1748 жылдың қазан айында Орынбор әкімшілігінің жәрдемімен Нұралы сұлтанның хан сайлануы

1748 жылдың қазан айында Орынбор әкімшілігінің жәрдемімен Нұралы сұлтанды хан атағына сайлау өткізілді. Бұл мәселені шешу үшін Ақсақалдар кеңесі жиналды. 1000-ға жуық адам қатысты. Олардың арасында Кіші жүз бен Орта жүздің әр алуан руларының билері, батырлары, сұлтандары болды. Сайлаудың өзі «бұрынғысынша жария өткізілген жоқ, барлық рулардан таңдалған 10 адам, атақты билер ғана қатыстырылып, оның өзінде ханның үйінде өтті… Соның бәрінде барлық билер мен атақты ақсақалдар және ханшайымның төңірегіндегі қазақтар бәрін оған, Нұралы сұлтанның еркіне салды, сонан соң барлығы, әр түрлі шенді 1000-нан астам адам келесі күні тарап кетті». Нұралы өз жағдайының солқылдақтығын сезініп, сайлаудан кейін бірден патша үкіметіне өзін хан атағына бекітуге өтініш жасады. Сонымен бірге 1748 жылдың аяғында Нұралы ханға жылына 600 сом мөлшерінде мемлекеттік айлық тағайындалды.Нұралының саяси қайшылықтары осыдан көрінді — ол қазақ хандарынан бұл атаққа бірінші болып бекітілді, сондықтан да өз қызметінде патша үкіметіне толық тәуелді болды. Нұралыны хан сайлаған кезде сұлтандар мен ру аксақалдары арасында пайда болған алауыздық ондаған жылдарға созылды, соның салдарынан ру шонжарларының Нұралы билігін шектеуге әрекет жасауы тыйылмады.

Нұралы тіпті Кіші жүздің өзінде әкесінің барлық иеліктерін сақтап қала алмады. Шектілер Батырды өздерінің ханы деп мойындады. Нұралының інілері Айшуақ пен Ералы тәуелсіз болуға ұмтылды. Сырдарияның төменгі ағысын-дағы коныстарды иеленген Ералы өзін Нұралыға тәуелсізбін деп сезінді Ішкі кикілжіндер сыртқы саяси жағдайдан көрініс тапты. Нұралы ханның патша әкімшілігімен қатынастары екі түрлі тоқтамға құрылды: бір жағынан патша өкіметінің көмегімен өз билігін нығайтқысы келді, екінші жағынан Ресей ықпалының күшеюіне қазақ қоғамының қарсыласуы ескерілді/6/.

1760 жылдың қыркүйегінде Ресей геологиялық барлау партиясының адамдары ханның жиені Мәмбетәлі сұлтан мен қазақтың ықпалды 20 ақсақалын далада жүргенде өлтіріп кетті. Бұл Кіші жүздің әр түрлі рулары арасында ашынған наразылық туғызды, соның ізінше Орынбордағы губернато ауыстырылды. Жаңа губернатор Д. В. Волков билігі әлсіз ханды қолдау қажет деп санады, мұның өзі қазақ даласын бейбіт отарлауға жәрдемдесетін еді. Орынборда тұткында жатқан аманаттарды Ресей бағдарын жақтаушылар ету қажет болды. Қазақ-орыс саудасын кеңейтуге күш салу, қазақтар арасындағы егіншілікті көтермелеу ұсынылды. 1763 жылы Нұралы ханның, Айшуақ сұлтанның және губернатордың кездесуі кезінде сауда-саттық мәселелері, керуендерді күзету туралы мәселе талқыланды. Керуендер күзетін және оларға көшбасшы беруді хан өз мойнына алды. Мұның бөрінде нақты жүзеге асырылатын жоспарлардан гөрі ізгі ниеттер көбірек болды: бір-бірінің керуендерін талап-тонау сирек кездеспейтін құбылыс еді. Түрікмендер, қарақалпақтар, өзбектер мен қазақтар солай істеді, әрине өздерінің ру билеушілерінің мүдделерін көздеп істеді. Бұл жағдайларда шекаралық барымта, дәлірек айтқанда, бір-бірінің малын айдап әкету де отаршылдық экспансияның көрінісі және оған қарсы ресей-қазақ шептеріндегі күрес сияқты өкімет орындарының реттеуіне илікпеді. Жайықты бойлай орналасқан Ресей шекаралық отрядтары бейбіт қазақ ауылдарына жиі шапқын жасады. Өздеріне тыйым жоқ екенін көрген Ресей шекаралық күзет блімдері үшін далаға шығып, қазақ ауылдарына шабуыл жасау біртіндеп баю көзіне айналды. Олардың бастамашылары көбінесе Орал қазақ әскерінің старшиналары болды. М. В. Вяткиннің дұрыс ескертуі бойынша, Ресей шекаралық күзетінің барымтасы «отаршылдық тонау нысандарының біріне айналды».

Нұралы хан өз саясатында осы факторлардың бәрін ескермей отыра алмады, алайда оның өзі және оның төңірегіндегілер патша әкімшілігімен ұстануды жалғастыра берді. Оның орнықсыз жағдайы соны талап етті: Нұралы ханның көшетін қонысы шекаралық шепке қарай қысылды, оларды Сырдарияның төменгі ағысы мен солтүстік Арал өңірінен Батыр және Досалы сұлтандардың көшуі ығыстырып шығарды. Кіші жүз үшін маңызды мәселелердің бірі «ішкі жаққа», яғни Жайық пен Еділдің төменгі ағыстары арасындағы кеңістікке көшіп бару туралы мәселе болды. 1756 жылы патша жарлығы шығып, ол бойынша қазақтардың кыс кезінде өз малын Жайықтың батыс жағына айдап апаруына тыйым салынды. Жаз кезінде Жайықтың сол жағасы бойындағы жұтаң жайылымдарды мал таптап тастайтын, қыскы қыстау үшін қамыс, ағаш және шөп өскен жер болмады. Қысқы дауылдар мен борандар кезінде мал жаппай қырылып қалатын. Нұралы ханды, билер мен сұлтандарды орын алған жағдай қатты алаңдатты. Бұл мәселе хан мен ру аксақалдарының, ірі байлардың қатынасын қиындатты. Патша жарлығына ресми түсініктеме қазақтар мен қалмақтар арасында қақтығыстар болады және өзара барымта күшейеді дегенге келіп сайды. Алайда бұл жарлықтың басқада мағынасы: қазақ қауымдарын экономикалық жағынан әлсірету, оларды сыртқы ықпалдан оқшаулап тастау мағынасы да бар еді. Қалыптасқан жағдай жер пайдалану мәселелері жөніндегі шиеленісті күшейтті. Жайылымның тапшылығынан, қысқы ауыр жағдайлардан ең алдымен малшы қазақтар зардап шекті. Жерді иелену жолындағы рулық қырқыстар қатардағы малшы қазақтарға еңсе көтертпес ауыртпалық болып түсті, олардың жайылымдық учаскелері кесіп алынды, көшу жолдары қысқартылды немесе одан да жаманы — олар жылдан-жылға өзгеріске түсіп, шатыса берді.