Студенттердің тұлғалық дамуына ұмтылысын жүзеге асырудағы «өзін-өзі тану» пәнінің рөлі

Жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту – «Өзін-өзі тануға» негізгі рухани жол болып табылады. Сара Алпысқызы

Оқыту жастарға білім беріп қана қоймай, оларды қолдана біліуге үйретуі тиіс. Ол білім беруді дамыту векторы адам мен адамзаттың толыққанды өмір сүруінің басты шарты ретінде алынған руханилықпен анықталатын өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік-рухани тәрбие беру. Оқытудың тәрбиелік компонентін күшейту маңызды.

«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында қазақстандықтардың ортақ тағдыры мен еліміздің бейбітшілік пен прогресс жолында даму перспективаларын анықтайтын басты құндылықтар көрініс тапқан. Осы стратегиялық маңызды құжатта «Мәңгілік ел» – жалпыұлттық идеясы ұсынылды.

Халқымыздың осы мәңгі рухани құндылықтарды бағалай білуі және бүкіл өміріне ұстаным етіп алуы мемлекетіміздің шынайы қуатын, оның азаматтарының бақытты тағдырын анықтайды.

Өзін-өзі тану пәні адамның өзін-өзі тануына, өзінің ең жақсы қасиеттерін анықтауға, өз ар-ұжданын сақтап, әрқашанда АДАМ деген атқа лайық болуына ықпал етеді[1]. Бұл құндылықтар барлық оқу орындарында, олардың меншік түріне қарамастан, игерілуі тиіс (оған дәлел бүгінгі таңдағы пәннің 3деңгейлі бағдарламасы:Рухани-адамгершілік білімнің қазіргі әлемдегі басымдылығы. Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының тарихи негіздері.Замануи білім кеңістігің ізгілендірудің жана тәсілдемелері.Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім бағдарламасының психологиялық-педагогикалық негіздері.Өзін-өзі тану пәні мен басқа пәндердің интеграциясы.Сабақтан тыс іс-әрекет арқылы өзін-өзі тану пәні мен рухани-адамгершілік білім бағдарламасын жүзеге асыру.Өзін-өзі танудың оқытудың аксиологиялық аспектілері. Ақиқат өзін-өзі танудың мақсаты.Сүйіспеншілік — өзін-өзі танудың негізін қалаушы құндылық. Дұрыс әрекет тәжірибесі – өмір негізі. Ішкі тыныштық және қиянат жасамау – тұлғаның үйлесімді дамуының нәтижесі.Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білім бағдарламасының мұғалімнің рөлі. Шынайы қошбасшысыға тән адамгершілік қасиеттер. Өзін-өзі тану сабақтарындағы жағымды ойлаудың рөлі. Өзін-өзі тану сабақтарындағы ән айту және музыка. Әңгімелесу әдісі — студенттерді терең рухани-адамгершілік әңгімелерге тарту тәсілі.

Ал, С.Алпысқызы «Өмір әдебі» атты кітабында былай деген Бір минутқа да күмәнданбаймын: осы бір болмыстың мәңгілік сұрақтарына (Мен кіммін? Менің өмірдегі мақсатым не? Қазіргі сәтте қалайша толық өмір сүре аламын? Өзімнің ішкі «Менімді» қалай тани аламын?) жауап беру үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғырту керек, өзіңнің бастауыңа оралуың қажет [2].

Бүгінгі таңда көтеріліп отырған «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білімінің түп тамыры тереңде жатыр. Мыс.: Дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту,

Ең қиын нәрсе – өзіңді-өзің түсіну. Әл-Фараби

Кімде-кім өзін-өзі тани білсе, ол өзінің не істей алатынын және не істей алмайтынын түсіне біледі. Ол – халқымыздың ұлттық құндылықтарынан, рухани мұраларынан, тағылымдық ой-толғауларынан бастау алады. «Өзін-өзі тану» пәні бастауы бұрыннан болған, біздің арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан жақсы дәстүрлеріміздің жалғасы іспеттес деуге болады.

Өзін-өзі тану пәні күні бүгінде өмірдің өз сұранысы, қоғам қажеттілігімен туындайтын ізгілік пен игіліктің жарқын көрінісі болып отыр. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адам, өзін-өзі қадағалап, сынап, өзін-өзі тәрбиелеуге, өмірден өз орнын, өз бақытын табуға ұмтылады. Мыс.:Өзін-өзі тану– барлық даналықтың бастауы. И. Кан , Г.Э.Лессинг өзін-өзі тану– даналықтың өзегі деген. Ал, адам үшін аса маңызды заттар, құбылыстар, қасиеттер, жай-күйлерді құндылықтар деп аталынады. Ол үшін жас ұрпаққа «құндылық» деген ұғымның мәнін терең түсіндіре білуіміз керек.

