Ахмет Байтұрсыновтың халық ауыз әдебиетін дамытуға қосқан үлесі

Қай халықтың болса да өзінің бастапқы әдеби мұралары ауыз әдебиеті үлгілерінен басталғаны анық. Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің де өзіне тән көркемдік ерекшеліктері мен жиналу заңдылықтары бар. Осындай әдеби мұралардың жиналуында біз Ахмет Байтұрсыновтың еңбегінен аттап өтуімізге болмайды.

Ал, енді Ахаңның әдебиет теңізіне кеуде керіп құлаш ұрған алғашқы кездерінен мәлімет берер болсақ, оның 28 жасар тұяғы тасқа тимеген тұлпардай тулап тұрған кезі еді. Жігіттіктің жігері қайнаған, қайтпас толқындай ұйытқыған шағында Ахаң тіршілік күресіне араласып, әділеттілікті іздеп, патшаның отаршылдық саясатына мін тағып айыптаудан бас тартпаған батыл еді. Осы жасында ұстаздық етіп, әдебиетпен айналысып, өлең жырлар тудырып, фольклор нұсқаларын жинай бастаған болатын.

Фольклор жанрының болмысқа қатысы ешқашан бір келкі болған емес. Қай жанр болмасын белгілі бір тарихи алғы шарт негізінде пайда болып, қалыптасады. Сондықтан фольклордың болмысқа қатысын жанрлық тұрғыдан анықтып алуымыз шарт.

Ғылымда қалыптасқан жүйе бойынша фольклор жанрлары: көркем фольклор, ғұрыптық фольклоры (художественный, обрядовый) болып екі салаға бөлінеді. Қалыптасқан ғылыми жүйе бойынша ғұрыптық фольклор мынадай үш салаға бөлінеді.

  1. От басының ғұрып фольклоры (семейно — обрядовый)
  2. Маусымдық ғұрып фольклоры (календарно — обрядовый)
  3. Наным – сенімдер ғұрыпының фольклоры (заклинательный)

Осындай ғұрып фольклорын алғаш зерттеуші қазақ ғалымдарының бірі

А. Байтұрсынов болатын.

Ахаң жалпы фольклорды «Сауықтама» және «Сарындама» деп екіге бөліп қараған. «Сарындама» терминін «Жұрттағы келе жатқан салт – сарынды сөздер» деп түсіндіреді. Ал, «Салт» терминін «Обряд» мағынасында қолданған. Сөйтіп сарындаманы «салт сөзі», «ғұрып сөзі» деп жіктейді.

Алайда А. Байтұрсынов салт сөзіне жатқызған мысал, тақпақ, мақал жанрлары біздіңше көркем фольклорға, Ахаңша айтқанда «Сауықтамаға» жатады. Ауыз әдебиетінің жанрлық құрамы, көркемдік – эстетикалық бітімі, сюжеті, қоры, образдар жүйесі, өзіне тән қас белгілері (көркемдігі, құрылысы және функциясы бойынша) де көп ұғымдарды аңғартары сөзсіз. Отызыншы, қырқыншы жылдары асыл мұрамыздың жаппай жиналуына көңіл бөлініп, Б.Уахатов, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов т.б. зерттеулерінде жекеленген жанрлардың табиғаты, шығу тарихы, көркемдік кестесі арнайы қарастырылды. «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты коллективтік монографиялар соңғы жылдардың айтарлықтай табысы болған. Бұл бағытта ертелі кеш атқара берер жұмыстар жетерлік. Дегенмен пікірімізді жаппай орын алып келе жатқан кемшіліктерге қарай бұрғымыз келеді. Оны айтпасқа болмайтын себептер жоқ емес. Сталинизм заманы мен тоқыраушылдықтың зардабы фольклортану ғылымына да өзінің аяусыз тырнағын салғанын айтуға болады.

Ғасырлар тұңғиығында қалған еуропа елдерінің фольклор үлгілері, ежелгі замандардағы бітімі қазіргі таңда жан-жақты типологиялық салыстырулар, мәліметтерді тірнектеп жыйу арқылы анықталу үстінде. Түптеп келгенде бұл жағдай асыл мұрамыздың байлығына да кері әсер тигізуде. Алдымен қазақ фольклорының құрамына келейік. Себебі, ауыз әдебиетінің байлығын, ұлттық ерекшеліктерін, бүкіл болмыс – бітімін анықтауда ненің бар, ненің жоқ екенін білудің біздіңше айрықша маңызы бар. Шынын айту керек, қазақ ауыз әдебиетіне арналған зерттеулер мен оқулықтарда айтыс пен шешендік сөздердің, басқа да ел таныған жеті-сегіз жанрлар болса, ол да еуропа халықтарының фольклорында кездесетіндері.

