Қазақ тіліндегі көмекші сөздер

Көмекші сөздерге анықтама бергенде оның дербес лексикалық мағынасының болмайтындығын баса айтамыз. Атауыш сөздерденажыратып,жекетоп ретіндебөліп алғанда да осы мағынасының болмауы себепші болған. Дегенменбұл көмекші сөздердің лексикалық мағынасы бар деген тілшілердің пікірін қолдаймыз. Сондықтан да көмекші сөз деп өздерінің дербес лексикалық, мағынасы түрлі дәрежеде солғындаған екінші бір атауыш сөздердің жетегінде келіп соның мағынасын түрлі дәрежеде тиянақтап келетін, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырушы қызметін атқаратын сөздердің тобын айтамыз.

Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы туралы мәселе тіл білімінде даулы мәселелердің бірі болып саналады. Біріншіден, көмекші сөздердің барлығына бір өлшем қойып мағынасын анықтау мүмкін емес. Жалпы сөздердің лексикалық мағынасын анықтауда белгілі бір өлшем бар дегенге сенудің өзі қиын. Атауыш сөздердің өздерін де мағынасьна қарап талдау жасағанда бір өлшем алмаймыз. Салыстыралық, сын есім мен зат есімдердің лексикалық мағыналарынын дербестігі бірдей еместігі анық. Сын есімдер мағына жағынан зат есімдерге байланысты анықталады. Оқулықтарыңызда сын есімдерге анықтама бергенде заттың, сынын, түсін, сыр-сипатын, ішкі қасиетін білдіретін есім сөздердің тобын ай­тамыз деп көрсетеміз; Демек сын есімнің мағынасында, аз болса да, зат есімге тәуелділік бар. Ал есімдіктердің мағынасын анықтауда мүлде басқа принцип ұсынамыз. Мен, сен, ол, анау, мынау, қанша, неше, кім деген сөздерді мағынасына қарай бір топқа енгізіп есімдік деп атау мүлде қиын. Олардың басын қосып тұрған нәрсе — орынбасарлық, бас­қа сөздердің орнына қолдану қызметі. Бірақ сөздердің сөйлемдегі кызметі мен сөздердің лексикалық мағынасы бір нәрсе еместігін де есепке алу керек. Мен, сен, ол деген есімдіктердің лексикалық мағынасы — айтушы, талдаушы, бөгде жақтарды білдіруі. Коммуникативті негізде пайда болған тіркестер, алғаш салыстырып қолданылуы, біртіндеп салыстыру қасиетінен айырылуы да мүмкін. Мұндай теңестіру нәтижесінде сөздерде жалпы мағына, жаңа функциялар пайда болады. Мысалы, Ішім өлген, сыртым сау (Абай). Іш пен сырт сөздерінің антоним екендігі анық, бірақ өлім мен сау антоним емес. Өлі сөзінің антонимі — тірі, саудың антонимі — ауыру. Абай өлеңінде ол антонимдік мәнді шендестіре қолданылып тұр.

Валенттік теориясы бойынша сөздер сөз тіркесінің құрамына ені енде өзара бір мағыналық элементтерімен (сема) байланысып жатуы керек. Егер ондай байланыс болмаса, сөз тіркесінің табиғаты бұзылады, не сөз тіркестерінің сыңарының біреуінің мағынасы өзгереді. Осы заңдылық бойын­ша тірі өлік, жаман жақсы болыпты сияқты тіркестер пай­да болған. Егер дәстүрлі тіл білімі негізінде қарайтын болсақ, тірі де, өлік те, жақсы да, жаман да толық мағыналы сөз. Бірақ жаман өлік сөздерінің жоғарғы тіркестегі мағынасын «Жаман атқа жал бітсе…-», «…сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің» (Әуезов) дегендегі жаман, өлік сөздерімен мағынасы тең деп айтуға мүлде болмайды.

