Кіші жүз қазақтарының мал шаруашылығы

XVIII ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүз қазақтары өздерінің ежелден келе жатқан кәсібі мал бағумен айналысқан. Мал шаруашылығы экстенсивті жағдайда дамып отырған. Ол негізінен табиғи жайылымның жыл бойына пайдалануына байланысты еді. Кіші жүз даласының барлық жерінде мал саны өте көп болған. Қазақтардың күн көрісі, тіршілігі, малдың төрт түлігіне тәуелді болды. Бұл жөнінде Кіші жүз даласына саяхат жасаған И. Фальк былай деген: «Қазақтардың ежелден кәсібі мал бағу, олардың малы өте көп, және малдары сол жердің табиғатына бейімді әрі төзімді келеді».

Мал бағып өсіру атам заманнан бері келе жатқан кәсіп болғанымен, оның ауыртпалығы да көп. Малдың өсіп-өнуі ауа-райы мен табиғат жағдайына тікелей байланысты. Ыстығы мен суығына төзе отырып, қазақтар мал санын сақтап қана қоймай, оны көбейтіп, ұрпақтан ұрпаққа қалдырып отырған Кіші жүз даласының жері мен табиғаты біркелкі емес, соған орай мал шаруашылығын дамытудың үш түрі болған, олар: көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшылдық.

XVIII ғасырдың бірінші жартысына дейін Кіші жүз даласында мал өсірудің негізінен көшпелі және жартылай көшпелі түрі болып келіп, XVIII ғасырдың 20-30 жылдарында Ресей империясының отарлық саясаты орнаған кезде, мал шаруашылығында оның отырықшылдық түрі дами бастады, оның екі себебі болды, біріншіден, патшалық Ресей әкімшілігі қазақ даласына толып жатқан бекіністер салып, екіншіден, отырықшылдық шаруашылыққа көшу Ресей отаршылдарына қолайлы болды. Сондықтан олар Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының отырықшылдыққа көшуін қолдап көмек көрсетіп, 1822, 1824 жылдардағы әкімшілік басқару реформалары арқылы мұны заңды айналдырды. XIX ғасырдың 20-30 жылдарында мал шаруашылығы тауарлы өндіріске айнала  бастады.  Қазақ  даласында  мал сататын жәрмеңкелер ашылып, қазақтар малдарын сатып кәсіп жасап, орыс-қазақ саудасы дами бастады.

Көшпелі мал шаруашылығы мен Маңғыстау, Үстірт, Ырғыз қазақтары және Кіші жүздің шығыс бөлігіндегі ел айналысты. Бұл өңірдегі қазақтар жайылымдарға малдарын айдап, қашықтығы 500-1000 шақырымға дейін баратын болды. Бұлар көшіп жүргенде төзімді қой, ешкі мен жылқы өсірді. Бұл малдар сонымен бірге қыста, қар астындағы шөпті тұяғымен аршып тебіндеп жайылған. Қазақтардың көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үй ата-бабасынан келе жатқан мәдениет көрінісі. Маңғыстау қазақтары мал соңында Ырғыз, Темір өзендерінің бойларына дейін көшіп келетін болған.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүздің Батыс және Орта бөліктерінде экстенсивті жартылай көшпелі мал шаруашылығы дами бастайды. Мұның өзі жайылымдарды тиімді пайдалану, қыстақтар салу, қысқа шөп жинау арқылы жүргізілді. Жартылай көшпелі шаруашылыққа көшкен қазақтар қой, ешкі, жылқы, түйеден басқа сиыр малын өсіре бастады. Жартылай көшпелі шаруашылықтың ерекшелігіне орай олар егіншілікпен де айналыса бастады.

Сыр өзені бойындағы қазақтар мал шаруашылымен қатар суармалы егіншілікпен және балық аулау кәсібімен айналысты. Мысалы, Қазалы бекінісі маңындағы қазақтардың – 6,2 %-і, Перовскі маңындағы қазақтардың – 4,8 %-і балық аулаған.

