Бастауыш мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін қалыптастырудың педагогикалық аспектілері

Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне енуі білім беру жүйесін реформалауды, яғни білім сапасын қазіргі талаптарға сай қамтамасыз ету мақсатында жетілдіруді қажет етеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің мақсаты жүйеленіп, дайын күйінде берілген білім, қабілет пен дағдыларды қайталаумен шектеліп қана қоймай, шығармашылықпен еңбектене білетін, тың жаңалықтар ашуға қабілетті, өзіндік ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Сондықтан Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында (2007 ж.) білім беру жүйесінің міндеті – «жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, … даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту» ретінде белгіленген [1]. Бұл, өз кезегінде, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мен дамытудың анағұрлым тиімді жолдары мен әдістерін іздестірудің маңызды мәселе екендігін дәлелдейді. Осыған байланысты бейнелеу өнерінің мол мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызы өте зор.

Жалпы орта білім беру жүйесіндегі бастауыш мектеп оқушысының тұлғасы мен санасының дамуы қарқынды жүретін, ерекше құнды да қайталанбас кезең. Сондықтан бала бойындағы қабілетті осы бастапқы кезеңде ашу – оқушының шығармашылық бағытта дамуына жете мән беру болып табылады. Мұны біртұтас педагогикалық процестегі оқытуды ұйымдастыруға тұжырымдамалық жаңа тұрғыдан келу негізінде шешуге болады.

Қазіргі таңда оқушылардың шығармашылық білімін қамтамасыз ету, оның ғылыми деңгейін арттыру, тұтастай алғанда оқушылардың жан-жақты танымдық әрекетіне тән дағдыларды қалыптастыру міндеті мектептерге қойылатын талаптардың бірі болып отыр. Әлемдік ғылымда табиғатқа, қоғамға және адам ойының дамуына ғылыми көзқарас бірнеше ғылымдардың өзара байланысы шеңберінде білімдер жиынтығы негізінде қалыптасады. Ал, шынайы ғылыми жүйеден туындаған білім барлық өмірлік, қоғамдық құбылыстарды дұрыс танып білуге мүмкіндік беретін әртүрлі пәндердің қосындысынан құралады. Сондықтан оқу жоспарындағы барлық пәндер осы білім жүйесін қалыптастыруға бағытталған жағдайда ғана оқыту үдерісі тиімді деңгейге көтеріле алады.

Проблеманың философиялық, психологиялық, педагогикалық аспектісін анықтау арқылы жалпы оқушылардың шығармашылық қабілетін қалыптастыру мәселесін зерттеу қазіргі дидактиканың маңызды бағыты болып саналады. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде білім, қабілет, дағдыларды меңгертіп қана қоймай, сонымен қатар шығармашылық ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Бұл оқушылардың шығармашылық қабілетін қалыптастырудың маңызды мәселе екендігін дәлелдейді.

Арнайы әдебиеттерде «шығармашылық» ұғымына әртүрлі анықтамалар берілген. Мысалы, С.И. Ожеговтың сөздігінде «Шығармашылық — жаңа материалдық және мәдени құндылықтардың өмірге келуі» деген анықтама беріледі. Ал, энциклопедиялық сөздікте «Шығармашылық – адамның іс-әрекетіндегі өз бетінше жұмыс жасау мен белсенділіктің ең жоғары формасы. Бұл қандай да бір нәрсені өзгерту, жетілдіру, жаңасын ойлап табу, түпнұсқасын шығаруға деген қажеттілік» делінген. С.Л.Рубинштейн «…шығармашылық деп нәтижесінде жаңа түпнұсқалық және әлеуметтік құнды өнім дайындалатын іс-әрекет аталады», — дейді. Б.Д. Эльконин шығармашылыққа мынадай анықтама береді: «Шығармашылық – бұл ерекше тұрғыдағы жасампаздық, жаңадан жасалған нәрсе, бұрынғы нәрселердің механикалық қайталануы емес, ол өзінің сонылығымен, біртумалығымен ерекшеленетін болса, өзін-өзі куәлендіретін, дәлелдейтін болса, онда бұл нәрсені туғызған шығармашылық акт туралы сөз қозғауға болады» [2].

