Шохан.Уалихановтың бейнелеу өнеріндегі шығармалары

Ш.Уалихановтың басылған толық шығармасындағы, төрт томындағы, ғылыми және әдеби шығармаларынан оқырман оның ғалым, ағартушы, тарихшы, географ, фольклоршы және саяхатшы екендігін таныды. Бесінші томының материалдары бізді Уалиханов — суретші мен таныстырады. Оның бірінші рет толық басылған өте көлемді және көп бейнелі көркем сурет мұралары, қазақ халқының бейнелеу өнерінің тарихын зерттеуші өнер танушылары үшін ғана емес, сонымен қатар көпшілік оқырмандар үшін де құнды.

Ш.Уалихановтың негізгі көркем —сурет туындылары Москваның, С.Петербургтың орталық мемлекеттік архифтерінде және оның бір бөлігі Томскінің Г.Н. Потанин атындағы архивінде сақталуда. Өкініштісі, жас Шоқанның көптеген суреттері, Г.Н.Потаниннің айтуынша, бізге жетпеді. Олардың көбі жоғалды, ал кейбіреулері коллекционерлердің қолдарында немесе архивтерде жоғалды. Ш.Уалиханов кәсіптік бейнелеу өнері саласында жұмыс істеген және сонымен қатар оның көркейюіне көп еңбек жасаған қазақтың ең бірінші реалист-суретшісі.

Осымен, Шоқанды біз әбден танып, зерттеп болдық дей аламыз ба… Меніңше жоқ сияқты. Осы күнге дейін оның ғылымға орасан сіңірген еңбектері үшін алған атақтарының көлеңкелерінде көрінбей келген тағы бір қыры бар сияқты. Ол өзінің ғылымға деген ізденуінің арқасында оқып, үйренген- сәулетші мамандығы. Ал сәулетші мамандығына ең басты, сонау ежелгі дәуірдегі гректерден бастап осы күнге дейін, қойылатын талап-сурет салу өнері. Ол өнер Шоқанда болды.

Г.Н.Потаниннің естеліктері бойынша Шоқан сурет салумен бала кезінен айналысқан. Ол 10-12 жасында қарындашпен портрет және топографиялық пейзаж бейнесінде эскиздерді салған. Омск кадет корпусына түскенге дейін «Шоқан орысша бір сөз де білмеді, бірақ сол кездің өзінде қарындашпен сурет салуды жақсы көрді» [7, 262 б] деп тағы бір естелігінде Потанин айтады. Давинский (қазақ тілінің аудармашысы-) Шоқанның суреттерін Омскіде алғашқы таныстырғандардың бірі.

Сурет өнеріне талпынысын 1842 ж. әкесі ұйымдастырған Құшмұрын қазақ мектебінде байқатты, ол кезде ол жеті жаста еді. Өзінің оқу жоспарына қарай Құшмұрын қазақ мектебі XVIII және XIX ғ.ғ. қазақ даласындағы ең алдыңғы қатардағы мектеп болды. 1838-1848 жыпдары Құшмұрын бекінісінде Торғай және Есіл далаларында геодезиялық жұмыстар жүргізген Омскінің әскери округінің топографтары тұрды. Солардың ішінде Шоқанның әкесімен тығыз байланыста болған бірнеше суретшілер болды. Сурет өнерін ұнатқан Шыңғыс Уалиханов сол суретшілердің бірін Құшмұрын мектебіне суреттен сабақ беруіне шақыруы да мүмкін. Корпустың суретшілері табылған археологиялық заттардың суреттерін салды, Петербург пен Омскіге жіберу үшін иллюстрациаланған таблицалар мен альбомдарды құрастырды. Еті- тірілігі мен білімге құмарлығы мен ерекшеленген Шоқан осы геологтардың жұмыстарына ерекше назар аударды. Оның балалық ой-түйсігіне тек қана табылған заттар ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық бұйымдардың, еңбек құралдарының және ежелгі мәдениет өнерінің туындылары да үлкен әсер қалдырды. Мүмкін, сол уақытта оның сурет салу өнеріне және өз халқының тарихына деген махаббаты пайда болған шығар.