Көмекші сөздерде лексикалық мағына бар дегенде біз осы толық мағыналы, атауыш сөздердің мағынасымен тең, айырмашылығы жоқ екен деп түсінбейміз. Ең басты айырмашылығы сол — көмекші сөздердің лексикалық мағынасы дербестегінен айырылған. Нәтижеде оларсөйлемнің құрамынан тыс, екінші бір сөздің жетегіне ермей қолданылмайтын дәрежеге жеткен.

Атауыш сөздер өздерінің мағына дербестігін сақтаған, жеке өздері қолданылып, басқа сөздерге байланыспай-ақ мағына білдіре алады. Алды, арты, жаны, маңы, келді, бастады, қалды, үшін, дейін сияқты сөздерді лексикалық, мағынасы жоқ болғандығы үшін көмекші сөз деп атамаймыз, олардың дербес лексикалық мағынасын солғындатқандығы үшін көмекші сөз деп атаймыз. Екіншіден, көмекші сөздер өзінің алдында тұрған атауыш сөздерді мағынасын толықтырып, таза синтаксистік қызмет атқарады. Бірақ бұл көмекші сөздер жеке тұрғанда лексикалық мағына білдірмейді, лексикалық мағынағасөйлем құрамында белгілі бір текст ішінде ғана ие болады деу дұрыс сөз емес, Мысалы,іші, қасы, арасы, үшін, дейін, қарай баста, қолды, алды, ғана, ма сияқты көмекші сөздер қай тіркесте байланысып өзінің мағынасын сақтайды. Үйдің іші, ауылдың іші, орманның іші т.б. Үшін шылауы есім сөздерге тіркесіп келіп мақсат мағынасын үстейді. Оқу үшін келдім, өмір үшін күресті т.б. Бірақ үшін сөзі арнау, себеп т.б. мағыналарды білдіру үшін де қолданылады. Салыстырамыз. Адам тамақ жеу үшін өмір сүрмейді, өмір сүру үшін тамақ жейді; Қасқырды сұрлығы үшін соқпайды, ұрлығы үшін соғады; Оқушылар оқу үшін кітап алды т.б.

Егер дәстүрлі грамматикалардағы қағидаларға сүйенетін болсақ, грамматикалық мағына бірнеше сөздерде, белгілі бір сөз тобына енетін сөздердің көпшілігіне, не бәріне тән болады, Мысалы, деректі, дерексіздік мағына, жалпылық жалқылық зат есімдерге тән, шырай, сапалық сын есімдерге тән, шақ, рай мағынасы етістіктерге тән. Индоевропа тілдеріндегі предлогтарга қарағанда түркі тілдеріндегі көмекші сөздердің көпшілігінің (демеуліктерден басқаларының) мағына, дербестігі әлде қайда жоғары. Ал жеке көмекші сөздердің, тек өздеріне тән мағынасының бар екендігін сөздік жасаушы ғалымдарда, оқулық жазған авторлар да мойындайды.

Мысалы, 1967 жылы жарық көрген академграмматиканың авторлары шылау сөздерге анықтама бере отырып, жеке шылауға талдау жасаған. Дейін, шейін септеулігі шек, меже мағынасын, таман септеулігі мезгіл, мекенге жақындау мағынасын, бойы — істің созылу мезгілін, үшін — мақсат мағынасын, гөрі — талдау мағынасын т.б. білдіреді дейді. А.Ысқақов та өз оқулығында көмекші сөздерге жоғарыдағыдай семантикалық анықтама берген. Салыстырыңыз ол үшін септеулігі мақсат, арнау, себеп мағынасын, сайын амал-әрекеттің дүркін-дүркін болатындығьн, туралы септеулігі белгілі бір амал-әрекет жайындағы хабарды білдіру үшін т.б. қолданылады дейді. Бұл сияқты анықтамалар мен түсініктемелер көмекші сөздер туралы жазылған түркі тілдерінің оқулыққтарының барлығында да бар.

