Химиялық элементтердің даму тарихы

Жоспар:

  1. Химиялық элементтердің пайда болуы
  2. Химиялық элементтердің дамуына үлес қосқан ғалымдар

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

Негізгі және қосымша әдебиет

  1. Петров А.А., Бальян Х.В., Трощенко А.Т. Органикалық химия. М. ВШ., 1981ж.
  2. Грандберг И.И. Органическая химия. М.,1974г.
  3. Бірімжанов Б. Жалпы химия. Алматы: ҚазҰУ, 2001ж.
  4. Бірімжанов Б., Нұрахметов Н. Жалпы химия. Алматы: Ана тілі-1992ж.
  5. Ахметов Н.С. Общая и неорганическая химия. М.ВШ., 1988г.
  6. Усанович М.И. Из истории химии. Алматы: «Қазақ университеті»-2004ж
  7. Шоқыбаев Ж. Бейорганикалық және аналитикалық химия. Алматы: «Білім», 2003ж.

Лекция мәтіні:

Химиялық элемент дегеніміз-ядроларының заряды бірдей атомдар жинағы. Барлық жай және күрделі заттар осы элементтерден түзіледі.

Адамды айнала қоршаған түрлі заттардан неден тұрады, қандай бастапқы элементтерден құралады деген ой өте еррте заманнан ақ туған. Біздің жыл санауымыздан 15 ғасыр бұрын үнді философтары элементті материя деп қарамай, бастауыш рухани тектен туады деп санаған. Олардың “вед”, берірек заманында “упанишад” деп аталатын шығармаларында от, жер, су сияқты материялық заттар “тад экам”, “браман”, “атман” деп аталатын рухани тектерден, солар түрліше құдайлардың бейнесіне айналып барып, өзінен-өзі қызып өзгеруінен туады деген.

Грек философиясы натурфилософиялық тұрғыда болған, адамға тікелей әсер ететін дүниені түсіндіруге тырысқан.

Илиада мен Одиссеяда күллі дүние мұхиттан, судан жаралған деген пікірге кездесеміз. Грек философиясының негізгі элементтер-су, ауа, от және жер деуі, дүниенің негізгі материялық екендігін мойындаудан шыққан. Бірақ Аристотель бұл төрт элементке, материялық емес, бесінші элемент-квинтэссенция эфирді қосқан және оны ең бастысы деп санаған.

Орта ғасырларда, әсіресе Европада, Аристотельдің элемент жайындағы ілімі кең тарады, ол 2000 жылға жақын уақыт үстемдік етіп, алхимиктердің металдарды трансмутациялау (жай металды алтынға айналдыру) жұмыстарына теориялық негіз болды. Алхимия дәуірінде Аристотельдің элементтеріне тағы үш элемент қосылды: сынап- металдық қасиеттің, күкірт-жанғыштық пен бейметалдық қасиеттің, тұз-ерігіштік қасиеттің иелері. Кейбір алхимиктер-спирт, май, флегма сияқтыларды элементтер санына қосуды ұсынды.

17-ғасырдың орта шегінде химиялық өзгерістер жайында мәлімет көбейген сайын, элмент деген түсінікке ойша емес, эксперимент қорытындысына сүйеніп ғылыми анықтама беру керек деген пікірлер туды. Химияға “элемент” деген сөзді енгізіп, оған жаңа түсінік берген Р. Бойль (1661 жылы “Химик скептик” деген кітабында). Бойльдың пікірінше, элемент дегніміз қарапайым, өзінен басқа еш затпен қосылмаған, басқа барлық заттарды түзетін, күрделі заттар айрылғанда ақтығында шығатын зат. Бұл анықтама дұрыс болғанменен, ол кезде эксперимент жасаудың дәрежесі төмен болғандықтан, қай заттарды элементтер қатарына жатқызу керек екені анықталмаған.

18 ғасырда, химиялық тәжірибеде таразы жетекші орын алып, анализ бен минтез деген түсініктер ажырап, сапалық анализбен қатар, сандық анализ жасау күшейген кезде, элемент деген түсінікке Бойльдың берген анықтамасын дәлелдейтін эксперименталдық материалдар көбейді. Сөйтіп, бұрын күмәнді болып жүрген біраз заттар элемент қатарына кірді, жаңадан сутек, оттек, азот, хлор сияқты газ түрінде кездесетін элементтер табылды. Бұл жөнінде Лавуазье бірқатар еңбектер сіңірді. Лавуазье 1789 жылы жасаған химиялық элементтердің бірінші тізімінде 33 заттың аты бар. Ол тізімде жарық, жылу сияқты элемент еместер болды, әк, глинозем, кремнезм сияқты оксидтер және радикалдар да кірді, нақты элементтер 23 қана еді.

Химия тарихында ерекше табысты ғасыр, химияның теориялық негіздері-атом-молекулалық теория және элементтердің периодтық жүйесі ашылған ХІХ ғасырда химияда элемент жайындағы білім аса көбейді. Ескі заманнан және орта ғасырлардан белгілі заттардың қайсысы химиялық элемент екендігі анықталды. Бұл жөнінде химиялық элемент деген түсінік пен байланыстырудың үлкен маңызы болды. Ломоносовтың, әсіресе Дальтонның пікірінше әрбір химиялық элементке атомдардың нақтылы бір түрі сәйкес келеді, олардың өзіне тән салмағы болады. Атом және молекула деген түсініктерді ажыратып түсінумен байланысты, элемент және жай зат деген түсініктерді де ажыратып түсінуге мүмкіншілік туды. Атомдық массаны табудың әдістері жақсаруы, ақтығында Д.И. Менделеевтің периодтық жүйесінің өзі жаңа химиялық элементтерді ашуға зор мүмкіншіліктерді туғызды.

ХІХ ғасырдың басында белгілі химиялық элементтер саны 28 болса, Д.И. Менделеевтің заманында 63, ғасырдың аяғында 83 болды. Осы кезде 109 элемент белгілі.