Шоқан Уалихановтың бейнелеу өнеріндегі шығармаларының этнографиялық маңыздылығы

Шоқанның уақыт тезінің толқысына шыдас берген бейнелеу өнеріндегі жұмыстары мен шығармалары ХІХ ғасырда Қазақстан мен Орта Азия тарихи-этнографиялық және географиялық ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатымен келген суретшілер В.И.Штернберг, П.М.Кошаров және М.С.Знаменскийдің суреттеріне қарағанда, идеялық-көркемдік жағынан айтулы дәрежеде жоғары тұр. Аталған кәсіпқой суретшілер жергілікті халықтың өміріне салғырт қарап, туындыларында айрықша көзге түсетін тұрмыс-салт ерекшеліктеріне киім үлгілері мен үй іші жиһаздарының сыртқы тұрқына ғана баса назар аударса, картиналарға әлеуметтік астар, психологиялық мінездеме беріп, халық мүддесінің жыртысын жыртатын қажетті де келелі, өзекті де өміршең тақырыптарға қалам тартқан. Шоқанның басым шығармалары тұрмыстағы қолданылатын заттарын, ерекше қолөнер бұйымдарына арналған болып табылады. Сонымен қатар Шоқан бейнелеу жұмыстарында протреттік шығармалары да бар. Бұл шығармаларының этнографиялық маңызы да жоғары болып табылады. Мәселен ол «Жоңғария очерктерінде» ол қырғыздар мен қазақтарды – шығыстану ілімінің көрнекті қайраткері А.И.Левшин, Г.Мейндорф, А.Гумбальдт, К.Риттерлердің мүлде шатастыруымен кемелдігін нақты дәлелдерменен айғақтай отырып: «Қытайлық – бурут, орыстар – алатау қырғыздары немесе қарақырғыздар деп атайтын қырғыздан үлкен орда, кіші орданы [Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз] құрайтын қырғыз-қайсақтар бір ғана “қазақ” халқын білдіруі арқылы дараланады. Бұл екі халықтар шығу тегі, тілі, ғұрпы жағынан біріне бірі келмейді. Тіпті буруттардың түр әлпетінің өзінде қайсақтарға ұқсамайтын өзіндік белгілері бар, 1856 жылы мен салған Боранбай манаптың портрет мен 1848 жылы Омбыда түсірілген суретті салыстыра отырып қараңыздар» [16, 161 б] деп Боранбай портреттік бейнесінің фотографиялық суреттің дәлдігімен бәсекелесе алатындығына еш күмән келтірмейді. Осылайша Шоқан өз еңбектеріндегі зерттеулерді тек ғана жай сөзбен ғана емес сонымен қатар өзінің қарындашпен салынған суреттерімен де дәлелдеуге тырысады. Қырғыз бен қазақтардың тіптен бөлек екенін бірнеше бейнелерден де байқауға болады. Мәселен Алатау қырғыздарының қыз келіншектерінің бейнесі мен Шығыс Түркістан қыз келіншектерінің бейнесін көрсете отырып олардың киім үлгісі, түр сипатының қазақ халқынан ерекше екенін яғни мәдени ерекшеліктерін айқындатады. Сонымен қатар Шоқанның “Алатау қырғызы” және “Жас қазақтың бейнесі” атты портреттерін салыстыратын болсақ мұнда екі ұлттың ерекшеліктері айқындала түседі. Шоқан Уалиханов портреттік суреттерді сала отырып Қазақстандағы аға сұлтандардың бейнелерімен киіну стилін яғни киім үлгілерін көрсетеді.

Шоқан Уалиханов зерттеулерінде, шығармаларында халықтың салт-дәстүрлеріне, қолөнер бұйымдарына, тұрмыстағы пайдаланып отырған заттарына аса мән беріп салып қалдыруға тырысады. Бұл еңбектерін көптеген ғалымдар аяқсыз қалған сюжеттер деп атайды. Алайда мұндай еңбектердің маңыздылығы тереңде жатыр. Жоғарыда аталған сюжеттердің этнографиялық маңызы зор. Мәселен, “Садақ пен қорамсап”, “Қамшы”, “Сойыл”, түрлі “пышақ”, “ертұрман” тағы басқа бейнелер Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тұрмысындағы қолөнер бұйымдарын кескіндейді.

Шоқан Уалиханов өз саяхаттарында Қазақстан мен Орта Азияның сәулет өнерінің туындыларының бейнелерін де көптеп салып жинақтаған. Бұлда этнографиялық маңызы бар туындылар болып табылады. Себебі Шоқанның мұндай шығармалары да материалдық мәдениеттің жоғары деңгейлігін байқатады. Материалдық мәдениетінің бейнелерінің бірі ретінде Қазақстандағы және Орта Азиядағы таңбалы тастар бейнесі болып табылады. Шоқан Уалиханов мұны жете түсініп таңбалы тастарға аса маңыздылықпен қарайды. “Уалиханов кезіндегі ғылым көптеген тарихи археологиялық ескерткіштердің оның ішінде тас мүсіндердің мән мағынасына жауап таппаған еді. Сондықтан да тас мүсіндер жайлы мағлұматтарды жинау үстінде жүрген Шоқан: “…кемпір тастарды кімдердің қойғандығы, нені білдіретіндігі әзірге беймәлім” деген тұжырымға тоқтауға мәжбүр болды” [16, 212 б] деп Ә.Марғұлан зерттеулерінен байқауға болады. Тас мүсіндер жөнінде Шоқан Уалихановтың еңбектерінде тарихи маңыздылығын яғни археологиялық ескерткіш ретінде құндылығын айқындауға арналған. Сонымен Шоқан Уалихановтың беунелеу өнеріндегі этнографиялық маңыздылық деңгейде деуге болады. Себебі мұнда Шоқан өзінің зерттеулеріндегі маңызды тұстарды сурет салуда да айқындауға тырысады.