Қазақ тілінің семантикасы

Дыбыстық тілдің қыр-сыры мол. Ол адамдардың қатынас құралы ретінде қолданылғанда сол қасиеттерінің кейбіреулерін ғана жарыққа шығаратыны, сөйлеуші не жазушы адамның мақсатына, сөз қолдану шеберлігіне байланысты олардың құбылып, түрленіп отыратыны мәлім. Тілдің бұл қасиетін ғалымдар ерте кезден-ақ біліп, тілдің осы тәрізді қолданылу жағын көбірек зерттеген. Дегенмен сонау көне үнді, грек тіл білімі өкілдерінен бастап, күні бүгінге дейін тілдің көп мәселелері талданып, өз шешімдерін тапқандай болса да, тіл білімінде әлі де талдануы, анықталуы қажетті мәселелер толып жатыр. Заттарға, құбылыстарға ең қарапайым көрінетін ат берудің өзі тек көне грек тіл білімі өкілдері (аналогистер мен аномалистер) арасында ғана емес, қазіргі дәуір тілшілері арасындағы пікір алалығына да себепші болып жүргені анық. Басқа пәндер сияқты, тіл білімі де дамып жаңа сатыға көтерілген сайын оның алдына зерттелуі қажет болған жаңа мәселелер қойылуда.

XIX ғасыр мен XX ғасырдың бірінші жартысында қазақ тіл білімі (жалпы түркологияда да) өкілдері, негізінен, грамматикалық категориялардың табиғатын анықтаумен ғана шектелді. Тілдің фонема, лексика салалары болса, оқулықтың талабынан әрі аспай, программа шеңберінен шыға алмады. Тек алпысыншы жылдардан кейін ғана тілдік элементтерді жан-жақты зерттеп, бірінің екіншісімен байланысын анықтау, басқа пәндермен байланыстырып, солардың жетістігін пайдалану сөз бола бастады. Осы бағыттағы жаңа саланың бірі — семантика.

Семантика гректің Sёmапtіkоs (белгілеуші) деген сөзінен алынған, қазір сөз мағынасы деген түсінікпен тең дәрежеде қолданылып жүр. Сондықтан да оқулықтарда семантикаға сөз мағынасын зерттейтін лексиканың бір саласы деген анықтама беріледі. Тіл білімінің басқа салаларына қарағанда семасиологияның пән ретінде зерттеле бастау тарихы онша ұзаққа бармайды, ал түркологияда ол өте кенже пән болып саналады. Сол үшін де семасиологияның негізгі мәселелерінің көпшілігі зерттелмеген. Зерттелгендерінің өздері де әрі қарай талдай түсуді қажет өтеді. Семасиологиялық зерттеулердің қиындық туғызатын екінші бір жағы да бар. Ол — түркі тілдерінде семантика терминдерінің әлі де анықтала қоймағандығында. Мысалы, семасиология сөз мағынасын зерттейді дедік. Бірақ сөз мағынасының да күрделі түсінік беретіні, оның лексикалық және грамматикалық мағыналарының бар екені анық. Шындығында да, лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаның арақатынасын оқулықтарда салыстырып, айырмашылықтарын санап көрсетумен ғана шектеліп жүрміз. Негізінде олардың айырмашылықтары болғанымен, бастарын біріктіріп, тілдік категория ретінде қолданылуына себепші болатын белгілері де аз емес. Ең басты ортақ белгісі — олардың екеуі де объектив дүниедегі заттар мен құбылыстарға қатысты, оларды өздерінде белгілі дәрежеде сәулелендіріп, адам ойын абстракциялау қызметімен байланыстыболады. Сонымен бірге олардың айырмашылықтары да бар. Лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаның ең басты айырмашылығы — олардыңабстракциялану дәрежесі мен берілу формаларында.

