Қожа Ахмет.Иассауидың адамгершілік сезім жөніндегі ой-пікірлерінің Құран –Кәрім мен Мұхаммед с.ғ.с. ғадистеріндегі ізгілік туралы қағидаларымен байланысы

Сопылық ілім неоплатонизм ұғымдарымен толысып, діни философиялық тұрғыдан өзінің теориялық бастауларын анықтап алғаннан кейін, оны тақулық өмір талабына негізделген дәстүрлерде пайдалану, сопылық ілімге мұқтаж адамдар қатарын көбейтті. Осылайша сопылар түзген тарикаттар саны артып, мұсылман әлемінде елеулі қоғамдық күшке айналды. Бұл сенім әсіресе шет тараптарда көбірек қолдау тапты. Мәселен: Египет, Сирия, Иран, Орталық Азия және Үндістан.т.б. Осы төніректе өз сопылық тәлімгерлігімен әйгілі болған ойшылдар алғаш сопылық тариқаттың негізін қалады. Сопылық тариқаттардың  көздеген мақсаты бір болғанымен, әрбір тариқаттың өзіндік әдебі мен ерекше  діни дәстүрлері болған.

Оның кім құдайды жан-тәнімен сүйсе, ол соғұрлым оған жақындай түседі және құдайылық мәнге жақындау бойындағы күнәларынды тазартады деген көзқарасы түркі халықтарының танымында сақталған.

Сопылық тариқаттың діни дәстүрлеріндегі ерекшеліктердің шығу төркінін түсіндірген Идрис Шах: “Сопылық үнемі даму үстіндегі ілім. Сондықтан да, сопылық тариқаттағы қағидалар нақтылы бір үлгіге келмейді. Білікті тақуаның басқаруымен белгілі бір жерде сопылық тариқат ашылса, оның да қызметі адамзатты рухани жетілдіруге бағытталады”. Демек, тақуалар адамзат бойындағы белгілі қасиеттерді (таным, махаббат…) жетілдіру арқылы ерекше ләззат алар рухани дүниені танып, білген. Бұл ілімді насихаттаған сопылық тариқаттың қоғам өміріндегі ролі айтарлықтай жоғары болған.

Иман мен нәпсінің тегеурінді арпалысын танытқан жолын хақиқатқа балаған Ахмет Иассауи “Адамзаттың рухани жақтан тазарып, бүкіл пендешіліктен биік тұруы, оны ақиқат жолына түсіреді”-деген.

Өзге адамдар әлемнің тек сыртқы көрінісін танып білумен шектелгенде, сопылар бұл дүниенің ішкі акиқатын көре біліп, тәңірінің достарына айналды. Сондай-ақ басқалар әлемдегі болмыспен шектелсе, сопылар бұл -әлемнің шарықтау шегіне мән береді. Олар өздеріне кедергі келтіретін зұлымдық кездерінің барлығын жоюға бейім және бұл дүниедегі барлық нәрсені өлмес алдын тастайды. Сопылар басқалардың әлем жөніндегі түсініктерінен әрдайым жоғары түрады. Сондықтан кейде біреуге ұнамаған нәрселерді қасиетті тұтады. Мәселен, олар үшін ілім – білім қорын молайтуға жәрдемдесер басқару құралы.

Әл-Ғазали:«Біз өмірдің бүкіл тыныс-тіршілігімен арадағы қарым-қатынасты сезуге дайын болғанда ғана тылсымдық тәжірбиелердің қадірін бағалай аламыз.Демек, тұтас әлемді тануда сезімге ерік беру керек. Ол жаратушының өзін жаратқан құдіреті арқылы оның бітім-болмысын тануға деген қажеттіліктің туындайтынын аңғартады. Бұл сезімді жаңаша бағалаған Фридрих Ницше: “Сезімде орынсыз ең зиянды деген әсерлер мықты деп танылған тақуалардан емес, керсінше тақуалықтың қажеттілігін мойындай отырып, олардың қатарында бола алмайтын адамдардан» -деген.