Шоқан 1847 ж. Омскінің кадет корпусына оқуға түсті. Зерек балаға, Құшмұрынға ұқсамайтын, Омск қаласы өзінің түр-келбеті мен үлкен әсер етті. Шоқан үлкен құштарлықпен қала келбеттерінің суретін салуға кірісті. Омскідегі ең алғашқы суреттерінің бірі, ол 1847ж. акварельмен салған көп терезелерімен, ортасында басты есігімен және шолғыншы мұнарасы бар екі қабатты генерал-губернатордың үйі. Жас Шоқан осы суретінің өзінде күрделі нысанның архитектурасын көрсете білді.

Сол кездерде кадет корпусы батыс Сібірдегі ең үлкен оқу орны болды. Оқу жоспарына , әскери пәндерден басқа, жалпы география, Россияның географиясы, жалпы тарих, Россияның тарихы, орыс және батыс европаның әдебиеті, философияның негіздері ботаника, зоология, физика, математика, геодезия, архитектура, құрылыс өнері және жалпы табиғат тарихы туралы түсінік пәндері кірді. Сонымен қатар сызу, сурет, каллиграфия, орыс, француз, неміс тілдері және шығыс тілдерінен (қазақ, татар, шағатай, түрік, монғол, араб және парсы ) пәндер оқылды. Қолданбалы ғылымынан сызба геометриясы, топография сызбасы және архитектурадан кең түрде сабақ берілді. Архитектура пәні Орынбордың Неплюев кадет корпусының азаматтық архитектура жоспары бойынша оқылды. Оқу жоспарына кіргізілген архитектураның жәні және оның элементтерінен, ежелгі, орта ғасырлық және сол кездегі өнердің тарихы мен теориясы пәндерінен дәріс оқылды. Сонымен қатар, тәрбиенелушілер қаланың құрылыстарында практикада болып, салынытын құрылыстың жоспарларын учаскелерге түсіріп, іргетастарының биіктік деңгейлерін нивелирмен анықтады.

Осындай кең көлемдегі курстар оқылған Омскінің кадет корпусы сол кездегі өзі сияқты оқу орындарынан деңгейі биік болды. Сапалы және кең көлемді, оның ішінде архитектура-құрылыс пәндерінен алған білімі —зерек Шоқан үшін сәулетші мамандығын меңгеруіне жеткілікті еді.

Ал осы жөнінде неге ғалымдар жазбады немесе Шоқанның сол кездегі жолдастарының естеліктерінде айтылмады деген сұрақтар тууы мүмкін. Тіпті өзінің қолжазбаларында да деректер жоқ.

Шоқан Уалиханов қысқа өмірінің 12 жылын әскери экспедициямен өткізді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихына, географиясына, этнографиясы, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырды. Сонымен қатар бейнелеу өнері және сәулет саласында да көптеген жұмыстар жасады. Экспедиция сапарларында ол жергілікті халықтардың тұрмысын, әдет-салтын, үй-жайларын, сол елдің топографиялық пейзажын, қару—жарақтарын, ескерткіштерін, қалалардың жоспарларын және т.б. зерттеп, суреттерін салып, эскиздерін жасады. Әсіресе оған Жетісу мен Тянь-Шандағы кездескен ежелгі мәдениеттің ескерткіштері ерекше әсер етті. Ыстықкөлдің ежелгі қалаларының мәдениетінің қалдықтары, ежелгі суару жүйелері, сәулет ескерткіштері және тас мүсіндері оны қызықтырады. Осы ескерткіштері зерттеп, Шоқан бүкіл Ыстықкөл бассейіндегі және сонымен қатар Жетісуда да мекендеген халықтардың өмір сүру кезеңдері толық анықтады. Орта ғасырларда осы жерлерден, әсіресе Іле аңғарында отырықшылық қатты дамыды. Керуен жолдарында орналасқан Алмалық (қазіргі Түркістан елді мекені), Ханақай мен Қайнақ (осы аттар мен сақталған) және Алмату (Верный бекінісі тұрған жер) алыстағы елдерге белгілі болды.

