Нақты жағдаяттарды талдау әдістері

Нақты жағдаяттарды талдау әдістері негізінен кейс-әдістің («case» ағылшын тілінен аударғанда – жағдай дегенді білдіреді) түрлі атаулары болып табылады. Ол күнделікті өмірде, кәсіби тәжірибеде кездесетін түрлі жағдаяттарда шешім жасауға негізделген пікірталас сипатындағы оқыту әдісі. Мұнда оқиғаның ғылыми тұжырымдалған түрі әлеуметтік-психологиялық білім беру барысында оқу моделі ретінде қолданылады. Нақты жағдаяттарға талдау жасауға шығармашылықпен келу қажет. Әдетте нақты жағдаяттар үш түрге жіктеледі:

  1. Таныс жағдаят. Оны шешуде ұқсас үлгілерді басшылыққа алуға болады. Сондықтан олардың шешімі де, әдісі де стандартты болып келеді.
  2. Ұқсас жағдаят. Дәлме-дәл бірдей болмағанымен, көп ұқсас белгілері бар, түпкі негізі де ортақ болып келетін жағдаяттарды өзара салыстыра отырып, нақ осы жағдаятқа қажетті ең оңтайлы шешімді таба білу де студенттер үшін үлкен сын.
  3. Бейтаныс жағдаят. Бұрын-соңды өмір тәжірибесінде кездеспеген тың да тосын жағдаятты басқа бір құбылыспен салыстыруға болмайды. Дегенмен, шешілмейтін мәселе жоқ екендігін ескеріп, оның жолын табуға ұмтылу қажет.

Оқу процесінде студенттерге жақсы таныс, шынайы өміріне жақын, бұрын кездескенімен, білімі мен білігінің кемдігінен шеше алмаған жағдаяттарды таңдаған жөн. Оқу тәжірибесі ойдан шығарылған, жасанды жағдаяттардың студенттер тарапынан дұрыс қабылданбайтынын көрсетіп отыр.

Кейде жағдаяттарды қосалқы ақпараттармен толықтырып, күрделендіруге де тура келеді Осындай тапсырмалар арқылы көп ақпараттардың ішінен студенттердің өзіне ең қаажеттісін іріктер алуына, өз шешімін жасауына мүмкіндік туғызуға болады. Жаңа жағдаяттарды ұсынғанда студенттер оны шешудің бірнеше нұсқаларын табуы да мүмкін және олардың бәрінде де дұрыс ой пікірлер кездесуі мүмкін. Міне, мұндай жағдайда оқытушы мен студенттер бірлесе отырып, сол нұсқалардың ішіндегі ең ұтымдысы, тиімдісі қайсысы екенін анықтауы көп нәтижеге жеткізеді. Осы арқылы студенттер тиімді шешімді бірлесе іздеп табу кезінде шығармашылықпен әрекет ететін болады.

Жеке тұлғалық қатынас тұрғысынан алғанда нақты жағдаяттарды талдау әдісі әлеуметтік сезімталдықты тәрбиелеудің де құралы болып табылады. Тұлғааралық жағдаяттарды талдауда дидактикалық та, рөлдік те ойындардың элементтерін пайдалануға мүмкіндік бар.

Тұлғааралық жағдаят – үйренушінің қатысымдық құзырлылықты меңгеруіне негіз қалайтын оқыту әдісі паттерні болып табылады. Паттерн бұл (ағылшынша — pattern) – модель, сырт пішін, бейне, шаблон дегенді білдіреді; бұл – кез келген құбылыстың уақыт аясындағы немесе кез келген заттың кеңістік ішіндегі басқа құбылыстар мен заттардан бөлектеуге болатын және солармен салыстыруға келетін тізбесі, жүйесі мен сәйкестігі. Мұнда, әсіресе, қатысушылардың даму деңгейін болжауға мүмкіндік беретін нақты жағдаяттарды талдау әдісі ерекше мәнге ие. Жағдаятты талдау әдісінің барлық түрлеріне тән ортақ кемшіліктің бірі – оларда жеке тұлғаның тек интеллектуалдық сапасына, деңгейіне айрықша назар аударылатыны. Талданған жағдаяттың қажеттігін сезінудің ең басты тиімділігі – білім алушының осыған ұқсас жағдаяттарға кездескенде курста меңгерілген білімін қолдана білетініне деген сенімділік ғана. Жалпы алғанда адам өзінің болмысына қарай кез келген жағдаятты жеке түсінігі (қатынас және өзіне өзінің қатынасы) тұрғысынан ғана қабылдай алатыны белгілі.

