Мектеп оқушыларының ептілік және іскерлік қабілеттерін қалыптастырудың негізгі ерекшеліктері

Қазақстан Республикасының алдында тұрған әлеуметтік экономикалық міндеттердің аса күрделілігіне қарамастан, оның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуының сипаты, халықтың рухани дамуы, саяси-экономикалық сауаттылығы, адами тұрғыдан салт-санасының өсіп өркендеуі, дүниетанымдық көзқарасы, жастар арасындағы тәрбие мен білім беруге байланысты болып отыр.

Қашаннан ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде білім беру жүйесіндегі өлшеусіз өзгерістер елімізде өтіп жатқан реформалармен ғылыми техникалық прогрестің дамуының алғы шарттарының бірі. Оның үстіне бүкіл әлемдік білім беру кеңістігіне ену мақсатында қазіргі таңда Қазақстан Республикасында білім берудің жаңаша жүйесі құрылып, үкімет алдында тұрған ең жауапты міндеттердің бірі ретінде қарастырылуда.

Қойылған міндеттер оқу — тәрбие үдерісіндегі білім беру қызметінде жаңаша қарауды, қол жеткізген табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуды және мұғалім іс әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді.

Өйткені, бүгінгі білімді ұрпақ тек қана біздің өмірдің тікелей жалғастырушысы өкілі ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Ал қоғам қашанда дарынды, қабілетті адамдарға мұқтаж. Бүгінгі таңда кез келген мамандық атаулының барлығы біліктілікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметі үйлесімді оқушының шығармашылық мүмкіндіктеріне орай дамыта білуді қажет етеді.

Жалпы адам бойындағы ептілік — адам бойындағы қабілетті дамытып, олардың өшуіне жол бермеу, адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі танытуына көмектеседі.

Кез-келген тарихи кезеңде өмір сүріп отырған мемлекеттің өзіне тән білім беру жүйесі болады.Білім беру тұжырымдамасында ұсынылып отырған жүйенің қазіргі және белгіленген мерзімде жүзеге асатын, мүмкін болатын құрамалары айқын белгіленген.

Бүгінгі Егеменді Қазақстан мемлекеті, өркениетті қуатты дамушы 30 елдің қатарына қосылу үшін әлемдік деңгейдегі білім кеңістігінен орын алуға ұмтылыс жасауда. Кезінде ұлы ағартушы-педагог Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай, әм күшті болуымыз керек. Білімді болуға ұмтылу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек деп сара жол сілтеді. Бүгінгі таңда, өскелең жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің тиімді нұсқаларын әр түрлі жас мөлшеріндегі балаларға мақсатты түрде қоя білудің ізгілік жолдарын қарастыруымыз керек. Мұнсыз оқушылардың білімін жетілдіру жағы жемісті бола бермейді деп өз еңбегінде атап өтеді [1].

Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің пікірінше, педагогикалық жұмыстағы ең шешуші нәрсе: мұғалімнің ең жақсы оқыту әдістерін таба білуінде, балалармен дұрыс тіл табыса білуінде. «Үлгілі жолға қойылған, дұрыс тәртібі бар жаңа типті мектеп, оқушыларды қызықтырып, оларды мәдениетке, жұмысқа және айналасын, өз ортасын тануға, ой еңбегін үйретуге тиіссің,- деп атап көрсетеді [2].

Ы.Алтынсариннің негізгі идеясы бүгінгі күннің негізгі талаптарына сай келеді емес пе ? Бүгінде ел аумағында орналасқан барлық мектеп оқушыларын өз білімін ғылыми тұрғыдан шығармашылықпен ұштастыруға толықтай мүмкіншіліктер жасалуда. Ол үшін тек қана мектеп оқушыларына бүгінігі қоғам талаптарына сай білім беруде жаңашыл ұстаз болуға ұмтылу қажет. Дегенмен, мектеп оқушыларының ептілік қабілеттері мен іскерлік қабілеттерін қалыптастырудың психологиялық, педагогикалық ерекшеліктері туралы шетелдік ғалымдармен ресейлік ғалымдар көптеген зерттеулер жүргізгені белгілі. Ол ғалымдардың зерттеу жұмыстарын басшылыққа ала отырып әрбір мектеп мұғалімдері өздерінің күнделікті сабақтарында оқушылардың сабаққа қызығушылықтарын байқай біліп, оқушы белсенділіктерін артырудың жолдарын қарастыруда.

