Мемлекеттік бюджет құрылымы

Бюджет – мемлекеттің өз міндеттерін жүзеге асыруына арналған және түсімдердің есебінен құрылатын орталықтандырылған ақша қоры.

Мемлекеттік бюджет – республикалық және жегілікті бюджеттердің бірінің-бірі арасындағы өзара өтетін операциялары есепке алынбайтын жиынтығы.

Оның басты мақсаты – қаржы құралдарының көмегімен экономикалық тиімді дамуы және мемлекеттік міндеттерді шешу үшін жағдай жасау.

Бюджет құрылымы мынандай бөлімдерден тұрады:

«Кірістер» — Үкімет қарыздарынан түсетін түсімдерді және алынған ресми трансферттерді (гранттарды) қоспағанда, бюджетке түсетін барлық түсімдерді қамтиды;

«Алынған ресми трансферттер» — «Кірістер» бөліміне енетін түсімдерді қоспағанда бюджетке енетін барлық түсімдерді қамтиды;

«Шығыстар» — мемлекеттік борышқа қызмет көрсету жөніндегі шығыстарды қоса алғанда, бюджеттен жұмсалатын барлық шығыстарды қамтиды, бұған несие беру және мемлекеттік борыштың негізгі сомасын өтеу бойынша бюджеттен төленетін төлемдер кірмейді;

«Несие беру,оның өтелуін шегеріп тастау» — несие беру бойынша бюджеттен төленетін төлемдер мен бұрын бюджеттен берілген несиелерді өтеудің түскен түсімдерді қамтиды және таза несие беруді көрсетеді;

«Бюджет тапшылығы» — «Кірістер» және «Алынған ресми трансферттер» — бөлімдердің жалпы жиыны «Шығыстар» және «Несие беру, оның өтелуін шегеріп тастау» бөлімдердің жалпы жиыны арасындағы айырманы құрайды;

«Бюджет тапшылығын қаржыландыру» — Үкімет қарыздары бойынша бюджетке түсетін түсімдер мен мемлекеттік борыштың негізгі сомасын өтеу жөніндегі қаражатты қамтиды.

Мемлекеттік қаржы жүйесінің дәл ортасында мемлекеттік бюджет тұрады. Бюджеттік жүйе өте күрделі механизм. Ол осы елдің ерекшелігін, оның әлеуметтік-экономикалық құрылысын, мемлекеттік құрылымын білдіреді. Ел бюджетінің құрылымы сол елдің мемлекеттік құрылымымен байланысты. Унитарлық мемлекеттердің бюджеттік жүйесі екі деңгейден тұрады: мемлекеттік және жергілікті. Федеративтік мемлекеттерде штаттардың, (АҚШ) жерлердің (ФРГ) өз бюджеттері болады, соған сәйкес әкімшілік ұйымдары қызмет етеді.

Мемлекеттік бюджет мемлекет қолындағы ақша ресурстарының орталықтанған қоры. Бұл қаражат мемлекеттік аппаратты, қарулы күштерді қаржыландыруға және әлеуметтік-экономикалық қызметтерді атқаруға жұмсалады. Қазіргі жағдайда бюджет экономиканы мемлекеттік реттеудің шаруашылық конъюктураға ықпал етудің, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың аса күшті құралы. Қазіргі мемлекеттік бюджет оның сан түрлі қызметін көрсететін күрделі де көп қырлы құжат. Ең алдымен бюджетте мемлекеттің кірісі мен шығысының құрылымы белгіленеді. Шығыста бюджеттік ассигнациялардың, қаржылардың бағыттары мен қызметтері көрінеді. Өзінің құрылымы жағынан бюджеттің шығысын мынандай бөлімдерден тұрады: мемлекетті басқару шығындары, әскери шығындар, әлеуметтік-экономикалық мақсаттағы шығындар, мемлекеттік шаруашылық жұмыстарының шығындары, сыртқы экономикалық қызметтердің шығындары.

Мемлекет қызметтерінің ұлғаюы мемлекеттік шығындардың қарқынын ЖҰӨ өсуі қарқынынан едәуір асырып жібереді. Мысалы, АҚШ – та 20-шы ғасырда мемлекеттік шығындар 350 есе артты. Тек 1980-1989 жылдар арсында федералдық бюджет шығындары екі еседен астам өсті (433.5 млрд. долл. 872млрд. долл. жетті).

Мемлекеттік шығындардың басты тармағына экономикалық өндірістік секторының қызмет істеуін қамтамасыз етуіне байланысты шығындар жатады. Әлеуметтік инфрақұрылымға білім беру мен денсаулық сақтауға бөлінетін шығындардың да үлесі айтарлықтай.