Сабақтарда нақты жағдаяттарды талдау әдісін қолдана отырып жүргізудің төмендегідей сатылары бар екенін ескеру керек

Бірінші -талдауға ұсынып отырған мәселеге студенттерді «енгізе» алу. Жетекші мұнда тақырыптың өзектілігін, маңызын, оның зерттелу деңгейін, өмірмен, студенттердің кәсіби қызметімен байланысын негіздеп бере алуы қажет;

Екінші — нақты жағдаяттың міндетін зерттеп, дәл қоя білу, оны студенттердің өздерімен ақылдаса отырып бағалау, дайындық жасау, өз пікір туғызу, сонымен қатар бірлесіп шешіп, көпшілік алдында қорғау;

Үшінші — жағдаят бойынша топтық және жеке жұмыстар жүргізу. Педагогтың рөлі студенттердің әрекетіне бағыт беру, олардың сұрақтарына жауап беру.

Төртінші – топтық пікірталас: нақты жағдаяттарды талдау нәтижелерін баяндау, түрлі көзқарастарды талқылау, талдау нәтижелерін бағалау, ең таңдаулы, тиімді шешімді анықтау.

Бесінші – қорытынды әңгіме; берілген нақты жағдаяттағы қабылданған шешімдерді қорытындылау және практикалық кеңестер беру.

«Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда әлеуметтік-психологиялық тренинг (ӘПТ) өте тиімді болып саналады.

«Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда әлеуметтік-психологиялық тренингті қолданудың бірқатар ерекшеліктері бар:

  1. Тренингтегі топтық жұмыс қатысушылардың белсенділігін, өзара ынтымақтастық қарым-қатынастарын қалыптастырып, студенттерге өздерінің мінез-құлықтарына өзге адамдардың көзімен (кері байланыс арқылы) қарауына мүмкіндік береді.
  2. Топтық жұмыстың белсенді оқыту және интерактивті әдістері (яғни, тұлғааралық қатынасты жандандыратын): ойындар, топтық пікірталастар және т.с.с.қолданылады.
  3. Қатысушылардың өзара тығыз байланыс жасауына ерекше назар аударылады.
  4. Қатысушылардың белсенді қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылатын тренингінің өту орны да стандартқа сай бола бермейді.
  5. Тренингінің тиімділігін арттырудың бір шарты — қарым-қатынас барысында барынша еркін әрі ашық, қолайлы жағдай тудыру. Әлеуметтік – психологиялық тренинг жағдайындағы қарым-қатынас әдеттегі тұлғааралық байланыстан әлдеқайда белсендірек, эмоциялық тұрғыда жағымды, ашық және шынайы болады.

Тұтас тренинг секілді жекелеген сабақтардың құрылымын анықтау кезінде де сол жұмыстың мақсатын дұрыс белгілеп, шешімді қажет ететін тапсырмалар жүйесін ойластырып, айқындау қажет.