Мал шаруашылығының отырықшылдық түрімен, әсіресе, өзен жағалауындағы, бекініс маңындағы қазақтар айналысқан, отырықшылдық мал шаруашылығының жоғарыдағы екі түрінен оның ерекшелігі, біріншіден, қазақтар малдарын жайылымға айдамай, ауыл маңында қыстақта бағып, жазда жайлауға шығып отырған, жайылым қашықтығы 10-15 шақырымдай ғана. Мал саны басқа шаруашылықтарға қарағанда аз болған. Мал түрінің көбі ірі қара мал, жылқы және түйе. Қой саны өте аз. Отырықшылдық мал шаруашылығы Кіші және Орта жүз қазақтарының солтүстік аудандарында дамыған.

Кіші жүз қазақтарындағы шаруашылықтың түріне қарай жылқы малын да көп ұстаған. Қазақтардың жылқысы қыста да, жазда да далада жайылған. Қыста жылқы жайылымы да болып, қар астында қалған шөпті тұяғымен аршып тебіндеген. Жылқы малы негізінен Кіші жүз даласының батыс және солтүстік аудандарында көп болған. Батыс және солтүстік аудандарында барлык малдың үлесін алғанда, жылқы – 12,4-13,7 % болса, Бөкей ордасында – 11-12,4 %, ал Маңғыстау мен Үстіртте – 4,6 % қана.

Мұндай ерекшеліктердің болуы, біріншіден, шаруашылықтың түріне байланысты болса, екіншіден, ауа-райы мен табиғат жағдайына байланысты. Қазақ даласында жергілікті ауа-райына төзімді қазақ жылқысының бірнеше түрлері болған. Соның ішінде жабайы жылқы, яғни жылқының қарабайыр тұқымы ерекше мықты болып келеді.

Қазақтар жылқы малын өздерінің жанындай көріп мақтаныш тұтқан. Сондықтан қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жырындағы Ер тарғын, Қобыланды, Қамбар батыр т. б. келбетімен қатар, олардың аттары әр уақытта қатар жүрді. Қазақ байларының мақтанышы болған. Арғымақтарды күтіп ұстап, оларды жәрмеңкелерде, той жиындарда өтетін ат жарыстарында салып бәйгеге қосып отырған. Қазақтар жылқы тұқымын жақсартуға көп көңіл бөлген. Қазақтың қарабайыр тұқымының бойында атақты түркмен, арап және башқұрт жылқы тұқымдарының қаны бар. Маңғыстаудағы адай аттарының тұқымы атақты түркмен жылқысы ақалтекеден шыққан. Бұдан туындайтын ой, Кіші жүз қазақтары ежелден жылқы тұқымын асылдандыруды біліп ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Жылқыны баппен күту, жорыққа дайындауда атақты бапкерлер көп болған. Жылқы етінен жасалатын ұлттық тағамдардың да түрі сан алуан болған – қазы-қарта, жал-жая, шұжық және сүр ет.

Кіші жүз қазақтарының мал шаруашылығында ерекше орын алатын қой және ешкі малы. ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласындағы қой шаруашылығында жаңа тауарлы-сауданың дамуына байланысты қой мен ешкі көп өсірген. Қазақ даласындағы жәрмеңкелерге орыс саудагерлері жиі келіп қой малын көптеп сатып алып, оның жүні мен терісін Ресейде өндірісте өңдеп, мол пайда тапқан. Мал шаруашылығын дамыта отырып, Ресей отарлық әкімшілігі Кіші жүз даласында Ресей империясының жеңіл өндіріске қажетті шикізат көзіне айналдырып, мал өнімдерінен жасаған дайын тауарларды қазақ даласына әкеліп, қымбат бағаға сатып, өсімқор орыс саудагерлердің көбеюіне негіз болды. Ресей империясында экономикалық өзгерістер қазақ даласындағы мал шаруашылығының жаңа рыноктық кезеңіне бейімделіп, капиталистік қатынастың қазақ даласында ене бастауына себепші болды. Сондықтан мал шаруашылығы осы өзгеріске тиімді дамыды.

