Сот үкімінің түсінігі және мәні

Сот үкімі – қылмыстық іс жөніндегі бүкіл өндірістің қорытындысы шығарылатын құқықты қолданудың аса маңызды кесімі болып табылады. Конституциялық қағидаларға сәйкес үкім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады әрі заңды және негізді болуға тиіс.

Үкімдерді дайындау практикасын зерделеу олардың көбінің заң талаптарына сәйкес қабылданатынын көрсетті. Сонымен қатар, кейбір соттар үкімдерді дайындаған кезде олардың нысаны мен мазмұны жөнінде қойылатын заң талаптарын әрдайым сақтай бермейді. Мұның өзі үкімдердің өзгертілуіне және бұзылуына әкеп соғуда.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот практикасын жинақтаудың нәтижелерін талқылай келе, орын алған кемшіліктерді жою және үкімдердің сапасын жақсарту мақсатында қаулы етеді:

Заң бойынша үкім – Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 2-тарауында көрсетілген әділ сот принциптерін сақтай отырып, сотталушыға қатысты оның кінәлілігі немесе кінәлі еместігі, қылмыстық жазаны оған қолдану немесе қолданбау туралы бірінші сатыдағы соттың сот мәжілісінде Қазақстан Республикасының атынан шығарған қылмыстық іс бойынша шешімі болып табылады.

Үкімді бұлжытпай орындау ешқандай ерекшеліксіз барлық мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін өзі басқару органдарына, заңды тұлғаларға, лауазымды адамдар мен азаматтарға міндетті болып табылады.

Үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді.

Үкім, егер ол оның сотқа қарастылығы ережелері сақталып, тараптарға дәлелдемелерді тең негізде зерттеуге мүмкіндік беру қамтамасыз етіле отырып, тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы принциптерінің негізінде сот талқылауын жүргізу туралы қылмыстық іс жүргізу заңының талаптарына сәйкес, құқық нормалары дұрыс қолданыла отырып соттың заңды құрамымен шығарылса заңды болып табылатынын соттардың ескергені жөн.

Заң талаптары сақтала отырып жиналған және тікелей сот отырысында толық, жан-жақты және объективті тексеріліп, талданған, тиісті баға берілген дәлелдемелерге негізделген, тұжырымдары дәлелденген үкім негізді болып табылады.

Сот қабылдаған шешімдердің мазмұнын неғұрлым толық ашуға әсер ететін үкімнің процессуалдық нысанын сақтау маңыздылығына соттардың назары аударылсын. Ол нысаны мен мазмұны бойынша ҚІЖК-нің 377-383-баптарына сәйкес келуі тиіс. Үкім сот отырысы жүргізілген тілде, анық, түсінікті сөзбен жазылуға тиіс әрі кіріспеден, сипаттау-дәлелдеу және қорытынды бөліктерден тұруы қажет. Үкім дәйекті баяндалады, оның әрбір жаңа қағидасы бастапқы қағидадан туындап, онымен үйлесімді болуға тиіс. Қаралып жатқан іске қатысы жоқ оқиғаларды сипаттауға, анық емес тұжырымдарды, ресми құжаттарда қолданылмайтын қысқартулар мен сөздерді пайдалануға болмайды. Айыпталушылардың, жәбірленушілердің, куәлардың жауаптары үшінші жақта келтіріледі. Үкім мәтініндегі қателерді өңдеуге болмайды. ҚІЖК-нің 377-бабының 5-бөлігіне сәйкес, үкімге түзетулерді кеңесу бөлмесінде енгізуге болады, судьялар оған келісіп, қол қоюға тиіс. Үкім жарияланғаннан кейін оған қандай да болмасын түзетулер енгізуге жол берілмейді. Үкімдегі барлық мәселелер оны орындаған кезде қиындық тудырмайтындай болып шешілуге және жазылуға тиіс.

Бір сот талқылауында іс бойынша сотталғандардың санына қарамастан бір үкім шығарылатыны соттарға түсіндірілсін. Егер айыпталушыға бірнеше қылмыс жасаған деп айып тағылса, сот негіз болған жағдайда оған қатысты бір үкім шығаруға құқылы. Осы үкіммен айыптаудың кейбір эпизодтары бойынша ақтауы, басқа эпизодтары бойынша соттауы мүмкін.

Бірнеше адамға қатысты істі қараған кезде сот анықталған мән-жайларға сәйкес бір үкімде біреулерін ақтау, енді біреулерін айыпты деп тану туралы шешім шығара алады.

Егер сот қылмыстың орын алғанын, оны сотталушының жасағандығын, оның қылмыс жасаудағы кінәсін, кінәсі заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдемелермен расталғандығын даусыз анықтаса, сонымен қатар іс өндірісін қысқарту және істі қосымша тергеуге жолдауға негіздер болмаған жағдайда ғана айыптау үкімін шығарады. Егер сот кінәсіздік презумпциясын басшылыққа ала отырып, дәлелдерді тікелей зерттеп, барлық сейілмеген күдіктерді тиісті құқықтық процедура шеңберінде сотталушының пайдасына түсіндіре отырып, ҚІЖК-нің 371-бабында көрсетілген барлық сұрақтарға жауап берген жағдайда ғана адамның қылмыс жасаудағы кінәсі дәлелденген деп танылады.