Әскери шығындардың да үлесі қомақты. Әскери шығындарды айтқанда тек тікелей шығындарды ғана көрсетіп қоймай, жанама шығындарды да ескеру керек. Оларға әскери қарыздар бойынша проценттік төлемдер, зейнетақы, соғыс мүгедектеріне, ардагерлерге және т.б. көмек түрлері жатады. Мемлекет бюджетінің басты құрамды бөлігі жергілікті бюджеттер. Олар арқылы ең алдымен коммуналдық меншік объектілері, жол, мектеп, байланыс құралдарын дамыту және тұрғын үй құрылысы қаржыландырылады. Жергілікті бюджетті жергілікті әкімшілік, полиция, сот пен прокуратура пайдаланады. Жергілікті бюджеттің үлкен бөлігі әлеуметтік-мәдени қажеттілікті өтеу, денсаулық объектілерін, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға кеткен шығындардан тұрады.

Мемлекеттік бюджеттің кірістері орталық және жергілікті органдар жинайтын салықтардан, мемлекеттік заемдардан, бюджеттерден тыс немесе мақсатты қорлардың төлемдерінен құралады. Мұндай қорлардың құрылуы ірі қаржы ресурстарын нақты мақсаттарға, ең алдымен әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мақсаттарға шоғырландыру қызметінен туады. Бұлардың қатарына әлеуметтік қамсыздандыру, жол құрылысы, қоршаған ортаны қорғау, жұмыс күшін даярлау, қайта даярлау және т.б. жатады.

Мемлекеттік табыстардың жалпы материялдық негізін ұлттық табыс құрайды, мұны бөлу және қайта бөлу негізінде бірқатар шаралар жүзеге асырылады. Мұндай қайта бөлу механизмінің негізгі және тұрақты буындары – салықтар, мемлекеттік заем, бюджеттен тыс қорлардан алынған төлемдер.

Республикалық бюджеттің комиссиясы 2003 – ші жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын жасаған кезде Президент Жолдауында айтылған міндеттерді шешу қажеттігін ескере отырып 2003-2005 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қаражатын жұмсаудың басымдық бағыттарын анықтады. Аграрлық секторды дамыту және ауылды жайғастыру жөніндегі басымдықтар шеңберінде ондай міндеттерге мыналар жатады:

  • ауыл шаруашылық өндірушілерді қолдаудың несиелік және лизингтік тетіктерін дамыту;
  • ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге ақшалай жәрдем жасау;
  • өсімдіктерді жаппай зиянкестер мен аурулардан, малды аса қауіпті және жұқпалы аурулардан қорғау;
  • тұрғын мекендерді сапалы ауыз суымен қамтамасыз ету;
  • селолық инфрақұрылым құру және қайта құру

Қазақстан Республикасының Президентінің 2002 жылғы 5 маусымдағы № 889 жарлығымен Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасы бекітілді. Осы құжатқа сәйкес мемлекет село экономикасына 2003-2005 жылдар ішінде 150 млрд. теңге бөлуді жоспарлауда. Осы қаражат есебінен мал мен өсімдіктердің аса қауіпті ауруларына диагностика, миниторинг жасауды және олармен күрес жүргізуді, карантинді өнімге лабораториялық және фитосанитарлық талдауда, ауыл шаруашылық дақылдарының сорттарын сынақтан өткізуді, суармалы жерлерді милиративтік бағалауды, мемлекеттік резервтегі астықты сақтауды, элитикалық тұқым шаруашылығы мен асыл тұқымды малдарды сақтау мен өсіруді жүзеге асырып, минералдық тыңайтқыштарды сатып алуға ақшалай көмек көрсету және басқаларды қаржыландыру жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ аграрлық саланың қаржы жағынан тұрақты жұмыс істеп тұрған субъектілеріне де қолдау көрсетудің қосымша шаралары қарастырылған: мемлекеттік ресурсқа астық сатып алу, ауыл шаруашылық техникасының лизингісіне несие беру, көктемгі егін салу және егін жинау жұмыстарын атқаруға жергілікті бюджеттерге несие беру, селолық несие серіктестерінің жүйесіне несие беру және басқалар.

Бұдан басқа мемлекет жыл сайын 2004-2005 жылдары:

  • 15 млрд. теңгеден ауылдағы білім беруге, денсаулық сақтау мен сумен қамтамасыз етудің ауылдық объектілеріне инвестиция бөлінеді;
  • 15 млрд. теңгеден денсаулық сақтау саласын толық қаржылық қамтамасыз етудің екінші сатысына жеткізуді жүзеге асыру үшін бөлінеді.