1993 жылғы Қазақстан Республикасындағы ақша реформасы

Қазақстан Республикасында 1993 жылы ақша рефомасын жүргізудің негізгі себебі – ақша белгісі тұрақтандыру. Себебі КСРО ыдырағаннан кейінгі екі жыл аралығында кеңестік рубль (сом) бұрынғы одақтас республикалардың орнына құрылған тәуелсіз елдерде біртектес ақша ретінде қолданылды. Ол елдерде 1986 жылы басталған экономиканы қайта құру кезінде өндіріс құлдырап, айналыстағы ақша массасы өсіп, инфляция қарқыны шарықтады. Тауарлы мен азық-түлік негізінен шетелдерден тасылды. 1990 қолма-қол ақша эмиссиясы 25 млрд сом болды, ол 1983 1985 жж. эмиссияланған қосынды сомадан әлдеқайда көп еді. 1991 ж. қаңтарындағы “КСРО Мемлекеттік банкінің 1961 жыл үлгідегі 50 және 100 сомдық ақша белгілерін төлемі қабылдамау және оларды айырбастау тәртібі мен азаматтардың салымдарынан қолма-қол ақша беруді шектеу туралы; КСРО Президентінің Жарлығы және КСРО Министрлер Кабинетінің қаулысына сай 1991 ж. үлгідегі 50 және 100 сомдық купюралар шығарылды. Ескі ақшаларды жаңасын, айырбастау процесі жеке адамдар үшін үш күнде өтгі. Кейін 1992 ж. айналысқа 200, 500, 1000 сомдық кеңестік үлгідегі ірі купюралар шығарылды.

1992 ж. каңтарында Ресей КСРО Мемлекеттік банкін Ресейдің Орталық банкі деп қайта құрып, кеңестік рубльдің (сол кезде жоқ мемлекеттің) басты эмитенті қызметін атқаруды соған міндеттеді. Ресей мемлекеті бағаны босату бағдарламасын іске асыру шараларын жүргізе бастады, бағаның кенет көтерілуі айналымдағы қолма-қол ақша массасын көбейту қажеттігін тудырды. Республикалар өздерінің егемендігін жариялаған бойда оларда 15 ұлттық банктер құрылып, олар бір-біріне тәуелсіз орталық банк ретінде қызмет атқара бастады. Бірақ олардың барлығын қолма-қол ақшамен қамтамасыз ететін жалғыз эмиссиялық орталық ақша шығаратын станок – біреу, ол Москвада еді. Ресей бағаны босатқаннан кейін әрбір тәуелсіз елдерде олардың қатал ақша-несиелік саясатына байланысты рубльдің сатып алу мүмкіндігі әр түрлі қалыптасты және соған сәйкес рубльдің бағалануы да әр түрлі деңгейде болды. (Қолма-қол ақшаның осындай жетіспеуі жағдайында кейбір елдер өз ұлтгық банктерінің несиесін беруді ұлғайтты (Украина, Латвия, Литва). 1992 ж. маусымында Ресей Банкі 5000 купюраларды сом, ал кейін 10000 және 50000 сом шығарды.

1992 ж. шілдесінде Ресей Орталық банкі егемен мемлекеттерге Ресей Банкімен күнбе-күн екі жақты төлем есебін жүргізу туралы талап қойды. Қолма-қол ақшасыз өзара есеп айырысу тек Ресей Банкісіндегі осы мемлекеттердін орталық банкісінің корреспонденттік шотындағы қаржы көлемінде және техникалық несие ретінде жүргізілді. Бұл төлем Қазақстаннан Ресейге және керісінше 2-3 ай бойы жүретіндіктен және бұл кезде инфляцияның қарқыны жылына 2500% болғандықтан аударылған ақша құнсызданып, оның төлем мүмкіндігі тез құлдырайтын.