Психологтардың зерттеуі бойынша әрбір балалардың жас кезеңінде шығармашылыққа баулуға өзек болардай өзіндік ерекше қабілет, ептілік, бейімділік болуы керек дейді.

Қабілеттілік – оқушының жеке психологиялық ерекшелігі. Ол жалаңбілім мен дағды емес, соны тез игеру жолындағы табандылығы. Ол адам бойындағы жақсы қасиеттердіңжиынтығы. Өзбек ғұламасы Әлішер Науаи өзінің „Ғажайып мәжілістері“ атты еңбегінде адам тек рухани қабілеттіліктен туады. Оның негізі еңбек деп тұжырымдады.

Баланың қабілетін дамыту мәселесі өзінің тамырын адамзат тарихының тереңінен алады. „Қабілет“ ұғымын ғылымға алғашқы рет енгізген Платонның да, оның ізбасарларыныңда бұл ұғым жайлы түсініктері таптық көзқарастарға негізделген болатын. Олар адам туғаннан бастап, бірі басқарушылар, бірі жауынгер, бірі жер иеленушілер болып туады дегенді уағыздады. Қабілеттерге байланысты адамдар арасындағы теңсіздік осы кездерден басаталса керек. Ал Платонның шәкірті Аристотель қабілеттерді адамның ішкі ашылмаған мүмкіндіктері деп қарастырған [3].

Ежелгі грек ғалымы және философы Сократ бала бойында болатын қабілеттерге ерекше мән берген. Ол өз оқушыларың қабілеттерінің дамуына үнемі қамқорлық жасап отырғандығын оларға ешқандай дайын ұсыныстар бермей, “ақиқатқа жетуді“ өздеріне тапсырғанын байқауға болады. Бұл әдіс „Сократтық„ әдісі деп аталған.

Іскерлік-бұл адамның бұрындағы алған тәжірибесі негізінде қандай да бір іс-әрекетті орындай білуге деген қабілеттілігі. Іскерлікептілік дағдымен тығыз байланысты. Дағды меңгерудің ең жоғары өлшемінің сипатталатын әрекет. Дағдылар мен ептілікті қалыптастыру жаттығу арқылы жүзеге асырылып отырылады. Ептілікті қалыптастырудағы негізгі жол- бұл адамның қабілетін дамыту. Ішкі және сыртқы (айналадағы) байланыстарды қалыптастыру.

Көптеген психологтар оқушылардың жасы өскен сайын жүйке жүйесінің мүмкіндіктері кеңейіп, қалыптасып отыратындығын, бірақ оқушының дамуы үшін ең қажетті, құнды қасиеттерінің біртіндеп жоғалып отыратындығымен түсіндіре келе, бала қабілетінің дамуы үшін ең қымбатты кезеңді, тиімді пайдаланып қалуға асығу керектігін ескертеді [4].

Балалық кезде ерекше көзге түсетін бейімділіктің келешектегі олардың қабілетінің көрсеткіші екенін ескеріп, оқушының бейімділігін дер кезінде көре біліп, соған сәйкес келетін қабілеттерді дамыту біздің міндетті борышымыз екенін ұмытпауымыз керек.

Психологтардың зерттеулеріне қарағанда, шығармашылық іс-әрекеттің қалыптасуы өздігінен тұйыққа тірелген процесс емес. Ол тек әлеуметтік орта қоршауымен, адамның өзіндік қызмет сипатымен ғана емес, жеке тұлғаның кәсіби іс-әрекеті, танымдық қажеттілігін оятуға ынталандыратын оқу және тәрбие процесі, сондай-ақ өзінің жеке басының белсенділігімен үндесе жүргізілетін күрделі процес.

Бұл мәселе белгілі бір танымдық іс-әрекетке оларды бағыттайтын, тәрбиелейтін, жұмылдыратын, ынталандыратын адамдардың әсеріне де тікелей байланысты. Сонымен қатар шәкірттің танымдық іс-әрекетте ілгері қарай басуына себепкер болатын негізгі күш – түрлі қайшылықтар. Бала білмеуден білуге қадам басқанда әртүрлі қайшылықтар мен қиындықтарға кездеседі, оларды шешу, жеңу нәтижесінде оқу міндеттері жүзеге асады. Оқу үрдісіндегі ең негізгі қайшылықтармен оқушының мүмкіндіктерінің (білімі, дағдысы, дамуының қазіргі деңгейі) арасындағы қайшылық. Бұдан тағы да оқушының білімі мен біліктілігі арасындағы және шығармашылық ойлауы мен репродуктивті ойлау арасындағы т.б. қайшылықтар жатады. Осындай қайшылықтарды шешу оқушының саналы түрде көп күш-жігер жұмсауын керек етеді.

