Жыныс жүйесі: оның дамуы

Жыныс мүшелері аталық (еркектің) жыныс мүшесі және аналық (әйелдің) жыныс мүшесі  болып екіге бөлінеді. Кейде екі жыныс мүшесінің бір кісіде болуы да мүмкін, ондай адам қызтеке (гермафродитизм) деп аталады. Қызтекенің нағыз және жалған түрлері болады. Нағыз қызтекеде аталық ен де аналық жыныс безі де бірдей болып, жалған қызтекеде екі жыныстың біреуінің қызметі ғана басымдық көрсетеді.

Аталық (еркектің) жыныс мүшелері  ішкі және сыртқы мүше болып екіге бөлшеді. Ішкі жыныс мүшелеріне: ен, ен қосымшасы немесе сағағы, ұрық шығаратын және ұрық шашатын жолдары, шәует қуықшасы, куықалды безі және бадана (үрпі) безі, ал сыртқы жыныс мүшелеріне: ұма және еркектің жыныс мүшесі жатады.

Нәрестенің ені ұма ішіне түседі, ұзындығы —10 мм, салмағы — 0,2 грамм. Ен 13-15 жасқа дейін, яғни жыныстық жетілу кезеңі басталғанша өте баяу дамиды. 14 жаста еннің ұзындығы 20—25 миллиметрге, салмағы 2 граммға, 18 жаста ұзындыры 38—40 миллиметрге, салмағы 20 граммға жетеді де 60 жастан кейін кішірейе бастайды. Қалыпты жағдайда қандай кезеңдерде болса да оң жақтағы ен сол жақтағысына қарағанда аздап үлкен және салмақтылау болып, жоғарырақ тұрады.

Нәрестеде еннің сағасы 8-10 жасқа дейін ғана үлкейіп өседі. Нәрестенің ұрық бауы өте нәзік, бұлшықет қабаты нашар жетіледі, енді көтеріп тұратын бұлшықет 5 жастан бастап қалыптаса бастайды. Ұрық бауы 14—15 жастан кейін тезірек дамиды.

Нәрестенің шәует қуығы да нашар болады, ол 13—16 жастан кейін ғана жетіле бастайды. 10 жастан бастап куықалды безі жетіле түседі. Қуық жоғары орналасқандықтан, нәрестеде үрпі жолының ұзындығы 5—6 см болады. Нәресте ұмасы кішірек болғанмен де терісі қатпарланып тұрады. Жыныстық жетілу кезінде ұма да тез өседі.

Нәрестенің жыныс безі (жұмыртқалық) — жұмыр пішінді, ал 8-12 жаста жұмыртқа тәрізді болады. Бездің көлемі де біртіндеп өседі; нәрестеде оның ұзындығы — 1,9 см, салмағы — 0,16 г, 7 жаста — 2,5 см, салмағы 3,3 г; жас өспірімде — ұзындығы 5 см, салмағы — 6 г мөлшеріне дейін жетеді. Бездің көлемі 40-50 жастан бастап кішірейеді де 60-70 жастан кейін жойыла бастайды.

Жатыр пішіні нәресте кезінен бастап 3 жасқа дейін — жұмыр, 10-12 жаста сопақша болады да түбі кеңейе бастайды. Жас өспірімдердің жатыры алмұрт пішінді болып, ересектерге ұқсайды. Жатырдың ұзындығы мен салмағы да былай өзгеретін болады: нәрестеде — 3,5 см, 3-5 г; 10-15 жаста — 5 см, 6,5 г; жас өспірімде — 5,5 см, 20-25 г; 30-40 жаста — 7-8 см, 45-50 г, ал 50 жастан кейін жатырдың салмағы да кеми бастайды.

Нәрестенің жатыр жолдары иректеліп, аналық безге жанасады. Жыныс-тық жағынан жетілуіне байланысты жолдардың ирегі түзеліп, безге жанасады.

Нәрестенің қынабы — келте (2,5-3,5 см), доға тәрізді және тесігі тар. Қынап 10 жасқа дейін өзгермейді де жыныстық жағынан жетілу кезінде тез өсе бастайды.

Нәрестенің қасаға томпағы да томпақ болып келеді, ал жыныстық үлкен ернеулері — болбыр, домбыққан-тәрізденіп тұрады; жыныстық кіші ернеуін үлкен ернеуі толық жаба алмайды. Қынаптың кіреберісіндегі үрпі жолы ашылған бөлігі қыздық пердесі — қалың, кіреберіс бездері нашар жетіледі.