Құндылықтар туралы мәселені алғаш рет Сократ көтерді және өз философиясының негізі етіп алды, және оны игілік тұрғысында қарастырды. Ойшыл Сократ: «Өзгені тану үшін өзіңді-өзің таны» деген болатын, қазіргі біздің «Өзін-өзі тану» пәні Сократ ілімінің үйлесімді жалғасы іспеттес.

ХХ ғасырдың 80-90 жылдарында педагогикада жалпыадамзаттық құндылықтарды білім мазмұнына мақсатты түрді енгізу мәселесін И.Я. Лернер, В. Оконь, Л.Я. Зорина және т.б. қарастырған.

«Құндылық» категориясын зерттейтін жалпы философия саласы болып табылады. «Құндылық» категориясы қоғамдық санада берік бекіген адами, әлеуметтік және мәдени мәні жоғары өмір құбылыстары туралы ұғымдарды біріктіреді. Ал ол құндылықтарды әрбір адам өздігінен жүргізетін жұмыстары нәтижесінде ғана «иелене алады». Көп жағдайда сыртқы әлеуметтік әрекет құрылымын меңгеру арқылы жүзеге асатын мұндай «иеленудің» негізгі механизмі ретінде интериоризация (адам психикасының ішкі құрылымын қалыптастыру процесі) деп аталады.

«Өзін-өзі тану» пәнінің мақсаты – болашақ мамандардың ізгілікті дүниетанымын дамыту, олардың ішкі потенциалының қабілетін. Оқу материалдары жүйеленіп беріледі.

Жоғарыда аталған тақырыптар «Өзін-өзі тану» үдерісінің түйінді бағыты болып табылады, өйткені адам туралы пән. Адам болып өмірге келу аз, сол адамға лайық өмір сүру қажет. Сондықтан да «өзін-өзі тану» пәні мұғалімінің кәсіби міндеті – Адам болу [3].

Бүгінгі таңда құндылықтарға бағытталған материалдарды білім берудің базалық мазмұнына енгізу мәселесі рухани-адамгершілік және жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғыртуға байланысты өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан Т.И. Петракова құндылықтар жүйесінің жіктемесін өз зерттеуінде құндылықтарды үш түрге бөліп қарастырған:

Табиғи құндылықтар – бұл адамның табиғи күші мен жан-дүниесінің қабілетілігі құндылықтары: яғни ақыл-ой, сезім, күш-жігер (ақылдың айқындығы, ойдың ұшқырлығы, сезімнің тазалығы, естің сенімділігі, күш-жігердің қайраттылығы).

Жүре пайда болған құндылықтар – бұл адамның интеллектуалды және адамгершілік тұрғыдан дамуы барысында меңгерген құндылықтар (әдептілік, сыпайылық, сыйластық, жанашырлық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, сабырлылық және т.б.)

Абсолюттік жалпыадамзаттық құндылықтар – ол уақытқа бағынбайтын, ешқандай ортамен, қоғаммен шектелмейтін, бүкіл адамзат үшін маңызы зор құндылықтар.

Мәңгілік (абсолюттік) жалпыадамзаттық құндылықтар тұлғаға рухани-адамгершілік білім берудің негізгі өзегі болып табылады. Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар табиғи және жүре пайда болған құндылықтарды да қамтиды. Өйткені жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан алғанда олар адами қасиеттер болып табылады. Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар адам бойына тумысынан берілген сый және олар адамның рухани дамуының барлық кезеңіне нәр болады. Барлық жалпыадамзаттық құндылықтар – бір адамдықтың қыры:

Ақиқат құндылығы – интеллектуалды аспекті;

Қиянат жасамау құндылығы – рухани аспекті;

Сүйіспеншілік құндылығы – адамгершілік аспекті;

Ішкі тыныштық құндылығы – эмоциялық аспекті;

Дұрыс әрекет құндылығы – физикалық аспекті.

Сондықтан, Ақиқат, Дұрыс әрекет, Тыныштық, Сүйіспеншілік, Қиянат жасамау сияқты адамгершілік құндылықтарды жете түсінгісі келетін кез келген адам, осы құндылықтарды іс жүзінде қолданып, оларды адал ниетпен және ақ пейілмен таратса, сол адамды нағыз білімді адам деп атауға болады.

Жалпы аталған құндылықтар адамның ұлтына, нәсіліне, тұратын ортасына және діни, мәдени тиістілігіне байланыссыз және уақытпен шектелмейді. Олар адам руханияты мен мәдениетінің бірыңғай негізін құрайды.

