөз тапқыш, ұтқыр, шешендіктерін таныта аларлық туынды.

Мұраттың Жантөлі қызбен айтысында Жантөлі Сара ақын сияқты күйеуінің кемтарлығы себепті Мұраттан жеңіледі.

Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Қайым өлеңдердің жолдарын қайыра қолданады. Өзінің жаңа ойын соған жалғай салады. Қайым айтыс формасы, көбінесе, әзілдесу, қалжыңдасу, пікірлесу ретіндегі диалогтар. Мұратпен айтысқандардың біразы айтыстың осы бір халықтық түрін ұнатқан сияқты.

Айтыс жанрындағы Мұраттың шығармалары – оның ақындық өнерге дағдылану жолын танытарлық және суырыпсалма ақпа жырау болғандығына куә боларлық туындылар.

Мұрат шежіре-тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген. Әсіресе, Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер, су мекені, атақты адамдары, шешен-жыраулары, тілінен бал тамған өнер иелері, ел қорғаған батырлары, бай-мырзалары, жақсы деген азаматтары – оның туындыларының алтын арқауы. Сыпыра, Асан, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз, т.б. тарихи адамдардың шығармалары бізге осы Мұраттың айтуы арқылы жеткен. Ескі ел тарихынан естіген, білген, түйгендерін шашау шығармай әсерлі де мәнді эпостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. Мұрат сөздерін ел-жұрты сүйсіне тыңдап, бірі көзіне жас алып қасірет шексе, екінші тобы, бойларын жиып, ертедегі ер азаматтары ісіне қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан Мұраттың шығармалары-өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтерген, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.

Мұраттың толғаулары мен дастандарына тоқталсақ, олар:”Үш қиян”, “Сарыарқа”, “Қазтуған”,”Өттің бір қапы дүние”-өзара байланысты, әуендес, мазмұндас, сарындас шығармалар. Мұнда қазақ халқының отаршылар тарапынан көрген ауыр зауалдары бейнеленді. Қысымға шыдамаған ел-жұрттың зар-шері, көңіл-күйі шертіледі. Халық басынан өткізген жұт жылдары сабақтаса суреттеледі.

Мұрат ақын шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі “Қарасай-Қази” жыры. Бұл – нағыз эпостық поэма. Орақ батыр мен оның балалары Қарасай, Қазилардың жалғасып жатқан батырлық дәстүрлерін ардақтайтын ерлік эпос. Жыр сюжеті шағын желіге құрылған. Ата жолын қуған ұлдардың перзенттік парыздарын өтей білулері, нағыз ел қорғандары мен арам ниет ездердің екіжүзділіктерін әшкерелейтін ұтымды оқиғалар, көркем көріністер жинақталған.

Мұраттың ақындық мұраларының құнды бір саласы, оның лирикалары-арнау, хат, сын-сұқбат, ақыл-нақыл сарындас туындылары. Бұл салаға жататындар, негізінен, ақын өмір сүрген кезеңнің шындығын, дәуір адамдарын, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттерін бейнелейді.

Мұраттың “Айжарыққа”, “Есенғали болысқа” , “Есентемір Тұрабай болысқа”, “Қарақожа болысқа” т. б. өлеңдері-қазақ еліндегі болыстық билікке, патшалық сайлауға наразылық ниетіндегі туындылар.

Мұрат шығармаларын тізбектей жіктеп, талдау соңында айтарымыз-оның тілге шешен, тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған кезінің шындығы кемде-кем. Кең тынысты эпик, нәзік жанды лирик, жүлде алған жүйрік, сан қырлы саңлақ.

 

Әдебиеттер

 

1.°óåçîâ Ì.Î. °äåáèåò òàðèõû (1927) æî¹àð¹û îºó –îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí. — À. 1991.

2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi. — À. 1907.

3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû. — À. 1994.

4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À. 1992.

5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ. ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

7.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А., 2000.