Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезіндегі заңдылықты сақтау мәселелері

Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкiмiнсiз қылмыс жасауда кiнәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрi мен ауырлығына, айыптының қызметтегi және қоғамдағы орнына қарамастан, әрбiр қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тiң 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын бұлжытпай сақтауы, сондай-ақ сотталушы жасаған қылмыс ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын; рецидивтiң болуын және оның түрiн; сотталушының қылмыстық әрекетi қай сатыда тоқтатылғанын; қылмысты топ, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған жағдайда сотталушының қатысу дәрежесiн; қылмыстық мақсатқа жету үшiн оның әрекеттерінің мағынасын және келтiрiлген немесе келтiрiлуi мүмкiн зиянның сипаты мен көлеміне ықпалын; қылмыстар жиынтығын; жазаны жеңiлдететiн немесе ауырлататын жағдайларды; сол қылмыс үшiн көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңiл жаза тағайындау немесе шартты соттау негiздерiн ескеруi тиiс. Сондай-ақ, қылмыстық заңда қылмыс жасаған адамдардың жасы кәмелетке толмағандарына, жасы 65-тен асқан ер адамдарға, сондай-ақ әйелдерге қылмыстық жаза тағайындаудың ерекшелiктерi көзделгенін ескере отырып, соттар сотталушылардың жынысын және жасын ескеруi қажет.

Соттардың назары ауыр және аса ауыр қылмыс, әсiресе қылмысты ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық болып жасаған, коррупциялық қылмыстар жасағаны үшiн кiнәлi болып танылған, сондай-ақ бұрын сотталған, бiрақ түзелгiсi келмейтiн адамдарға заңда көрсетiлген жазалаудың қатаң шараларын мiндеттi түрде талқылап, қолдану керектiгiне аударылады.

Жасалған қылмыстың қоғамдық қауiптiлiгінің дәрежесiн анықтағанда, соттар қылмыстың ауырлығын анықтау тәртiбiн реттейтiн ҚК-тiң 10-бабының талаптарын, сондай-ақ нақты қылмыстық әрекет (кiнәнiң түрi, себебi, тәсiлi, жасаған қылмыстық жағдай мен кезеңі, одан болған ауыртпалық, сотталушылардың әрқайсысының қылмысқа қатыстылығының дәрежесi мен сипаты т.б.) жағдайының барлығын ескеруi тиіс.

Егер іс бойынша үкім шығарып қойғаннан кейін сотталған адамның тағы басқа да қылмыстар үшін айыпты екені, оның біреуі үкімді шығарғанға дейін, ал басқалары үкім шығарғаннан кейін жасалғаны анықталса, екінші үкiм бойынша жаза ҚК-тің 58 және 60-баптарын қолдана отырып тағайындалады: алдымен алғашқы үкім шығарылғанға дейiн жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша, одан кейін ҚК-тің 58-бап 6-бөлімінің ережелері қолданылады, сосын алғашқы үкім шығарылғаннан кейін жасалған қылмыстар жиынтығы бойынша жазалар анықталып, түпкілікті жаза үкімдер жиынтығы бойынша тағайындалады. [24]

Үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалғанда, соттар бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігінің мөлшері мен түрін белгілеуге және көрсетуге тиіс, жазаның өтелмеген бөлігі ҚК-тің 60-бабының негізінде жаңа үкім бойынша тағайындалған жазаға түгелдей немесе ішінара қосылуы керек. Бұрынғы үкім бойынша жазаның өтелмеген бөлігі болып мыналар саналады:

шартты жазаға сотталған кездегі, сондай-ақ ҚК-тің 72-бабында немесе 74-бабының 3-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша жазаны өтеуді орындауды кейінге қалдырылған кезде немесе ҚІЖК-нің 452-бабында көрсетілген тәртіпте, 73-бабының 3-бөлігін қолданған кезде — ұсталуына немесе бұлтартпау шарасы ретінде тұтқындалуына байланысты қамауда немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты емдеу мекемесінде болған уақытты есептемегенде — жазаның бүкіл мерзімі;

ҚК-тің 70-бабында көрсетілген негіздер бойынша мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған кезде — сотталушы оны өтеуден мерзімнен бұрын-шартты түрде босатылған жазаның бөлігі;

бас бостандығын шектеуге, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарды атқаруға сотталған кезде — міндетті жұмыс мерзімінің бөлігі және сотталушы жұмыстан жалтарған кездегі уақыт.

Бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосып үкімдерінің жиынтығын қолданғанда, егер қорытынды жаза жазаның осы түріне белгіленген ең жоғарғы шегінде тағайындалмаса, сот үкiмде осындай шешiмнiң қабылданғанын дәлелдеу керек. Бұрынғы үкiмдегi жазаның өтелмеген бөлiгiн iшiнара қосқанда қорытынды жаза қалайда мөлшерi жағынан жаңадан жасалған қылмыс үшiн тағайындалған жазадан да, бұрыңғы үкiм бойынша өтелмеген жазадан да жоғары болу керек.

Егер сотталушы сынақ мерзiм iшiнде жаңадан қылмыс жасаса, сот жазаны үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындау мәселесiн талқылаған кезде ҚК-тiң 64-бап төртінші бөлiгiнiң талаптарын ескеруге мiндеттi. Бұл орайда ҚК-тiң 60-бабының ережелерi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындаған кезде бұрыңғы үкiмдегi шартты соттылықты жою туралы шешiм қабылдаған жағдайда ғана қолданылады. Егер де сот абайсыз немесе онша ауыр емес қасақана қылмыс туралы iстi қараған кезде бұрынғы үкiмдегi шартты соттылықты қалдыру туралы тұжырымға келсе, онда жаза тек жаңа қылмыс үшiн тағайындалады.

Жазаларды қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша толық не iшiнара қосқан кезде соттар ҚК-тiң 61-бабында бекiтiлген мерзiмдердi қосу кезiнде оларды белгiлеу тәртiбiн ескеруi жөн. Бұл баптың мәнiне сай бұрынғы үкiм бойынша тағайындалған өтелмеген қосымша жаза түгелдей немесе iшiнара жаңа үкiм бойынша тағайындалған дәл сондай қосымша жазамен бiрiгедi, бұл қосымша жаза қосымша жазаның дәл осы түрi үшiн белгiленген мерзiм шегiнде тағайындалады. ҚК-тiң 61-бап 2-бөлiгiнде көрсетiлген қосымша жазалар бөлек орындалады.

Егер алғашқы үкiм бойынша адам бас бостандығынан айыруға, түзету жұмыстарына немесе орындалуға жататын басқа да жазалар бойынша сотталса, ал екiншi үкiм бойынша жаза ҚК-тiң 63-бабын қолдана отырып тағайындалса, онда сот жазаларды қосқан кезде олардың бөлек орындалатынын үкiмде көрсетуi тиiс. Бұл орайда шартты соттау қолданылған үкiмдегi сынақ мерзiмi алғашқы үкiмдегi жаза қай мекемеде орындалатынына қарамастан, үкiм күшiне енген кезден бастап есептеледi.

Егер сотталған адам бұрынғы үкiмдi орындауды кейiнге қалдырған кезде басқа қылмыс жасап қойса, сот жаңа қылмыс жасағаны үшiн тағайындаған жазаға ҚК-тің 60-бабына сай бұрынғы үкiм бойынша өтелмеген жазасын қосуға тиiс. Ондайда бұрынғы үкiмдi орындауды кейiнге қалдыруды бұзу туралы қаулы қабылдаудың керегi жоқ. Егер жаңа қылмыс үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру мерзiмi өтiп кеткеннен кейін және сотталушыны ҚК-тiң 72-бап үшiншi бөлiгiне сай жазасын өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiбергендiгi туралы соттың ұйғарымы заңды күшiне енгеннен кейiн жасалса, сот жаңа қылмыстың жазасын белгiлеп алып, ҚК-тiң 60-бабында көрсетiлген жазаны үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындаудың ережелерiн қолдануға мiндеттi. Егер жаңа iс жөніндегі үкiм қабылданған кезге дейiн, сот сотталушыны жазасын өтеуден босату немесе оны жазасын өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы мәселесiн заңға сай шешпеген болса, онда сот тек жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындайды. Бұндай жағдайда орындалмаған үкiмдер бола тұра үкiмдi орындау туралы мәселе ҚIЖК-нiң 453-455-баптарында көзделген тәртіпте шешілуі мүмкін.

Негiзгi және қосымша жазаларды дұрыс үйлестiре бiлу, оны даралап көрсету принципін дәйекті түрде жүзеге асыруға, жазаның мақсатына жетуге көмектеседі, осыған байланысты соттар үкiм шығарған кезде әр iс бойынша, әсiресе, ауыр, аса ауыр, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға қосымша жаза қолдану қажеттiлiгi мәселесін қараған жөн.

