“Оқу мен Жазу арқылы Сын Тұрғысынан Ойлауды Дамыту” жобасын сабақта пайдалану тәжірибемнен

Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүние жүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында елімізде білім берудің жаңа жүйесі құрылып жатыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында “…Бізге экономикалық қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет” делінген.

Алдымызда өмірге жан-жақты дайындалған, еңбексүйгіш, ынталы, шығармашылықпен ойлайтын, интеллектуалдық және адамгершілік тұрғысынан бай, жоғары білімді жеке тұлғаны оқытып тәрбиелеу қажеттілігін дамыту мәселесі тұр. Осы мәселелерді шешуге тырысуымыз керек. Біз үлкен даңғыл жолда кетіп бара жатырмыз деп есептесек, барлық уақытта сол жолда болуымыз керек. Мақсатымыз жолдан шығып, тек сыртынан бақылап отыру емес қой.

Бәсекеге қабілетті, өмірдің түрлі жағдайларына бейім білімді тұлға тәрбиелеу, қазіргі қоғам талабы екені баршамызға белгілі және бұл оқытушы қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.

“Білім — күш”, сондықтан да адамның құндылығы оның танымдық мүмкіндіктерімен анықталады. Адам өзімен-өзі құнды емес, ол тек белгілі бір білім мен мінез-құлықтың эталонын таратушы (К.А.Шварцман, 1989).

Осы орайда өзімнің сабақ беру тәжірибемде қолданып жүрген Сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдіс-тәсілдеріне кеңірек тоқталып өткенді жөн көрдім.

Дәстүрлі білім беруде әңгіме көбіне интеллектіні, ойлауды дамыту туралы сөз болатын болса, жаңа педагогикалық технологияда тұлғалық-бағдарлы білім беріліп, соның негізінде оқушылардың тұлғалық мәндік сапасын дамытуға көңіл бөлінеді, оның белгісі қол жеткізіп отырған ақиқат, оның көңіл-күйі, әсерленуі, құндылықты ұғынуы.

Дәстүрлі дидактикалық жүйелерде кез-келген педагогикалық технологияның негізі — түсіндіру, ал СТО технологиясында — түсіну және өзара түсінісу болып табылады. Бұл екі құбылыстың айырмашылығын В.С.Библер былай түсіндіреді: түсіндіруде тек бір сана, бір субъект, сөз түрі — монолог, ал түсінуде — екі субъект, екі сана, өзара түсінісу, сөз түрі — диалог.

Түсіндіру— әр уақытта да жоғарыдан төмен қарай қарау, өсиет айту.

Түсіну — болса бәрінен бұрын қарым-қатынас, ынтымақтастық, барлық жерде теңдік.

Қай технологияны таңдау оқу процесіндегі оқытушы мен оқушы қатынасына байланысты. Бұл әдіс балада шығармашылық күштерді босату әдісі, онда іздеу, зерттеу, шығармашылық рухын оятатын және демейтін, студентті ең белсенділік күйіне жеткізетін әдіс болуы керек./2/

Біз студенттердің өз бетінше жұмыс жасап, ақпаратты өздігінен алуға, ойлауға, тәсілдерді қолдана білуге, өзіндік көзқарасын қалыптастыра алуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауы үшін, өз жетістіктеріне өздері қуанып, қолдарынан бірдеңе келетінін сезінуі үшін, біздің оларды қолдап, қуаттап, көмек беруіміз қажет.

Қолдау педагогикалық әрекеттің үш ұстанымына негізделеді:

  • балаларды сүю;
  • олар өмір сүретін ортаны адамиландыру;
  • баланың өзінде балалықтың өмір сүруіне жағдай жасау; /2/

Баланы қолдау үшін, адам өзі балалықты сезінуі керек, дейді зерттеулер. Жеке қуаттау технологиясы гуманистік психология бойынша шетелдік зерттеулерде жақсы жасалған. Бұл салада К.Роджерстің еңбектері аса құнды, ол педагогтің негізгі міндеті-баланың даралық өсуіне көмектесу деп санайды. Қолдау технологиясы өз негізіне оқытушының ізгіліктік ойлауын, оның бала бойынан оқушыны емес, адамды көру қабілетін алады (Ш.Таубаева, 1998).