Жалпы, оқушылардың «шығармашылық іс- әрекеті», «шығармашылық қабілеті» ғылыми –педагогикалық, психологиялық мәселе ретінде едәуір зерттелген. Оқушылардың бойында «шығармашылық іс-әрекет тәжірибесін» қалыптастыру туралы И.Я. Лернердің еңбектерінде қарастырылған. Ал, В.В.Давыдовтың пікірінше: «… жеке тұлға негізінде шығармашылық бастау жатыр, жеке тұлғаның маңызы оның жасамапаздыққа мұқтаждығына және қабілеттілігіне байланысты» [3].

В.А. Кан-Каликтің пікірінше, шығармашылық өзін-өзі дамыту үрдісі тұлғаның барлық аймағын қамтиды және интеллектуалдық, эмоциялық қажеттіліктерді қанағаттандырады, ең бастысы, бұл – өзін-өзі дамыту үрдісі қашан да жаңа деңгейге көтеріледі, яғни шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау, өзін-өзі басқару, өзін-өзі жетілідіру, өзін-өзі жүзеге асыру және т.б. барлық өзіндік үрдістерді жеделдетеді.

Қ. Ералин бейнелеу өнері шығармашылығын «графика, кескіндеме мүсін туындыларын немесе сәндік бұйымдарын жобалау мен жасауға бағытталған іс-әрекеттер жүйесі» деп анықтаған. Ол шығармашылық қызметтінің негізі бейнелеу сауаттылығын меңгеру болып табылатындығын көрсеткен. Шығармашылық қабілетті дамытуды жоспарлы жүргізуге көңіл бөлген.

Сонымен, ғалымдардың шығармашылыққа берген түсініктемелерін талдау негізінде біз шығармашылықтың мәніне мынадай анықтама береміз: шығармашылық – бұл жеке тұлғаның қойылған міндеттерді шешуде немесе бір нәрсені жетілдіруде белсенділік пен дербестік таныта отырып, өмірде болмаған тың жаңалықтарды туындататын мақсатты іс-әрекеті.

Бастауыш мектепте оқытудың басты ерекшелігі — оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру, оларды қоршаған ортаның әсемдігін өнер түрлері арқылы түсіне білуге тәрбиелеу.

Жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие үдерісінің шығармашылық негізде ұйымдастырылуы, оның бір арнаға тоғысуы, адамның интеллектуалдық өрісін байытумен бірге, бүкіл адамзаттық құндылықтар көзінің де бірлігін, жалпы ақиқат дүниенің біртұтас жүйе екендігі туралы ғылыми көзқарастың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру, жеке пәндер арасындағы ортақ ұғымдарды, заңдылықтарды бір-бірімен өзара байланыстылықта қарастыру, оқушылардың танымдық, ізденушілік, шығармашылық қабілеттерін, іс-әрекеттерін дамыту, алған білімдерін жинақтау, тәжірибеде қолдана білуге үйрету және т.б. мәселелер дидактикалық тұрғыдан шешуді қажет етеді.

Осы орайда жалпы білім мектептің және бастауыш мектептің оқу-тәрбие үдеріс негізінде ұйымдастырылуы, оның бір арнаға тоғысуы, адамның интеллектуалдық өрісін байытумен бірге, бүкіл адамзаттық құндылықтар көзінің де бірлігін, жалпы ақиқат дүниенің біртұтас жүйе екендігі туралы ғылыми көзқарстың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру, жеке пәндер арасындағы ортақ ұғымдарды, заңдылықтарды бір-бірімен өзара байланыста қарастыру, оқушылардың танымдық, ізденушілік, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, алған білімдерін жинақтау, тәжірибеде қолдана білуге үйрету мәселелері дидактикалық тұрғыдан шешуді қажет етеді.

Білім беру қазіргі ғылымның, мәдениеттің, ғылыми- техникалық прогрестің даму деңгейіне сай болуы керек. Жалпы білім мазмұны ғылымдардың өзара байланысына, өндіріс пен қоғамдық дамудың жаңару үдерісіне тікелей ықпал жасайды.

Халқымыздың ардақты ұлдары-өз елін прогресс жолымен алға қарай бастаған Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин сол дәуірде қазақ даласына мәдениеттің, білімнің қажеттігін дәріптеген[4].

