Қазақ елі наурызды қалай қарсы алған?

Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап үйге енгенде, “жалғыз шала сәуле болмас” деп терге қос шырақ жағылып қойылады. “Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады” деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз мүліктің шаны қағылып, жуылып, тазартылады. “Береке басынан басталады” демекші, “жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады”. “Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын” деп Қызыр түні ыдыс атаулыны ырысқа (бидай , тары, арпа, сұлы, жүгері т. б.) аққа (сүт, айран, шұбат, уыз т. б.) және кәусар бұлақ суына толтырады.

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн “Қызыр түні” деп аталады. Қызыр — адамдарга дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы — Қызыр аты даланы кезе жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібіеді, ат тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.

Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да себезгілеп атқан кезде біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді, сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 3-те қарсы алады.

Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соқты етін уызға салып пісіріп. “ұйқыашар” деп аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын “селт еткізер”, “дір еткізер” сыйлықтарын ұсынады. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна — пәктік пен жастықтың, тарақ — әдемілік пен сұлулықтың, иіссу — бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырып жайнай түсудің белгісі.

Наурыз күнінің бір ерекшелігі — бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптаскан дәстүрі бар, кісілер бір-бірімен кездескеңде:

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле-жала жерге енсін!—

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!