Мен өз сабағымда студентті ойлау мен жазуға бірдей қатыстыруды көздеймін. Көп студент ауызша жауап бергенді жөн көреді.

“Жазу-ойлаудың шырқау биігі”. Жазуы жоқ халықтар болады ғой, ол халықтар әлі ұлт деңгейіне көтерілмеген. К.Маркстің мына сөзін еске алайықшы: “Нация то, у кого есть писменность”.

Түсіндіруде 70 пайызы ым-ишара арқылы, 30 пайызы дауыс ырғағы арқылы беріледі екен. Ал жазуда ше? Бізде біреулер жақсы жазады, бірақ ойын жеткізіп айтып бере алмайды. Оған мүмкін сөздік қоры жетпейтін шығар…

Осының бәрі күмән тудыратын нәрсе. Ал күмәнданған нәрсеге тек практика ғана жауап береді. “Қарны ашқан адамға балық берме, қармақ бер “-дейді Конфуций. Біз де шәкірттерімізге дайын жауапты айта салмай, қолдарына қармайтын нәрсе берейік. Оны бойларына, ойларына шақтап алуды оған не шаншатанын, өздеріне қалдырайық.

Біздің мақсатымыз шәкірттерімізді белсенді жұмысқа жұмылдыру.

Басты мақсат осы ғой.

СТО технологиясының стратегиялары бізді сол мақсатқа жеткізеді. Бұл жобаның стратегиялары сабақта жақсы нәтижеге алып баратын сиқырлы таяқша тәрізді. Оған өз тәжірибемде көзім жеткен сияқты. Мен үшін сабақта басты тұлға – студент. Сабақтан жоғары, оның тұлғасы. Бүгінгі сабақта көп сөйлеген ол ма? жоқ әлде мен бе? Жаңа технология бойынша оқытушы 5 минут сөйлесе жетеді. Қалған уақыт студенттікі. Сабақта оқытушының емес, студенттің дауысы шығып жатса, міне сол сабақты ғана, сабақ деп айтуға болады.

Оқытудағы әдеттегі дәстүрлі жағдай біздің есімізде мықтап сақталған, ол: әуелі теория, тек содан кейін практикалық бөлімге кірісу.

Джон Дьюидің философиясымен танысқаннан кейін, оның оқушылардың өзіндік іс-әрекеті арқылы теорияны оқыту керек деген білім берудегі философиясы маған үлкен ой салды.

“Оқу мен Жазу арқылы Сын Тұрғысынан Ойлауды Дамыту” жобасы бойынша USAID қолдауымен Қазақстан Оқу Ассоциациясы ұйымдастырған семинарларға қатысқаннан кейін, бұл істің маңыздылығын сезіндім. Бірақ, бұл өзіндік ойлауымдағы үлкен бетбұрыстың тек бастамасы ғана еді.