Тренингке қатысушылар одан не үйренетінін анық білуі үшін алдымен оларға жұмыстың мақсаттын, міндеттерімен таныстырып алған абзал. Мақсаттына қарай тренингілерді нақты дағдыларды үйрену тренингі (мәселен, мақсаты – мінез-құлық дағдыларын меңгеру), жеке тұлғалық өсу тренингі (олардың неізінде қатысушының өзін-өзі дамытуына, рефлексивтік қабілеттерін жетілдіруге, жаңа тәжірибені үйренуге ұмтылысын арттыруға қажетті жағдайлар жасау жатады). Бірінші жағдайда жеке тұлғаның өзгеруіне ықпал ететін сыртқы әрекеттерге арқа сүйеледі. Екінші жағдайда басты назар ішкі дамуға аудырылады байқалады – алдымен тұлғаішілік өзгерістер (өзін-өзі бағалау, мотивация, құнды бағдарлар және т.с.), кейін соның нәтижесінде мінез-құлық та өзгеріске ұшырауы мүмкін. Соған сәйкес тренингтер нәтижелілігінің өлшемдері де бір-бірінен ерекшелінеді – бірінші жағдайда олар көбісінде объективті (жаттықтырылған іскерліктер дамуының деңгейі) болса, екіншісінде – дәл қатысушылардың өздері үшін тренингтің қандай әсер қалдырғандығы туралы олардан есеп алу арқылы тұжырымдалатын субъективті болады.

Әлеуметтік-психологиялық тренинг келесі тікелей мақсаттарды жүзеге асыруы тиіс:

  • топтың әрбір мүшесінің мінез-құлқын өзгелердің қалай қабылдайтындарына байланысты өзін-өзі тану қабілетін дамыту;
  • ең алдымен өзгелердің туындайтын коммуникативті стимулдардың неғұрлым толыққанды қатарын қабылдаумен байланысты өзгелердің мінез-құлқына, топтағы өзара қатынастардың сипатына деге сезімталдықты арттыру;
  • айналадағылармен өктемдік және иерархия тұрғысында емес, ынтымақтастық мәнерінде араласу қабілетін дамыту;
  • тұлғааралық қатынастар аумағында диагностикалық іскерліктерді, топтың ішіндегі және топаралық жағдайларға сәтті араласу, дау-дамайларды және т.б. шешу іскерліктерді дамыту.

Мақсаттар міндеттерде нақтыланады. Міндеттер абстрактілі ой-пікірлердің немесе ұрандар сипатында болмай, тренингтің барысында жүзеге асырылатын нақты нәтижелерді бейнелеуі тиіс. Міндеттерде жүзеге асырылатын нәтижелер мүмкіндігінше жағымды терминдерде болуы тиіс, яғни қол жеткізілуі тиіс дүниелерді бейнелеуі керек. Міндеттер шындыққа жанасуы тиіс, яғни сабақтарға ұсынылған уақыттың мөлшерін ескере отыра, тренинг жағдайында жүзеге асырылуы керек. Сонымен қатар міндеттердің тым қарапайым да болмағаны жөн. Жоспарланған нәтижелердің жүзеге асырылуы тренингтен туындаған объективті зерттеу деңгейінде, не болмаса тым болмағанда қатысушылардың өз-өзіне есеп беру деңгейінде принципті түрде тексерілуі тиіс.

Қатысушыларды тренингтің міндеттерімен, мақсаттарымен таныстырған абзал, өйткені олар тренингтің оларға не беретінін білуі тиіс. Мақсаттарына орай нақты іскерліктер тренингін (мысалы, мақсаты – мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру), сондай-ақ тұлғалық жетілу тренингтерін (олардың мақсаты – қатысушылардың өзіндік дамуына жағдай жасау, рефлексивті қабілеттерді дамыту және жаңа тәжірибені қабылдауға даярлықты дамыту) атап өтуге болады. Бірінші жағдайда болашақта тұлғаның өзгерісіне ұласуы мүмкін сыртқы, мінез-құлық әсеріне арқау етіледі. Екінші жағдайда негізгі әсер ішкі жоспарда анықталады – алғашында тұлғаішілік өзгерістер байқалып (өзін-өзі бағалау, мотивация, құнды бағдарлар және т.б.), пайда болады да, соның негізінде адамның мінез-құлығы өзгерере бастайды. Соған сай тренингтердің нәтижелілігінің өлшемдері де ажыратылады – бірінші жағдайда олардың объективтілігі (жаттығатын дағдылардың деңгейіне басымдылық беріледі) басым болады да, ал екінші жағдайда студенттерге бұл тренингтің не бергені туралы өзінен-өзі есеп алу түріндегі субъективтік сипатына көп көңіл бөлінеді.

