Микроскоптың зертханалық сабақтары

Зертханалық сабақ. 1. МБР-1 (МБИ-1, БЗАМ) микроскоптары

МБР-l микроскопының негізгі бөлшектері мыналар: механикалық, оптикалық және жарық түсіретін бөлшектер. Осы бөлшектерді зер сала қараңыздар.

Мыналар механикалық бөлшектерге жатады: тұрғы, заттық үстелше, тубус, зырғыма, макро және микрометрлік бұрандалар.

Тұрғы микроскоптың орнықтылығын сақтайды, oл — таға тәрізді иілген ауыр таған. Тікбұрыш жасай иілген тубусұстатқыш тұтқа тағанның ортасынан жоғары көтеріледі де оған көлбеу орналасқан тубус бекітіледі.

Ортасында дөңгелек тесігі бар заттық үстелше де тұрғыға бекітіледі. Үстелшенің үстіне микроскоп арқылы көруге арналған зерзат қойылады, ол сондықтан «заттық үстелше» деп аталған. Үстелше үстіңдегі заттың жылжып кетпеуі үшін екі қысқыш (клемма) пайдаланылады. Үстелшенің екі қапталында препараттарды реттейтін екі бұранда бар, бұранданы бұрағанда үстінде зерзаты бар үстелше көлденең бағытта қимылдап, жылжиды. Үстелше ортасындағы дөңгелек тесіктен түскен жарық сәулесі зерзатты айқын, анықтап көруге мүмкіндік береді.

Тубусты қимылдататын екі бұранда заттық үстелшеден төменірек, тұрғынын екі жағында орналасқан. Тубусты жоғары-төмен қозғалтып, фокус бағытын туралайтын үлкен дөңгелек басты макрометрлік бұранда «кремальер» деп аталады. Бұрайтын дөңгелек басы кішірек бұранда -микрометрлік бұранда. Оны сәл бұрау арқылы тубусты аз жылжытып, фокусты дәлме-дәл туралауға болады. Микрометрлік бұранданы микроскоптың екі жағынан тауып алып, жарты айналымға бұрау арқылы фокус дәлме-дәл тураланады.

Микроскоптың оптикалық бөлшектері: окуляр және объективтер.

Окуляр дегеніміз — ішінде линзалар жүйесі орналастырылған цилиндр пішінді металл түтікше. Ол латынның «oculus — көз» деген сөзінен туындаған. Анықтап қараса, окулярдың үстіңгі бетінде оның неше есе үлкейте алатынын (х 7, х 10, х х15) көрсететін цифрлар бар. Окуляр тубустан оңай алынады. Қажетті шамада үлкейту үшін басқа окулярды тубусқа алмастырып орнатуға болады.

Микроскоптың жарық түсіретін бөлшектері: айна, жарық жинағыш жүйе (конденсор) және диафрагма.

Айна мен заттық үстелше аралығына жарық жинағыш жүйе (конденсор) орналастырылады. Ол латынның «condenso — тығыздаймын, қоюландырамын» деген сөзінен туындаған. Конденсор екі-үш линзадан құралып, жалпы жиектемеге орнатылады. Жарық сәулесі алдымен айнаға шағылысады да конденсор линзаларының жүйесі арқылы өтеді. Микро және макрометрлік бұрандалардың алдыңғы жағында орналасқан бұранда жәрдемімен конденсорды жылжытуға болады.

Конденсордың төменгі бөлігінде самалалы диафрагма құрастырылған, олда жарықты реттейді. Диафрагма гректің «diaphragma — далда, қалқа» деген сөзінен туындаған.

Зертханалық сабақ. 2. МБР-1 микроскопымен жұмыс істеу ережесі

  1. Зертханадағы үстелдердің біріне жайғасып, микроскоптың тұрғысын өзіңізге, ал заттық үстелшесін қарама-қарсы жаққа қаратып, тапсырманы орындауға кірісіңіз.
  2. Кез келген зерзатты алғаш микроскоппен көруді ең аз үлкейтуден бастауды жадыңызда тұтыңыз. Бұл үшін зырғытпадағы ең аз ұлғайтатын объективті тубустың ортасына бағыттап, заттық үстелшенің тесігіне тұп-тура келгенше зырғытпаны бұраңыз.
  3. Махрометрлік бұранданы бұрап, объективті заттық үстелшеден шамамен 0,5 см жоғары көтеріңіз. Бұдан соң диафрагманы ашып, конденсорды аздап жоғары көтеру керек.
  4. Оң жақ көзіңізді қысып, сол жақ көзіңізді окулярға тақаңыз да, жарық біркелкі айқын түскенге дейін айнаны әр түрлі бағытқа бұрыңыз.
  5. Даярланған препаратты (4-тақырыпшаны қараңыз) жабын шынысын жоғары қаратып, заттық үстелше тесігінің ортасына дәл келетіндей етіп зерзатты орналастырыңыз.

Өте ұсақ зерзаттарды жарық көмегімен көрсететін микроскоп арқылы зерттеу кезінде иммерсиялық объектив пайдаланылады. Иммерсия латынның «іттеrsіо —батыру» деген сөзі. Микроскоптың ұлғайту мүмкіндігін арттыру үшін объективтің бірінші линзасы мен зерзат аралығына иммерсиялық сұйықтық (су, глицерин ерітіндісі, т.б.) тамызады.

Зертханалық сабақ. 3. Микроскоппен көретін өте ұсақ зерзаттарды өлшеу.

Зерттелетін зерзаттарды салыстырмалы тұрғыда зерттеген кезде олардың мөлшерін білудің маңызы зор. Сондықтан зерттелетін зерзаттардың мөлшерін анықтай білудің ешқандай артықтығы жоқ.