Жас тәуелсіз мемлекеттердің директивалық экономика үлгісінен нарықтық үлгіге өту жағдайында заңдарды тез арада үйлестірудің мүмкін еместігі және өздерінің ақша-несие, баға, бюджет саясатын жүргізуге қабілетсіздігі Ресей Банкінің қойған талаптарын орындауга мәжбүр етті. Бұл біртектес ақша (рубль) зонасын сақтап қалу процесінің сәтсіздікке ұшырауының дәлелі еді. Келесі іс-әрекет өзінің ұлттық валютасын енгізу – болмай қалмайтын процесс. Ол 1992 ж. маусымында Эстонияның, шілдесінде Латвияның, қазанында Литваның, қарашасында Украина мен Беларусьтің өз ұлттық валюталарын енгізуімен жалғасты. 1993 ж. мамырында Қырғызстан, тамызында Грузия өз ұлттық валюталарын енгізді. Сөйтіп бұл мемлекеттер рубль зонасынан шықты.

1993 ж. 15 мамырында Минскіде рубль зонасында қалған мемлекеттер рубльді ресми төлем құралы ретінде қолдану жөнінде жаңа келісімге қол қойды. Онда қойылған міндет

-біріншіден, ТМД елдерінің іс-әрекетіндегі ашықтық, айқындық болуы;

– екіншіден – бұл ең маңыздысы – рубль зонасынан шығатын мемлекеттер айналымнан шығарылған КСРО-ның банкнотасын толық көлемінде оларды жою үшін Ресейдің Орталық банкіне қайтару жөнінде өздеріне міндеттеме алды.

Бұл міндеттемелерді орындау -айналыстан шығарылған банкноталарды кеңестік ақшаны пайдаланатын елдерде қайтадан айналысқа түсіру мүмкіндігін жою болатын, яғни бір ел басқа елдің жерінде валюталық алыпсатарлықпен айналысуын алдын ала сақтандыру еді. Бірақ екі келісімді де ешкім, оның ішінде Ресей де, орындаған жоқ. Рубль зонасын 1993 ж. Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Молдова тастап шықты.

Сол кезде рубль аймағында қалған мемлекеттер жаңа  типті рубльдік зона кұру туралы осы елдердің зандарын үйлестіру үшін 9 біріккен топ Ресеймен белсенді түрде келіссөздер жүргізді. Бірақ Ресей келіссөздер жүргізумен қатар бір уақытта, 1993 ж. көктемінде жаңа ресейлік 1993ж. үлгідегі рубль шығарып, оны өз жерінде Қиыр Шығыстан енгізе бастады. Сол кезде рубль зонасында үш мемлекет Ресей, Қазақстан және Өзбекстан қалған еді (өз ұлттық валютасын 1995 ж. енгізген Тәжікстанды қоспағанда).

1993 ж. 23 шілдесінде Ресей Банкісі 1961-1991 жж. шығарылған кеңестік үлгідегі ақша белгілерін (1991-1992ж.ж. -50, 100, 200, 500, 1000 сом) және 1992 ж. шығарылған ресейлік 5000, 10000, 50000 рубльді айналыстан шығаратыны туралы және айырбас бір апта жүретінін хабарлады. Айырбас сомасы 35 мың рубль көлемінде белгіленген болатын. Екі күннен соң Ресей Президентінің Жарлығымен айырбас мерзімі 1993 ж. 1 қыркүйегіне дейін ұзартылып, айырбас сомасы бір адамға 100 мың рубльге дейін көбейтілді.

Сөйтіп, 1992-1993, жж. егемен елдердің бірсыпырасы өз ұлттық валютасын енгізуіне орай КСРО Мемлекеттік банкі мен Ресей Орталық банкісінің 1961-1992 жылдардағы банкноталарының айналыстан ығыстырылуына байланысты оларды Қазақстанға Заңсыз әкелу мөлшері кауырт өсіп, соның салдарынан тауарлар бағасы жоғарылап, халықтың тұрмысы төмендеді.