Тренингіге қатысушылардың тұлғалық өзара қатынастарының қандай жүйеде құрылуына орай оның мынандай түрлері ажыратылады:

«Мен-Мен»: бірінші кезекте қатысушылардың ішкі жан дүниесін өзгертуге, өзіне-өзінің қатынасын жетілдіруге, рефлексивтік қабілеттерін дамытуға бағдарланған жеке тұлғаның өсу тренингі. Бұл жұмыста топ кері байланысты қолдау мен дамытудың құралы ретінде қызмет етеді.

«Мен-және басқа адамдар»: коммуникативті іскерліктер және әр түрлі әлеуметтік дағдыларды дамытушы тренингтері. Топта соған сәйкес іскерліктер мен дағдылар қалыптастырылады.

«Мен-әлеуметтік топ»: топты біріктіруші, нақты ұжымды әлеуметтік-психологиялық жағынан бейімдеуші тренингтер.

«Мен-мамандық»: кәсіби жағынан өзін-өзі анықтау тренингтері. Жұмыстың мәні – адамның өзінің кәсіби қызметіне, сондай ақ, кәсіби маманның қалыптасуына ықпал ететін коммуникативті дағдыларға қатынас жүйесі.

Тренингтерде көрнекі құралдары, өзгелерге психологиялық әсер етуші арт-терапиялар кең пайдаланылады.

Тренингті топпен өткізу кезінде әлеуметтік – психологиялық тренингтерді құрудың мынандай ұстанымдарына назар аудару керек:

  • жалпылама, абстрактілі талқылауларға жол бермеу;
  • «әдетте айтылатындай», «осындағы кейбіреулердің ойынша» деген секілді көмескі сөздерден бас тартып, олардың орнына «менің пікірімше», «мен солай деп санаймын» деп нақты сөйлеуге үйрену;
  • нақты баға беруден гөрі, өзінің жеке эмоциялық қалпын сипаттап сөйлеуге («сіз мені ренжіттіңіз» дегеннің орнына «Сіз…жағдайда, мен өзімді жазықты адамдай сезіндім») дегенді қолдана білуге дағдылану;
  • топтың барлық мүшесін тұлғааралық өзара қатынасқа тарту;
  • сенімді, достық қарым-қатынас ахуалын туғызу (шынайылық, эмоция мен ішкі сезімдерді бүкпей, өзара ашық қатынаста болу);

Ереже бойынша, жұмыс барысында тренингке қатысушылар дөңгелене тұрады, отырады. Жүргізушілердің осындай отырыс түрін таңдауының бірқатар себептері бар:

  • Дөңгелене отырғанда қатысушылар бірін — бірі еркін көріп отырады және кімге арнап сөйлесе де, оған бетпе бет қарауына мүмкіндік бар;
  • Дөңгелене отырғызу қатысушыларды жұмысқа толық әрі дер кезінде тартуға ыңғайлы, яғни ешкімге де басқа біреудің «артына тығылуға» мүмкіндік берілмейді;
  • Шеңбер – жоғары дәрежедегі «демократиялы» фигура. Онда «үстелдің басшысы» бола алмайды, себебі онда төр немесе босаға деген ұғым жоқ. Бұл топ мүшелерін өзара топтастыруға оң ықпал етеді;
  • Дөңгелене отыру қатысушылардың еркін жүріп тұруына да қолайлы болады.

Дегенмен, егер аудиторияда жүргізушінің сөзін тыңдау немесе бейне таспаны көру қажеттігі туындаса, жартылай шеңбер құрып, бұрыштап немесе «П» әрпіндей отырған абзал. Егер жеке-дара жұмыстар қарастырылған болса, қатысушыларға өзінің қалаған орнына еркін жайғасуына болады, әркім өзіне ыңғайлы орынды таңдайды.