Сотталушының өтеуге тиіс қылмыстық жазасын тағайындау жөніндегі айыптау үкімі қылмыстың жасалуына кінәлі адамға қатысты, егер ол жасалған қылмыс үшін жазалануға жатса және жазаны тағайындау мен өтеуге кедергі болмаған жағдайда шығарылады. [13]

Егер сот отырысында заңда көрсетілген жағдайлар, атап айтқанда:

– егер үкімді шығарған кезде жасаған қылмысы үшін сотталушыға тағайындалған жазаны қолдануды жоятын рақымшылық жасау кесімі шығарылса;

– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 62-бабында белгіленген алдын ала қамауға алуды есепке алу ережелерін ескере отырып, іс бойынша сотталушының қамауда болған уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыса;

– егер онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамның жазаны өтеуі төтенше жағдайларға байланысты оның отбасы мүшелері үшін немесе оның өзіне аса ауыр салдарға әкеп соқтыруы мүмкін жағдайлар (ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі) анықталса, ҚІЖК-нің 375-бабының 6-бөлігіне сәйкес айыптау үкімдері қылмыстық жаза тағайындап және оны өтеуден босата отырып шығарылады.

Қылмыс жасағаннан кейін, бірақ ҚК-нің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыптау қорытындысымен бірге келіп түскен іс бойынша үкім шығарылғанға дейін, өзінің іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипатын және қоғамдық қауіптілігін ұғыну мүмкіндігінен айыратындай психикасы бұзылған жағдайлар да қылмыс жасаған кінәлі адам жазаны өтей алмайтын жағдайларға жатады. Мұндай жағдайларда сот айыптау үкімін жаза тағайындап, оны өтеуден босата отырып шығарады. Сонымен бірге сот ҚК-нің 90-бабында көрсетілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану қажеттілігі туралы мәселені шешеді.

Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекетті есі кіресілі-шығасылы күйде болған адам немесе үкім шығарылғаннан кейін жазаның орындалуына мүмкіндік бермейтіндей психикасы бұзылып ауырған адам жасаған болса, онда сот ҚІЖК-нің 517-бабының негізінде қаулы шығарады.

Соттың қылмыстық істі рақымшылық актісінің негізінде қысқартуы туралы мәселе, ҚІЖК-нің 301-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сотталушы мен жәбірленушінің қатысуымен алдын ала тыңдау өткізіліп қаралуға жатады. Осы ретте рақымшылық актісін қолдануға кедергі келтіретін мән-жайлар болмаған жағдайда, сот істі қысқарту туралы қаулы шығарады, онда істі қысқартудың негіздемесі және сотталушының рақымшылық актісін қолданумен келісуі көрсетіледі. Келісу – сотталушының тағылған айыпты толық мойындауы деп есептеледі. Істі қысқарту туралы қаулы ҚІЖК-нің 307-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс және заттай дәлелдемелер туралы мәселені ҚІЖК-нің 121-бабының үшінші бөлігімен белгіленген тәртіпте шешуі керек.[14]

Сотталушы өзін кінәлі емеспін деп есептеген жағдайда не жәбірленуші рақымшылық актісін қолдануға көпе-көрінеу кедергі келтіретін мән-жайларды (қылмысты дұрыс сараламау, сотталушының жеке басы туралы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмеуі және т.б.) көрсетсе және соттың осы уәждерді тексеруіне өтініш білдірсе, сот басты сот талқылауын тағайындайды және өткізеді, бұл талқылау, негіз болған жағдайда кінәліге жаза тағайындаумен және осы жазаны өтеуден босату туралы айыптау үкімін шығарумен аяқталады.

Егер сот тергеуі барысында сотталушыға әлдеқайда ауыр айып тағу үшін істі қосымша тергеуге жіберу туралы жәбірленушінің өтінішін қанағаттандыруға негіздер немесе рақымшылық актісін қолдану үшін кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар анықтамаса, онда сот істі рақымшылық актісіне байланысты ҚІЖК-нің 324-бабына сәйкес қысқартады.

Қылмыстық жолмен жиналған ақшалар мен өзге де құндылықтар, заңсыз кәсіпкерлікпен алынған және контрабандалық заттар – заттай дәлелдемелер ретінде танылған қылмыстық істер бойынша рақымшылық актісін қолдану туралы мәселе басты сот талқылауында шешіледі, себебі бұл заттар ҚІЖК-нің 121-бабы үшінші бөлігінің 4-тармағына сәйкес соттың үкімі бойынша мемлекеттің кірісіне алынуға жатады.

