Жас балалардың педагогикалық мәселелері

Еліміздің егемендік алған уақыт ішінде жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы- патриотизм. Көп ұлтты Қазақстан үшін Отансүйгіштік сезімінің рухани саладағы тату- тәтті тірлік, азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттік материалдық негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар. Отансүйгіштік рух қазақ елін әлемдік өркениетті елдер көшіне қосып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден- бір күш.

Паитриотизм туралы идеялары кезінде өздерінің шығармаларында қазақ даласының ойшылдарыда (Әль- Фараби, Ж. Баласұғын, М. Қашқари), жыршы- жыраулары да (Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар Жырау,Махамбет, т.б.) айтқан болатын. Қазақ халқының табиғи түрдегі патриоттық тәлімнің қазақ жеріндегі жиі- жиі болып тұрған тарихи оқиғалардың қыр сырынан іздеген жөн.

Қазақтың ұлан- байтақ даласын біздің ата-бабаларымыз сан ғасыр «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» аман сақтап келді. Олардың құрып кету қаупі төніп тұрған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жауға қарсы тұруы нағыз шынайы Отансүйгіштік қасиет еді. Өз ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары – Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Алаш Орда қайраткерлері – М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов және тағы басқа зиялылардың нақты іс-әрекеттері мен шығармаларынан да байқауға болады.

Қазақ тарихын тұнғыш рет зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов Отансүйгіштік сезімнін қалыптасуы туралы: «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай («матрешка» сияқты бір сандықтың ішінде тағы бір сандық) мен, ең алдымен, өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртымды, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстарын, Ресей жұртын қадірлеймін», — деген екен.

Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдер ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы. «Батыр дегеніміз жауапкершілік кездер мен әскери жорықтарда жеке ерекше көзге түскен ержүрек, қаһарман адамдарға берілетін атақ. Ал батырлық жеке адамдарға тән патриоттық қасиет», — деп берілген анықтамаларды негізге ала отырып, батырлық, батыр, ер, ерлік және ұлттық жауынгерлік дәстүр, оның ерекшеліктеріне, ерлік тәрбиесіне педагогикалық түсініктеме берілді.

Академик М.К.Қозыбаев халқымыздың ерлік және жауынгерлік дәстүріне тоқтала келе: «Ер дегенде ең алдымен бізге Отан қорғаған сәтте жау шебін бұзып, қамал алған қайрат-жігер иесінің бейнесі оралады», — деп атап көрсетті. Яғни, ер, ар-намыс, азаматтық қасиетін үнемі жоғары ұстап, қажетті жерде қауып-қатерге өз басын тігіп, батыл іс-әрекетке бара алатын адам. Ердің іс-әрекеті бейбіт кезде де, соғыс кезінде де ел, жер мүддесі үшін қауып-қатерлі істерге, ерекше қимылдарға бару іс-әрекеті.

Ерлік тәрбиесі дегеніміз – ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі негізінде мектеп жасына дейінгі балалардың ерік-жігерін табандылық, батылдық қасиеттермен біреге ұлттық сана, парыз, намысын қалыптастыра отырып, Отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақтайтын жас ұрпақтың санасына жастайынан ата-бабаларымыз негізін салған ерлік, рухты ендіру. Көне түркілер көшпенділер тарихына, халқымыздың ер және жауынгерлік дәстүрлеріне шол жасағанда ерлік қасиеті әрбір жауынгерлерге тән болатынын көреміз. Әрбір жауынгерлерден батылдық, табандылық қасиеттерді талап еткендігі байқалады.

Талай ғасырды өткеріп, бізге жеткен батырлар жыры бүгінгі ұрпақтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда басты орын алады. Батырлар жырында мазмұны туған елін, жерін жаудан қорғау мен қатар ананың балаға махаббаты, сүйіспеншілігі, адамгершілік қасиеттер көрініс тапқан. Ата-бабаларымыз батырлардың қайсар қаһармандығын, ерлігін суреттей отырып, ұрпақ тәрбиесіне өшпес мұра қалдырып отырды. Алғаш халық мұрасына, салт-дәстүріне, ұлттық ерлік және жауынгерлік тәрбиесіне мән бере отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Өзінің «Қазақ хрестоматиясы» деген атпен үзінді енгізген. Қазақ халқы тек батырларын құрметтеп қоймаған, сонымен қатар батырлардың серігі астына мінген аттарының қасиеттерін дәріптерін.

Абай шығармаларын зерделеп қарайтын болсақ, жжастарды ерлік рухта, отансүйгіштікке баулып, ар-намысын, ождан, адамгершілік қасиет үшін күресуге шақырғанын байқаймыз. «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» Абай айтқан пайымдаулар халқымыздың тарихын, ғылыми негізге келтірген алғашқы қадамдардың бірі.Абай шығармалары туған елінің, жерінің тарихын зерттеп, оны жете түсінуді уағыздайды. Өзінің Отыз тоғызыншы қара сөзінде: «Арлылық, намыстық, табандылық- тәрбиенің жемісі» дейді. Адамның ең ұлы сезімін азаматтық парызын орындау үшін жоғарыда аталған мінезді игеру керек екенін Абай атап көрсетеді. Абай шығармаларынан қазақ халқаның өзіндік ішкі құрылымын және өзіндік қасиетін, бітімін көреміз.

Отан соғысында талай ерліктің куәсі болған Б. Момышұлы: «Патриотизм- Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман саулығын қоғамдық мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды, жеке адаммен, яғни өткенмен, бүгінгі күнмен және болашағы мен қарама- қатынасты білдіреді»,- деген. Міне осындай атадан- балаға жалғасып келе жатқан ұлттық әдет – ғұрып, салт- дәстүрлерді,оқу- тәрбие мазмұнына енгізі білсек, ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеуде, мектеп жасына дейінгі балалардың бойына Қазақстандық отансүйгіштік қалыптастыруда игі ықпалы мол.

Серикбаев Г. У. Жас балалардың педагогикалық мәселелері [Текст] / Г. У. Серикбаев, М. О. Амиров // Молодой ученый. — 2015. — №8.1. — С. 39-40.