Кіші жүз жерінің барлық адандарында қой мен ешкі санының үлес салмағы жоғары болды. Мысалы: Солтүстік және Батыс аудандарда – 6,4 %, Маңғыстауда – 8,4 %, Бөкей ордасында – 5,2 %. Қой малы шаруашылықтың қай түріне де төзімді, әрі оның жүні мен терісі жаңадан қалыптасып келе жатқан өндіріске өте қажет болса, қазақтардың тұрмыс салтында қой жүні мен терісі, киімі әрі баспана (киіз үй қой жүнінен басылып жасалады), Кіші жүз қазақтарындағы қой малының тұқымы дала ауа-райы мен табиғатына төзімді қазақ қойы Еділбай тұқымы болған. Жайылымға төзімді, еті тәтті болып келеді. Қазақ қойының етін жеген орыстар аузынан суы құрып, «қазақ қойының етінің дәмі бальзам татиды» деп баға берген. Еділбай тұқымды қазақ қойы екі жастағы, сойған кезде 1 пұтқа жақын құйрық малын алуға болады, ал оны еріткенде 20-30 қадақ еріген май алған. Қазақтар қойдың жүнін күзде қырқып, жүнді Орынбор, Гурьев, Ырғыз, Калмыкова, Орал қалаларының жәрмеңкелеріне және Ресейге Орта Азияға апарып сататын болған.

Қазақтар қой малымен бірге ешкі малын да ұстаған. Қазақ ешкілері тибет ешкісінің тұқымына ұқсас. Кіші жүз жерінде ешкі өте көп болған, бірақ Ресей отарлық саясаты қазақ ешкіні баға алмайды деген оймен, ешкінің көбі Орынбор даласында өсіріп, ешкі түбітін Орынбор қаласында өңдеген. Орынбор ешкісі, орыс түбіті, Орынбор түбіті шәлісі күні бүгінге дейін осылай аталып келеді. Қазақ ешкілерінің түбітінен тоқылған түбіт шәлілерді Ресей шет елге шығарып Орынбор түбіт шәлісі деп атап кеткен. Кіші жүздің оңтүстігінде ешкінің үлесі 10-18,2 %, Маңғыстауда 6,7 %. Қазақ ешкісінің тұқымдарын Францияға апарып өсіруге әрекет жасаған. Қазақ ешкісі атақты Кашмир ешкісі тұқымымен пара-пара келген.

Ертеде қазақтар «Ешкі кедей малы» деген екен. Мұның негізгі себебі, біздің ойымызша ешкіні кедейлер сиыр малының орнына көп ұстағандықтан болса керек. Ешкі сүтінің дәмділігі мен майлылығына тең келетін сүт жоқ екенін әрбір қазақ біледі. «Ешкі қойды бастаған» деген нақыл сөз бар. Әрбір қой отарында қойшылар ешкі серкесін ұстаған, себебі желді күндері, малды қораға кіргізерде және шығарғанда қойды бастайтын ешкі болған.

Маңғыстау және Үстірт қазақтары ежелден ата кәсібі ретінде түйе малын көп ұстаған. Оның негізгі себебі бұл жердің ауа-райы және табиғат ерекшелігіне байланысты. Табиғи су көздерінің аздығы шөл және шөлейтті жер, осыған байланысты. Бұл жерде шығатын өсімдіктерде өзгеше, түйе малы жақсы қоректенетін шөптерге өте бай. Ал шөлге төзімді мал – ол түйе.

Сондықтан да қазақтар түйені «шөл кемесі» деп бекерге айтпаған.

Түйе малын өсіріп бағу кіші жүз жерінде бірдей болған жоқ. Маңғыстау мен Үстіртте түйе малының үлесі – 11,5 % болса, батыс және шығыс бөлікте – 1,7-2,5 % болады, қалған жерлерде 4,6 % болған. Түйе малын қазақтар көбіне көлік ретінде пайдаланған. Сонымен бірге құдықтардан су шығару үшін арнайы шығырларға жеккен. Сыр өзенінің бойының қазақтары да түйе малын өте көп ұстаған. Бұл аудандарда 104-450 түйе болса, Бөкей ордасындағы қазақтардың түйесі 91000 екен. Түйе малын күтуді онша керек қылмағаны мен, оның ботасын аяғынан тұрғызып жіберу жас сәбиді күтумен бірдей болған.