Мұндайда окуляр-микрометр пайдаланылады. Бөліктерге бөлінген. сызығы бар, пішіні дөңгелек шыны окуляр-микрометр деп аталады. Ол микроскоптың окулярында орналастырылады. Окуляр-микрометрдің бөліктерге бөлінген сызықтардың әрбір бөлігі анықтап қараған кезіндегі үлкейту шамасына және микроскоп жүйесіне байланысты белгілі микроб санына тең болады.

Зертханалық сабақ. 4. Уақытша пайдаланылатын микропрепарат дайындау тәсілі.

Петри табақшасындағы төсеніш шынының біреуін екі қырынан абайлап ұстап, үстелге қойыңыз да төсеніш шынының ортасына зерттейтін зерзатты — ұзындығы 1,5 см шаш талшығын орналастырыңыз. Шаш талшығына тамшуырмен бір тамшы су тамызыңыз да екі қырынан абайлап ұстап (өйтпеген жағдайда саусақ таңбасы түседі), төсеніш шыныдағы зерзатты (шаш талшығын) жабын шынымен жабыңыз.

Зертханалық сабақ. 5. МБС-1 микроскопы

МБС-1 — стереоскопты микроскоп. Стереоскоп гректің «stеrеоs — қатты, көлемді» + skорео — көремін, анықтап қараймын, бақылаймын «деген сөздерінен негіз алған. Демек. МБС-1 микроскопымен қараған нәрсенің, тікелей өзін және көлемді бейнесін көруге болады. Микроскоптың құрылысы: үстелше, тұрғы, оптикалық жұмырбас және окулярлық (бинокулярлы) сұғындырма сап.

Микроскоп орнықтырылатын дөңгелек таған — үстелше деп аталады. Бір жағы күңгірт түсті жазық айна тағанға орналастырылады. Оптикалық жұмырбасты орнықтыратын жуан білік тағанға орнатылады. Сондай-ақ тағанда айнаның үстіңгі жағында әйнекпен жабылған дөңгелек ойық және препарат бекітуге арналған екі қысқыш (клемма) бар.

Пішіні тіктөртбұрышты оптикалық жұмырбас — микроскоптың негізгі бөлігі. Бинокулярлы сұғындырма сапты орнататын бұранда оптикалық жұмырбастың жоғары бөлігіне орнатылып, төменгі бөлігіне объектив бекітіледі. Оптикалық жұмырбастың екі жағында айналмалы барабан мен бұранда орнатылған. Барабан оптикалық жұмырбастың алдыңғы жағында, ал бұранда артқы жағында орналасқан. Барабан — үлкейтуді реттейтін құрылғының бір бөлігі. Барабанда әр түрлі үлкейту деңгейін көрсететін цифрлар (0,6; 1; 2; 4; 7) жазылған. Барабанның білікшесі оптикалық жұмырбастың қабырғасынан шығып тұрады. Барабанды сол цифрлардың кезкелгеніне орнықтыруға болады.

Зертханалық сабақ. 6. МБС-1 микроскопымен жұмыс істеу ережесі

  1. Микроскопты жұмысқа даярлаңыз. Ол үшін микроскоп тұрғысын өзіңізге қаратып, үстелге қойылатын шам жарығын айнаға түсетіндей етіп үстелшедегі ойыққа қарама-қарсы орналастырыңыз.
  2. Жарықтың көрінетін аймаққа мол және біркелкі түсуін окулярды жылжыта, айнаны қозғай отырып реттеңіз.
  3. Микроскол тұғырындағы шыны тақтаға тұрақты пайдаланылатын микропрепаратты орналастырыңыз.
  4. Зерзат бейнесін көру үшін барабанды 1 цифрына тұрақтандырып, бұранда жәрдемімен оптикалық жұмырбасты жоғары-төмен жылжытыңыз.
  5. Екі бейне біртұтастану үшін екі окулярды біріне-бірін жақындатып, сондай-ақ алшақтатып, бейнені үйлестіріңіз.

Микроскоппен жұмыс істеген кезде де сақтық қажет. Окулярды орынсыз орнынан шығарып, микрометрлік бұранданы бұрауға болмайды. Окулярды арнайы даярланған жұмсақ шүберекпен ғана сүрткен жөн.

Зертханалык, сабақ. 7. Зерзатты микроскоппен көру

Шаш талшығын зерзат ретінде пайдаланыңыз. Ұзындығы 3 см шамасындай шаш талшығын қайшымен қиып алып, екіге тең бөліңіз де айқастырып, төсеніш шыныға орналастырыңыз. Айқасқан шаш талшықтарын жабын шынымен жапсаңыз, уақытша пайдаланылатын препарат даяр болады. Оны МБР-І микроскопымен анықтап қараңыз.

Зертханалық сабақ. 8. Микроскоппен мақта талшығын және ауа көпіршігін көру

Серіппелі қысқышпен Петри табақшасындағы мақтадан бір шөкім мақта талшықтарын алыңыз. Мақта талшықтарын төсеніш шыны үстіне салып тарқатыңыз да, тамшуырмен бір тамшы су тамызып, жабын шынымен жабыңыз. Уақытша пайлаланылатын препарат осылай дайын болады.

Зертханалық сабақ. 9. Зертханалық сабақты дайындау ережесі

Зерттеудің мақсаты — микроскоппен қараған кезде зерзаттың суретін салу. Суреттен зерзат құрылысы, жеке құрылымдардың пішіні, олардың өзара орналасу қалпын есте сақтап, әрқайсысының мәнін жақсы түсінуге мүмкіндік туатындай болсын.

Биология сабақтарында сурет салу еріккеннің ермегі емес, зерзатты зертханада зерттеу әдісінің бірі болып саналады.