Кәсіпкерлік қызмет өндіріс факторы ретінде

Кәсіпкерлік — бұл меншік формасына тәуелсіз, азаматтар мен заңды тұлғалардың, таза кірісті, тауарларға деген сұранысты өз атынан, өз тәуекелі мен өзінің мүліктік жауапкершілігі арқылы қанағаттандыру жолымен алуға бағытталған белсенді қызметі.

«Кәсіпкерлік» пен «нарық» өзара тығыз байланысты. Нарықтық экономиканың жалпы да қысқа анықтамасы «еркін кәсіпкерлік экономика» деген ұғымды білдіреді.

Шынында да нарық кәсіп иесі мен ортасын, ал кәсіпкерлік нарық қатынасының сипаттамасын көрсетеді. Кәсіпкерлік – азаматтардың өз атынан, өз тәуекеліне, өз мүлік жауапкершілігіне, яғни пайда мен жеке кіріс алуға бағытталған тәуелсіз қызметін керсетеді.

Мемлекеттік заң кәсіпкерлікке шаруашылық қызметтің барлық түрін, сонымен қатар коммерциялық-делдалдық, сауда-саттық, инновациялық, кеңес берушілік қызметтерді, құнды қағаздар операцияларын жүзеге асыруға рұқсат береді. Кәсіпкерліктің алғашқы формасы жеке және ұжымдық кәсіпкерлердің қызметі.

Жоғарыда келтірілген анықтамалар жеке табыс пен пайда табудағы кәсіпкерліктің басты қасиеті мен белгісі болып табылады.

Кәсіпкерліктің негізгі қасиеті іс жүргізудің жеңіске жеткізер қызметінің икемді де ыңғайлы жаңа түрлерін үздіксіз іздестіру, яғни өнімді, технологияны, тауарды, тұтынушылар ортасын, бағаны экономикалық әрекет ортасындағы өзгерістерге сәйкес өзгертеді. Кәсіпкер үшін тыныштықта тұрып қалу жат қылық. Өз атына сәйкес ол іске асырылатын қызмет пайдасының көп болуына, кем дегенде пайданың төмендемеуіне жағдай жасауы керек.

Сонымен, кәсіпкерлік дегеніміз – үздіксіз жаңалау ісі.

Кәсіпкерлік қызметтің сипаты. Кәсіпкерлікті алдын-ала белгісіз, бұлыңғыр жағдайда, тәуекелмен жүргізуге тура келеді. Бұл ұтылу қорқынышын туғызады. Дегенмен есеппен жұмыс істеген кәсіпкер нәтижелі жетістікке жетеді. Алайда кәсіпкер мемлекеттің бақылауымен жұмыс істейді.

Кәсіпкер арқылы кәсіпкерлік қызмет анықтамасы толық сипатталады.

Бекітілген заң бойынша Қазақстан Республикасының барлық азаматы заңды негізде бекітілгендей еңбекке қабілетті деп шешілсе, кәсіпкер немесе кәсіпкерлік қызметтің субъектісі бола алады.

Жеке кәсіпкерлікпен қатар ұжымдық кәсіпкерлікке де рұқсат етіледі. Ұжымдық кәсіпкерлікке заңды түрде мүліктік негізделген азаматтар тобы жатады.

Кәсіпкерліктің арнайы мәртебесі жеке мекеме ретінде қатысушыға беріледі.

Кәсіпкер уақыт факторын есепке алу керек. Келісім жасау мерзімі қысқа болған сайын кәсіпкер үшін оның тиімділігі соғұрлым жоғары болады. Бірақ та ол тұтынушыға зиянын тигізбеу керек.

Кәсіпкерлік қызметтің мәні олар атқаратын қызмет арқылы ашылады:

— кәсіпкер – пайда алу мақсатында өндіріс факторларын тауар мен қызмет өндірудің біріңғай процесіне қосу ұсынысын қарастырады;

— кәсіпкер — фирма қызметінің сипатын көрсететін, фирманың іс-әрекетінің стратегиясын анықтаушы және оны жеңіске жеткізу жауапкершілігін өзіне алатын өндірісті ұйымдастырушы;

— кәсіпкер — коммерциялық негізде жаңа өнімді, жаңа технологияны, қызметті ұйымдастырудың жаңа тәсілін енгізуші жаңашыл;

— кәсіпкер — тәуекелден қорықпайтын және кәсіптік мақсатқа жетуге ұмтылатын адам;

Бұл қызметтерді жетістікпен атқару үшін адам белгілі қабілеттерге: белсенділікке, өз бетінше ойлау қабілетіне, шешім қабылдай білу қабілетіне, мақсатқа жету жолында шыдамдылыққа, ұйымдастыру және ұжымды игеру қабілетіне ие болуы керек.

Кәсіпкерлік қызметтің жалпы құрылымы мен оның түрлері. Кәсіпкерлік өзінің негізгі белгілерімен, қасиеттерімен қатар кәсіпкерлік қызметтің технологиясын жүзеге асырушы тәсіл де болып табылады. Оған істі жүзеге асыру белгілі бір бағыттағы тәртіппен жүргізілетін тізбектілік, өзара байланыс тән. Кәсіпкерлік экономикалық қызметке ерекше қасиет бере отырып басқарады.