Алған білімдерімді өз сабақтарымда қолданып жүргенімде, сабақтың сапасының жоғарылай бастағанын сезіндім.. Үндемей отыратын кейбір балалардың сабаққа араласа бастағанын байқадым. Олар берілген тапсырмаларға байланысты өзіндік пікірлерін айтқанда, керек десеңіз жақсы оқитындардан асып кететіндіктерін көрсетті. Жақсы оқитын студенттер олар күнделікті жақсы қатысып отырады ғой. Ал сабаққа зауқы жоқ, бірде келсе, бірде келмейтін, сылбыр отыратын студенттердің сабаққа кірісіп ынты-шынтыларымен жауап айтып отырған кездерінде, мен өзімнің соған қол жеткізгеніме қуанып, марқайдым. Осындай табыстардан кейін, сондай қуанышты сәттерді жоғалтып алмау үшін, стратегияларды сәтті қолдануда қалт жіберіп алмайын деп, өзімді-өзім барынша қадағалап отырдым. Студенттердің сабаққа белсенділігін арттыруда алдымен студенттердің қызығушылығын оятып алып, қай стратегиямен жұмыс істейтінімді анықтап алғаннан кейін, тапсырмалар беремін. Берілген тапсырмалар жөнінде сөйлегенде сөздерін бұзбаймын, әр студенттің ойын бөлмеуге тырысамын. Ол жүйелі де батыл айта білуге, ой-пікірін білдергенде өзін еркін сезінуге, сыни тұрғыдан қалыптасуына, өз пікірін ұжым пікірімен ұштастырып, яғни көп болып ойласып, дұрыс шешім қабылдай білуіне ықпалын тигізеді. Сабақта “Топтастыру”, “Венн диаграммасы”, “Эссе”, “Т кестесі”, “Қос жазба күнделігі”, “Кластер”, “Үш қадамды сұхбат”, “Жигсо-1”, “Жигсо-2”, “Дөңгелек үстел”, “Пікірталас”, “Білемін, білгім келеді, білдім”, “Галлереяны шарлау” стратегияларын пайдаланамын. Ойым студентті дамыту. Оған ксероксты жасамау. Әр сабақтан соң “Шығу парағын ” толтыртамын. Мұндағы мақсатым: бүгінгі сабақтан не үйренді? Үйрену барысында қандай сұрақ туындады және пікірін білу. Келесі сабақты осыдан пайда болған сұрақтарды талдаудан бастаймын.

Сабақтарымның біреуінің мысал ретінде жоспарын келтірейін. “Этнопедагогика” пәнінен “Қазақстан Республикасы халықтарының ұлттық салттары мен дәстүрлері” тақырыбынан семинар өткенде, әуелі студенттерге осы тақырыптың сіздерге қаншалықты пайдасы болады, кішкене ойлана тұрыңыздыр деп, әрқайсысының жеке-жеке ойлануына мұрсат беремін. Қазір жұмысты былай жасаймыз:

А, В, С деп бөлінеміз. “Үш қадамды сұқбат” стратагиясымен жұмыс жасаймыз.

1-қадам (1 минут уақыт беріледі).

Жұптасып бір-бірлеріңізден интервью алыңыздар. Бірлесіп оқытушыға сұрақ қоюларыңызға да болады.

АВ — ға сұрақ қояды. С — жазып отырады

Егер студент екеуден болса, онда АВ — ға сұрақ қояды.

Қандай сұрақ қойдыңыздар?

  • ҚР халықтарының салт-дәстүрін білу не үшін қажет?
  • Ұлттық салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні қандай?

2-қадам (1-минут уақыт беріледі).

ЕндіВС — ға сұрақ қояды. А — жазып отырады.

Егер екі адам болса, онда ВА — ға сұрақ қояды.

Болдық па? Кімнің қандай сұрағы бар? Жақсы.

3-қадам (1-минут уақыт беріледі).

АС-ға сұрақ қояды. В-жазып отырады.

Болдық па ? Қандай сұрақ қойғандарын сұраймын.

Ендеше құрметті студенттер, бүгінгі сабақта “ҚР халықтарының салт-дәстүрлері” туралы түсініктеріңізді қалыптастырасыздар, “Жигсо” стратегиясымен жұмыс істейсіздер.

Жигсо— көлемді мәліметтер мен мағлұматтарды студенттердің өздігімен игеруге және бірін-бірі оқытуға бағытталған тиімді тәсіл. “Жигсо” деп елуінші жылдары балаларға арналып шыққан құрастырмалы ойыншықты атаған: оның әр бөлігі өз орнын тапқанда ғана ойыншық бүтін болып шыққан.

