Қауын егістігіндегі арамшөптердің түр құрамы

Қазіргі таңда облысымызда бақша дақылдарын оның ішінде қауын егістігін арттырып, халықты қауын өнімімен қамтамасыз ету үлкен маңызды іс-шаралардың бірі.

Қауынның негізгі өсірілетін аймағы Қазақстанның Оңтүстік облысы болып табылады. Мысалға, 2011 жылы Республикамыз бойынша жалпы 24,8 мың/га алқапқа қауын егіліп әр гетардан 186,7 ц өнім алынса, ал Оңтүстің Қазақстан облысы бойынша 17,3 мың гектарда қауын дақылы егіліп, тиісінше әр гектардан 206,4 ц өнім жиналған.

Бұрынғы Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін қауын өсіретін шаруашылықтарда қауынды сату, яғни өткізу мәселесі тұрды. Кедендік тосықтар, тасымалдағанда ірі көлемді салық төлеу, осының бәрі қауын өндірісіне кедергі болды. Көптеген шаруашылықтар зиянына жұмыс істеді, яғни бұл іспен айналысу тиімсіз болды.

2010 жылдан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері біртұтас кедендік келісімге отырды. Осы жағдай қауынды өндіріп оны сатуда оң өзгерістер әкелді. Күн сәулесі мол болған Оңтүстік Қазақстанда өсірілген дәмдік сапасы жоғары және экологиялық таза қауын өніміне сыртқы сұраныс арта түсті. Аталған үш мемлекет арасындағы кедендік келісім қауынның егістік алқаптарын кеңейту арқылы, бұл бағалы өніммен тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ мемлекеттен тыс сыртқы нарыққа экспорттауға да мүмкіндік берді.

Өкінішке орай, Қазақстанның оңтүстігінің жер асты суының деңгейі жоғары, ашық-сұр топырақты суармалы егіс жағдайына бейімделген қауынның көптеген сорттары селекциялық тұқымшылық жұмыстары және бұл дақылдың ең жақсы түрлеріне іріктеу жүргізілмегендіктен өндірістен шығып қалған. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысында өзекті мәселелерінің бірі қауынның жоғалған құндылығын тіктеу және одан әрі жетілдіру болып табылады.

Осыған орай, 2005-ші жылдан бастап Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бюджеттен тыс қаржы есебінен топырағы орташа сорланған, жер асты сулары 1,5-2,0 метр деңгейінде жайласқан суармалы егістің топырақ-климаттық жағдайларына төзімді қауынның жаңа сорттарын шығару бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қауынның «Береке» сорты шығарылды.

Осы аталған жұмыстармен қатар әр гектардан алынатын қауын өнімділігін арттыру мақсатында, жер асты суы 1,5-2,0 м деңгейде жайласқан, топырағы орташа сортаңданған суармалы аймақтың топырақ-климаттық жағдайындағы қауын егістігінің негізгі арамшөптерінің түр құрамына да зерттеулер жүргізілді.

Суармалы егіншілік жағдайындағы агрофитоценоздарда мәдени өсімдіктер мен арамшөптер арасындағы бәсекелестік қарым–қатынас ерекшелігінде белгілі бір өзгерістер бар.

Күтіп бапталатын алуан түрлі дақылдар, олардан жоғары және тұрақты өнімнің алынуы үшін, нақты тек соларға ғана тән агротехникалық іс-шаралардың қолданылуын талап етеді. Алайда, бұл шаралар арамшөптердің алуан түрлілігіне біркелкі ықпал етпейді. Негізгі, егістен алдын және егістен кейінгі өңдеулер арамшөптердің жалпылама санының азаюына алып келеді, алайда мұндай жағдайда кейбір арамшөптердің түрлері, әсіресе ылғалдың жеткілікті болған жағдайында дамып жетіле түседі.

Қауын егістерінде арамшөптермен күресудің іс-шараларын жүзеге асыру, егістерді арамшөптердің әртүрлі биологиялық түрлерінің басуының сипатын жан-жақты біліп алған жағдайда, мүмкін болмақ. Нақты мәліметтер мен түрлік және сандық құрамды жалпылау, арамшөптермен күресте әртүрлі агротәсілдер мен іс-шаралар арқылы ғылыми негізделген және экономикалық тұрғыдан тиімді амалдарды айқындап береді.