Сөз мағынасы объективті өмір сүреді деген пікір бар. Шындығында сөз мағынасының жеке адамға тәуелді болмайтыны анық. Бірақ бұл — сөз мағынасы адамзат қоғамына байланысы жоқ, айналамыздағы заттар (тау, тас, ағаш, өзен, т.б.) сияқты адамдарға мүлде тәуелсіз болады деген сөз емес. Егер сөз мағынасы адамдарға мүлде тәуелсіз болады дейтін болсақ, онда оның адам ойымен (психологиялық құбылыс ретінде), коллективтің әлеуметтік санасымен байланысын жоққа шығарған болар едік. Сондай-ақ, сөз мағынасы тек субъективтік, индивидуалдық сипатқа ие дейтін болсақ, онда сөз мағынасы жеке адамға тәуелді деген қағиданы қолданған боламыз. Шындығында сөз мағынасының құрамында әрі объективтік, әрі субъективтік сипатқа ие болатын мағыналық элементтер бар. Сондықтан да сөз мағынасын көп қатпарлы категория деп атаймыз. Сонымен бірге, сөз мағынасында әрі жалпы универсалдық қасиеттермен бірге жеке адамдарға, индивидке байланысты болған мағыналық элементтердің де бар екенін мойындаған жөн. Соңғы тезисті былай түсінуге болады. Сөз мағынасындағы жалпы универсалды қасиет олардың объективтік сипатынан туады да, жеке тілге, адамға тәуелді болмайды. Нәтижесінде ол мағыналы элемент дыбыстық қабыққа ие болғанда, сол тілде сөйлеуші адамдардың бәріне түсінікті болады түрлі тілдерде сөйлеуші адамдардың өзара түсінісуі, бір мағынаны аудару жолы арқылы екінші бір тілге жеткізу мүмкіндігі туады. Ал жеке-даралық қасиет белгілі бір тілде ғана бар мағынаның болуын, тіпті сол мағынаны қолданғанда сөйлеуші не жазушы адамға тән индивидуалдық сипаттың бар екенін мойындаудан туады. Демек сөз мағынасын:

1) түрлі тілдерге тән универсалды

  • жеке бір тілдің өкілдеріне (не туыстас тілдер өкілдеріне) тән
  • жеке адамдарға тән мағына деп бөлуге болады. Әрине жеке адамдарға тән болған мағына сөздерді қолдану кезінде ғана, белгілі бір контекстерде ғана байқалады.

Егер сөз мағынасын әлем тілдеріндегі мағыналармен байланыстыра қарайтын болсақ, онда мағынаның үш түрлі типі бар екеніне көз жеткізуге болады. Біріншісі — дүниедегі тілдердің бәріне де тән, ортақ болып келетін мағыналар. Мысалы, конкретті зат атаулары, кейбір сан есімдер, сын есімдер, т. б. Кей тілдерде бұл сөздердің де мағыналық шеңбері аз болуы, кең не тар мағынада болуы мүмкін, бірақ түрлі тілдерде сөйлеуші адамдардың өзара түсінісуіне осы мағына негіз болады да, бір тілден екінші тілге аударылатыны да осы мағына болады. Салыстырыңыз: қаз. адам, өзб. инсон, орыс. человек, нем. der Мапп, т. б. Сөздердің барлығында да осы типтес мағына бола бермейді. Екінші бір топ сөздер сол тілде сөйлеуші халықтардың әлеуметтік жағдайы, ұлттық ерекшелігіне байланысты мағынаға ие болады. Бұл түрлі құрылымдағы тілдер арасында ғана емес, туыстас тілдер арасында да байқалатын, сол тілде сөйлеуші адамдар ғана түсіне алатын мағына болып саналады. Сол үшін де ондай сөздерді басқа тілге аударғанда сөзбе-сөз беру мүмкіндігі болмайды, тек түсіндіру, суреттеу жолы арқылы ғана беруге мүмкіндік туады. Салыстырыңыз: қазақ тілінде арқан сөзі қолданылады. Орыс тілінде осы сөзге мағынасы жақын веревка сөзі қолданылады, бірақ екі сөздің мағынасы тең болмағандықтан, арқан сөзінің мағынасын бере алмайды. Сондай-ақ, сыбаға, құда табақ, жая, қазы-қарта, құрт сияқты сөздер — тек түркі тілдерінде ғана сөйлейтін халықтарда қолданылатын тағам атаулары. Оны басқа тілге аударғанда түсіндіру жолымен ғана береміз. Домбыра музыкалық аспап ретінде қазақтарға тән болса, қомуз қырғыздарға тән, шертер өзбектерге тән музыкалық аспап. Бұл музыкалық аспаптың атаулары басқа түркі халықтарында да қолданылуы мүмкін, бірақ мағыналарында не қолданылуында ерекшелік бар. Тілдерде кездесетін үшінші бір мағына сөздерді қолдануға байланысты туады да, ол жеке ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың еңбектерінде, тілінде кездеседі. Үшінші мағынаны көпшілік ғалымдар жеке мағына ретінде санамайды.