Сөздердің, мағынасы мен синтаксистік қызметі тең еместігін және олар арасында белгілі, бір байланыстың бар екендігін де ескерту қажет сияқты. Себебі сөздер, грамматикалық, формалар сөйлем ішінде ғана өзінің мағынасын толық көрсете алады.. Ағаш аяқ, қол сағат, темір жол, алмас пышақ деген сөз тіркестерінің бірінші сыңарындағы зат есімдер өздерінің төлсинтаксистікқызметін атқарып тұрған жоқ. Заттың неден жасалғандығын, неге арналған дығын, қасиетін білдіріп, заттық мағынасынан ауытқып тұр. Бірақ, біз ағаш, қол, темір, алмас сөздерін сын есім деп атамаймыз, зат есім деп есептейміз. Демек, бұл сөздердің мағынасы. Кез келген сөздің, соның ішінде атауыш сөздердің де, грамматикалық мағыналарды білдіру үшін сөйлемде, мәтіннің құрамында қолданылуы тілдік заңдылықтан тыс жатқан құбылыс еместігі тілшілер тарапынан айтылып та, жазылып та жүр. Бұл қазақ тілінде де бар нәрсе. Мысалы, жақсылардыңжақсысы (күшейтпелі шырай), жігіттің сұлтаны(күшейту мағынасы), оннан екі (бөлшектік мағына), байырғы заманда, келген кезде (мезгілдік мағына) т.б. Әрине бұл кезде белгілі бір тіркестер, тіркесу заңдылықтары болады. Ол — мәселенің екінші жағы. Жоғарыдағы мысалдарымызды мәтінмен байланыстыра мағынасын анықтасақ өте қызық симантикалық жағдайға тап боламыз. Жақсылардың жақсысы дегенде негізгі сындық мағына екінші (тәуелді жалғаулы) жақсы сөзінде тұр десек, онда бірінші жақсы тек күшейтпелі мағына қосып тұр деуімізге болады ма? Әрине, жоқ. Олар тек осы тіркесте, не ондай сөздер осы типтес тіркестерде ғана күшейтпелі мағына білдіреді. Салыстырыңыз; сұлулардың сұлуы, күштілердің күштісі т.б. Нақ осындай мағынада жігіттердің жігіті, азаматтың азаматы, аттың аты сияқты тіркестер де колданылады. Қазақ тілінде жақсы, жаман сөздері сөйлем құрамында келіп күшейту мағынасында көбірек қолданылмады. Мысалы, жаман-жақсы болады, жаман шаршадым, жаман құмар болды т.б.

Көмекші сөздер де мәтін құрамында келіп, сөздердің аналитикалық формасы ретінде, грамматикалық мағына білдіру үшін қолданылады, Кітап оқып отыр, балам қалада оқып жүр дегендер нақ осы шақ мағынасында қолданылып тұр. Оларда осы шақтың грамматикалық формасы —ып отыр, -ып жүр аналитикалық формасы болып есептелінеді. Отыр, жүр етістігінің оқып жүр, оқып отыр дегенде амал әрекеттің айтылып тұрған уақытта үздіксіз болып жатқандығын білдірсе, оқып жүр дегенде оқу процесі айтылып тұрған уақытта болмаған болуы да ықтимал. Балам қалада оқып жүр дегенде оқудың ұзақмерзімге созылатындығы, үздік-создық болатын амалды, бірақ баланың негізгі ісі қалада оқу екендігін білдіріп тұр.Оқып отыр мен оқып жүрді салыстыратын болсақ, біріншісінде осы шақ өте нақты, екіншісінде созылыңқылықпенбайланысты осы шақтық мағынасын беріп тұр.

Қазақ тіліндегі кеңістік мағыналы көмекші есімдерді мынадай лексика-семантикалық топтарға жинақтауға болады:

Көмекші сөздер – сөздік құрамның элементі Біріншіден, көмекшілер дербес сөз больш есептелінеді. Екіншіден, көмекшілердің, барлығы да әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағыналарға ие болады, Үшіншіден, көмекші сөздердің көпшілігі (демеуліктерден баскалары) сөздердің тұлғалық тұтастығын сақтайды, Төртіншіден, сөйлемде, сөйлеген кезде олар өз алдына бөлініп тұрады.