Шоқан, әсіресе, қазақ халқының арғы тектері: ғұндарға, оғыздарға, қыпшақтарға т.б. арналған ежелгі сәулеттік ескерткіштерді зерттеуге құмар болды. Олардың көпшілігі баяғыда жер бетінен құрып кетті, тек қана кейбірі Уалихановпен басқа суретшілердің суреттерінде сақталды. Ол ежелгі нысандарының барлық оюлары мен бейнелерін қағазға түсіруге және осы ескерткіштерде сақталған ескі заттардың және әскери құрал-жабдықтарды өте ұқыптылықпен, дәл көрсетуге тырысты. Уалиханов қазақтың мемориалдық сәулеттік ескерткіштің екі түрлі бейнесін салды. Біріншісі- қамал нысан формасы түрінде, екіншісі — пирамидалы немесе шатырлы мұнара түрінде. Ол осы тарихи сәулеттік ескерткіштердің бейнесін және жоспарын тушьпен өте ұқыптылықпен, сол кезеңдегі сәулеттік талапқа сай орындай білді. Осыған тән контурларын сызып көрсеткен Сарысу өзеніндегі Жұбан-ана, Айболат және Нұра өзеніндегі Бұтағай. [7, 264 б].

Осылардың ішіндегілердің ең көнесі- Жұбан-ана (X ғ). Ол (VIII- Хғ.ғ) исламға дейінгі жалған күнбез жүйесінде тұрғызылған, орталық-күмбезді, күйдірілген кірпіштен салынған қыпшақ сәулетіне тән ғимарат. Осылардың ішіндегі құрылыс техникасы жағынан тұрғызуға күрделігі- Айболат мазары. Уалиханов осы мазардың сырт бейнесін ғана бейнелеп қоймай, оның интерьерінің тік бұрыш бейнесінен күмбез түріне айналуын штрихпен көрсете білді. 1857 жылы Алатау қырғыздарына сапары кезінде Аягөз өзенінің қасындағы Қозы-Көрпеш және Баян-сұлу сәулеттік ескерткіштер комплексінде болып, оның айналасындағы тас мүсіндері мен (бір ер және үш әйел) бірге суреттерін тушьпен салды. Бұл тас мүсіндер сақталмады. Олардың бейнесін Уалихановтың суреттерінен көруге болады. [7, 267 б].

Осы келтірілген мысалдардың өзінен-ақ біз Уалихановтың сол кезеңнің талабына сай келетін сәулет мамандығын меңгергенін көреміз. Әсіресе Нұра өзеніндегі Бұтағай мазарының қасбеттері жоспары және қимасында айқын байқалады. Мазардың жоспары-қабырғалары тең тік бұрышты, төбесі күмбезбен жабылған. Кіре беріс порталының бұзылғаны көрсетілген. Мазардың алғашқы кейпіне келтіру сәулеттік жобасы масштабпен орындалған. Модуль үшін ағылшынның бір дюймі алынған. Бір дюйм үш аршинге тең. Осы сызылған жоба мазардың толық мағлұматын береді және сол кездегі құрылыс талабына сай орындалған. Бұдан біз Ш.Ујлихановты қазақтың алғашқы профессианал- сәулетшісі екенін мойындауымыз керек. Бірақ, ол осы мамандығын еліне, халқына көрсете алмады. Оған толып жатқан себептер келтіруге болады. Олар:

  • жүз жылға созылған Қазақстанның Россияға қосылу процесі аяқталды. Бұл кезеңде қазақ қоғамының өркендеу прогресін тұсауда ұстаған патриархал- феодалдар үстемдік жасаған Қазақстанда кейбір ғылым саласы дамымады;
  • Россияның Қазақстан мен Орта Азияға деген отаршылау саясаты күшті болды және ол сол саясатқа қызмет жасауға мәжбүр болды;
  • Жартылай және көшпелі өмір кешкен, бастары бірікпеген қазақтар үшін бұл мамандық әлі алшақтау еді;
  • Оның ғұмыры аз болды.

Шоқан еңбектерін зерттеген академик Ә.Марғұлан оның сурет жазбаларын мынадай жеті топқа жіктейді:

  1. Шоқанның жас кезінде салған суреттері.
  2. Ыстықкөл экспедициясы суреттері.
  3. Құлжа суреттері.
  4. Қашқар экспедициясы суреттері.
  5. Қазақстан мен Қырғыстан мәдени және археологиялық

ескерткіштерінің суреттері.

  1. Казақтардың, қырғыздардың және ұйғырлардың тұрмысы мен салтына қатысты суреттер.
  2. Замандастарының портреті.

Ә.Марғұлан Шоқанның суретшілік өнері жеті жастан оянған деген пікір айтады. Ал Шоқанның студент кезіндегі досы Потанин Шоқан бір ауыз сөз орысша білмейтін кезінде-ақ, қарындашпен сурет салуды ұнатқан дейді.