„Ұлыстың ұлы күні — ұлыс күн”

Наурыз — өте көнеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын.

Көшпелілердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, әрбір жыл алты жаз (“йас”) бен алты ай қысқа (“қыш”) бөлінген. Тіліміздегі „алты ай жаз бойы”, „ала жаздай”, „алты ай қыс бойы”, „ала қыстай” секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларында дүние кеңіп, шаруадан мойып босап, жер бетін қуаныш, шаттық жайлайтындықтан — „жағымды”, ал қыс айларында суық, аштық, жұт болатындықтан — „жағымсыз” саналған. Әуелгі адамдардың жақсылық пен жамандыққа жан бітіріп, оларды адам бейнесінде айтыстырып, күрестіргені туралы қызықты мәліметтер көне жазбаларда көптеп сақталған. Мәселен, біздің жыл санауымыздан бұрын дүниеге келген қасиетті „Авеста” кітабында, XI ғасырдағы түркі тілдерінің энциклопедиясы—„Диван лугат-ат-түрк” сөздігінде, сондай-ақ қазақ халқының қиял-ғажайып ертегілерінде осындай ұқсас сюжеттер қайталанып отырады. Соғдалықтар жақсылыққа „Ахуромазда”, жамандыққа „Ахирман” деп ат қойса, бұрынғы қазақтар жақсылықты „Кие”, жамандықты „Кесір”, қысты „Зымыстан”, жазды „Табысқан” деп атаған.

Бүл күні — аспан денелері өздерінің „ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді „Ұлыстың ұлы күні — ұлыс күн” дсп атаған. Григориан календары бойынша ескіше 9 наурыз, жаңаша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Наурыз сөзі иран тілінің ноу — „жаңа”, руз — „күн”деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Ал қазақ тілінде „наурыз” сөзі, біріншіден, жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, екіншіден, наурыз айы, үшіншіден, ұлыс күні жасалатын көжеге қатысты айтылады.

Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер „Патрих”, бирмалықтар „Су мейрамы”, тәжіктер „Гүл гардон”, „Бәйшешек”, „Гүлнаурыз”, хорезмдіктер „Наусарджи”, татарлар „Нардуган”, буряттар „Сагааи сара”, соғдалықтар „Наусарыз”, армяндар „Навасарди”, чуваштар „Норис ояхе” деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи, Омар һайям еңбектері арқылы жетіп отыр.

«Baribar.kz-тің» Telegram-каналына жазыламыз!