Студенттер көлемді мәтінді әрқайсысы жеке-жеке шағын топ (“бастапқы топ”) ішінде оқып шығуы керек (1). Содан кейін топтар құрамы өзгертіліп, құрамында әр бастапқы топтан бір студент бар, жаңа топтар (“сарапшылар тобы”) құрылады. Сарапшылар тобында студенттер мәтіннің белгілі бір бөлігін ғана жан-жақты талқылайды. Енді олардың осы бөлік бойынша білімі басқалармен салыстырғанда анағұрлым жоғары болғандықтан, олар аталмыш бөлімнің “сарапшысы” атанады (2). Осыдан кейін сарапшылар бастапқы топтарына қайта оралып, өзгелерді кезекпен әрқайсысы өздеріне бөлінген тақырып материалдарына байланысты түсіндіреді (3). (қараңыз, 1-сызба)

1-сызба

Бастапқы топтарСрапшылар топтарыБастапқы топтар

(құрамында №1,№2,№3,№4(құрамында тек №1(құрамында №1,)

студенттер бар)студенттер бар)№2,№3,№4 ст.бар)

“Жигсо” стратегиясының идеясы:

  • бірлесе оқу;
  • бірін-бірі оқыту;
  • тәсіл арқылы оқыту;

Осы жерде Маслоу баспалдағын еске түсіріп көріңізші. Ол қалай еді? “Үйренген білімді дереу қолдану” емес пе еді. Ендеше қайта сабаққа оралайық.

1,2,3,4 деп санау арқылы топтап, төрт-төрттен отырғызамын. Материалды төртке бөліп беремін.

-Құрметті студенттер, осы мәліметпен танысып алыңыздар. (3-минут уақыт беріледі)

Танысып болсаңыздар 1-лер бір бөлек, 2-лер бір бөлек, 3-тер бір бөлек, 4-тер бір бөлек жаңа топ құрап отырыңыздар.

Міндеттеріңіз: Сіздер сарапшы тобындасыздар. Бұл материалды сіздерден басқа ешкім білмейді. (10 минут уақыт беріледі) Ойларыңызды қалай түсіндіресіздер, өз еріктеріңіз. Басты идея: басқаларды қалай оқытамын? Қандай тәсілмен? Себебі, сіз түсіндіре алмасаңыз, олар түсінбей қалуы мүмкін ғой.

Жұмыс барысын сызба түрінде былай көрсетуімізге болады:

212

131113

414

Бастапқы топта:Сарапшылар тобында:Бастапқы топта: келіп оқыдық әр бөлімді жеке-жекеөзгелерді үйретеді

түсіндірді, яғни талқылау

болды.

Осы жерде сарапшылар топтарының жұмыстарын келтіріп өтейін.

Сарапшылардың бір тобы өзіне тиесілі тақырыбын былай кесте жасап түсіндірді:

Бөлімнің аты:Үйлену және үй болумен байланысты салт-дәстүрлер.

отбасын құру

салтөз алдына отау тігу

қоғамдық

құбылыстүтін түтету

барлық халыққа тән

1-байлық-денсаулық

2-байлық-ақ жаулық

3-байлық-он саулық

Ұлттар Үйлену дәстүрлері Ырымдары
Тәжіктерде Неке қию аяқталған кезде жіпке тізген дәндерді ортадағы ыдысқа салады. Бұл осы үйде бала көп болсын, ырзық мол болсын дегені
Орыс халқында Құдаласуға келгендер нан, тұз т.б. тағамдар алып келңп сыйлайды. Ол нан-тұзымыз, дәміміз аралассын, тату-тәтті құда-жекжат болайық дегенді білдіреді.
Неміс халқында Қалыңдық пен күйеуді қонаққа шақырып алғаш танысқанда әр үй үстелге кесек нан қояды. Жас жұбайлар одан ауыз тиіп, қалған нанды себетке салып әкетеді де, одан ертеңгілік көже жасайды. Тойға келген халық шіркеуге неке тойына бара алдында сол көжеден ауыз тиіп, табаққа күміс ақша салады. Ол ырзықтарың мол болсын, бар, бай болыңдар деген тілекті білдіреді.