Көмекші есім мен көмекші етістіктердің лексикалық мағынасының аз болса да, бар екендігіне тілшілеріміз таласпайды. Шындығында да көмекші есім мен көмекші етістіктердіңөздерінің толық мағынасы сыңарынан әлі толық қол үзіп кете қоймағандығын оңай дәлелдеугеболады. Салыстырыңыз, Қазығұрттың басында кеме қалған (халық әні) деген мысалда бас сөзі көмекші есім қызметінде қолданылыптұр.

Оның адамның дене мүшесімен байланысы барлығы анық. Қазақ тілі түсіндірме сөздігінде таудың басы, шөптің басы Сияқты тіркестермен келетін сөз мағынасьн жеке-жеке мағына ретінде беріп, бір сөздің аясында топтастырған. Біз ағаштың басы, таудың басы, судың басы, сойылдың басы, ауылдың басы сияқты тіркестерде қолданылған бас сөзін атауыш сөз деп есептемей, көмекші есім деп есептейміз. Дене мүше атауларының белгілі бір тіркестерде сөздерінің мағыналық дербестігінен ажыралып көмекші сөз ретінде қолданылуы басқа түркі тілдерінде де байқалынады. Салыстырыңыздар, қарақалпақ тілінде: жууерінің басы, тау басы,XIXәсирдиң басы т.б;ноғайтілінде тав басы, терек басы, иыл басы; құмық тілінде; тав башы, терек башы; қырғыз тілінде: чөптуң башы, тоонунбашы, суунун башы; башқұрт тілінде: тау башы, иыл башы, кәләм башы; т.б. Жоғарыда мысал ретінде келтірілген баш сөзінің қазіргі түркітілдерінде қолданылған мағынасын адамның дене мүшесінің бір мағынасымен (орналасқан орны жағынан) байланысты дамығандығын нақты мысалдармен байланысты анықтауға болады.

Көмекші сөздер де — толық мағыналы сөздер сияқты тұлға жағынан тұрақты, лексикограмматикалық мағыналары бар сөз, Екіншіден көмекші лексикалық мағынасы толықмағыналы атауыш сөздердің мағынасындай емес, дерексізденген, өзінің дербестігін жоғалтқан. Сондықтан көмекші сөздер өздері жеке тұрып белгілі бір зат не ұғымның атауы бола алмайды. Үшіншіден көмекші сөздердің лексикалық мағына дербестігі бірдей болмайды. Белгілібір топ көмекші сөздерде лексикалық мағына дербестігі күшті, атауыш сөздерге жетеғабыл болса (мысалы көмекші есім мен көмекші етістістіктер), екінші бір тобында лексикалық мағына мен грамматикалық мағына тең түсіп жатады. (Мысалы, септеулік шылаулар) үшіншіден бір тобында лексикалық мағына грамматикалық мағынаның жетегінде болады (мысалы кейбір септеулік шылаулар мен демеулікжалғаулықтарда).

Көмекші сөздерді топтастырғанда көмекші сөздерді мынадай үлгіде топқа бөлуімізге болады. Біріншіден, көмекші сөздерді орналасу орнына қарай алд көмекші, соң көмекші деп екіге бөлуге болады, Алд көмекшілер сан жағынан аз. Оларға сын есімнің асырмалы шарайының құ-рамында қолданылатын өте, тым, аса, тіпті т.б. көмекшілерді енгіземіз. Соң көмекшілері сан жағынан көп. Оларға көмекші есім, көмекші етістік, модаль сөз, шылауларды енгізуге болады. Көмекші сөздерді мағына дербестігінің дәрежесіне қарай да екіге бөлуге болады: 1) атауыш (функционалды) көмекшілер, 2) шылау көмекшілер деп атауыш (функционалды) көмекшілерге а) көмекші есім, ә) көмекші етістік, б) модаль сөз, в) күшейткіш (асырмалы шырай құрамындағы) көмекші сөздерді енгізсек, шылау көмекшілерге септеулік, жалғаулық, демеуліктерді енгіземіз.