Қауын дақылы егістігінде әсіресе, арамшөптердің дамуы үшін қолайлы жағдай суару жағдайында қалыптасады. Оңтүстік Қазақстан облысының байырғы егістік жерлерінде арамшөптер кездейсоқ жиынтықты емес, осында өсетін түрлердің арасындағы (соның ішінде мәдени өсімдіктердің) бәсекенің нәтижесінде қалыптасқан кәдімгі заңды түрдегі қауымдастықты білдіреді.

Жоғарыда аталып өткендей, арамшөптермен күрестің тиімді тәсілдері олардың әрбір нақты егістіктегі түр құрамы мен сол егістіктің арамшөптермен ластану дәрежесі туралы мәліметтердің негізінде мүмкін болмақ. Қазақстанның оңтүстігінің суармалы егіс жағдайындағы қауын егістігінде арамшөптердің түр құрамын анықтау үшін 2005-2010 жылдары гербологиялық мониторинг жүргізілді (кесте).

Кесте — Суармалы жағдайда қауын егістігінде кездесетін негізгі арамшөптердің түр құрамы және ластау деңгейі

Арамшөптердің түрлері (тұқымдас) Тіршілік түрлері Деңгейі (балл)
1 2 3 4
1-Қоңырбас туысы, (Астық тұқымдастары) — Poaceae (Gramineae)
1 Көкшіл мысыққұйрық, Setaria pumila (Poir.) Schult. бір жылдық 2
2 Жасыл мысыққұйрық Setaria viridis (L.) Beauv. бір жылдық 3
3 Күрмек тары Echinochloa crus galli (L.) бір жылдық 4
4 Кәдімгі қамыс Phragmites communis Trin. көп жылдық 4
5 Құмай Sorgum halepense (L.) Pers. көп жылдық 4
6 Салалы қарашағыр Cynodon dactilon (L.) Pers. көп жылдық 4
7 Жатағанбидайық Erytriga repens (L.) Nevski көп жылдық 2
1 2 3 4
8 Кәдімгі қара сұлы Avena falua L. бір жылдық 4
2-Астра туысы (Күрделігүлділер тұқымдасы) – Asteraceae Dumort (Compositae Giseke)
1 Дала қалуені Sonchusarvensis L. көп жылдық 2
2 Кәдімгі ошаған Xanthium strumarium L. бір жылдық 2
3 Жабайы ассүттігені Lactuca serriola L. бір жылдық 1
4 Егістік сарықалуен Cirsium arvense (L.) Scop. көп жылдық 2
5 Кәдімгі мыңжапырақ Achillea millefolium L. көп жылдық 1
6 Биберштейн мыңжапырағы Achillea bibersteinii Afan. көп жылдық 1
7 Емдік бақбақ Taraxacum officinale Wigg. көп жылдық 1
8 Бір жылдық жусан Artemísia ánnua бір жылдық 1
3-Алабұталар тұқымдасы Chnopodiaceae Vent
1 Ақ алабұтa Chenopodium album L. бір жылдық 3
2 Татар көкпегі Atriplex tatarica L. бір жылдық 2
4-Гүлтәжілер тұқымдасыAmaranthaceae Juss.
1 Қызылша гүлтәжі Amaranthus retroflexus L. бір жылдық 4
5-Қарақұмық тұқымдасы — Polyganaceaе Juss.
1 Қызыл таспа таран Poligonum aviculare L. бір жылдық 2
2 Шырмауық таран Polygonum convulvulus L. бір жылдық 2-3
6-Алқа тұқымдасы — Solanaceae Juss.
1 Қара алқа Solanum niggrum L. бір жылдық 2
2 Кәдімгі сасық меңдуана Datura stramonium L. бір жылдық 1
7-Шырмауық тұқымдасы Convolvulaceae Juss.
1 Дала шырмауығы Convolvulusarvensis L. көп жылдық 4
8-Қияқөлеңдер тұқымдасы Cyperaceae Juss.
1 Домалақ сәлемшөп Cyperus rotundus L. көп жылдық 3
9-Қараот тұқымдасы — Portulaceae Juss.
1 Бақшақараоты Portulacа oleraceaе L. бір жылдық 2
10 -Айқышгүлділер тұқымдасы — Cruciferae Juss.
1 Жұмыршақ Capsella bursa-pastoris (L.) бір жылдық 2
2 Кәдімгі сурепка Barbarea vulgaris R.Br. көп жылдық  
11-Бұршақ тұқымдасы — Fabaceae Lindl. (Leguminosae Juss.)
1 Түйе жантақ Alhagi pseudalhagi (Bieb). көп жылдық 3
12-Құлқайыр тұқымдасы Maevaceae Juss.
1 Үш қатарлы бөрітарақ Hibiscus trionum L. бір жылдық 2
2 Теофраст бұйда кендірі Abutilon theophrastii Medik бір жылдық 2
13 -Кенен тұқымдасыCannabinaceae Lindl.
1 Арам кененшөп (қара сора) Cannabis ruderalis Jan. бір жылдық 3
14 – Арамсояу тұқымдасы — Cuscutaceae Dumort.
1 Далалық арамсояу Cuscuta campestris Yunck бір жылдық 2

