Құдайбердіұлының дүниетанымдық көзқарастарының бастау көздері

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы – қазақ әдебиетінің кемелдену кезеңінен бастау алып, мағыналық тереңдеу, мәнді ой түйіндеу, көркемдік өрнектену, халықты өрлеуге шақыру, кәсіби тұрғыдан толысу кезеңі еді. Бұл кезде бұрын әлі қалыпқа түсіп бітпеген, қайталана қолданылып келген көшпелі мазмұн, түрлік пішіндердің, бір текті стильдік тілдік оралымдардың сапалы көркемдік әдіске айналу дәуірі басталса, ал қазақ философиясында ерте кездегі философиялық ой-толғамдардың танымдық өрісі одан әрі жандана, жаңара түсті. Бұл үрдіс ең алдымен, Абайдың, оның дарынды шәкірттерінің, әсіресе Шәкәрімнің шығармаларында кеңінен көрінді. Ауыз әдебиетіндегі философиялық ой, дүниетаным Шәкәрім шығармаларында жалғасып, әлемдік философтардыңпікірлері қазақ дүниетанымымен ұштасқан күйі жазба әдебиет үрдісінде көрініс тапты. Ал, сол Шәкәрім шығармаларындағы «жасырынған мағыналар қазынасын» бірлесіп аша түсу алдағы күндердің таусылмас игілікті сыбағасы.

Зерттеушілердің де, әдебиетші ғалымдардың да алдағы нысана-бағдары ақынның сан-салалы шығармашылығын әр бағытта, мысалы, Шәкәрім шығармашылығының тақырыптық желілері, оның поэзиясының көркемдік өрнектері, тәрбиелік және эсттетикалық мән-мағынасы, тарих пен бергі заман байланысы, Шәкәрім поэзиясының Батыс-Шығыс классикалық поэзиясымен сабақтастығы, Шәкәрім өлеңдерінің түрлік, ұйқастық иірімдері, Шәкәрәм шығармашылығындағы ұлттық дәстүр мен ақынның дара ерекшеліктерін танытатын басқа да қасиеттерін саралау, ғылыми жүйеде зерттеу болуы тиіс.

Қандай біртуар тұлға болса да, ол ең алдымен, өз заманының, өз ортасының түлегі. Суреткер өз дәуірінің шындығын шығармаларына арқау етеді. Замандастарының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды. Халқының мәдени, рухани дәрежесін өзі өмір сүрген уақыттың өлшемімен биікке жетелейді. Сол замандағы қоғамның тыныс-тіршілігі мен халқы көтерілген рухани биікті өткен тарихпен салыстырып барып, ел-жұртының қаншалықты ілгерілегенін, жетістігі мен кемістігін салмақтайды. Өткен тарихты санасында сүзіп, өмір сүрген дәуірінің қыр-сырына қанығып, болашаққа болжам жасайды. Көне тарихтың, алдыңғы ата-баба дәстүрінің прогресшіл жақтарын өз уақытына қайта жаңғыртып жеткізеді, өз дәуренімен байланыстырып барып, болашаққа жол тартады. Ендеше, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің көпшілігі – заман мен заманды жалғаушы, ел тарихын көркем туындылары арқылы қайта жаңғыртушы басты тұлғалар. Олардың туындыларының үлкен бір қыры – шығармаларындағы тарихи, қоғамдық, өмірлік танымы, оның үстіне, ақын не жазушы өз шығармалары арқылы заманды жалаң көрсетіп, оқиғаны тізіп шығушы емес, көркем суреттеп, оқушысына жан-жақты әсер беруші. Осы жан-жақты әсердің ішінде көркемдік шеберлікпен бірге тағылым-тәрбие, таным, саналық жолдар көркем туындының бөлінбес бір саласы есебінде қоса жүрмек.

Шәкәрімнің шығармашылық жолы сан-салалы. Әрине, ол ең алдымен, ақын. Сонан кейін барып, шежіреші- тарихшы, елдің ішкі тіршілікгінің қам-қарекетін жазған көсемсөзші. Ең бастысы Шәкәрім өзінің өмір сүрген ортасында болған қоғамдық-тарихи құбылыстар арқылы өмір сырына үңілген дүниетанушы адам. Сонымен бірге, Шәкәрім ғұлама ойшыл, үлкен тәрбиеші. Ол шығармасын тек тарихи тұрғыда жазбайды, ескінің жаңаға ұласуын, арғы заман мен бергі заманның саналық, сапалық ерекшеліктерін образ бейнелері, ой-түйіндері арқылы үнемі даралап суреттеп отырады. Кейіпкерлер іс-әрекеті де, ойлау жүйелері де, көбіне саналы тіршіліктің ыңғайына қарай бағытталып отырады. Және ондай бағытталу автордың әдейі иіп әкелген зорлығы емес, заман мен уақыт шындығының белгісі. Ондай тағылымы терең «жұмбақ» шумақтардың үлгі-өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні үлкен. Ендеше ескілік өмірді, жолсыз салтты сынаушы ғана емес, халықтың өмірі мен тарихындағы ғасырлар бойы қалыптасқан жақсылықты дәріптеуші.

