Ұлы Отан соғысы қарсаңындағы және соғыс жылдарындағы совет мектебі (1937—1945 жылдар)

1939 жылы ВКП(б)-ның XVIII съезі өз қарарларында еліміздегі социалистік құрылыстың барлық салаларындағы зор табыстарын қорытты, социалистік қоғам құруды аяқтау және бірте-бірте коммунизмге өтудегі міндетті анықтады. Съездегі есепті баяндамада екінші бесжылдық кезеңінде елімізде шын мәнінде мәдени революция жүзеге асырылғандығы аталып көрсетілді. СССР халықтарының барлық тілдерінде жаппай бастауыш білім беру жүзеге асырылды. Мектептің және онда оқитын оқушылардың саны едәуір көбейді, жоғары оқу орнын бітірушілердің саны артты, жаңа совет интеллигенциясы қалыптасты.

Съезд қарарлары мектептің барлық жұмыс сапасын жақсартуды батыл талап етті. Оқушыларды ғылым негізімен қаруландыруда совет мұғалімдері едәуір табыстарға ие болды. Мұғалімдердің талабының артуына қарамастан, оқушылардың сабақ үлгірімі жақсарды, класта екі жыл қалып қоюшылардың саны азайды, балалардың сауатын жақсартуға көп көңіл бөлінді.

Сонымен қатар мектеп жұмысында елеулі кемшіліктер орын алып келді: оқушылардың қоғамдық пайдалы жұмыстарға араласуы әлсіреді, оқытуда көбінесе кітапқа, сөзге негізделген әдістер басым орын алды, оқушылардың білімінің өмірмен байланысына аз көңіл бөлінді, политехнизм мен еңбек тәрбиесі нашарлады.

1940—1941 оқу жылында совет мектебінде жаңа оқу жоспары енгізілді. Бұл алғашқы қала және ауыл мектептеріне де бірдей міндетті жоспар еді. 1940 жылы мектепте жаппай оқытуға жататын балалардың толық есебі алынды, олардың мектепте оқуына қатаң бақылау қойылды. Еліміздің ауыл шаруашылығын коллективтендіру үшін күресу жылдарында (1930—1934) социалистік қоғам құруды аяқтау және коммунизмге бірте-бірте ету дәуіріндегі (1935—1941) коммунистік партияның негізгі көңіл бөлгені жас ұрпаққа коммунистік тәрбие беру, мектеп жүйесін кеңіту және мектеп жұмысының сапасын жақсарту болды.

Мектеп жөніндегі партия съездерінің қарарлары, партия Орталық Комитеті мен Совет өкіметінің қаулылары мектеп жұмысының жақсаруына, педагогика ғылымының дамуына игілікті әсер етті. Педагогтық институттар үшін педагогикадан оқулық даярланып, басылып шықты. Бұл оқулық совет педагогика курсының мазмұнын белгіледі. Дидактика мәселелеріне арналған бірнеше жұмыстар жарық көрді. Совет дидактикасы бірнеше дидактикалық принциптерді белгіледі.

Бұл дәуірдегі педагогика саласындағы зерттеу жұмыстарында дидактика мәселесіне көп көңіл бөлінді және бұл салада көп жұмыстар істелінді. Ал аз зерттелінген мәселе мектептегі тәрбие жұмысы болды. Бұл салада Н.К. Крупскаяның “Пионерлерге хат” деген жинағының мәні өте зор. Жинақта коммунистік тәрбиенің негізгі мәселелері қамтылды. Осымен қатар А.С.Макаренконың әдеби-педагогикалық және теориялық еңбектерінің де ролі өте күшті болды.

Әсіресе тәртіптілікке тәрбиелеу мәселесіне бұл дәуірде көп көңіл бөлінді. 30-жылдың аяғындағы зерттеулерде политехникалық оқыту және еңбек тәрбиесі мәселелеріне назар аударылды.

Педагогика тарихының мәселелері де кең зерттелді. Педагогика және оның тарихынан оқулықтар мен оқу құралдары жазылуымен қатар, педагогика мен мектептің даму тарихы жөнінде бірнеше монографиялар жарың көрді. Бірнеше методикалық журналдар шыға бастады.

Педагогика ғылымының қайраткерлері мен мектеп мұғалімдерінің арасында байланыс нығайды. Бұл байланыс теориялық педагогикалық ойдың дамуымен қатар, мектептің практикалық жұмысының жақсаруына да тікелей әсер етті. 1939—1941 жылдары педагогикалық ғылымдардан бірнеше ғылыми конференциялар және мәжілістер өткізілді.