1992 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасының Президенті, үкіметі, Жоғары кеңесі Қазақстанға өз валютасын енгізу қажеттігін түсініп, шегіне жеткен құпия жағдайда Қазақстанның ұлттық валютасының пішінін (дизайн) дайындайтын топ құрып, оны басып шығаратын шетелдік фирмамен келісімге қол қойған. 1993 ж. наурызында Англияда “Харрисон және ұлдары” атты жеке фирмада қажетті мөлшерде ұлттық валюта – 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңге – дайындалып, Алматыға жеткізілген.

1993 ж. 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев “Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы” Жарлық шығарды. Осы жарлыққа сәйкес:

1993 ж. 15 қарашада сағат 8-де Қазақстан мемлекетінде ұлттық валюта – теңгеенгізілді

1993 ж. 18 қарашадан бастап теңге Қазақстан Республикасында бірден-бір заңды төлем құралы болып тағайындалды. Бір теңге 100 тиыннан құралады, ол қолма-қол ақша айналысында банкнота және майда тиындар түрінде жүреді.

  • қолма-қол ақша, рубльдік шоттардағы жинақтар мен салымдар 500 рубль 1 теңгеге арақатынасымен айырбасталып, ол 18 қарашада сағат 18-де аяқталды. Қарашаның 15 мен 18 аралығында екі валюта – сом және теңге – айналымда қатар жүрді.

Қазақстан Республикасының жасы 16-дан асқан барлық азаматтары 100 мың сом ақша айырбастауға құқылы болды. Айырбас тек бір рет жүргізіліп, ол туралы төлқұжатта белгі соғылды. Азаматтардың 100 мың сомнан артық ақшасы банктегі арнаулы дербес шотқа салынып, оны 6 ай бойы пайдалануға құқығы болмады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі теңгенің валюталық курсын бекітті: 1 АҚШ доллары 4,7 теңге тең болды.

Сөйтіп, 1993 ж. 15 қарашада Қазақстан тарихында алғашқы ұлттық валюта-теңге енгізілді. Ақша реформасын жүргізуге Қазақстан басшылары бір жарым жыл уақыт өте құпия жағдайда дайындалып, нәтижесінде 700 миллион доллар сома шамасында алтын құймалары мен шетел валютасы қоры болды. Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап. Қазақстанда өндірілген алтын мен күміс енді Москваға жіберілмей, оны Ұлттық банк сатып алып, өз резерв қорына айналдырды. Сондай-ақ резерв қорына экспорттық валюталық түсім мен үкіметтің сыртқы заемдарын да Ұлттық банк сатып алып, қорға түсіретін айналымға теңгені енгізуге жарты жыл уақыт қалғанда Республика Президенті валюталық қаржыны жұмсауға мораторий енгізді.

Халықаралық валюта қоры Қазақстанда ұлттық валюта енгізу акциясын қолдап, Ұлттық банкке 90 млн. доллар көлемінде стендбай несиесін және Жапония біздің елдің төлем балансын қолдау мақсатында Қаржы министрлігіне 180 млн. доллар берді. Бұл 17 жылға берілген “жұмсақ” несиелер еді. Қорыта айтқанда, 1993 жылы ақша реформасы ойдағыдай өтті. Енді ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Айналымға теңгені енгізу инфляцияның қарқындауы және бұрынғы одақтас республикалардың өзара байланысының үзілуі мен саяси ала ауыздығы тереңдей түскен қаржы- экономикалық дағдарыс жағдайында өтті. Теңгені енгізгеннен кейінгі 2,5 айда, яғни 1994 ж. 1 ақпанына теңгенің  курсы долларға қарағанда 2,5 есе төмендеді. Келесі төрт айда, яғни кәсіпорындар мен бюджеттің арасындағы қарызды өзара есептеудің кең ауқымды компаниясы басталғанда теңгенің курсы – 1 долларға 11,58 теңгеден 43,3 теңгеге жетті.