Бүгінгі таңда «Өзін-өзі тану» сабақтарының технологиясы мен жүргізу әдістемесі бар. Онда: сабақтың мақсаты мен міндеттері көрсетіледі және оның құрылымы (ұйымдастыру кезеңі, тыныштық сәті, үй тапсырмасын тексеру, дәйексөз, әңгімелесу, шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс, топпен ән айту, соңғы тыныштық сәті).

Әр сабақты міндетті түрде тыныштық сәтiнен бастаймыз. Олар тақырыпқа сай дайындалады. Бұл тәсілді пайдалану төмендегі мақсаттарды көздейді: студенттердің әуенге қызығушылығы артып, олар әуенді түсіне бастайды. Тыңдау үшін біз көбіне тәжірибемізде классикалық немесе халық әуендерін қолданамыз. Ал, тыңдау барысында: көзді жұмып, сабырлы қалыпта әуенді тыңдау керектігін түсіндіру қажет. Әуен олардың жүйке жүйесін тыныштандырады, бір обьектіге назарын аударады (әуен мен түстің белгілі қатынасын анықтау мақсатында қызықты тәжірибе жасадық студенттерге әуенді түрлі түсті бейнеде тыңдауды ұсындық), денесін босаң күйге келтіреді, ішкі дүниесін үйлесімді етеді. Жалпы сабақта әуен арқылы жағымды күйге келудің тиімділігі зор.

Төменде біз мысал ретінде тыныштық сәттін «Су асты патшалығына» атты ойша саяхат жасаудың мәтінін беріп отырмыз. Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Тренер: Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз; денеңізді босатыңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз. Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шылпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз. Жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз: ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жәндік, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап, жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасында жайланып отырып, өзіңді қауіпсіз сезіну, су астында жүзу қандай керемет. Жан-жағыңызға қараңыз: мұнда кемпірқосақ тәрізді арлы-берлі жарқырай қалқыған әсем балықтар қаншама. Теңіз түбіне бойлаған сайын айнала қалайша өзгереді, суда тербелген қаншама ғажайып балдырлар. Қараңызшы, қандай орасан зор балықтар, ал енді анау жаққа көз тастаңыз… бұл орасан зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңыз ба? Мұнда неткен тұңғиық, толық тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз.(тренер бірнеше секунд үнсіз қалады). Ал қазір жоғарыға, өз әлемімізге кері қайтуға дайындалыңыз. Айналаға жіті қараңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Осындай тыныштық сізге самалдай әсер береді. Енді дельфин кері қарай жолға шықты. Сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажап саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңіз. Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көзіңізді ашыңыз, осы түйсінген тыныштықты өз бойыңызда сақтауға тырысыңыз. Жәймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.

Жалпы адамзаттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін әрбір тәрбиеші-ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең біліп, тебірене іс-қимыл жасауға, өркениетті өмірмен байланыстырып, тәлім-тәрбиеге пайдалана білуге халық алдында борышты.

Барлық білім беру мекемелерінде осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіруді қамтамасыз етуге арналған үлгілі кешенді жоспар жасалуы тиіс деген Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев. Біздің жастарға бұл ауадай қажет. «Өзін-өзі тану» пәні арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытуда, яғни «әр сөзді жүректен өткізіп, кішкентай жүрекке жол тауып, жеткізуде» педагог мамандарға жүктелер жауапкершілікте зор болмақ.

Уақыты өтіп, келмеске кетіп бара жатқан технократизм заманымен басталып жатқан Жүрек пен Рухани заманының тоғысында мәртебелі рухани және адамгершілік құндылықтар жаңғыруда, құндылықтарды саралау жүзеге асуда, білім саласы жаңарып, руханилық, гуманизация және гуманитаризация жағына, тұлғаны дамытуға арналған жүйелерді іздеуге бет бұрудамыз. Жалпыадамзаттық құндылықтар барлық адами қасиеттердің өзегі болып табылады және «Өзін-өзін тану» – білім беру үдерісінде тұтастық пен адамдықты, рухтылықты қамтамасыз ететін мета пән болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық модернизациялау Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауынан, Астана қ., 27 қаңтар 2012 жыл

2. Назарбаева С.А. Өмір әдебі. Алматы. 2001. – 96 б.

3. Мукажанова Р.А., Омарова Г.А. «Методика преподавания дисциплины «Самопознание» в школе». Учебно-методическое пособие для учителей, Алматы: ННПООЦ «Бөбек», 2013.

Успанова З. У. Студенттердің тұлғалық дамуына ұмтылысын жүзеге асырудағы «өзін-өзі тану» пәнінің рөлі [Текст] / З. У. Успанова // Молодой ученый. — 2015. — №8.2. — С. 36-38.