Үстелдің арасындағы кеңістікті ешбір затпен толтырмай, қатысушылардың еркін орын алмастыруларына мүмкіндіктері болуы тиіс.

Тренингтерді өткізуге арналған бөлме кең, желдетуге қолайлы болып, қатысушылардың шеңбер құрып орналасуына мүмкіндік беру керек. Жиһаз көп болмауы шарт. Көп жағдайда сынып тақтасы, кең форматтағы қағаздың парақтары және маркерлердің жиынтығы қажет болуы мүмкін.

Тренингтің бағдарламасын үш бөлімге бөлуге болады: бірінші бөлімі – кіріспе (бағыт-бағдар беру), екінші бөлім – қалыптастырушы (дамытушы), үшіншісі – қорытынды (жобалаушы). Әдістемелік жағынан тренингтер студенттердің теориялық және эмпирикалық тәжірибелерінің жиынтығы (синтезі) түрінде құрылады.

Өзара конструктивті әрекетті модельдеу бойынша әлеуметтік – психологиялық тренингке тән дәстүрлі сабақтың үлгі құрылымы мынандай болады:

  • өзіндік босаңсу (реалаксация);
  • алдыңғы сабақ бойынша кері байланыстың орнатылуы;
  • студенттердің ынтасын оятуға бағытталған психотехникалық жаттығулар;
  • топтық пікірталас (көрсетілімдерді қолданып әңгіме жүргізу);
  • психотехникалық жаттығулар (рөлдік ойынға дайындық);
  • талқылауға негізделген рөлдік (іскерлік) ойындар;
  • психотехникалық жаттығулар;
  • эмоциялық жағынан өзін-өзі басқару;
  • үй тапсырмасы.

Семинар жетекшісіне тренингтің қайсы бір кезеңінде стратегияны, тактиканы, психотехникалық тәсілдерді өзгерту керектігі жөнінде ой салатын өзгеше қозғаушы күш топтық дамудың психологиялық сапалық сипатының жаңа сатыға көтерілуі болып табылады. Тренингтің қайсібір кезеңіне тән арнайы әдістер мен психотехникалық тәсілдер болады.

«Нұсқаушы» («мақсатты») кезеңде тренингтің мақсат, міндеттері, топтық жұмыстың ережелері таныстырылады, жұмыс тәртібі мен әдістемесі талқыланады, осы жұмысты орындауға деген мотивация туғызылады, тренингтің студенттердің тұлғалық дамуындағы мәні түсіндіріледі.

ӘПТ-тің осы сатысында қолданылатын негізгі әдіс үлгілерді көрсете отырып әңгімелесу болып табылады. Әңгіме мен сұрақтарға жауап беру аяқталған соң, педагогтің сабақты өткізу тәртібіне қатысты ережелерді қатысушылардың талқысына салуы тиімді. Мұндай талқылау нәтижесінде топтың өзі «тренингке қатысушыларға арналған ережелер кодексін» қабылдауы мүмкін.

Тренингіге қатысушылардың өзара сенімділігін анықтау мақсатында алдын ала «Танысу», «Сұхбат» секілді психотехникалық жаттығуларды жүргізген тиімді.

«Бағдарлау» кезеңінде тренингке қатысушылардың қарым-қатынас жағдайларындағы және біріккен іс-әрекеттің ұсынылған формасының мазмұнындағы белсенділігін болжайды. Бұл кезде топтық жұмыстың барынша жағымды ахуалда өтуін қадағалау ӘПТ жетекшісінің үлесіне тиеді. Сонымен қатар дәл осы сатыда ол тренингіге қатысушылардың психологиялық сенімділікті қалыптастыру әлеуметтік-психологиялық тренинг жетекшісінің басты ісі болып табылады. Оның тренингтің аталмыш кезеңіндегі іс-әрекеті қатысушылардың бір-бірімен етене танысып, бірін-бірі тануына қажетті әрекеттерді ұйымдастыруы тиіс.