Кәсіпкерліктің кәсіпкерлікке тән барлық түрінде көрінетін жалпы белгілерінің типті құрылымын қарастырып көрейік. Былайша айтқанда кәсіпкер қызметінің бірыңғай құрылымын.

Соңғы нәтижесінде кәсіпкерді белгілі бір тұтынушыларға әртүрлі қызмет көрсету және тауарға деген сұранысын тудыра отырып тауар (Т) сату арқылы ақшалай түсім (Ат) алуға шақырады. Сонымен қатар бұл жерде тауар мен қызмет кең шеңберде ұғындырылады. Бұның бәрі тұтынушының мұқтажы, сондықтан да ол ғимарат, құрылыс, үй, меншіктік бағалы заттар, тұтыну тауары, мәлімет, интелектуалды өнім, ақша, валюта, бағалы қағаздар, тұтыну, құрылыс және басқалай жұмыс түрлері мен қызметтері үшін ақша төлеуге әзір, яғни кәсіпкер соңғы өнім ретінде кез-келген тауарды өткізеді.

Бірақ тауарды өткізу үшін алдымен тауар болуы керек. Сондықтан да кәсіпкер алдымен тауарды алады немесе өзі өндіреді. Сонан соң тұтынушыға сату үшін оның қозғалысын жүзеге асырады.

Тұтынушыға тауар мен қызметті өткізу процесін жүзеге асыру үшін кәсіпкер кәсіпкерлік қызметтің керекті факторларын енгізуге, өндіріс жабдықтары мен тауар айналымына көңіл аударуы керек.

Нәтижесінде кәсіпкерліктің қисынды құрылымы төмендегі тізбек түрінде болады:

Аф – Ф – Т – Ат.

Кәсіпкер ақшаға (Аф) фактор (Ф) сатып алып, оны тауарға (Т) айналдырады және тауар мен қызметті сата отырып ақшалай түсім (Ат) алады. Осы процесті жүзеге асыра отырып ол ақшалай түсімнің (Ат) әр түрлі факторларды алуға кететін (Аф) ақшадан жоғары болуын қадағалайды.

Кәсіпкерлік қызметтің технологиясы төмендегіше құрылады. Барлық келісім-шарт белгілі уақыт тәртібінде жасалуы керек, келісім-шарттың жалпы ұзақтығы оның тиімділігіне тікелей әсер етеді.

Кәсіпкерлік қызметтің жалпы типті технологиялық құрылымын одан әрі жетілдіру үшін қызмет түрінің әр түрін жеке-жеке қарастыру керек. Бұл үшін істердің ыңғайлы дұрыс жолдарын таңдай білу керек.

Кәсіпкерлік қызметтің кіріс және пайда әкелетін қызмет түрлеріне салық салынады және кәсіпкер бюджетке міндетті түрде төленетін телем түрлерін төлеуге міндетті. Егер кәсіпкер заңды тұлға ретінде кәсіпорын құратын болса, онда ол Салық Заңына сәйкес салық төлейді. Заңды тұлға ретінде тіркелмеген кәсіпкер азаматтарға кіріс салығы салынады.

Жалдамалы еңбекті тартпай ашылған кәсіпкерлік қызмет жеке еңбек қызметі ретінде, ал жалдамалы еңбекті тартушылар — кәсіпорын ретінде тіркеледі.

Кәсіпкерлік қызмет көлемі бойынша келесі түрлерге бөлінеді:

1) жеке кәсіпкерлік: бір адамның немесе оның жанұясының кез келген саналы еңбегі;

2) ұжымдық кәсіпкерлік.

Қызмет сипаты бойынша кәсіпкерліктің бірнеше формасы бар:

1) коммерциялық емес — баю мақсатында өнімді сатумен байланыссыз (қайрымдылық қызметі);

2) коммерциялық кәсіпкерлік — кіріс әкелетін іс. Еңбектің осы түрін кәсіпкерлік деп атайды.

Кәсіпкерлік – пайда әкелетін экономикалық қызмет Қызмет түрінің сипаты мен маңызына қарай отырып кәсіпкерлік келесі түрлерге бөлінеді:

— өндірістік кәсіпкерлік;

— коммерциялық кәсіпкерлік;

— қаржылық кәсіпкерлік.

Экономикалық қызмет жалпыға бірдей төрт типке бөлінеді:

— өндіріс;

— алмастыру;

— бөлу;

— тұтыну.

Өндірістік кәсіпкерлік өндірісте, коммерциялық кәсіпкерлік тауар мен қызметті тұтынуда, ал қаржылық кәсіпкерлік баға алмастыру мен ақша айналымында таралған. Өндірістік кәсіпкерлік деп есептеп, сонан соң коммерциялық және қаржылық кәсіпкерлікпен тізбекті аяқтаймыз. Сонда да қазіргі жағдайда кәсіпкерлер қызметтің қаймағын тезірек алып, коммерциялық саудадағы делдалдық салада көп пайда табуға тырысуда.

Өндірістік кәсіпкерліктің негізгі шеңбері: өндірістік мекемелер мен ұйымдар; коммерциялық кәсіпкерліктің негізгі шеңбері: сауда ұйымдары мен тауар биржалары; қаржылық кәсіпкерліктің негізгі шеңбері: қаржылық-коммерциялық банктер мен қор биржалары.