Сопылық ілім пайда болғаннан бастап, сопылар Алла болмысы ақиқат деп біліп, бастапқы жаратылыс ретінде оған ұласуды мақсат етті. Олар “Алла ақиқатын жанды рухани азаптау арқылы қабылдай алатынына сенді. Адамда рухани азапталу қасиеті бар болса, оның табиғатында Алланың ақиқатының бөлшегі бар. Жан сол ақиқатты тану үшін қажет”. Ақиқат жолын тануда өз жанын азапқа салу арқылы Алла бейнесін көруге лайық кемел тұлға “Инсан камил” мәртебесіне жеткен. Осы дәрежеге көтерілген адам дәруіштік “хирка” (теріден тігілген сопы жамылғысы) жамылып, жетілудегі өз тариқатын (жолын) салған және осы тұлғадағы адам ғана азапты сәттерге толы жетілу жолында муридтерге сүйеніш бола білген.

Осындай тұлғалардың бірегейі, түркі жұртының данышпан ойшылы, “сұлтан-ул а’рифин” яғни, ақиқат жолындағы тақуалардың сұлтаны атағын алған Ахмет Иассауи де сопылық ілімінің негізгі өзегі етіп, рухани-танымдық жетілу жолын қарастырды. Түркілік бағытта қалыптасқан бүл тарикаттағы жетілу жолында хәлдер мен мақамдар ерекше орын алды.

Мақам-адам болмысының алламен бірігу (таухид)жолындаға тылсымдық өткелдер, әрбір мақамнан өткен салик (ақиқатты іздеген жолшы) белгілі бір мунджийатқа (құтқарылу қасиетіне) ие болады.

Ахмет Иассауи ілімінде ішін ара байланысқан қырық мақам сатылы түрде төртке бөлінген. Олар: шариғат, тариқат, мағрипат, ақиқат. Бұл төрт сатылы жолда адам бастапқы кейпін терістеу арқылы дамиды. Терістеу ішкі дүниемен қатар материалды бітім болмысынан да анық байқалады. Ахмет Иассауи: “Дәруіш бұл қырық мақамды білмесе және амал қылмаса, оның шайқылығы шайтандық” – деген. Дамудағы қарама-қайшылық макамдар арасын біріктіре түсетін тәрізді. Бірінші мақам-малакут, екінші мақам-лахут, үшінші мақам – жабарут, төртінші мақам – насут. Кемелдену сапалы өзгерістерді талап етіп қойды. Сондықтан, үміттің өзі өмір жалғастығын таныта алды. Насут – материалды адамзат әлемі. Материалды адамзат әлемінде, шариғат мақамдары қолданылды. Малакут – көрінбейтін ішкі сезімге берілетін метафизикалық құбылыстар әлемі. Бұл шариғат заңдарын меңгеріп, өз өмірін тариқат жолына арнаған адамға (саликке) тән мақам. Ішкі жан дүние тарикат өткелінде пір көмегімен жетіледі. Малакут даралықты талап етті. Сондықтан, мястиктердің кез-келгені даралануды нұрлануға теңеген. Жабарут – алла болмысымен бірлікте жасалған тіршілік әлемі. Сезімдік танымның шыны-махаббат деп бағалады сопылар. Мағрипат мақамдары арғы дүние перделерін ашады. Лахут -таңдаулы тұлғаларға тән болған, сезімге бергісіз алла әлемі, Өз өмірін ақиқат жолына арнап, жалған дүниеден баз кешу. Яғни, Ахмет Иассауи сияқты өмірін кылуетте еткізген адамға тән мақам. Қауымдастықта қайталанбас ерекшелігіне сай көрсетілмеген және бір мақам – Алам ал-ғайб.

Адам ақыл-ойына тәуелсіз жасырын сырлар әлемі. Бұған керемет жасау қасиетіне ие болған тақуалар (пайғамбалар) ғана жеткен, Муршид (ұстаз, пір) муридтің шариғат, тарикат, мағрипат, ақиқат мақамдарын өтуін қадағалап отырса,ішкі рухани дүниедегі өзгерістер мен хәлден-хәлге өтуді өзі игеруі тиіс. Жабарут, лахут, насут,малакут әлемдері осы хәлдерді арасын айыру үшін қолданылды. Демек, адам рухын жетілдіру мақамдары адам жанын түрлі халде анықтады,

Рухани кемел тұлға қашанда жаман мінез құлықтан алшақ. Өйткені, ол хақты танушы. “Амр бил-мағруф” пен “Нахил-мункардың” дұрыс орындалуы муридті “Инсан камил” мертебесіне жетілудегі алғашқы хәлдер жиынтығын насутты меңгерді. Бұл хәл мурид үшін өтпелі кезең емес, өмірлік мақсат. Сопылық ілімді толық меңгерген шайх қатарына көтерілген тұста да, өз бойындағы асылдардың бірі ретінде шариғатты сақтаса,  ол муридтің кадір-қасиетін арттырды.

