Ұлы Отан соғысы Өшпес ерлікке – мәңгі тағзым

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі, қайдан алсын кемеңгерді» І.Жансүгіров

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскерінің Фашистік Германияны жеңгеніне 71 жыл. Күннен күнге арамыздан келмес сапарға кетіп жатқан ардагерлеріміз үшін бұл мейрам да, сонау отты жылдарды еріксіз есіне түсіретін қасіретке толы күн деуге де болады. «Елу жылда — ел жаңа» деген даналық бар. Дегенмен, ел тарихы ешқашан өлмек емес. Тарихыңды білмей, кемел келешекке сену мүмкін емес. Сондықтан ақпараттанған заманда алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан ұрпақтың бойынан елжандылық, адамгершілік, имандылық қасиеттері табылса екен деймін.

Біздің бала көңіліміз осынау тәуелсіздіктің, бақытты күннің, кең байтақ жазиралы даланың батыр бабаларымыздың білегінің күшімен, қасық қанымен, ащы терімен келгенін біледі ме екен деген сұрақ мені мазалайды. Соңынан ерген ұрпақтың уайым-қайғысыз, береке-бірлікте өмір сүруіне нәсіп еткен ата-бабалардың еңбегі мен ерлігіне әрине қиянат жасау үлкен күнә. Сондықтан, бақыттың бал дәмін татқан менің замандастарым, достарым тарихымызды әсте естен шығармай, лайым тағзым етсе екен деймін. Өйткені «ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран емес пе?

Заңғар көкте шексіз сәулесін шашып алтын күн жарқырайды. Оның нұры тұла бойымды бақытқа бөлеп, арманым мен қиялыма қанат бітіреді. Бұл менің егемен елімнің бейбіт аспанындағы шуақты күн. Ала бұлттан ада зеңгір көк. Ал, оның астында бір құдықтан су ішіп, қасиетті топырағынан өскен астықты ас етіп 130-дан астам ұлттың өкілі бекем бірлікте өмір сүруде. Сағат сайын тотыдай таранған Астана, қарыштап дамыған қалалар. Жан-жақтан қызыға да, қызғана да көз тіккен өзге мемлекеттер. Ал жас Қазақстанның алдында алып мақсат. Ол — дамыған 30 елдің қатарына ену.

Қазақ елі талай тар жол тайғақ кешті. Тарих беттерін парақтасақ, халықтың қиын қыстау кезеңдерді бастан өткергенін көреміз. Алысқа бармай, сонау 74 жыл бұрын оты бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысының қасіретін миллиондаған адам тартты. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға шейін зұлмат соғыстың зардабын шекті. Және Кеңес әскерінің жеңіске жетуі үшін тек әскерилер ғана емес, тылдың тауқыметін тартқандар да үлкен үлес қосты. Ана баласын, бала әкесін, жас келіншектер күйеулерін от пен оқтың ортасына аттандырды. Өздері қақаған суық пен аптаған ыстықта күн демей, түн демей еңбек етті. Балалардың бал шақтары астық алқабында аш-жалаңаш күндермен өтсе, аналардың жанарларынан жас кетпеді, жүректерінде күдік пен үміт болды. Ұлтарақтай жер үшін ұлын берді. Жеңіс үшін батырлар жанын шүберекке түйіп, қан майдан даласында қаза тапты.