Жас ботаны алғашқы күндері қараңғы қорада бағып кісілерден алыста ұстап, көрсетпеген. Себебі ботаның көзі өте әдемі келеді, оған адам сұқтанып қараса, көз тиіп, өліп қалады деседі.

Патшалы Ресейдің отарлық саясаты Кіші жүз даласына ене бастауымен бірге, керуен саудасы дамыды. Орта Азия хандықтары бағындыру саясатын іске асыру үшін көп көлік малы қажет болды. Ресей отарлық әкімшілік-басқару мекемесі Орынбор Шекара Комиссиясының кеңесі Кіші жүз қазақтарынан түйе жинауды сұлтандарға міндеттеген. Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің Ақмешітке жорығы кезінде қазақтардан 4 мың түйе жинаған, ал Жәңгір хан 1829 жылы Орынбор генерал-губернаторына 500 түйе берген.

Қазақтар өздерінің күнделікті тұрмысында түйенің сүтін ішкен. Шұбаттың адам денсаулығына пайдалы екенін кез келген қазақ біледі. Түйенің жүнінен қазақтар әр түрлі киімдер тоқыған. Маңғыстау және Үстірт, Сыр өзені бойындағы қазақтар түйенің етін де жеген. Бірақ та қазақтардың бәрі бірдей түйені соғымға соя бермеген. Түйе етін қазақтар жас келінге жегізбеген, себебі түйе етін жеген келіндер мен жас әйелдер құрсақтағы баласын 12 ай көтереді деген ұғым болған. Түйе өзінің ботасын 12 ай көтеріп жүреді екен.

Қазақ даласының табиғат ерекшелігіне байланысты қос өркешті және жалғыз өркешті (нар) түйелер өсірілген. Маңғыстау және Үстірт қазақтары сол жаққа тиімді, әрі сүтті нар түйе ұстаған. Ал қалған ауданда қазақтар қос өркешті түйе өсірген. Қос өркешті түйе керуендерде жүк тасуға өте төзімді болып келеді, әрі көлік болған, қос өркешті түйе тұқымы жүнді көп берген. Қазақтар түйені көктемде күзеп жүнін алатын болған. Ежелден қазақтар түйе жүнін, соның ішінде шудасы мен жабағысын әр түрлі сырқат ауыратын және сары су жинаған жерлерге басып емдеген. Түйе жүнінің емдік қасиетін ертеден білген.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтың мал шаруашылығындағы жартылай көшпелі және отырықшылдыққа өте бастауы бұрын қазақтар аз ұстаған мал – сиырдың санының өсуіне әкеледі. Мысалы, Кіші жүздің батыс және солтүстік–шығыс аймақтарында қазақтар мал үлесінде сиыр – 13,4 % болса, Маңғыстауда – 0,1 %, оңтүстік аймақтарда Қазалы және Перовск бекіністерінің маңындағы қазақтарда сиыр үлесі – 8-9,1 % болған. Батыс және солтүстік-шығыс аймақтарындағы қазақтар басқа жерлерге қарағанда отырықшылдыққа көше бастауын көрсетсе, бұл аймақтар шекара маңы, сауда-саттық жәрмеңкелеріне жақын болуы сиыр малын ұстап кәсіп жасай бастаған. Қазақтарға қарағанда казак отаршылдары мекендеген бекіністерде, орыс шаруаларында сиыр малы көп болған. Маңғыстауда 1861 жылы қазақтарда 1 155 480 қой, 69 647 түйе, 79 339 жылқы, 866 сиыр болса, орыс казактары тұрған Форт-Александров пен Николаевскийде малдардың саны 500 қой 18 түйе, 145 жылқы, 165 сиыр болған. Бұл деректерді салыстырғанда Маңғыстауда қазақтар саны көп те, ал орыс казактарының саны 1810 адам болған.