Тапсырма орындалып болғаннан соң, студенттердің жаңа мағлұматты қаншалықты меңгергенін білу үшін, сұрақ қою арқылы анықтадым.

№1нөмірлі студент оқытушыға сұрақ қойды. Оқытушы оны келесі нөмірлі студентке нұсқайды, себебі оның ойын білу үшін. Мақсатымыз өзіміз емес, студентті сөйлету ғой.

№2 нөмірлі студентке басқа топтың студентінің сұрақ қоюын сұраймын. Оның берген жауабына қанағаттанғанын сұрап, егер толықтыратын болса жауабын тыңдаймын. Осылай жалғастыра беруге болады.

Енді қолдарына парақ беріп, “Осы тақырыпты білу не үшін қажет” деген сұраққа әрқайсысының өз ойларын жаздырамын. 1,5 минут уақыт жазып, сол жақтағы көршілеріне береді. Ол жалғастырып жазады. Жұмысты енді өзіміз аламыз.Оқып шығып, пікір жазамыз. Топта бір-бірімізге оқып береміз. Үзілісте жинап алып, тексеріп шықтым. Енді солардан үзінді келтірейін:

Мақпал-студент: “Бұл тақырып қызық әрі өмірге керек. Өйткені басқа халықтардың салт-дәстүрлерін де біліп жүрген артық емес.”

Света-студент: “Маған қажет екенін білдім. Себебі, әр ұлттың салт-дәстүрімен таныс болдық. Келешекте ана болғанда өз балаларыма түсіндіріп айтып отырамын. Үйіме келін түсіргенде , қайтем деп қиналмай, өзім әрекет жасаймын. Әр адам өз елінің салтын білу керек ”.

Меруерт-студент: “Менің көп білгенім өзіме пайдалы деп ойлаймын. Келешекте алған білімдерімді пайдаланамын және өзім де, балаларымды қазақтың салт-дәстүрлерін дамытуға тәрбиелеймін. Сол үшін де алдын ала біліп алған жөн деп ойлаймын.”

Сабақ соңында әдеттегідей “Шығу парағын” толтырттым. Оған осыған дейін не білетіндерін, бүгінгі сабақтан не үйренгендерін және өз пікірлерінде сабақтың қызықты өткендігі туралы жазыпты.

Рабиндрат Тагор үнді ақыны: “Адам ақылы шам тәрізді, неғұрлым жарық жанса, соғұрлым айналасындағы қараңғылық қоюлана бастайды” деген екен. Сабағымның жақсы өткеніне марқайып қаламын, себебі бүгін шәкірттерімнің ойларына қозғау салып жұмыс істете білдім деп, ал оларды одан әрі дамыту үшін қанша алда жұмыстар бар. Бірақ оқушыларымның бет алысы жаман емес. Сабақтарда сұрақтар қойып білгісі келетін нәрселерін сұрап, ұмтылып жатады. Мінездерінде де өзгерістер бар екенін байқаймын. Бастапқы бір-біріне жақтырмай сөйлеуі, бір-бірін ұнатпауы сияқты кемшіліктері жойылып, қарым-қатынастары жылы, бірін-бірі түсініскен сияқты. Оқуға деген ұмтылыстары да бұрынғыға қарағанда қарқындары біршама жоғарылаған .

Резюме

В этой статье говорится о технологии критического мышления, целью которого является воспитание личности, к чему студенты приходят при помощи самостоятельной работы.

The summary

In this artikle is given about the technology of the critical thinking with the aim of teaching the individuales in order to help the students individual woks.

Әдебиеттер:

  1. Дьюи идеялары және біздің тәжірибелеріміз./ ред. басқ.С.Бахишева, С.Мирсеитова. Алматы-2005.
  2. Мұханбетжанова Ә. Білімді интеграциялау негізінде оқушыларда дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастыру, Монография, Алматы-2000.
  1. Мирсеитова С. Философия RWCT в дайствии. Алматы: Издатмаркет.2004