Зерттеулердің нәтижесінде қауын егістігінде арамшөптердің 14 ботаникалық тұқымдастарына жататын 33 басым түрі анықталды.

Олардың 8 түрі астық тұқымдастарға және 8 түрі күрделі гүлділер тұқымдастарына жатты. Қалған 12 тұқымдастары 1-2 түрімен белгілі болды. Арамшөптердің 33 түрінің 61 пайызын (20 дана) біржылдықтар және 39 пайызын, яғни 13 данасын көпжылдық арамшөптер құрады.

Қауынның өсіп-өнуінің бастапқы кезеңінде егістерді ластандырушы дамуы кешеуілдеп басталатын бір жылдық түрлер — соның ішінде, ластану дәрежесі 2-4 балға жететін-қызылша гүлтәжі (Amaranthus retroflexus L.), күрмек тары (Echinochloa crus galli (L.)), бақша қараоты (Portulaceae oleracea L.), қара алқа (Solanum nigrum L.), көкшіл мысықұйрық (Setaria glauca (L.)), кәдімгі ошаған (Xanthium strumarium L.) және үш қатарлы бөрітарақ (Hibiscus trionum L.) арамшөптері болды. Бұл арамшөптердің қауіптілігі, мәдени дақылмен салыстырғанда жылдам өсуімен арта түсті.

Жер асты суының деңгейі жақын, суармалы егіс жағдайында тамыр сабақты көп жылдық арамшөптерден қауынның егіс алқаптарында ең көп кездесетіндері; құмай (Sorghum haleptnse (L.) Pers.), салалы қарашағыр (Cynodon dactilon (I.) Pers.) және домалақ сәлемшөп (Cyperus rotundus L.). Бұл арамшөптермен ластану 4 балға дейін жетті. Кәдімгі қамыс (Phragmites Phragmites communis Trin.) көпжылдық арамшөбі де қауынды жоғары дәрежеде (4 балға дейін) ластады.

Атпа тамырлы көп жылдық арамшөптерден дала шырмауығы (Convolvulus arvensis L.), өте көп таралған (4 балға дейін), ал бұршақ тұқымдасының өкілі түйе жантақтың (Alhagi pseudalhagi) таралуы 3 балға дейін жетті.

Суармалы егіс жағдайында ерте дамитын аз жылдық арамшөптердің арасында қауын егістігін татар көкпегі (Atriplex tatarica L.) және ақ алабұта (Chenopodium album L.) көбірек ластады. Бұл арамшөптердің қаулап өсуінің дәрежесі 2-3 балды құрады. Алынған мәліметтер, суармалы егіс жағдайында қауын егістігі арамшөптермен жоғары дәрежеде залалданатындығын көрсетті.

Қорыта келгенде, Оңтүстік Қазақстан облысының жер асты суының деңгейі жоғары, суармалы егіс жағдайында қауын егістігіндегі арамшөптердің түр құрамын білу, шаруа-шаруашылықтарына арамшөптермен күресті тиімді кезеңдерде және ғылыми негізделген әдістермен нақты жүргізуге жол ашады.