Қылмыстық заңның баптарының санкцияларында қосымша шаралар қолдану немесе қолданбау мүмкiндiгi айтылған болса, онда соттардың оны тағайындау туралы мәселені қарап, қабылданған шешiмнiң дәлелдерiн үкiмнiң дәлелдеу бөлiгiнде мiндеттi түрде көрсетуге тиiс. Ал қосымша жаза қолданылмаған жағдайда бұл туралы үкiмнiң қорытынды бөлiмiнде ондай сiлтеме жасалмайды. Кiнәлiнi соттаған кезде қылмыстық заңның баптарында қосымша жаза қолдану мiндеттi деп табылса, сот оны ҚК-тiң 55-бабында көрсетiлген шарттар болған жағдайда ғана ҚК-тiң 55-бабына сiлтеме жасай отырып қабылданған шешiмнiң дәлелдерiн үкiмде мiндеттi түрде келтiре отырып, қолданбауы мүмкiн.

Соттардың назары мынаған аударылсын: қосымша жазаның айыппұл, мүлiктi тәркiлеу сияқты түрлерi қосымша жаза ретiнде тек егер олар сотталушыны кiнәлi деп таныған ҚК баптарының диспозицияларында қосымша жаза ретiнде көзделген болса ғана қолданылуы мүмкiн. Белгiлi бiр лауазымды атқаруға немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға құқынан айыру, арнайы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру қосымша жаза ретiнде ҚК Ерекше бөлiмiнiң қылмысты дәрежелеген бабында жаза ретінде көзделмесе де тағайындалуы мүмкін. Бұндай жазаны қолдану туралы шешiм қабылданғанда, үкiмнiң қорытынды бөлiгiнде ҚК-тiң тиiсiнше 41 немесе 50-бабына сiлтеме жасалынуы керек. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшiн соттаған кезде, сот үкiммен бiрге ҚК-тiң 50-бап 2-бөлiгiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң атына сотталушыны мемлекеттiк наградалардан немесе Қазақстан Республикасы Президентi тағайындаған құрметтi, әскери, арнайы атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы тиісті ұсыныс енгiзу туралы мәселесiн қарауы тиiс.

Қосымша жазалар сотталушыны кiнәлi деп таныған заң баптарында көрсетiлген шекте тағайындалады. Егер қосымша жаза ҚК-тiң 41-немесе 50- баптарының негiзiнде қолданылса, оның мерзiмi заң бойынша жазаның осы түрiне белгiлеген шектен аспауы керек.

Егер бiрiнші сатыдағы сот бiрнеше үкiм бойынша жаза тағайындағанда бiр жазаны басқаларға сiңiрудi заңға қайшы немесе ҚК-тiң 60-бап екiншi бөлiгiнiң ережелерiне сәйкес жазаның өтелмеген мерзімін қосуға мүмкіндіктің жоқтығынан қолданса, апелляция немесе қадағалау сатысындағы сот соңғы үкім бойынша берілген жазаны жеңілдеткен жағдайда бұрынғы үкім бойынша берілген жазаның өтелмеген бөлігін iшiнара немесе түгелдей қосып жiберуге қақылы, бiрақ қорытынды жаза оған кейiнгi сатыдағы соттың енгізген өзгертулерден кейiн де үкiм бойынша тағайындалған жазаның мөлшерiнен аспау керек.

Қылмыстық iстi қылмыстық заңның бiр бабынан алып, ауыр еместеу қылмыстары үшін жауаптылық артатын бiрнеше баптарына жатқызғанда, егер сотталған адамның жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғану құқығын бұзбайтын болса, кассация немесе қадағалау сатысындағы сот жаза туралы мәселе қарап отырып, ҚК-тiң 58-бабында көрсетiлген ережелердi қолданады. Мұндайда қылмыс жиынтығы бойынша тағайындалатын қорытынды жаза бiрiншi сатыдағы сот белгiлеген жазадан қатаңдау болмау керек.

Қылмыскер екi немесе одан көбiрек қылмыс жасап, олары қылмыстық заңның бiр бабына жатқызылса, бiрақ бiрiншi сатыдағы сот қылмыстардың бiрқатарына заң жүзінде дұрыс баға берiп, ал басқа қылмыстарға одан гөрi ауыр қылмыс туралы заңның бабын дұрыс қолданбай, оларды қателесiп екi немесе одан көп бапқа (бап бөлiктерiне) жатқызып қойған жағдайда, кассация сатысындағы сот әлгi қылмыстық әрекеттердi бұл баптан алып, ауыр еместеу қылмыс туралы бапқа жатқыза отырып, санкция шеңберiнде үкiм бойынша белгiленген жазаның мөлшерiнен аспай, осы бап бойынша бiрiншi сатындағы сот белгiлеген жазадан қатаңдау жаза белгiлеуге қақы бар.

Егер қылмыстың дәрежесiн заңның қосымша жазаны мiндеттi түрде қолдану керек дейтін бабына өзгерткенде де, үкiмде қосымша жаза белгiленбесе, кассация немесе қадағалау сатысындағы соттың ондай жазаны белгiлеуге қақысы жоқ.