Мұнда педагог қатысушыларға қарастырылып отырған мәселені шешуге бағдар беретін әдістер мен тәсілдерді ұсынуына болады. Осы мақсатта «бағдарлау» кезеңінің өзегі саналатын топтық пікірталастарды ұтымды ұйымдастыру қажет.

«Қарсы тұру» кезеңінде пікірталаспен қатар шиеленісті жағдайларда студенттің өздігінен жол таба білу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған рөлдік (іскерлік) ойындарды жүргізуге болады. Әлеуметтік-психологиялық тренингтің жетекшісі қажетті психотехникалық жаттығуларды қолдана отырып, топтық жұмысты ұйымдастыруда өзара сенімділік ахуалын жақсарта түсуге барынша күш салғаны жөн. Бұл кезеңде қатысушылардың көпшілігінің «бет-пердесі» сыпырылып қалатын да жайлары кездесіп жатады». Яғни бір-біріне деген студенттер қарым-қатынаста үстінде мәні терең мәселелер жөнінде өздерінің ішінде бүгіп жатқан шынайы сырларын жайып салады немесе пікірлерін ашық білдіріп қалады. Бұл кезең қатысушыларды сенімділіктің жоғары шыңына көтереді, сол арқылы олардың арасындағы жағымды қатынас орныға түседі. Мұнда негізінен топтың құрылымын алдын-ала ойластыру шешуші мәнге ие болады.

Тренингтің «бірігу және ықпалдасу» кезеңінде топ өзіне тән құрылымы, ішкі қатынасы (ұнату және ұнатпау іспеттес өзара қатынастарымен, эмоцияналдық және интеллектуалдық байланыстары) қалыптасқан қауымдастық ретінде танылады. Өз мүшелерінің қай-қайсысы да мойындайтын, құптайтын сол топқа тән ортақ сипаттар пайда болады. Ол сипаттарға сабақ барысында қалыптасқан жеке қатынас нормалары, топтық құндылықтар жатады. Мысалы, топ мүшелері бірлесе қол жеткізген қатысу мен өзара әрекетте басшылыққа алынатын ұстанымдартоптың өз еркімен «тудырған» еңбек нәтижесі деп саналады. Қатысушылардың басым бөлігі мақұлдаған «біз-сезім» нәтижелері арқылы қалыптасқан топқа тән сипаттардың жиынтығы өз кезегінде әлеуметтік-психологиялық тренингке қатысушылардың одан сайын ықпалдастырушы және топтастырушы тұрғысында тұтастық табуына ерекше әсер етеді.

Топтың осындай сапалық жоғары деңгейге көтерілуі педагогтің оқу-танымдық әрекеттің мазмұндық қырына едәуір көбірек назар аударуына мүмкіндік береді. Сондықтан да бұл кезеңде топтық топтық пікірталастар екінші орынға ысырылады да, рөлдік ойындар жетекші мәнге ие болады. Мұндай ойындардың сценарийін құру үшін педагогтың алдын ала даярлаған «Өмірлік және кәсіби жағдаяттар банкісіндегі» материалдар пайдаланылады.

Топ мүшелерінің тұлғааралық тұтастылығының артуында «Эмоцияңды ауыстыр», «Көтеріңкі көңіл-күйіңмен бөліс» секілді психотехникалық жаттығулардың орны ерекше.

Сабақ соңында топтың сапалық жағынан тағы да бір жаңа белеске көтерілуіне кол жеткізуге болады, ол — өзара бағалаусыз — ақ қабылдау деңгейіне өтеді. Бұл топтағы «жылы» қатынастың орнығуына өз күштеріне деген сенімділікке, оқытылып отырған процестер мен құбылыстардың мәнін түсіну дәрежесінің тереңдей түсуіне байланысты жүзеге асатыны сөзсіз.