Мұндай жағдайды көз алдыңа елестету өте қиын. Көгілдір экран арқылы соғыс туралы кинолар мен жаңалықтарды көргенде тұла бойың түршігеді. Азан-қазан майдан. Төбеңде қаруын көздеп ұшып жүрген ұшақтар. Темір танкінің талқанын шығаратын пулеметтер. Түнде тұтқиылдан келген шабуылдар. Жердің миын шығарып, сау адамды мең-зең етіп тастайтын зеңбіректер. Майдандасыңның көз алдыңда қиналып жан тәсілім еткені. Міне, осының барлығын ардагерлер бастан кешті. Сол Екінші дүниежүзілік соғыста 55 миллионға жуық адам қаза тапқан. Оның ішінде 1 миллионнан астам қазақ бар. Бұл дегеніңіз, қаншама шаңырақ опырылып ортасына түсті.
Майдандаласында қан кешкен мыңдаған қарағандылықтардың көпшілігі де өз отбасына оралмады. Солардың арасынан 18 адам «Кеңес Одағының Батыры» атағына ие болды. Ол қазақтың қайталанбас батырлары – Н.Әбдіров, М.Мамыраев, Қ. Нұржанов, А.Дәулетбеков. Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 6587қарағандылық Кеңес Одағының орден медальдарымен марапатталған.
Қарағанды өңірінен Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар, 387-Перекоп атқыштар және Ленин орденді 310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы жасақталды. Сонымен қатар, қарағандылықтар партизандар қозғалысына да белсене араласып, қорғауда теңдесі жоқ ерлік көрсетті.
Бүгінде Қарағанды облысында 300- ден астам ғана ардагер қалыпты. Олар соғыстан кейін тоқырап, тозып қалған Отанның әлеуеті мен дәулетін көтеру үшін аянбай еңбек етті. Осыдан кейін ата-бабаларымызға құрмет көрсетпеу адамдығымызға, азаматтығымызға сын емеспе?! Жеңістің 70 жылдығында солардың барлығына шынайы мейірім мен құрмет танытсақ перзенттік парызымзды орындаймыз.
Қарағанды – Сұрыптау бекетінің ардақты тұлғаларын қазіргі буын естен шығармай, үлгі-өнеге етеді. Олар: Попова Нинель Григорьевна, Грецакова Татьяна Понкратовна, Дудаль Сергей Игнатьевич, Ермоленко Иван Терентьевич, Леонов Михаил Григорьевич, Степаненко Григорий Петрович, Чекомасова Валентина Григорьевна, Голубков Иван Матвеевич.
Ардагерлерді біздің мектебіміз тек 9 мамыр – Жеңіс күні ғана есіне алмайды, олар — жыл бойы өткізілетін іс-шараларымыздың құрметті қонақтары. Біз ардагерлердің үйлеріне баруға алдын ала дайындаламыз: мектепте жыл сайын көктемгі, күзгі жәрмеңкелер өткізіп, азық-түлік себеттерін жинап, өлеңдері мен әндер дайындап барамыз. «Бізді Жеңіс күнінде ғана еске алмайтыны өте қуантады. Кез келген уақытта көмек сұрауға болатын осындай жас азаматтардың бар екені жақсы», — дейді біздің Попова Нинель Григорьевна.
Бүгінде қатарлары сиреп қалған майдангерлерімізге күнде құрмет көрсетсек еш артық емес. Адам жаны жылылықты жақсы көреді. Сондықтан кешегі соғыс солдаты бүгінгі ардагердің әлеуметтік жағдайын ғана жақсартуға мән бермей, үйлеріне барып әңгімеселесіп, аулаларын тазалап, дүкеннен қажетті заттарын әкеп беріп, ардагерлерді бақытқа бөлей берсек деймін. Дәрігерлердің де көмегі оларға ауадай қажет. Күнде денсаулықтарын бақылап тұрса, ғанибет болар еді. Және де соғыста ерлік танытып, бейбіт күнді көре алмай кеткен аталарымыздың есімдері жазылған ескерткіштер мен мәңгілік алаудың маңын тазалап тұру да жастарға қиындық тудырмауы керек. Тіпті, кейбір ауылдарда ондай ескерткіштер жоқтың қасы. Немесе тақталарға жазылған есімдері өшіп қалған. Біз бұған қалайша немқұрайлы қараймыз?! Есімдеріөшпесін, ерліктері де елеусіз қалмасын деген ниетпен көмірлі қаламыздың дәл ортасында Нүркен Әбдіров батырымыздың ескерткіші бой түзеген. Қала жастары әрбір салтанатты мейрам сайын өздерінің батыр ағаларының бейнесін бетке алып, ескерткіш етегіне гүл шоқтарын қояды. Жыл өткен сайын аты аңызға айналған қаһарман жерлесіміздің рухы жасарып, ұрпақтарын жаңа жеңістерге жетелейді.
Ұлы Жеңістің 70жылдығы барлық мән-мағынасымен, аға ұрпақ өкілдеріне деген ризашылықпен, олардың ерліктерін қастерлеу мен құрметтеу тұрғысында, атына сай аталып өтті.
Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Өшпес ерліктің өнегесіне айналған ата-бабалар аман атына адал болайық. Сонда «күркіреп күндей өткен» Ұлы Отан соғысына қатысқан әр адамның есімі мен ерлігі ешқашан өшпек емес! Ендеше ел басына енді бұлт үйірілмесін!
Қолданылған әдебиет тізімі:
1. «Қазақ тілі мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту», № 2, 2006 жыл
2. «Орталық Қазақстан» газеті, № 21, 22, 2014 жыл
3. Әбжанов К. Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941 — 1945).// Алматы ақшамы.- 2000.- 5 мамыр.-2б.
4. Әшімов Б. Ел сенімі — ең қымбатың// Егемен Қазақстан.- 1997.- 31 шілде.- Б.4.
5. Деректер сыр шертеді Ұлан.- 1996.- 7 мамыр (N19).- Б.2.

Авторы: Жумабекова Айтбала Советбаевна