1995 ж. орта кезінде Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қаржы нарығына алғашқыда қазыналық вексельдерді, одан соң міндеттемелер мен ноталарды және басқа мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарғаннан кейін теңгенің құлдырауын тежеуге мүмкіндік туды. Инфляция теңге енгізілген 1993 ж. 2500 процент болса, ал 1994 ж. бас кезінде 1260 процентке дейін төмендеді, 1995 жылы Қазақстандағы инфляция 58 процент болды.

1997 ж. мемлекеттің алтын валюта қоры кәсіпорындарды жекеменшіктендіру және шетел инвесторларына басқаруға беру сияқты инфляцияланбайтын кездерден түскен 700 млн. доллармен толықты. Бұл жылы теңге курсының ауытқуы тиынмен, ал инфляцияның деңгейі проценттің бөліктерімен есептелетін жағдайға жетті.

1998 ж. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыстың күшеюі, әлемдік бағалардың төмендеуі отандық өндірушілердің бәсекелестік мүмкіншілігінің әлсіреуіне тіреп, Қазақстанға валюталық түсімдерді біраз қысқартты. Сонымен қатар өндірістің одан әрі құлдырауы 1997-1998 жж. аралығында өсу тенденциясы байқалған, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 25%-ке жоғарылату, төлемеудің өрістеуі (кәсіпорындардың өзара қарызы 1,5 триллион теңгеден асқан!) және бюджет пен әлеуметтік проблемалары теңгенің бағамын одан әрі төмендетті.

1994 ж. таңдап алған монетарлық үлгінің өзгермейтіндігі және теңгемен инфляцияны қатаң қадағалау экономиканы кеселге ұшырататынын көптеген қаржы сарапшылары мен талдаушылары 1998 жылдың күзінен бастап түсініп, оны өзгерту туралы ортақ ойға келген.

1999 ж. сәуірінен Қазақстан үкіметі теңгенің еркін өзгермелі курсын енгізу туралы шешім қабылдады. Ол жөнінде Премьер-министр былай деген: “Бұдан былай доллар бағамы валюта рыногындағы сұраныс пен ұсыныстың қалай қалыптасатынына байланысты анықталады, ал, Ұлттық банк ол процеске елеулі түрде араласпайтын болады. Ұлттық банк бүгінгі күнге дейін өзінің алтын валюталық резервін айырбас бағамын белгілі бір деңгейде ұстап отыру үшін жұмсап келді. Ендігі жерде олай болмайды.

Қазақстанның төңірегіндегі елдерде – біздің негізгі сауда әріптесімізде – ұлттық валюталардың бағамы күрт құлдырап кетті. Мысалы, Ресейде рубльдің бағамы 1998 жылғы тамыздың 17-сінен бері қарай төрт есе төмендеді. Сол валюталармен салыстырғанда теңге тез қымбаттады және біздің тауарларымыз бәсекеге түсу қабілетінен айырылып қалды, өнеркәсібіміз тұралай бастады, кәсіпорындар тоқтап қалды, жұмыссыздық арта түсті Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 9 процентке дерлік, немесе 1 миллиард 300 миллион доллар мөлшерінде кеміді, ал біздің экспортқа шығаратын тауарларымыз 1 миллиард 250 миллион долларға қысқарды.

Біз Ресейден әкелінетін кейбір импорттық тауарларға өте елеулі шектеулер қойдық және Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінетін импорттық тауарларға салынатын баж салығының мөлшерін 200 процентке дейін жеткіздік. Шетелден әкелінетін арзан тауарлар біздің өндірісшілеріміздің қол-аяғын бірдей матап, валютаны елімізден сыртқа қарай ағылтуда.

Міне, осы тұрғыдан алғанда жағдайдан шығудың бір ғана жолы бар – теңге бағамының емін-еркін өзгермелі болуына жол беру керек.

Сонымен, Қазақстан теңгесі міне алты жылдан астам уақыт берік төлем құралы болып келеді. Ол еркін айырбасталатын валюталарға шектеусіз айырбасталады.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!