Үрпі жолы нәрестеде кең, ұшы қайқы, қыспақтары нашар, ұзындығы 2,3—3 см болып келеді, олар тек 12— 13 жаста ғана қалыптаса бастайды.

Жыныс мүшелерінің дамуы Мюллер түтігі мен жыныс бездерінің пайда болуынан басталады. Эмбриондық дамудың 4-аптасында Вольф түтігіне қатарласып, оның сыртындағы дене қуысының эндодермалық жасушаларынан тығыз да ұзын таспа пайда болады. Бес айда осы таспадан қуыс пайда болып, Мюллер түтігіне айналады да Вольф түтігімен бірге несеп-жыныс қойнауына ашылады.

Мюллер түтігінің алдыңғы ұшы кеңейіп бітеді де кейін иірім тәрізденіп, эмбриондық дене қуысына ашылады. Әйелдерде оның жоғарғы бөлігі аналық жасушасын өткізетін түтікке, ал төменгі бөліктері өзара бірігіп, жатыр және қынап құрайды. Мюллер түтікшелерінің дұрыс бірікпеуі екі ашалы жатыр мен қос қынаптың пайда болуына әкеліп соғады. Сонымен Мюллер түтігі есебінен әйелдерде жатыр, қынап және аналық жасуша өткізетін ішкі жыныс мүшелері пайда болады.

Еркектерде Мюллер түтігі толығымен жойылады. Оның қалдықтары зәр шығаратын түтік алдында еркектің «жатыры» есебінде сақталады.

Эмбриондық, дамудың алғашқы айында эмбрион бүйрегінің ерекше жасушалары шоғырланған ортадағы бетке, осы жасушалардың өсіп, дене қуысына ашылуынан жыныс бездері пайда болады. Егер жыныс безі ұлда — аталық безге айналады да жыныс жасушасын шығаратын түтік несеп жүйесінің Вольф түтігі деп аталады. Егер жыныс безі аналық безге айналса, онда жасушалық масса бездің қабық қабатын толтырып тұратын фолликулаға айналады.

Эмбриондық дамудың екі айлығында эмбриондық мезенхимада жыныс төмпешіктері: еркектерде еркек жыныс мүшесі, әйелдерде шошақай клитор пайда болады. Одан әрі даму нәтижесінде жыныс төмпешіктері айналасында білеулер пайда болып, одан еркектерде екі қуысты ұма қалтасы, ал әйелдерде үлкен жыныс ернеулері пайда болады. Еркектерде алғашқыда ен безі құрсақ қуысында болып, 8 айда шат түтігі арқылы ұмаға түседі. Бұл жағдай баланың жетіліп, туылғанына дәлел болады. Кейде ен безі ұмаға түспестен жоғарыда ен жолында кептеліп қалуы кездеседі. Бұл жағдай эмбрионның жетілмей калғандығына дәлел болады.

Жыныс мүшелерінің дамуы кезеңінде қалыпты мүшелерге қарағанда әр түрлі ауытқулар кездеседі: әйелдердің жыныс мүшелеріндегі қосарлы қынап және еркектерде кездесетін жалған қызтеке, Қызтеке дегеніміз бір адамда еркектің де, әйелдің де жыныс мүшесінің болуы екені жоғарыда айтылды.

Қосарлы қынап жатырлар эмбриондық даму кезінде Мюллер түтігінің жоғарғы бөлігімен бірікпей, жеке қалуынан пайда болатыны анықталды.

Еркектерде болатын жалған қызтекелік — эмбриондық жетілу кезінде ен безінің нашар дамуының нәтижесі, соның әсерінен ен безі ұмаға түспей, шат тұсында жоғары қалып қояды. Міне сондықтан да сыртқы жыныс мүшелері нашар жетіліп, онда қынаптық тесік пайда болады да сыртқы пішіні аналық жыныс мүшелеріне ұқсас болып қалыптасады.

Әйелдердегі жалған қызтекелік те эмбриондық даму кезінде клитордың және жыныстық ернеулердің шамадан тыс өсіп үлкеюі нәтижесінде қалыптасады.

Адамдарда өте сирек болса да нағыз қызтекелер кездесіп тұрады. Ондай адамдарда жыныстық мүшелердің екеуі де толық қалыптасады. Ол екі мүшенің екеуі де аз болса да қызметін атқара алады. Сондықтан аналық немесе аталық жыныс мүшелерінің қайсысының басым қызмет атқаратыны медициналық тексеру арқылы анықталады.