Ал, мұның сыртында аты аталмай, аталса да қатарға кірмей күні бүгінге дейін халық жадында сақталып келген ондаған жанрлар мен жанрлық түрлердің не зерттеушілер, не жинаушылар тарапынан ілтипат көрмей келгенін немен түсіндіруге болады. Олардың ішінде шежіре, мысал, нақыл, бата, алғыс, жылау-жоқтау, қарғыс, наным-сенімге байланысты өлең жырлар, сол сияқты дінге қатысты фольклор үлгілері әлі күнге дейін өз алдына енші алған емес.

Ежелгі ел арасында айтылатын мынандай мақал бар: «Торқалы той, топырақты өлім» деген. Тумақ, өмір сүрмек парыз. Өмір ағын су секілді: тулап, толқындап барып аяқталады. Адам мәнгілік көз жұмады, жарық дүниемен қоштасады. Ардақты азаматтың қайтыс болғандығы туралы жан-жақты хабаршы жіберіледі. Бұл кезде өлген адамның мәйіті (сүйегі) оқшау тігілген сегіз қанат ақ үйге қойылады. Үйдің ішіне: сол жаққа сүйек төсек кіргізіледі,үстіне қара кілем жабылады, сол төсекке өлген адамның сүйегі қойылады. Үйдің оң жақ босағасына қаралы ту тігіледі. Мысалы, М.Әуезовтың «Абай жолы» романында Бөжей өлгенде үйінің белдеуіне ту тігілді дейді. Кейбір этнографиялық мәліметтерге қарағанда: жас жігіт қайтыс болса, оған арнап, қызыл ту тігілген. Ал қарт адам өлсе ақ ту, орта жастағы адам өлсе бір жағы ақ, бір жағы қызыл ту, ал төре тұқымы өлсе, ақ,көк, ауа тулар тігілген. Ал, орыс оқымыстылары былай дейді: ер адам өлсе оның босағасына ақ ту ілінеді, әйел өлсеқара ту тігіледі. Қаралы ту қаралы үйдің босағасында бір жыл бойы тігілулі турған.

Арада бір жыл өткен соң өлген адамға арналып ас беріледі, асқа арналып кекілі мен құйрық-жалы кесілген жылқы таңдалынады. Ел жайлауға көшкенде, өлген адамның ер-тұрманы асқа аталған атқа ерттелінеді, киген киімдері тулданып, жабылады. Ал, өлген адамның әйелдері (немесе әйелі)көрші киіз үйге орналасады, басына қаралы жаулық салады, есіктің алдынан төрге қарап отырады, жоқтау айту басталады. Жесірдің бет жыртуы деген теріс әдеттер де орындалған. Жоқтауға жиналған әйелдер де дауыс қосады.

Жоқтау жыл бойы айтылады: жетісі, қырқы, жылында. Бұған Сүйінбай ақынды Бағыжан және Қойжан деген қыздарының жоқтауы және батырларды жоқтау деген өлеңдерді мысалға атауға болады. Ас берілгенше, ел бір жерден екінші жерге қоныс аударса, қалың көштің алдында дауыс айтылып, жылаған қыздарының жоқтау өлеңдері естіледі. Жоқтаудың үні (мелодиясы) мұңлы, зарлы болып келеді. Жоқтаудың мазмұны: өлген адамның тірліктегі жақсы қасиеттері, қамқорлығы, қайырымдылығы, әділеттілігі, батырлығы, шешендігі, ақылдылығы, ақындық өнері, адамгершілігі, т.б. Мысалы, Сүйінбайға арналып айтылған жоқтау:

Ақындығың белгілі-

Жалайырда Құлшықтай.

Өлең айтып жүргенде,

Алашқа данқың мың шықты-ай!

Қазақ, қырғыз бас қосса,

Дөңгеленіп сөйлеуші ең,

Алтыннан соққан ұршықтай!

Батырды жоқтау:

Атының басын бұрмаған,

Айбынын оның көрген жау-

Алдында қарсы тұрмаған,

Әділдігі сонша еді —

Адамзаттың баласын,

Өз ұлымен тең көрген.

Төнкерілістен бұрынғы қазақ арасында айтылатын жоқтау өлеңдерінің үздік үлгілері Я. Лютшьтің, В. Радловтың, Н.И. Гродековтың кітаптарында жарияланған және Қазақстан ғылым акдемиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталған.