Қазақтар ірі қара малды өсіре отырып сиырдың сүтінен көптеген сүт тағамдарын жасап пайдалана білген. Сиыр сүтінен май, ірімшік, айран, сүзбе және құрт тағамдарын дайындаған. Сонымен қатар жартылай көшпелі және отырықшылдыққа көшкен қазақтар ірі қара малдың өгіздерін көлікке пайдаланып, шөп шабуға және жер жыртуға орыстармен бірдей қолданып отырған. Бұл жаққа көшіп келген орыс шаруалары мен қазақтар дос болып, еңбек құралдары мен ат көліктерін бірігіп пайдаланып, бірінде жоғын екіншісінен алып, орыс пен қазақ кедейлерінің арасында шаруашылық қарым-қатынасы орнаған. Қазақтар өздерінің орыс арасындағы «тамырларымен» Ресей империясының отарлық саясатының езгісі мен ауыртпалығын бірдей көтерген. Сөйтіп екі халық арасында шаруашылық қарым-қатынасы қалыптаса бастайды.

Мал шаруашылығында орыс пен қазақ кедейлерінің күнделікті тұрмыстағы көмектері ірі қара малының тұқымдарын асылдандыруға айтарлықтай маңызды болды. Қазақтардың жергілікті жағдайда төзімді ірі қара мал тұқымдары болды, сонымен бірге орыс шаруалары өздерімен ірі қара малдың жаңа тұқымдарын алып келді. Олар атақты Ярославль, Кострома және шетел тұқымдарынан голландық, неміс, швет және украин сиырларының тұқымдары. Бұл малдар әрине қазақ даласын бірден жерсінген жоқ, бірақ уақыт өткен сайын бұл мал тұқымдарын алмастыру арқылы, Кіші жүз қазақтарында жергілікті сиырлардың тұқымдарын жаңартуға себепші болды. Қазақ сиырларының сүті аз болғанымен көлікке дала жұмысына төзімді келсе, ал Ресейден келген сиырлар сүтті болды, бірақ ауа-райының желді, суық болуына төзе алмады. Біртіндеп жергілікті жерге үйрене бастады.

Отырықшылдық мал шаруашылығының негізгі даму көзі шөп шабу және дайындау, қыстан малды аман алып шығу. Сондықтан қазақ даласына жаңадан ене бастаған шөп шабу кәсібімен қазақтар да айналыса бастады. Бұл шаруашылықпен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүздің батыс және солтүстік-шығыс бөліктерінде айналыса бастады, алғашқы жылдарда өте баяу дамыды. Бірақ отырықшылдық мал шаруашылығы үшін шөбі мол жерлерге мал қыстауларын салып, шөп шауып дайындау керектігін түсінгенімен, мұндай шөпті көлді жерлер, өзен жағалаулары ХІХ ғасырдың 40-жылдарында салынған бекіністер айналасында казактардың меншігіне берілді. Ал казак жерлерінен шөп шабу үшін, казактарға көп ақша төлеу қажет болды, сондықтан отырықшылдықпен айналысу қазақтарға көп қиындық келтірді. Шөп шабу және оны дайындау қазақтар үшін өте ауыр жұмыс, шөп шабатын құралдар жоқтың қасы, оның үстіне бірнеше мың малға қол орақпен шөп дайындау мүмкін емес. Бұл жұмысты тек қана байлар мен сұлтандар Орынбор Шекара Комиссиясының көмегі арқылы жүргізе алады. Қазақ даласында болған А. Левшин шөп дайындау қиын болғанымен Ембі және Ырғыз бойында тұрған қазақтар «күзде малдарына шөпті мол жинап алғанын» – айтқан.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. 1837 жылы Новоузен орыс бекінісі салынғаннан кейін орыстар малдарына шөп дайындау үшін казак станцияларына барып шөп сатып алып отырған. Себебі Шильный балки (қазақша Аққорғай) станциясы жеріндегі Большой лимон (қазіргі Богатырево селосы) бекініс маңы табиғаты жағынан көлді жер, көктемде Еділ өзені тасыған кезде суы осы көлдерді толтыратын болған. Көктемде тасқын суы қайтқан кезде дала көлдері мен ойпаттарында жайылым шөптері көп шығатын болған. Сол жылы Новоузень Шортанды бекінісіне орыс помещигі Большой лиман бекінісі қазақтарымен келісіп 150 шөмелей шөпті 300 сомға сатып алған. Кейіннен осы көлді жерден орыстар сатып алып отырған.