Көмекші есімдердің негізгі есімдерден ажырасып жататын екінші бір белгісі — оның сөйлемнің жеке мүшесі болмауы, сөз тіркесінің бір компоненті болмауы. Екінші сөзбен айтқанымызда, көмекші есімдер сөйлем құрамында қолданылғанымен, белгілі бір сұрауға жауап бере алмайды, сөйлемнің дербес мүшесі болмайды.

Ғалымдар сөйлем мүшесіне анықтама бергенде оның мағынасына, сөйлемдегі қызметіне назар аударады. Сол үшін де сөйлем мүшесі болатын сөз сөйлем құрамында қолданылып, басқа сөздермен байланысқа түсіп түрлі синтаксистік қызмет атқаратын, дербес сұрауға жауап бере алатын сөздердің синтаксистік қызметімен байланысты анықталатын грамматикалық категорияны түсінеміз. Әрине біз сөйлем мүшесіне тиісті теориялық мәселені талдау ниетінен аулақпыз. Ондай жұмыс түркітанымда баршылық. Көмекші есімдердің дербес сөйлемнің мүшесі болмағандықтан оның сөйлем құрауда, сөйлемнің мағынасында ешкандай қызметі жоқ деген пікір тумауы керек. Олар сөйлемнің күрделі мүшесінің құрамына еніп, сөй­лем мүшесінің тұлғасын анықтауыш бір тұлға есебінде көрінеді. Мысалы, Ауылдың маңы—терең сай, Тасыған өзен күрілдеп (Абай) дегендегі бастауыштың формасы маңы сөзімен байланысты анықталып тұр. Сол қызды шуу дегеннен сый құданың қасына, қақ төрге отырғызуы тегін емес екен. (Ж.Аймауытов) деген мысалымызда Құданың қасына мекен пысықтауыш болып тұр. Ол сөйлемдегі мекендік мағына қасында көмекші есімде бар т.б. Көмекші есім сөз тіркесінің дербес бір сыңары болмайды дедік. Егер мысалдарға жүгінетін болсақ, «Таудың самалы — дертке дауа» дегендегі матасу мен «Есіктің алды — ағын су» дегендегі матасу бірдейемес. Бірінші матасуда меншіктеуші, меншіктелуші бар, екінші матасуда ондай қатынас жоқ. Бірінші матасуда бірінен екіншісіне сұрау қоюға, басыңқы, бағыңқы сыңарларын анықтау болады. Есіктің алды дегеңде әр сөз жеке сұрауға жауап бере алмайды, оларда басыңқы, бағыңыңқы сыңар жоқ. Бірақ оны күрделі сөз деуге де болмайды, аналитикалық форма деуге болмайды, Сондықтан кейбір ғалымдардыңекінші есім есімдерден морфологиялық жақтан да өзгешеленеді деген пікірінде аздап шындық бар. Біз көмекші есімді зат есімдерден морфологиялық жағынан мүлде ажыралып жатады деушілерге қосылмаймыз. Көмекші есімдердің тек тәуелдік жалғау формасында ғана қолданылуы — оның біртіндеп зат есімнен морфологиялық жақтан ерекшелене бастағандығын көрсететін белгі. Осындай зат есімнен ерекшелене бастаған бір белгі ретінде көмекші есімдердің кеңістік септік формасында көп қолданылуын, грамматикалық септіктерде аз қолданылуын да көрсетуге болады.

Осы даму барысын ары қарай жалғастыра берсе, белгілі бір мағынада, белгілі бір грамматикалық формаларда арнаулы септік жалғауымен тіркесетін шылаулар қатарына өтуі мүмкіндігі жоқ емес. Мысал ретінде бойы, арқасында сияқты шылауларды көрсетуімізге болады. Қазақ тілінің академ грамматикасында көмекші есімдер тарауын жазған Р.Әміров «Көмекші есімдер басыңқы сөзбен ылғи изофетпен қатынаста келеді. Бірқатар көмекші есімдер изофеттен тыс тіркесте де жұмсалына алады. Олар мыналар: төңірек, айнала, маң, жақ. Мұндайда бұл сөз басыңқы сөзбен қабыса байланысады. Мысалы: қалажақта, осы төңіректе т.б. Төңірек, айнала атау сөзге иек артпай дара, жеке тұрып, өз алдына сөйлем мүшесі ретінде жұмсалынады.