Ерте замндағы қазақ халқы Еділ-Жайық өзенінен бастап, Алтай тауларына дейін, Алатаудан бастап, оңтүстік Сібір жазықтарына дейінгі аралықты мекендеген, жерінің көлемі Франциядан төрт есе үлкен еді. Олар Ұлы Жүз, Орта Жүз, Кіші Жүз болып тайпа-тайпаға бөлінген, руларға бөлшектенген. Біртұтас мемлекеті мен шекараны қорғайтын әскери күштері болмаған. Соның салдарынан көрші феодалдық-монархиялық мемлекеттер (Жоңғар хандығы, Қытай, Орыс империясы, Түрік патшалықтары, Қоқан, Хиуа хандықтары) дүркін-дүркін шабуылдар жасап тұрған. Қолға құлдар мен күндер түсірілген. Өзінің туған елінен еріксіз айрылған тұтқындар ата-анасымен, елімен, туған жерімен қоштасып, мұң-шер өлеңдерін шығарған. Басқаншылық саясатқа қарсылық көрсеткен, ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырған халық көсемдеріне қысым көрсетілген, жер аударылған, зынданға, түрмеге түсірілген. Сонда жау қолынан көрген қорлығын айтып:

— Қарқаралы, Ұлытау! Төңірегім толған жау. Қош, есен бол, туған жер!-деп қош-қош айтқан. Сонымен бірге, бірліктің, татулықтың шырқын бұзып, қазақ рулары да бір-біріне өшпенділік туғызған, жерге, малға таласқан, әлсіз руларды қудалаған, алыс елге көшіп кетуге мәжбүр еткен. Амалсыздықтан бейтаныс жерге қоныс аударып бара жатқан әлгі ұсақ рулар, туған жерін қия алмай жалтақтай берген. Туған жерімен қоштасып, өлең айтқан.

Ол кезде кейде махаббат та қудаланған. Егер байдың қызы кедей жігітіне ғашық болса, екеуінің арасындағы достық, сыйластық сыры сезілсе, онда бұқара шаруаның баласына қауіп төнген. Соның салдарынан қайғылы қазаға ұшыраған немесе бірін-бірі ұнатқан жастарды ру басшылары аяусыз жазалаған, араларын ажыратып жіберген. Аралары алыс қашықтықпен бөлініп қалған жастар, бірін-бірі сағынып, сағыныш, қоштасу өлеңдерін шығарған. Бәлкім сол сөздерді бір-біріне айтылған соңғы сөздер де шығар:

Ей, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген,

Артыңда мен ақтұйғын жетем деген.

Ойымда үш ұйықтасам барма менің,

Айыаылып сәулем сеннен кетем деген.

Еріксіз әупілдекті мекен еттім,

Жасым жас жиырмаға жаңа жеттім.

Айырған екі ғашықты еңіретіп,

Існе бар ма шара құдіреттің.

Осындай фольклор үлгілерінің бірі «Жоқтау» ды А.Байтұрсынов жинап, құрастырып қайта түзеткен. Оны «Жиырма үш жоқтау» дан айнада өз келбетімізді анық көргендей көре аламыз. Ахаңның бұл «Жоқтаулар» жинағы өз ішіне қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитыны да жинаушының әдебиет теңізіне терең сүңгіп, қазақ халқының өткен дәуірін парақтап архив қорына таусылмас қазына етіп тапсырғандығы бүгінгі күнге Ахаңның тұла бойына біткен ұлы қасиеттерін және бір танытып отыр. Ал, енді Ахаң жайлы оның асыл мұраларының қаншалықты құндылығын халыққа жеткізу кезі келді. «Кезінде сталинизм қылышынан қан тамған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қанқырғын – реппрессиялар басталған кезде көп нәрсе мүлде бұрмаланды, «байтал түгіл, бас қайғы» дейтін күндер туған. Ол шақта А. Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі – қылмыс, азамат басын жұтатын абақтығы алып барар жолға айналды»

Менің жеке ойым, мүмкін мұны көптеген әдебиетші, тілші қауым да құптар деп ойлаймын.Жоғарыда Ахаңның еңбектерін тек қана атап өттік, ендігіде оның өмір жолын, еңбектерін, халқымыздың өскелең ұрпағына толық жеткізу үшін А.Байтұрсыновтың жиған – терген әдеби және мәдени қазынасын жастар үшін жоғарғы оқу орындарының филология бөлімдерінде «Ахметтану» деген атпан арнайы курс, арнайы семинар етіп, оқу бағдарламасына енгізіп, Ахаң жайлы жеке дәрістер өтілсе мақұл-ақ болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. А.Байтұрсынов. «Ақ жол» Алматы 1991, 5 бет
  2. Ә.Дибаев. «Тарту» Алматы 1994, 31 бет