Сондықтан да ұстаздар тек шәкірттің білім, білік деңгейлерін анықтап, олармен жеке дара жұмыстар жүйесін пайдалануы керек. Жүйелі, дұрыс ұйымдастырылған шығармашылық әрекет түрлері нәтижесінде шәкірттің білімі, біліктілігі кеңейіп, шығармашылық ізденімпаздығы қалыптасады деп түсіндіреді [5].

Бүгінгі таңда кез-келген жағдайда оқушының жұмысты шығармашылықпен ойлауы, оны ұйымдастыра білуі, танымдық іс-әрекет түрлерін таңдап, оны жоспарлай білуі, ізденімпаздығын арттыруда маңызды жұмыс болып саналады. Демек,оқушылардың шығармашылық іс-әрекеттерді жоспарлау және іске асыру біліктерінің, ептіліктерінің қалыптасуына оқу-танымдақ тапсырмаларды шығармашылық тұрғыда шешудің маңызы зор дер едік.

Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының жалпы шығармашылық тұрғыдан ептілік қабілетінің құрамдас компоненттерін анықтауға бағытталған еңбектер де жеткілікті, атап айтсақ, И.Л.Лернердің, А.Н.Луктың, В.И.Андреевтің, А.Л.Яковлевтің, Д.Б.Богоявленскаяның еңбектері атап кетуге болады.

А.Н.Лук шығармашылық қабілеттің компоненттерінің құрамына басқа көзқарас тұрғысынан келе отырып, шығармашылық қабілеттерді үш негізгі топқа бөліп қарастырады [6]:

1) ынтамен байланысты қабілеттер, оларға-қызығушылық және икемділік жатады.

2) темпераментпен байланысты қабілеттер,оларға- көңіл-күй жатады.

3) ақыл-ой қабілеттері.

Оқушылылардың шығармашылық қабілеттерінің компоненттері құрамына қатысты айтқан А.Н.Луктың пікірі құнды санап, оны төмендегі себептерге сәйкес түсіндіруге болады:

— оқушы кез-келген іс-әрекет нәтижесінде жақсы нәтиже алу немесе белгілі бір қабілет түрін дамыту үшін алдымен осы іс-әрекетке, қабілетке деген оның қызығушылығы, ынтасы болмаса, оның нәтижесі де төмен болатыны сөзсіз.

— кез-келген іс-әрекетті біз ақыл-ой қабілеттері негізінде ғана іске асыра аламыз. Сондықтан да оқушылардың шығармашылық бағытта жұмыс істеулері де алдымен оны ақыл-ой қабілеттері арқылы жоспарлап алып, оны практика жүзінде іске асыруларын талап етеді.

Қорыта келгенде мектеп оқушыларының ептіліктерін қалыптастыруда ең бірінші кезекте мектеп мұғалімдерінің сабақты тиімді ұйымдастыруы қуатты әсер етеді. Сондықтан баланың сабаққа деген оқу белсенділігі мен еңбек ету белсенділіктерін, еңбек етуге деген ептілік қабілеттерін дамыту баланың шығармашылық қабілетін ашуға септігін тигізеді деп айта аламыз.

Резюме

В статье рассматриваются особенности формирования ловкости и предприимчивости школьников.

Summary

In the article discusses peculiarity formation of adroitness and enterprising of pupils.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Күнпейіс. Ж. Педагогика.(тәлім-тәрбие негіздері) Оқу-әдістемелік кешен. Түркістан-2013.
  2. Алтынсарин. Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары-Алматы.Рауан. 1991-55 бет.
  3. Айғабылова.Н. Бала мінезінің қалыптасуы және оны тәрбиелеу жолдары.-Алматы. Өнер.1972.
  4. Әбиев Ж, Бабаев С.Б, Құдиярова С. Педагогика.Оқу құралы.Алматы-2004.
  5. Бабаев.С.Б. Бастауыш мектеп педагогикасы. Оқу құралы.Алматы. 2007.
  6. Бабаев С. Кемел адам-тұлға қалыптасуы.Түркістан-2010.