Әлеуметтік-психологиялық тренингтердің қорытынды бөлімінде — «Референтті қатынастар» кезеңінің мәні зор. Референтті қатынастардың жоғарғы көрсеткіштері ұжым мүшелірінің арасындағы келіспеушіліктердің, ондағы қақтығыстар деңгейінің төмендегенініңдәлелі болып табылады. Әлеуметтік-психологиялық тренингтердің негізінде референттік топтардың әлеуметтік жүйелері мен құндылық бағдарларын өзгертуге қол жеткізілсе, онда бұл оның мүшелерінің де сапалық жаңа сатыға көтерілуінің бір шарты болатыны сөзсіз. Тренингтің қортынды кезеңінде студенттердің қатынас стилі мен мінез-құлықтарында жаңа сапалар көріне бастайды: өз сөзіне, әрекетіне мұқият қарауға, өзгелерді зейін сала тыңдауға төселе түседі. Өзара түсінісуге мүдделілік танытып, келісім мен ынтымақтастыққа тіл табысуға ұмтыла түседі. Жаңа сапалық өзгерістер қатарында тренингке қатысушылардың өзара сын айту мен оны қабылдау деңгейінің өскендігін атауға болады. Соның нәтижесінде топтардың қарым-қатынас құзырлылығы жоғарылауымен қатар, жеке тұлғалар арасындағы қақтығыстарды шиеленістірмей, оң шеше алу қабілеттері арта түседі.

Қорытынды бөлімде педагог тұлғааралық өзара қатынастардағы өзгерістер мен заңдылықтарға ғылыми түсінік береді, соның нәтижесінде ұғымдар мен пайымдамалар нақтылана түседі. Қатысушылар шынайы өмірлік жағдаяттарға барабар жағдайларда кездесетін шиеленістерді шешуге дағдыланады.

Бұдан тренингтерді өткізу технологиясының бірқатар әрекеттер шоғырын қамти отырып төмендегідей міндеттерді шешуге бағытталғанын көреміз:

  • топтағы қарым-қатынас және тұлағаралық өзара әрекеттерді күшейту;
  • топты жақындастыру, оны танымдық әрекеттің ұжымдық субъектісіне айналдыру;
  • топтың танымдық іс-әрекетін басқару, өзара әрекеттестік дағдыларын дамыту, білімін тереңдету;
  • топ мүшелерінің арасындағы жайсыз әлеуметтік ахуалды түзету, олардың құндылық бағдарларын тұлғааралық қақтығыстарды болдырмаудың ұтымды тәсілдерін меңгертуге қарай бейімдеу;
  • топта игерген білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын күнделікті өмірде дұрыс қолдана білуіне бағыт беру.

Осылайша, тренингтің арнайы практикалық тапсырмалар жүйесі ретінде студенттердің жеке басының, топтың мүддесіне қол сұқпай — ақ, олардың өзін-өзі тануына мүмкіндік берудің әдістері мен тәсілдері жиынтығын құрайтынын бағамдауға болады.

Тренингіге ұқсас өзін-өзі тану сабақтары төмендегідей құраушы компонеттеэлементтерден тұрады: рәсімдер (сәлемдесу – қоштасу, сергіту жаттығулары, интерактивті ойындар, ойын жаттығулар); жағымды ойлауға бейімдеу (тыныштықта отыру, әуен тыңдау); дәріс-әңгіме, пікірталастар, «миға шабуыл», проблемалық тапсырмалар, жағдаяттар және т.с.с.; көркем шығармаларды, халық ауыз әдебиеті туындыларын тыңдау және талқылау (әңгімеле, пікірталас, талдау түрінде); бірлескен шығармашылық жұмыстар (шағын топтарда іс-әрекетті ұйымдастыру, коллаждар құрастыру, проблемалық тапсырмаларды, жағдаяттарды шешу, жобаларды қорғауға дайындық және т.б.); өзіндік жұмыстар (студенттің дәптердегі жұмыстары және т.б.).