Сотталушының қайтыс болуы ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 11) тармағының және 307, 324-баптарының негізінде қаулы шығару жолымен іс жөніндегі сот өндірісінің кез келген сатыда қысқартылуына әкеп соғатыны соттарға түсіндірілсін. Қайтыс болған адамды ақтау немесе онымен бірге қылмыс жасаған басқа адамдарға қатысты істі қарау туралы тараптардың өтініштері болған жағдайда іс жөніндегі өндіріс жалғасады және оған негіздер болған жағдайда қайтыс болған адамға қатысты айыптау үкімін жаза тағайындамай шығарумен аяқталады. Мұндайда үкімнің қорытынды бөлігінде оны қылмыстық заңның тиісті бабы бойынша айыпты деп тану және қайтыс болуына байланысты іс жөніндегі өндірісті қысқарту туралы тұжырым жасалады. [15]

ҚК-нің 81-бабына сәйкес тәрбиелік мәні бар мәжбүрлеу шараларын қолдану жолымен оның түзелуі мүмкін болатыны анықталған жағдайда кәмелетке толмаған, онша ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмысты алғаш рет жасаған адамға қатысты айыптау үкімі қылмыстық жазаны тағайындаусыз шығарылады.

ҚК-тің 69-бабында белгіленген қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімдері өтіп кеткен жағдайда, іс жөніндегі өндіріс ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 4) тармағының, 307 және 324-баптарының негізінде қаулы шығару жолымен алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы кезінде қысқартылады.

Егер айыпталушы істі аталған негіз бойынша қысқартуға қарсы болса, онда іс жөніндегі өндіріс жалғасады және негіздер болған жағдайда сот айыптау үкімін жасалған қылмыс үшін қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып шығарады.

Ескіру мерзімінің өтіп кеткені басты сот талқылауы кезінде анықталса, сот айыптау үкімін айыпты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып шығарады.

Өлім жазасы тағайындалуы мүмкін қылмыс жасаған адамға ескіру мерзімін қолдану туралы мәселені сот тек басты сот отырысында үкім қабылдау жолымен шешеді. Мұндайда сот ескіру мерзімін қолдануға, айыптау үкімін шығаруға және адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға құқылы. Егер сот ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік жоқ деп тапса, онда ол ҚК-нің 69-бабының 5-бөлігіне сәйкес айыптау үкімін жаза тағайындай отырып шығарады.

ҚІЖК-нің 38-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот шын өкінуіне, жәбірленушімен татуласуына және оған келтірілген зиянды өтеуіне, жағдайлардың өзгеріп, жасалған әрекеттің қоғамға қауіптілігінің жойылуына байланысты, қоғамдық-қауіпті қылмыстан туындаған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажетті қорғаныс шегінен асқан кезінде, ҚК-нің 65-68-баптарында және 15-бабының 3-бөлігінде көрсетілген, яғни кәмелетке толмағанның психикасының бұзылуына байланысты емес психикасының дамуы артта қалуы салдарынан іс жөніндегі өндірісті қаулысымен қысқартуға немесе ақтамайтын негіздер бойынша айыптау үкімін айыпты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып шығаруға құқылы. [16]

Сондай-ақ ҚК-нің 125, 165, 231 (1-тармағы), 233, 234, 236, 251, 252, 259, 297, 312 (2-тармағы), 326, 352, 358, 372, 373, 375-379, 381-баптарының ескертулерінде көрсетілген мән-жайлар да айыптау үкімін қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығаруға әкеп соқтыратын, ақтамайтын негіздерге жатады.

Осы барлық жағдайларда, егер тараптардың арасында қылмыстық жауапкершіліктен босатуға әкеп соқтыратын мән-жайлардың болуы туралы дау орын алмаса, іс жөніндегі өндіріс алдын ала тыңдау немесе басты сот талқылауы сатысында ҚІЖК-нің 37-бабы 1-бөлігінің 12) тармағы, 38-бабы 1-бөлігі, 307 және 324-бабының негізінде қаулымен қысқартылады.

Аталған негіздер бойынша ҚІЖК-нің 375-бабының 5-бөлігіне сәйкес сот айыптау үкімін қылмыстық жауапкершіліктен босата отырып, басты сот талқылауы аяқталғаннан кейін ғана шығарады. [17]

ҚК-нің 72-бабы 1-бөлігінің және 74-бабы 2-бөлігінің негізінде ҚІЖК-нің 375-бабының 8-бөлігіне сәйкес жаза тағайындау және жазаны өтеуді кейінге қалдыру жөніндегі айыптау үкімі жүкті әйелдерге және жас балалары бар әйелдерге қатысты, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан оның өзіне немесе отбасы мүшелеріне аса ауыр салдар төнген жағдайда ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты шығарылады. Мұндайда ҚК-нің 72-бабының 1-бөлігінде, 74-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздердің ең болмаса біреуі болса, бұл соттарды жазаны өтеуді кейінге қалдыру туралы мәселені дәлелдерді келтіре отырып талқылауға және шешуге міндеттейтінін соттардың ескергені жөн.