Жоғарыда айтылған жер қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы Карл Маркс колхозының жері, оның орталығы Богатырево селосы қазақтар Большой лиман деп орыс атауын күні бүгінге дейін атап келеді. Тағы да бір айта кететін жай, Таловка бекінісінің салынуы туралы. Бөкей ордасы мен орыс-казактардың екі өзен аралығы жерін белгілеуде, Бөкей ордасы және Жайық казак арасындағы шекарада жаңа бекіністер салуға келіскен. Сол келісімнің негізінде Сары өзен жағасында, Таловка бекінісін салып, сол екі өзен арқылы, орысша Үлкен және Кіші өзен арқылы, қазақша Қара және Сары өзен арқылы үш шекара белгіленген. Жайық казактарының жері Шотанды (Новоузень) бекінісімен шектесіп, Бөкей ордасы қазақтарының жерімен шектескен. Қазіргі Казталовка ауданының орталығы Казталовка селосы. 1826 жылы бекініс болып қаланған. Ал біздің ойымызша Жайық қазақтарының жерінде Қара өзен (Большая Узень) бойында орыс таловкасы деген бекініс болған, сондықтан орыс таловкасынан ажырату үшін Қазақ таловкасы деп атаған болу керек деген болжам айтамыз.

Кіші жүз даласының батыс бөлігі мен солтүстік-шығыс бөлігі қазақтарының көбі мал шаруашылығында отырықшылдыққа бейімделе бастады, шаруашылықта мал санының өсуіне және малдың тауарлы шаруашылыққа айналуына байланысты орыс-казак бекіністері маңындағы қазақтар малдарын базарға апарып сатып, әжептәуір пайда табатын болды. «Малдың жаманы – сиыр» дейтін қазақ ХІХ ғасырдың 30-50 жылдарында «Қатын би болған, сиыр пұл болған заман» деуге көшеді. Қазақтар малдарын тек ішкі жәрмеңкеде ғана сатып қоймай, Ресей қалаларына, оның ішінде Орынбор, Астрахань, Саратов, Екатеринбург қалаларына барып та сауда жасаған. Отырықшылдық мал шаруашылығына көшкен байлар базарларға қой мен жылқыдан басқа ірі қара малды көптеп апаратын болған. Әсіресе, жоғарыда айтқан аудандарды жалпы мал үлесінде ірі қара малдың салмағы 29,2 % дейін жеткен.

Отырықшылдық мал шаруашылығына Сыр өзені бойындағы қазақтар да көше бастады. Бұл өңірдегі қазақтар табиғи шөпті шауып дайындаумен қатар, өзен суын пайдаланып, суармалы жерге қолдан жоңышқа егіп отырған. Мысалы, 4271 шаруашылықта бір жылда 198 330 шөмеле дайындаған.

Қазақтар шөп шауып дайындауда орыс шаруаларының тәжірибелерін кеңінен пайдалана алған. Орынбор Шекара Комиссиясы сұлтандар мен байлардың шаруашылықтарына көмек көрсете отырып, шөп шабатын техника сататын дүкендер ашып, орыс құрал-саймандарын әкеле бастаған. Шөп шабатын, шөп жинайтын тырнаушылыққа түйе немесе ат жегетін болған. Орыс шаруалары мен қазақтар арасында тығыз қарым-қатынас қалыптасып, орыстар қазақша сөйлесе қазақтар орысша сөйлеуді үйренді.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Кіші жүз даласындағы мал шаруашылығында отырықшылдыққа көше бастау, ірі қара санының көбеюі, қысқы шөп дайындап, қыстақтар салу және шөп шабатын жаңа құрал саймандардың қазақ даласында пайда болуы бұл сол кездегі жаңалық еді.