Сөз мағынасының басқа бір қиын жағыда бар. Совет тіл білімінде сөз мағынасы туралы әңгіме болғанда оның объектив дүниедегі заттар мен құбылыстарға байланысы барлығы негіз етіп алынады. Егер сөз мағынасын құрылымдық элементтерімен байланыстыра сөз ететін болсақ, онда, ең алдымен, тілдік мағына мен экстролингвистикалық мағынаны ажырату қажет болады. Экстролингвистикалық мағына элементі ретінде денотаттық (референттік), сигнификаттық, эмоциялық-экспрессивтік мағыналар түсініледі. Бірақ экстролингвистикалық элементтерге тілдерде кездесетін халықтың әлеуметтік, мәдени даму дәрежесімен, ұлттық психологиясымен байланысты болған мағыналық элементтер енсе де, оларға арнайы талдау жасалынбады. Тілдік мағыналық элемент тілдің ішкі құрылымымен қатысты болады да, ол парадигмамен, синтагмамен байланысып жатады.

Жоғарыда санамаланған мәселелер ұсынылып отырылған кітапта қолымыздағы бар материалдардың негізінде сөз болады. Тіл біліміне тиісті еқбектерде бұл мәселелер бұрын да азын-аулақ сөз болғаны анық. Біз ол еңбектерге арнайы талдау жасауды жөн көрмедік. Себебі, біріншіден, сөз және сөз мағынасы туралы жазылған еңбектер тізімінің өзі кішігірімкітаптың көлемін алған болар еді. Екіншіден, семасиология мәселелеріне байланысты жазылған еңбектер методологиялық жағынан да ала-құла, бір-біріне қарама-қарсы көзқарастарға негізделген қайшы пікірлерге толы. Сондықтан да оларға философиялық тұрғыдан қайта қарап, тиісті баға беру керек. Бірақ мұның өзі басқа жоспардағы күрделі зерттеуді талап етеді. Үшіншіден, түркологиялық зерттеулерде семасиология толық арнаулы зерттеу объектісі болған жоқ. Осы жағдайларды ескере отырып, қажетті деген жерлерде ғана ғалымдардың пікірлеріне өз көзқарасымызды білдіріп, тиісті жерлерде сынымызды да айттық. Оқулық соңында әдебиеттердің тізімін толық беруге тырыстық. Ондағы мақсатымыз, біріншіден, оқырман қауымның өз бетімен әрі қарай жұмыс істеуіне жағдай жасау болса, екіншіден, автордың пікірін басқалардың пікірлерімен салыстыруға мүмкіндік туғызу еді.

Тіл білімінің сөз мағыналарына байланысты болатын біраз мәселелерін сөз етпедік. Мысалы, сөз бен ойдың арақатынасы, тілдің таңбалық сипаты мен мағынасының арақатынасы, т.б. Бұған себеп болған жағдайлар бар. Біріншіден, сөздің оймен не ой элементтерімен байланысы бар екенін тілші, философ ғалымдардың көпшілігі мойындағанымен, арасында айырмашылық бар деп ескерту жасайды. Дегенмен де бұл даусыз мәселе емес. Б.А. Серебренников сөзсіз ой, ойсыз сөз жоқ деген тезисті мойындамайды. Демек бұл екі көзқарастың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін, гнесиологиялық, психологиялық мәселелерді анықтау керек. Тілдің таңбалық сипаты да нақ осындай даулы. Оларды анықтау басқа жоспардағы зерттеу жұмысын талап етіп, бізді тақырыптан ауытқуға мәжбүр етеді. Екіншіден, тілдік ой, ой элементтеріне байланысты мәселелерді тіл материалы негізінде де, философиялық категория негізінде де зерттеуге болады. Мұндай жұмыстар істелініп те жүр. Бірақ оны методологиялық астар беріп зерттеу бар да, үстіртін сөз ету бар. Мұның алғашқысын жүзеге асыру үшін жұмыстың көлемін кеңейту керек те, жалпы тіл біліміне байланысты мәселелерді талқылау қажет. Екінші жолы да ғылымға пәлендей жаңалық әкелмейді. Сондай-ақ, лексико-семантикалық топ мүшелерінің арақатынасы, сөздердің жүйелілік байланыстары (парадигмалық, синтагмалық) автордың басқа еңбектерінде сөз болғандықтан, оған біз тек үлгі ретінде ғана талдау жасадық.