Осыдан келіп Шәкәрімнің танымдық көзқарасының қалыптасу тамыры шығады. Белгілі бір халықты жете танып. Оның өмірлік философиясын білу үшін, алдымен сол халықтың тарихы мен ауыз әдебиетін білу керек. Сондықтан Шәкәрімге де халқының көне тарихын жан-жақты білу, оған қазақтың ауыз әдебиеті, ертедегі арман-тілегі, аңыз әңгімелері әсер етті. Қазақ халқының қиссалары, мақал-мәтелдері, шешендік шиырлары ауыздан-ауызға жетіп, жұрттың рухани жетілуіне өз ықпал-әсерін тигізгені анық. Адамгершілік, бауырмалдық, бір-біріне қамқорлық, ғашықтық, сүйіспеншілік, барлығы да ұлттық дәстүрімізге тән құндылықтар.

Шәкәрім өзінің атасы Құнанбай қажының тәрбиесін көрген. «Мені адалдық жағынан тәрбиелеп, ақыл берегн үлкен әкем – Құнанбай, деген Шәкәрімнің өзі, — Әсіресе, адалдық жағын үйрететін». «Елге адал еңбек етсең, адал болсаң, абыройлы боласың. Елге жақсаң Құдайға да жағасың», «Көпті сыйласаң өзің сыйлы боласың», — деген сияқты нақыл сөздерді жиі айтқан.

Адалдық борышың –

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айныма,

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да өнер мен білім үйрен.

Өнерсіз білімсіз,

Болады ақыл тұл.

Ата тәрбиесінен кейін Шәкәрімді қызықтырған ауыз әдебиеті болды. Ондағы айтылған халықтың мұң-мұқтажы, халықтың тіршілікке деген көзқарасы Шәкәрім дүниетанымын, философиялық ойын жетілдірді, оның өмірге деген көзқарасы халықпен ортақ, бірге болды. Шәкәрімнің қай шығармасында болмасын адамдық қалыпты берік ұстанған, мейірімді пейілден айнымаған көпшілік қауым бар, ол халық екенін, халық санасының қай кезде де қалпы құрымайтындығын, келешек күндердің қиыншылығы ел-жұртты тұрмыстық жағынан да, рухани жағынан және мәдени жағынан да қысуы мүмкін екенін түйіндей барлап, елдің елдігін сақтайтын сара жол халық пейілі екенін болашаққа әдейі ескертетін сықылды.

Шәкәрім шығармаларындағы халық, ұлт образы астарында ең бірінші адам образы тұр. Шәкәрім адамтанушы. «Үш анықта» адамды «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді» дейді. Сонда адамның бұл өмірдегі орыны, қызметі тәнге емес, мәңгі өмір сүретін жанға арналу керек. Ал, жаны таза адамның, тәні де таза болады. Ойшыл бергіні емес арғыны қозғап, сол арқылы адамның шын мәнінде кім екендігін танытқысы келеді.

Мысалы: Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең – дағы, — дейді.

Бұл шәкәрімнің Абаймен үндестігі, ұстазы Абайдан алғаны. Мұнда айтары тәннің уақытша екенін, бұл өмірдің рахаты үшін адам бар жағдайды жасатыны, тіпті тән рахаты үшін сауап бермес қылықтарды, озбырлықтарды жасайтыны, ал сол тән өлгенде тіптен жиіркенішті болатынын айта келе жан тазалығын ұсынады. «Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұжданы соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін ешнәрсе қарайта алмайды». Сндықтан ол позитивті сезім мүшелері, түйсік арқылы жинақталған тәжірибені көбірек жақтайтын ойшылдарды, мысалы Кантты сынайды.

Әрі қарай «Үш анықтан» алуға болады. Дүниетанудың өлеңдері көп қой!

Р.S. Шәкәрім. Шығармалары. Алматы 1988 ж. қараңыз!