Шариғат мақамдарында асығыс шараларға бой алдырып тариқат, ақиқат мақамдарына талпынған муридтерге А.хмет Иассауи “Кімде-кім шариғатта амал қылмай, тариқатқа қадам басса азғайлар. Егер нәпсіні тәрк етіп, тариқатқа кірсе, азбағайлар”. Әрбір мақамда байыпты әрекет қажет. Және шариғат білімін толық меңгергенде ғана бойындағы нәпсілік қасиеттерді жойып, тариқат мақамдарына өтесің.

Тәннің материалды мұқтаждарына азап арқылы шек қоямыз. Рух тәннін үстемдігінен сонда ғана босайды. Алла дидарын көру “жабарут” хәлінде.

Мағрипат мақамдары мұны жүзеге асырады. Сопылық ілімде кемелденудің соңғы хәлдері “фана” және “бака”. “Фана” – алғашқы бастамаға алла ақиқатын тану арқылы жету хәлі. Фәни дүние пердесін ашып, ақиқат сырларын меңгеру. “Бака” – аллаға ұласу хәліне қайта түсіп, бақилық ғұмырды тану. Ахмет Иассауи бұл хәлді азаппен теңестіруден алшақ түрды. Сондықтан, нәпсі мәртебелерін жаңаша бағалайды.

“Мират-ул қулуб” рисаласы жеті йақин (акиқи ілім) арқылы жетпіс , мақамның құндылығын ашады. Біз бұл бағытта нәпсінің жеті мәртебесін сабақтастыра зерттеудің жетістіктерін көреміз. Әрбір иақинді тану нәпсінің мәртебесін игеруге мүмкіндік береді, “Исмул йақин” – болмыстардың есімін белгілейтін ілім ретінде “нәпсі еммарені” (адам болмысында қалыптасқан табиғи нәпсілік қасиет) ішіне алады. “Расмул йақин” –Мәдени көріністер мен бейнелеу ілімі “нәпсі леваммені” (іс-рекеттегі теріс айыптау мен сөгіс беруден туындаған нәпсі) ішіне алады. “Илмул йақин” – Ахмет Иассауи мұны шариғат іліміне теңейді. Бұл өз кезегінде “нәпсі мулхимені” (рухани жетілдіруші ашық мақсаттағы нәпсі) ішіне алады. “Айнул йақин” – пір жетекшілігімен күдіктенуге келмейтін ілім. “Нәпсі мутмайнне” пір нұсқаған тариқат жолындағы орнықты нәпсі. “Хаққұл йақин” – ақиқатты танытарлық хақ ілімі “нәпсі разиені” (ризыққа қанағат еткен разы нәпсі) ішіне алады. “Шахсул йақин” – кемелденуді бойына алған абсолютті таным негізінде түзілген ілім “нәпсі мардиені”‘ (алла саған сен аллаға разы болған нәпсі) ішіне алады. “Аллаху йақин” – алланың сырлар әлемін танытқан ілім “нәпсі камилені” (ең ұлы таза болған нәпсі) ішіне алады.

Нәпсінің жеті мәртебесін меңгеруде жеті иақинді басшылыққа алу кез-келген адамның қолындағы іс емес. Рухани кемелдену жолының мақамдары осы принциптермен салыстырмалы сабақтастықта жүзеге асады. Зұлым, ынсапсыз, сабырсыз әрі имансыз жолдан алшақтау иассауийа қауымдастығы мақамдарында. Кемелдену иманды меңгеруде және таза жүрекке негізделген сенімді бойыңа алуда деген Ахмет Иассауи. Мұны түсінген адамға хикмет пен Алланың адал жолы арналады.

Иассауийа қауымдастығында өмір, өлім, алланың ақиқаттылығы және’ шексіздік жөніндегі проблемаларды түсіндірген шайх мурид әрекетіне жауапты болған. Дегенмен, көптеген қауымдастықтарды жеке зікір салу әдістері қолданылды. Жеке зікір салу тәсілі алла есімін жүрекке жазып, бір сәтке де есінен шығармаған тақуаға тән қасиет. Мұны тасбих тартып зікір ету, жалғыз зікір ету, үнсіз зікір, жүректегі зікір – деп түрліше атайды.