Еңбекті оқығанда ескеретін тағы бір жайт — мұнда талданған мысалдар, негізінен түсіндірме сөздіктерден алынды. Автордың қолында қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, татар, түрікмен, ноғай тілдерінен жиналған қыруар материалдар болса да, сөздіктермен шектелуді жөн көрді, тек қажетті деп есептеген жағдайда ғана көркем әдебиеттерден мысалдар келтірді. Мұндай шешімге келуімізге себеп, біріншіден, сөз мағынасын талдаудағы мағыналық ауытқулардан, екіұштылықтан құтылу көзделді. Екіншіден, көркем әдебиеттерден жиналған мысалдар арқылы мағынаға талдау жасалса, мағыналық реңктердің саны көбейіп, жұмыстың көлемін ұлғайтып жіберетін болды. Үшіншіден, сөздіктерде берілген сөздердің мағынасы басқа бір лексикограф ғалымдардың (маман ретінде) ой елегінен өткендігін де ескердік.

Сөз мағынасы тіл білімінің барлық саласының өзекті мәселелерінің бірі болып саналады. Қазіргі тіл білімінің қол жеткен табыстарына сүйене отырып, кітапта сөз мағынасын лексикалық, грамматикалық деп екіге бөлдік. Лексикалық мағына құрамындағы элементтер ретінде денотаттық, сигнификаттық, эмоциялық және тіл жүйесі негізінде пайда болатын парадигмалық, синтагмалық мағына элементтеріне талдау жасадық.

Кітап институттар мен университеттердің филология, философия факультеттерінің студенттеріне, аспиранттар мен семантика, семиотика мәселелерімен шұғылданатын ғылыми қызметкерлерге, сөздік жасаушыларға (лексикограф) және тіл біліміне қызыққан көпшілік оқырман қауымға арналған.

Қазіргі дәуір тіл білімінде сөз мағынасы жан-жақты зерттелініп жатқандығы анық, бірақ оның дау туғызатын, әлі де болса зерттелінуі қажетті болған жақтарының көп екендігі де анық. Ең алдымен, сөз мағынасын қалай түсінуге болады, оның құрылымдық элементтері бар ма, бар болса олар қандай элементтер деген сұрауларға жауап беру қажет еді.

Сөз мағынасы дегенде ойымызға лексикалық және грамматикалық мағыналары келеді. Бұл екі мағына өзара байланысты, екеуі де объектив дүниедегі заттар мен оның түрлі қасиеттерін, заттар арасындағы түрлі қатынастарды бейнелейді. Бірақ бұл екі мағынаны тең санап, араларында айырмашылық жоқ деген қорытындыға келуге болмайды. Оқулықтарда айтылып, жазылып жүрген айырмашылықтар лексикалық, грамматикалық мағыналардың белгілерін салыстырып көрсетуге көмегі тисе де олардың басты айырмашылығын көрсетіп бере алмайды. Олардың басты айырмашылығы деректі, дерексіз не тиянақты, тиянақсыз болуында ғана емес, берілу формаларында, мағыналарының дерексіздену дәрежесінде. Лексикалық мағына түбір морфемалар арқылы берілсе, грамматикалық мағыналар грамматикалық формалар арқылы беріледі. Бұл қағида түркі тілдерінің материалы негізінде жасалынған. Ал басқа тілдерде (мысалы, орыс тілінде) түбір морфемалардың барлығы да бірдей лексикалық мағынаға ие бола бермейді, бұл қағиданы қолдану мүмкін емес.