Қазіргі кезеңдегі өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесі мәселесінің философиялық аспектілері Ғ.Ғ.Ақмамбетов [5], Ж.М.Әбділдин, М.Баймаханов, психологиялық –педагогикалық тұрғыдан С. Қалиев [6], Б.Р.Айтмамбетова , Қ.Б.Жарықбаев, Қ.Қ.Жанпейісова, Р.М.Қоянбаев, Л.К.Керимов [7], және т.б. еңбектерінде қарастырылды.

Әлемдік ғылымда табиғатқа, қоғамға және адам ойының дамуына ғылыми көзқарас бірнеше ондаған ғылымдардың өзара байланысы шеңберінде білімдер жиынтығы негізінде қалыптасады, ал шынайы ғылыми жүйеден туындаған білім барлық өмірлік, қоғамдық құбылыстарды дұрыс танып білуге мүмкіндік беретін әртүрлі пәндердің қосындысынан құралады. Сондықтан оқу жоспарындағы барлық пәндер осы білім жүйесін қалыптастыруға бағытталған жағдайда ғана оқыту үдерісі тиімді деңгейге көтеріле алады.

Бастауыш мектепте оқытудың басты міндеттерінің бірі — оларды қоршаған ортаның әсемдігін өнер түрлері арқылы түсіне білуге тәрбиелеу. Аталмыш бағытта бейнелеу өнері пәнін басқа пәндермен тығыз байланыста өткізу үшін бастауыш сынып мұғалімінің пәнаралық байланысты жүзеге асыру мүмкіндігі мол.

Педагогика ғылымында қалыптасқан идеялардың даму тарихында Батыс Еуропадағы педагогикалық идеялар мен тұжырымдардың бастауында жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесі педагогика ғылымының күрделі мәселелеріне жатқызылады. Олар келешек ұрпаққа білім беруде табиғат құбылыстарының өзара байланысы жөніндегі көзқарастарын, дүниетанымын дұрыс қалыптастыру керек екендігіне баса назар аударған.

Қазіргі таңдағы білім беру ғылымның, мәдениеттің, ғылыми — техникалық прогрестің даму деңгейіне сай болуы қажет. Бастауыш мектеп оқушыларына шығармашылық білім мен тәрбие берудің негізгі міндеттері:

— оқушылардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру;

— бастауыш мектеп мұғалімінің жүргізетін педагогикалық іс-әрекетін ғылыми негізде ұтымды ұйымдастыру;

— бейнелеу өнері сабағында ортақ жетекші ұғымдар мен қағидалар, шығармашылық әрекеттер, оқушыларда дұрыс, кең, әрі қажетті дүниетанымдық білімдер мен көзқарастарды дамыту.

Осы заманғы әлемде ұлттық бірлік ортақ мемлекетті бірлесіп құру, толеранттылық, азаматтық және осы елдің мемлекеттік тілін міндетті түрде білу сияқты шарттармен анықталады. Қазіргі уақытта білімді тәжірибеде пайдалана білетін, көпшілікпен араласа алатын, ішкі мәдениеті, ойлау және сезіну қабілеті бар адамды дайындау керек.

Резюме

На научной основе эффективная организация педагогической деятельности учителя при развитии познавательных взглядов,формируя творческуюактивность учащихся на уроке изобразительного искусства в начальной школе.

Summary

Scientific basisforeffective organization jf a teacher s work in the development of the cognitive views,forming the creative activity of students in the classroom of fine arts in elementary school.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Ералин Қ.Е., Халмұратов Ж. Қазақстан бейнелеу өнерінің шеберлері. -Алматы, 1997.
  2. Кемешев Д.Ә. Бейнелеу өнері сабақтарында оқушыларды шығармашылыққа баулу. -Шымкент: Нұрлы бейне, 2007 ж . – 47 б.
  3. Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын тану. -Алматы: Мектеп, 1975.
  4. Байжігітов Б.К. Өнер тарихы мен теориясы: Оқу құралы –Алматы: АлМУ, 1999.
  5. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының тоериялық негіздері мен тарихы: оқу құралы. — Алматы: Рауан, 1998.
  6. Айтмамбетова Б.Р. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері.-А.,1991.
  7. Аманжолов С.А.Бейнелеу өнерін бастауышта оқыту: оқулық. -Астана,2000. -155 б.