Мысалы, Төңірек тып-тыныш»,—деп жазады. Аты аталынған әр сөздің тәуелдік жалғауынсыз қолданылатындығын тек қазақ тілі материалы ғана емес, басқа түркі тілдерінің материалдары да дәлелдей алады. Бірақ олардың, көмекші ретінде қолданылатындығын естен шығармау керек. Біздіңше, Тау жақтан шыққан дүбір анық естілді (Ә.Әбішев). Осы маңға белгілі Шуақ мерген колхоз балаларын… (Ғ.Сланов) дегендегі маң, жақ сөздерін көмекші есім деуге болмайды. Демек, көмекші есім қызметінде қолданылатын сөз тәуелдік жалғауынсыз колданылса, оны көмекші сөз қызметінде қолданылып тұр деуге болмайды.

Көмекші есіммен зат есімнің ара қатынасын анықтауда кейде лексикалық мағыналарына да, лексикалық мағынаның құрылымына да назар тастау қажет сияқты. Ең алдымен, зат есімдерде көп мағыналық олардың негізгі қасиетінің бірі болса көмекші есімдерде кең мағыналық қасиет болмай­ды.

Яғни, көмекші есімдердің білдіретін мағынасы осы көп мағыналы зат есімдердің бір мағынасы болып саналады. Әрине кез келген көп мағыналы сөздердің келтірінді мағынасының барлығы бірдей көмекші сөз қызметінде қолданылуға негіз жасайды деген қорытынды шығаруға болмайды. Мысалы, Б. Хасенов бауыр сөзінің 6 мағынада қолданылатындығын көрсетеді. 1. Бауыр — іні, қарындас. 2. Бауыр — туысқан. 3. Бауыр — дос, достық. 4. Бауыр — адамның, жан-жануардың өті бөлініп шығатын ең үлкен безі. 5. Бауыр — адамның, малдық т.б. жандыжәндіктердің іш жағы. 6. Бауыр — беткей, етек. Бұл мағыналардың ішінде бір мағына (соңғы алтыншы) ғана көмекші сөз қызметінде қолданылғанда білдіретін мағынасы, ол басқа мағыналарында қолданғанда бау­ыр зат есімге тән барлық қасиетті сақтайды. Тіпті кейбір көп мағыналы сөз (зат есім) көмекші сөз қызметінде мүл­де қолданылмауы да мүмкін.

Мысалы, Қазақ тілі түсіндірме сөздігінде алмас сөзінде үш мағына, аға сөзінде алты мағына, ат сөзінде алты мағына бар деп көрсеткен. Осы сөздердің бірде-біреуі көмекші сөз қызметінде қолданылмайды. Бірақ, бұдан көмекші есім әр тіркесте бір мағына білдіреді екен деген де қорытынды шығаруға болмайды. Олар қай тіркесте болмасын өзінің мағынасының негізін сақтайды. Салыстырыңыз, таудың басы, шөптің басы, судың басы, … т.б. Бірақ кей оқырман бас сөзі белгілі бір нәрсенің басталатын жағын, жоғарғы жағын, аяқталатын жағын т.б сияқты бірнеше мағына білдірмей ме деген сұрау беруі заңды.

Бұл мағыналар бас сөзінің мағына шеңберінің кеңдігі білдіреді қолданылғанда бас сөзі нақтылы мағынаны ғана біліреді. Сондықтан мен анықтама бергенде көмекші есім ілік септікті зат есімнің (не зат есім қызметіндегі атауыш сөздің) жетегінде келіп, соны мағына жағынан толықтырады, нақтылайды деп анықтамаға қосып айтуымыз керек секілді.