Қазақ халқының тарихына қатысты жазылған шығыстанушылар зерттеулерінің ішінен арнайы жазылған еңбектерін бүгінгі күн талабы көкжиегінен қайта қарап, бағалау мамандар үшін міндеп десек, мұны қазіргі уақыт айрықша талап етуде.

Шығыс халықтары, оның ішінде, түркі тілдері ғылымының ірге тасын қалаушылардың бірі, ғалым В.В. Радлов “Қазақтардың малдары” деген еңбегінде бай материалдар келтіреді. Ғұлама ғалым ұзақ жылдар бойына жинақтап жазған бұл зерттеуінде этнография ғылымының қолданылу аймағын кең көлемде, ауқымды көрсеткен. Қазақ мал шаруашылығының көзі – төрт түліктен алынатын барлық өнімінің тіршіліктегі орасан зор рөлін, әсіресе, оның қазақ халқының этнографиялық бітімін-бетін айқындауда шешуші фактор екендігін тап басқан, жете қорытып, түсіндірген.

Кезінде А.И. Левшин де айқын жазған: “Қазақтың атқаратын барлық міндеттері мен қоғамдық қатынастары осы кәсіпте негізделген. Сондықтан да олар бұл кәсіпте аса тәжірибелі. Малды күтіп, бағуға ерекше машықтанған, мол тәжірибе жинақтаған, дәстүр қалыптастырған олардың рухани жан дүниесінде”,деп жазған болатын.

ХХ ғасыр басында жарық көрген еңбектерде: “Қазақтардың қоршаған табиғат аясы (жаратылыс және ауа-райының жағдайлары), бағын мал түрлері және шаруашылықтың дәстүрлі формалары – тіршіліктің қозғаушы күштері болып саналатын, өзара шешілмейтін түйінделген негізгі факторлар, өзара байланысты болғандықтан бір-біріне ықпал жасап, әсер етіп, қалыптасқан тұрақты бірқалыптылықты консерватизм құрайды” делінген.

В.В. Радлов қазақ малдарын бес түрге бөліп ажыратады: қой, ешкі, сиыр, жылқы және түйе. А.И. Левшин де осылай бөледі. Қазақтың төрт түлік малдың ішінде айрықша жылқы қасиеті мол болғанын В.В. Радлов ерекше жазған. Қазақтарда жылқының дәстүр бойынша сатылмауы, яғни киелі мал саналуы айтылды. Сонымен қатар автор еңбегінде негізінен таулы аймақтарды жайлайтын шығыс қазақтарының малдары және жылқы шаруашылығына қатысты кеңінен сөз болды.

Қолданылып жүрген этнографиялық әдебиеттерде қазақ малдары тұрасында тұжырымдалған ой негізінде айтылған пікірлер бар. Солардың бір-екеуіне тоқталайық. Бұл ретте, ғалым Х.А. Арғынбаев: «Республиканың ылғалы мол солтүстік аймақтарындағы шығыс пен оңтүстік шығыстығы биік тауларда және Орталық Қазақстанның қыраттарындағы жайылымдардың жазғы жайлау есебінде пайдаланатындығын бөліп айтқан. Көкпек пен жуаның қой-ешкі, түйе малына, жылқыға, жұғымдылығын ғалым-маман дәл, дұрыс айтқан.

В.В. Радлов қазақтың қой туралы тұжырым жасағанын, қазақы қойдың майы жайлы айтқанын дәлелдейді. Жалпы құйрықты қой туралы зерттеушілер орыс шығыстанушылар қатарына А.И. Левшинді жатқызуға болады. Бұл мәселе жайында бізде орныққан көзқарас бар. Енді осыған қысқаша тоқталып көрейік. Белгілі маман-этнограф Х.А. Арғынбаев пікірінше:   «Кең    тараған    қой    тұқымы –   қазақтың  құйрықты   қойы.

