Шағын кәсіпорындардың қалыптасқан салалық құрылымы

Шағын кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ел Президенті мен Үкімет қабылдаған ресми құжаттарға және олар атқарған нақты істерге қысқаша талдау жасаған соң, енді осы саланың бүгінгі қалыптасқан жағдайы жайлы біраз нақтылы статистикалық деректерге жүгінейік. Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің статистикалық тіркелім деректерінде республика бойынша 2004 жылы желтоқсан айының 1 жұлдызына дейін бизнеспен айналысатын 143,6 мыңнан астам шағын кәсіпорын тіркелген. Тіркелген кәсіпорындардың 72 пайызға жақыны жұмыс істейтін (экономикалық қызметті жүзеге асырған немесе асыра алатын) кәсіпорындар. Осы кәсіпорындардың әрбір екіншісі, яғни 52,1 мыңнан астамы қараша айында белсенді жұмыс істейтін кәсіпорындар қатарын құрайды.

Белсенді жұмыс істейтін кәсіпорындардың басым көпшілігі (40,8%) саудаға, автомобильді, тұрмыстық және жеке бас мүліктерін жөндейтін салаларға, өнеркәсіп саласына (12,8%) және жылжымайтын мүліктермен операция жасауға, жалдау және тұтынушыларға қызмет көрсететін салаларға (13,3%) тиесілі.

Республиканың шағын бизнес кәсіпорындарында 2004 жылғы 1 желтоқсанға есептелген дерек бойынша 523,2 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл көрсеткіш 2004 жылдың 1 ақпанындағы деңгейден 11,1 пайызға артты. Есептелген дерек бойынша 2004 жылғы қараша айында өткізілген өнімнен түскен табыс 55 617,1 млн тенге болды, бұл көрсеткіш 2004 жылдың қаңтар айындағы деңгейден 15,8 пайызға жоғары.

Шағын бизнес кәсіпорындарын экономиканың қызмет түрлері бойынша алып қарасақ, оны келесі деректерден көреміз. 2004 жылдың 1 желтоқсанына барлық тіркелген кәсіпорындар саны 143,6 мың, одан жұмыс істейтіндері 103,0 мың екен, соның ішінде тиісінше ауыл шаруашылығында, аң және орман шаруашылығында – 9,6 мың және 7,2 мың, өнеркәсіпте – 16,3 мың және 11,6 мың, құрылыста 18,0 мың және 14,5 мың саудада, автомобильді, тұрмыстық және бас мүлігін жөндеуде 67,6 мың және 45,0 мың, жылжымайтын мүліктермен операция жасауда, жалдау және тұтынушыларға қызмет көрсетуде 15,9 мың және 12,6 мың шағын кәсіпорын бар.

Ал енді жеке өңірлер бойынша алып қарасақ, онда Алматы қаласында тіркелген кәсіпорындар саны 50,6 мың (барлық кәсіпорынның 35,2%), жұмыс істейтіні 31,7 мың (30,8%), Астана қаласында – 11,8 мың (8,2%) және 9,8 мың (9,5%), Шығыс Қазақстан облысында – 9,4 мың (6,6%) және Қарағанды облысында – 9,1 мың (6,4%) және 6,5 мың (6,3%) шағын кәсіпорын бар және жұмыс істейді.

Шағын бизнес, сондай-ақ республика жеке кәсіпкерліктің дамуымен сипатталады. Жеке кәсіпкерлерге заңды тұлғалықты құрмай-ақ, жеке тұлға ретінде кәсіпкерлікпен айналысатындар жатады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің деректері бойынша тіркеуден өткен жеке кәсіпкерлердің 2004 жылғы 1-ші қазандағы саны 303,8 мың адам, одан жұмыс істеп тұрғандары 230,8 мың адам, олардағы жалдамалы жұмыскерлер саны 219,8 мың адам.

Ауылшаруашылық саласында шағын бизнес шаруа (фермер) қожалықтарының дамуымен сипатталады. 2004 жылдың 1 желтоқсанына республикада 174,6 мыңнан астам шаруашылық тіркеліпті, олардың 83,6 пайызы жұмыс істеп тұрғандар. Жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға қолында малы бар немесе егістік жерді пайдаланушы шаруашылықтар жатады. Тіркелген 174,6 мың және жұмыс істеп тұрған 146,1 мың шаруа қожалығының тиісінше әр облысқа тиесілі үлесін Б-1 кестеден көреміз. Келтірілген деректерден республика бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің ауылшаруашылық саласындағы ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысына тиесілі екенін көреміз. Ал бұл облыс аграрлық аймақ болғандықтан шағын кәсіпкерліктер (фермерлік шаруа қожалықтары) көптеп саналады. Агроөнеркәсіптік кешен құрамына шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтар, өндірістік және тұтынушылар кооперативтері, ұйымдар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы үшін өндіріске тиісті қаржы жұмсайтын, ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен шұғылданатын, шикізаттарды өңдеп, олардан алынған өнімдерді сақтауды және өткізуді қамтамасыз ететін шаруашылық насандары кіреді.

Агроөнеркәсіптік кешен – экономиканың ірі де әлеуметтік маңызы зор бөлігі. Жалпы ішкі өнімнің алтыдан бір бөлігі ауылшаруашылығының, сондай-ақ кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Облысымыздың тұтыну базарының 60 пайызынан астамын ауылшаруашылық шикізаттарынан дайындалған азық-түлікпен тауарлар қамтамасыз етеді дейді мамандар. Аграрлық сала қызмет көрсетудің және көптеген өнеркәсіптік саланың дамуына жағдай жасайды. Сол себепті де агроөнеркәсіп өндірісіне баса назар аударылып, оған мемлекеттік қолдау көрсетілуі керек. Ауылш-селоның қайта түлеп, өркендеуі үшін ұлттық саясат, біртұтас нормативтік құқықтық база және базар кеңістігі ауадай қажет.

Елімізде ірі және ұсақ өндіріс орындарының мәселелері кәсіпорын аумағындағы жетістіктер мен кемшіліктерді саралау барысында шешімін табады.