Экономикалық саясаттың қазіргі жай-күйін талдау

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзірлеген “Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономиканың ауқымын қысқарту жөніндегі экономикалық саясат пен ұйымдастыру шараларының 2005-2010 жылдарға арналған негізгі бағыттары” бағдарламасын қабылдады. Қазақстан Республикасында “электрондық үкімет” қалыптастырудың2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдар мен халықтың мемлекеттік қызметшілермен байланысын қысқартатын, сыбайлас жемқорлықтың көлемін азайтатын бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу жөніндегі жұмыс жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі мемлекет пен Қазақстанның қоғамдық бірлестіктері арасындағы серіктестік байланыстарды “мемлекеттік сектордан қоғамдыққа, жекеге” деген қағидат бойынша сындарлы дамыту мен нығайтуға бағытталған. Кәсіпкерлердің бірыңғай пікірін білдіретін және олардың мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктердің заңды құқығын күшейтуге және арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 27 желтоқсандағы N 1401 қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті іс-шаралар көзделген Қазақстан Республикасында экономика саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар жанындағы құқық қорғау органдары үйлестіру кеңестерінің отырыстарында ұдайы қаралады. Тәртіптік кеңестер қабылдайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған тұлғаларды жазалау туралы шешімдердің пәрменділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде тәртіптік кеңестердің қызметін үйлестіруді күшейту мақсатында олар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қарауына берілді.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі N 1550 Жарлығына сәйкес қолданыстағы заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге оларда сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жағдай жасайтын нормалардың болуы мәніне тексеріс жүргізілді. Тексеріс 1991-2004 жылдар аралығында қабылданған және әділет органдарында тіркелген 5126 заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қамтыды. Тексеріс барысында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жағдай жасайтын нормалары бар немесе Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтін 230 нормативтік құқықтық акт, оның ішінде Үкіметтің 35 қаулысы, 41 ведомстволық бұйрық және жергілікті мемлекеттік органдардың 154 қаулысы мен шешімі анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында халықаралық ынтымақтастық дамуда. Шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен және арнайы қызметтерімен, халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жолға қою мен нығайту жөнінде жұмыс жүргізілуде.
2004 жылғы 14 желтоқсанда Экономикалық жәрдемдесу және даму ұйымы (ЭЖДҰ) кеңесші тобының бірауызды шешімімен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына енді. Халықаралық ұйымдар өкілдері мен жұртшылық мемлекетіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы саясатын оң бағалады, сондай-ақ республиканың халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылуын атап өтті.

2005 жылғы 20-21 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбул жоспарына сәйкес Париж қаласында (Франция) кеңесші топтың кездесуі өткізілді, онда Қазақстанда және Ресей Федерациясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңнамалық-құқықтық және институционалдық база туралы ақпарат ұсынылды.
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы” (Страсбург, 1999 жылғы 27 қаңтар), “Қылмыстық жолмен алынған табыстарды жылыстату, анықтау, алу туралы” (Страсбург, 1990 жылғы 8 қараша) халықаралық конвенцияларға, Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясына (2003 жылғы 31 қазан) қосылуы жөніндегі жұмыс жалғасуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында қол жеткізілген оң нәтижелермен қатар мынадай шешілмеген проблемалар да бар.
Біріншіден, заңнамалық актілердегі құқықтық олқылықтар мен сілтеме нормаларының едәуір санының болуы мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымды адамдарға негізделмеген кең өкілеттіктер беретін ведомстволық актілерді қабылдауына мүмкіндік береді. Бірінші кезекте толықтырулар мен өзгерістер енгізуді қажет ететін заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасының Жер кодексін, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы”, “Мемлекеттік сатып алу туралы”, “Лицензиялау туралы” Қазақстан Республикасының заңдары мен рұқсаттар беруді регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерді жатқызуға болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді халықаралық шарттармен және келісімдермен одан әрі біріздендіру талап етіледі.

Екіншіден, әкімшілік рәсімдерді, ең алдымен, салық және кеден ережелерін одан әрі жеңілдету қажет. Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін олар қарапайым, анық және жалпыға белгілі болуы қажет. Ақпарат пен құжаттамаға қойылатын талаптарды ең төменгі деңгейге жеткізу қажет.
Әкімшілік рәсімдерді жетілдіру лауазымды тұлғалар мен клиенттердің жеке байланысын шектеуге, сондай-ақ белгіленген есептілік нысандары мен санкциялардың қысқаруына әкелуге тиіс.

Үшіншіден, адам ресурстарын басқару тиімділігінің жетіспеуі орын алуда. Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының сот практикасын талдау кінәлілердің көпшілігі төменгі буындағы мемлекеттік қызметшілер екенін көрсетіп отыр. Олардың жалақысының деңгейі мен әлеуметтік қорғалмауы сыбайлас жемқорлықтың экономикалық алғышарттарын жасайды.

Бұл мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндерге жоғары кәсіби талаптарды белгілеуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің іскерлік қабілеті мен кәсібилігін объективті әрі алаламай бағалауға негізделген еңбекақы төлеу мен қызметте жоғарылату жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін енгізуді көздейді.

Төртіншіден, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері мониторингі жоқ. Сыбайлас жемқорлық факторлары мен тетіктерін қадағалау, оның деңгейі мен құрылымын бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың тиімділігін талдау қажеттігі оны енгізуді талап етеді.

Мұндай бағалау сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу мақсатында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда ішкі бақылаудың енгізілетін жүйелері үшін негіз болады.

Бесіншіден, соңғы жылдар тәжірибесі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мәселелерінде азаматтық қоғамның белсенділігі мен хабардарлығының қажетті деңгейінің болмауын көрсетуде. Осыған байланысты осы Бағдарламаны іске асыруда азаматтық қоғам институттары қатысуының тетіктерін жасау талап етіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы туралы жұртшылықты хабардар етудің жалпы қолжетімді және тиімді рәсімдерін енгізудің маңызы да кем емес.

Алтыншыдан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың деңгейі жеткіліксіз. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының халықаралық ынтымақтастық нысандарын кеңейту және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және заңға қайшы жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыруға қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларға қосылуы жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.