Алламен жүздесуге жол ашқан бұл тәсіл, қарапайым адамның күнәсін жоюға да септігін тигізеді. Зікір салу қоғамда әрбір адамды тәубеге келтіретін  жол сияқты. Қоғам өміріндегі жүректегі зікір-саяхатқа шықсаң серігің, жалғыздықта мұңайтпайтын жолдасың, тасбих тартсаң, жолыңнан адастырмайтын бағдаршамың деген ұғым қалыптасқан.

Дегенмен, рухани кемелденуді көздеген мурид үшін бір Алланың есімін қайталау жеткіліксіз, оған жетілу жолында сүйеніп болатын пір иығы қажет. Сидхарта Гаутаманың өмір ақиқатын нұр арқылы тануы, кейінгі шәкірттеріне үлгі болды. Бірақ, ол жолдың ақиқатын түсінгені кемде-кем. Кейбір шәкірттер рухани тәжірбиелердің бірінде тылсым күшті сезінгеннен-ақ нұрлану жолын өзі тауып баратынына сенімді болады. Ахмет Иассауи мұндай мүмкіндікті бүтіндей жоққа шығарады; “түні бойы көз ілмей, Алла дегенімен, ол не іздейтінін білмесе, оны қай тараптан іздесін. Қалай таба алсын” -деген.

Рухани ұстаз болған пір ғана “уирд-аурат” (жасырын) үкімі мен зікір салудың сырын ашады. Қауымдастық шәкірттері пір кызметіне төзімді әрі адал және өз жанын құрбан етуге дайын болуы керек. Диуани хикметте, “Хақ жолы ашылар ма жан бермесе, диқан емес кетпен шауып нан бермесе, бәйшешек ашылар ма су бермесе” – делінген.

Ахмет Иассауи өлім мен өмір мәселесіне баса назар аударады. Соның ішінде, қоғамдық психология мұндай проблемаларды қалай қабылдады. “Мауту қаблан ан тамуту” – яғни, өлмес алдын өлу мәселесін қойды. Бұл ажал келіп, аранын ашып, өмірде істеген қиянат, күнә болған істеріңмен қоса алмас алдын қабірстанға назар аударып, пендешілік қасиеттерден арылу жолы. Ахмет Иассауи “Мауту қабла ан-тамуту” қағидасын халық санасына беруде фәни дүние бақыты үшін қандай құрбандыққа даярсың деген тәрізді. Оның қылуетке түсуі осыны аңғартады. Ахмет Иассауидің бұл әрекеті өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеген Қорқыт Ата дүниетанымымен үндесіп жатыр.

Ахмет Иассауи мен Қорқыт Ата өлім мәселесін түрліше бағалағанымен, мақсаттары бір – мәңгілік өмір ақиқатын іздеу. Ахмет Иассауи өлімге қарсы келіп, қылуетке өзін тірідей көмсе, Қоркыт Ата ажалдан қашып, жанын қояр жер таппайды. Қоғамның тіршілік талабына айналған “әр жаратқан пендеге бір өлім” қағидасын мойыңдамаған тұлғалар, өз іс-әрекеті арқылы адамзатқа жоғарғы ақиқаттың мәнін ашып берді. Ахмет Иассауи қараңғы түнекте зікір салып, нұрға бөленсе, Қорқыт Ата мәңгілікті қобыздың құдіретті үнінен табады. Демек, өмір ақиқаты өлімнен жоғары тұру.

Йассауийа қауымдастығы шәкірттері қылует тәрізді шілдеханаларда
қобыз әуенімен зікір салған. Екі әдісті бір арнаға тоғыстыру зікірге жаңа сипат берді. Осыдан кейін хикметтер де қобыз сарынымен орындалған .

Мұндай тәсіл экстаз күйіне түсіретін ұлы махаббат сезімін берген. Ғашық болу әркімнің қолынан келген іс. Дегенмен, ғашық назарына ілігіп, махаббат нұрына  бөлену таңдаулыға ғана тиесілі. Бұл жерде Аллаға деген махаббат идеясы қаралып отыр.

Сопылық ілімде жүрек тазалығына ишарат ету Алладан болған. Рухани кемелдену жолына түскен дәруіштер қанағатпен сабырлықты басшылыққа алған. Зікір адам жүрегін тазалайтын Алла демі. Ал жиі зікір ету – Алла нұры мен махаббатына бөлейді.