Сөз мағынасының көп қатпарлылығы оның құрылымынан да байқалады. Семасиологиялық зерттеулерде денотаттық мағына, сигнификаттық мағына, эмоциялық-экспрессивтік мағына, стилистикалық мағына сияқты бірнеше мағыналардың барлығы көрсетіледі. Шындығында да мұншама көп түрлі мағына жоқ, бұлар лексикалық мағынаның элементтері. Денотаттық мағына деп бөліп алғанда сөз мағынасындағы объектив дүниемен байланысты мағыналық элементті көз алдымызға келтіреміз, сигнификаттық мағына дегенде адам санасындағы, ойлаумен байланысып жатқан мағыналық элементті түсінеміз. Басқа зерттеулерде арнайы аталынып жүрген стилистикалық мағына сөздің лексикалық мағына құрамына енбейді, сөйлеуші сөйлеу не жазу үстінде сөзден не тілдік материалдардан өз мақсатына байланысты қолданудан туады. Сондықтан да оларды жеке мағыналық элемент дені санауға болмайды. Біздіңше, стилистикалық мағына сөздердің парадигмалық, синтагмалық мағына элементтері мен эмоциялық экспрессивтік мағына мен сөйлемнің модалділігінен туады.

Лексикалық мағына бір жағынан объективтік дүниемен байланысып жатса, екінші жағынан адамның ойлау процесімен, оның ұлттық ерекшелігімен, білімімен, тілдік дәстүрімен байланысып жатады. Сондықтан да сөз мағынасынан, белгілі дәрежеде, жеке адамдарға тәуелсіз, ырқына бағынбайтын қасиеттерді табуға болады. Бұл оның денотаттық мағына объектив дүииенің бір бөлшегі бар екендігін көпшілік философтар, логик ғалымдар, тілшілер, психологтар мойындайды. Егер осы объективтік қасиет болмаса, онда тіл адамдардың қатынас құралы болу қызметін атқара алмаған болар еді. Объектив дүниедегі заттар сөз мағынасымен тікелей байланыста болмайды, ой элементтері арқылы байланысады. Соидай-ақ сөз мағынасы объектив дүниенің фото-көшірмесі де бола алмайды.

Сигнификаттық мағына болса түйсік арқылы қабылданған объектив дүниедегі заттар туралы информацияға негізделінеді, бірақ бұл екеуі де өзара тең түсіп жатпайды. Сигнификаттық мағына элементтерінде, біріншіден, түйсік арқылы қабылданған информация элементтері болады, екіншіден, сол информация негізінде жалпыланған гнесиологиялық бейне болады, үшіншіден, адам ойының творчестволық жемісі, қызметі болады, төртіншіден, жеке адамның өмір тәжірибесі, білімі, т.б. болады. Демек сигнификат психологиялық құбылыс ретінде қабылданылуы керек те субъективтік қасиетке ие болады. Сигнификативтік мағынаның жалпылаушылық қасиетімен бірге объектив дүниемен байланыстырушы да қызметі бар.

Денотаттық мағына мен сигнификаттық мағына элементтерімен бірге сөздерде эмоционалды-экспрессивті мағына элементтері де бар. Бір ескертетін нәрсе сол — эмоция сөздердің барлығының да мағына құрамында бола бермейді. Эмоцияның адамның психологиялық қалпымен, объектив дүниедегі заттар мен құбылыстарға адамның берген бағасымен, т.б. байланысты. Сондықтан да кей ғалымдар эмоцияны сөйлемге тән құбылыс деп санап, сөз мағынасы ретінде мойындамайды. Дегенмен кей сын есімдерде, одағай сөздердің мағынасында эмоцияның бар екендігіне күмән туғызуға болмайды.

Денотат та, сигнификат та, эмоция да тілдік категория емес. Егер сөз мағынасы тек денотаттан не денотат пен сигнификаттан ғана құралады дейтін болсақ, онда мағына тіл категориясы болып саналмаған болар еді. Шындығында да сөз мағынасы тілдік категория. Соңғы кездерде осы қасиеттерді ескеріп бейнелік (отражательное) және тілдік мағына деп мағынаны екіге бөлу әрекеті бар. Бұл көзқарасты қолдаушылар да, қарсы шығушылар да бар. Тілдік мағына деп тілдік система негізінде қалыптасқан мағына элементтерін түсінеміз.