Жырауларда кездесетін көкбөрі тотемі

Көкбөрі – ежелгі дәуірдегі көшпелілерде ерекше саналған аң. Аңыз бойынша түркі халықтарының пірі. Бөрінің фольклорлық образы Тәңірі діні заманынан тарайды. Тотемдік сенім ықлым дәуірдегі мифологиялық санада туып, фольклорлық шығармалардың философиялық мазмұнына тірек болған. Мына жолдарға көңіл бөлейік:

Ау, бөрілер, бөрілер,

Бөрімін деп жүрерлер

Һәр бірінің баласы

Алтау болар, бес болар

Ішінде абаданы бір болар,

Абаданынан айырылса,

Олардың һәр біреуі

Һәрбір итке жем болар /16,49./

Шалгез жырау бұл жолдарда бөрілерге қаратып, яғни халыққа қаратып сөйлеп отыр. Халық арасында мынадай миф бар: «түркілердің арғы бабалары Ашина Сихай (Батыс) көлінің құбыласына өз тайпасын қондырып, ел болған екен дейді. Күтпеген жерден ашиналықтарға көршілес бөгде тайпа шабуыл жасап, қырып салыпты-мыс. Ойран-топан болған жұртқа он жастағы баланың аяқ-қолын кесіп, тірі тастап кетіпті. Қаншық қасқыр оны тауып алып асырайды. Ер жеткен соң әлгі бала қаншық қасқырға үйленіпті. Осы кезде ата жауы баланың тірі екенін біліп, тауып алып өлтіріпті. Осы ұлдан жүкті болған қаншық қасқыр Гоацанның (Тұрфан) теріскейіндегі тау қойнауына барып тығылады. Осындағы үңгірде паналап жатып, он ұл тауыпты-мыс. Олар өсіп ер жеткен соң, сол өлкенің қыздарына үйленеді. Сөйтіп олар бір рулы ел болдаы.» /35,49/. Мұндай тотемдік наным ұйғырларда да кездесетінін Гумилев былай көрсетеді: «Қытай мен тибет мәдениетінен аулақ болған ұйғырлар тілі жағынан туыстас түріктерден де ерекшеленетін. Бұлардың шығу тегі жөнінде аңыз қаншалықты ұқсас болғанымен әр түрлі. Түріктер өздерінің шыққан тегін ханзада мен қаншық қасқырдан бастаса, ұйғырлар – қасқыр мен ханшадан тарағанбыз дейді» /36,327/.  Байқағанымыздай, бөріден түріктер бүкіл халық тарағанын Шалгез жырау жетік білгенге ұқсайды.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!