Осы тұқым жердің табиғи ыңғайына қарай сұрыпталу нәтижесінде олардың бірнеше түрі пайда болған».

Орыс шығыстанушы ғалымдары арасында қазақтардың үй жануарларымен жақын танысып, оларды жеке-жеке сипаттауға айрықша мән берген. В.В. Радлов қазақтардың өмірі мен әдет-ғұрыптары туралы да кеңінен ой толғаған ғалым. Ол қазақтар мекендеген, шығысында Алтай, Тарбағатай тауларына, оңтүстігіне Омбы қаласына дейін, Бұхарадан Хиуаға дейін аралықты кең байтақ сахараны қазақ елі мекендеген. Қазақтар үшін қой мен ешкінің, сиыр, жылқы және түйе малдарының әрқайсысының жеке орны бар. Атап айтатын болсақ қой – сүт, ет пен май, жүн және тері, қылшық саласы да аса құнды жүн береді. әрі саудаға да, айырбаста да жүреді. Екіншіден де сүт, ет, тері, қылшықты жүн алынады. Сиыр мүйізді ірі қара өнімі сүттен жасалатын тағам түрлерінен тұрады. Шайқалған май. Оны тұздап қарынға, ішектерге тығады. Сүттен жасалған айран – қазақтар үшін аса бағалы сусын тағам. Әрі сол айраннан тағамдар жасайды.

В.В. Радловтың еңбегінде халқымыздың малын, оның түр түсін, тұрмыстағы алатын орнын ерекше зерттейді. Сонымен қатар «Қазақ малдары» атты еңбегі құнды болып табылады.

«Қазақстанның кең байтақ даласында көшпелі мал шаруашылығы дамыған. Көшпелі мал шаруашылығы жайылымды үнемі ауыстырып отыруды қажет еткен. Мұның өзі жер көлемі жергілікті және жерді пайдалануды көшіп жүретін, аймақтың кеңдігі мал шаруашылығына ең басты қолайлы болған. Ертеден барлық қазақтардың ойлайтыны мал шаруашылығы болды»,- деп жазады Шоқан Уалиханов.

Біз өз өмірімізді мал шаруашылығымен және біздің бабалар қалдырған тұрақты қыстау, күздеу және жайылымды құнарлы, кең байтақ жер. Бір жерде шөп шықпай қалған кезде біздің әкелеріміз ешқандай қанықпай басқа қолайлы жерді іздеген. Шоқан Уалиханов 1803 жылы Орынбор губернаторы ХІХ ғасырдың басындағы қазақтардың мал шаруашылығындағы жай-күйін бүкіл дала өңірлерін салыстырып жазып отырған. Мал басы қысы-жазы ауыстырылып жайылған. Жайылым ауыстырылып Қазақстанның кең байтақ жерінде, атап айтатын болсақ, Орталық Азияның оңтүстік және солтүстік батысында қоныс аударып жүрген деп жазды. Көшпелі шаруашылықтың тараған өңірлерде Қазақстанның географиялық аумағы шөл-шөлейт орманды даланың ұштасуы болып табылады. Көшпелі мал шаруашылығында халықтың жыл бойы көшіп жүру үрдісі дәстүрге айналды. Онда әрбір маусымдағы көшу сол үрдістің сатысы болып табылады. Қысқы және жазғы көшу көшпелі қауымның дәстүріне айналды. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан бай қожалықтарда жылқы саны көп болған.

П. Рычковтың айтуы бойынша, қазақтардың жылқысы алысқа айдап апаратыны соншалықты, олардың үйлері атпен бір апталық жерде, тіпті одан да көп қашықтықта болады.

Көшпелі мал шаруашылығының басты ерекшелігі мал азығы мен су көздерінің тапшылығы себебі малды жыл 12 ай жайып бағу еді.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!